Ғалым Жайлыбай: Маусымның 9-ы – қазақ керуенін жаңа асуларға бұрар күні
2019 ж. 11 сәуір
2821
0
Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент сайлауы туралы халқымызға жолдаған Үндеуі көпшіліктің көкейінде жүрген аса өзекті мәселе. Әлемдік ахуалдың бұлыңғыр тұсында адамзаттың айдынына тәуекелдің желқайығымен шыққан қазақ елінің осы шешімді ертерек жасағаны дұрыс болды. Жалпы біздің халық қашаннан біртұтас. Бала кезімізде сауаты аз болса да, көкірегі сара үлкендер батасының соңын: «Ел аман, жұрт тыныш болсын!» – деп қайыратын. Елдің амандығы, жұрттың тыныштығы біздің санамызға сол абыз кеуде арыстарымыздың күмбір үнімен орныққан. Біздің елде ұрпақ ертеңінен басқа тілек те, ой да жоқ.
Әлем тынышсыз... Уақыттың жегі желі бірде оңнан, бірде солдан шығып тұрған заман. Ел басына қилы-қилы күн туған кезең аз болмаған. Өр Алтай мен Атыраудың арасын бабаларымыз ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен ғана емес ақыл-парасатымен қорғағаны анық. Сұңқардың қанаты, тұлпардың тұяғы талатын ұланғайыр Қазақия бізге де, бізден кейінгілерге де – Аманат:
Данагөй Есқожа бабамыз:
«Шөбі қурап, аты тозған бел жаман,
Арыстанды Қарабастан соққан жел жаман,
Әділ төрелікке тоқтамай,
Ұрысып өткен ел жаман!» – деген екен.
Сол секілді, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Үндеуінде бұл шешімнің ел келешегі үшін маңызды қадам екенін айта отырып, Президент сайлауының адал өтуіне кепіл болатынын білдірді. Маусымның тоғызыншы жұлдызы – қазақ елінің көшбасшысын таңдап, керуенін жаңа асуларға бұрар күні.
Бұл шешімді тереңнен тартқан тектіліктің нышаны деп білейік, ағайын!
Ел аман, жұрт тыныш болсын!
Ғалым Жайлыбай,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты,
«Жұлдыз» журналының Бас редакторы