Айгүл Үлкенбаева: ҚАЗАҚ пен ДОМБЫРА – ЕГІЗ ҰҒЫМ
2019 ж. 06 сәуір
6332
0
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұйымдастыруымен өткелі жатқан Республикалық жас орындаушылар арасындағы Олимпиада – аталған жоғарғы оқу орнында тыңғылықты дайындықпен асыға күтілетін үлкен жоба. Биылғы Олимпиада Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрылғанына 75 жыл толуына орай және ХХ ғасырдың әйгілі күйші-композиторы Темірбек Ахметовтің 100 жылдық мерейтойына арналғанын атап өткен жөн. Олимпиада қарсаңында осы сайысқа төрелік ететін қазылар алқасының да пікірін біліп, жас орындаушыларға қойылатын талаптары мен кеңестерімен танысу мақсатында «Домбыра» аталымының төрайымы – ҚР Еңбек сіңірген артисі, профессор Айгүл Үлкенбаевамен тілдесуді ұйғардық.
– Айгүл Нариманқызы, жас домбырашылар арасында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін Республикалық олимпиада бүгінгі орындаушыларға несімен маңызды деп ойлайсыз? Домбырашылардың орындаушылығына пайдалы әсері көбірек пе, әлде теориялық білімін нығайта ма?
– Аталған Олимпиада ең алдымен жоғары немесе орта музыкалық оқу орындары арасындағы студенттердің және жалпы сол білім ордалары арасындағы қарым-қатынасты арттырып, тәжірибе алмасуы жағынан маңызы зор. Теориялық біліміне де оң әсерін бере ме дегеніңіз дұрыс шығар, өйткені колоквиум сұрақтары да арнайы дайындалғанын айта кету керек. Ал қатысушының орындаушылығы әлбетте өсетіні анық.
– ХХ ғасырдың дүлдүл орындаушыларын, домбыра үйретудегі небір шебер ұстаздардың көзін көріп, олардың домбырадағы күй тартысын тыңдап, тіпті қасында отырып тәлім-тәрбиесін алдыңыз. Енді бүгінгі жас орындаушылар сол кездің орындау дәстүрін алып кете алды ма? Әлде, жетіспей жатқан тұстары бар ма?
– Әрине, ақсайтын тұстарымыз жоқ емес. Өкінішке қарай, дәстүр үзіліп бара жатыр. Себебі, оқу жүйесіндегі домбырашыға сабақ беру тәсілін өзгерту керек деп ойлаймын. Әрбір күйшілік мектептің бір-бір өкілін отырғызып, дәстүрді сақтап қалмай, әр ай сайынғы сынақ-емтихандарының артынан жүре беретін болсақ бәрінен айырылу қаупі бар.
– Консерватория шаңырағында бірталай жыл жемісті еңбек еттіңіз. Шәкірттеріңіз еліміздің түкпір-түкпірінде белсенді қызмет атқаруда. Сонымен қатар, өзіңіз ашқан мектеп-студиясында әр түрлі жастағы балаларға күйді «құйма-құлақ» әдісімен үйретіп келе жатқаныңызды да білеміз. Осы орайда мынадай сұрақ туады, домбырашыға, әсіресе, күй орындаушысына ноталық үйрету әдісінің қажеттілігі мен қолдан қолға «құйма құлақтық» үйрету әдісі арқылы үйреткен күйдің артықшылығы қаншалықты деп ойлайсыз?
– Нотамен үйрену – ол жансыз затпен тең. Оған жан бітіретін адам, яғни орындаушы. Егер орындаушының құлағында нағыз шебер күйшінің дыбысы болмаса, оны көрмесе, тыңдамаса, онда ол ондай шеберлікке де ұмтылмайды. Құйма-құлақтық деген – ұстаздың алдында тек нотамен ғана емес, сонымен қатар сол шеберлікті де қатар естіп, үйрену. Нота шеберлікті дәл түсіріп бере алмайды. Қолдан үйрету арқылы ғана шәкіртті шеберлікке тәрбиелей аламыз. – Тұңғыш Президентіміз 2018 жылдан бастап шілденің 1-і күні – Домбыра күні деп мерейімізді асырып, қаншама домбыра арқалаған талантты жастарға демеу көрсетті. Телеарналарда азайып кеткен ұлттық музыкалық жобалар қайта жандана бастады.
– Осы жолда мол тәжірибеңізге сүйене күй насихатының жүйелі дамуына алып-қосар ұсыныстарыңыз бар ма?
– Әрине, жақсы бастама болғаны рас. Ел болып, ел еңсесін домбырамен көтермегенде немен көтереміз?! Негізі, қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Дегенмен, ұсыныстарым да аз емес. Оның бірі – телеарналардағы күйге қатысты телесайыстарда қайта айналып келе беретін кәсіби білімі бар, қалыптасқан домбырашылардың түрлерін емес, еліміздің әр қиырында жүрген талантты, дәстүрлі үлгіде орындайтын жас домбырашыларды жарыққа шығаруға күш салғанын қалаймын. Олай дейтінім, ел аралап жүріп, ондай балалардың көп екенін байқаймын. Сонымен қатар, республикамызда күй сайыстары екі жылда немесе үш жылда бір рет өтсе де қазақтың әр өңірінің айтулы күйші-композиторларын ұлықтау мақсатында мемлекеттік дәрежеде қолдау алып, барлық өңірде дәстүрлі түрде өтіп тұрса деп ойлаймын. Себебі, қазіргі таңда күйшілерге белсенді көңіл бөліп, тіпті қомақты қаржылай сыйақы дайындап, демеу көрсетіп жатқан Атырау мен Ақтау қалалары екені жасырын емес. Сондықтан, басқа да күйшілік мектептері қамтылуы керек деп есептеймін. Біздің мына Олимпиадаға қолдау көрсетіп отырған Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының еліміздегі шығармашыл жастарға демеушілік жасап жүргенін білеміз. Алдағы уақытта осындай жобаларға да қолдау білдіреді деп үміт етеміз.
– Айгүл Нариманқызы, қазақтың қара домбырасын үйретуге, насихаттауға өміріңізді арнап, елімізге аянбай еңбек етіп келесіз десек қателеспеспіз. Сөзсіз, әлі де береріңіз көп. Дегенмен, орындалмаған арманыңыз бар ма?
– Жастығымыз жалындап тұрғанда елімізде өтіп жатқан барлық игі шараларында төбе көрсетіп, концерттерімізді беріп жүрдік. Тіпті, қазірдің өзінде де ел аралап, әр түрлі жаңалықтарымызбен концерттерімізді қойып жатырмыз. Халық тік тұрып, қошеметін аямай қолдау көрсетеді. Дегенмен, біздің тұсымызда күй өнерінің үлкен ауқымда әлем жұртшылығының алдына шығуына мүмкіндік беретін мамандарды жолықтырмадық. Әлемдік деңгейдегі дұрыс менеджментті қолданған концерт ұйымдастырушылары елімізде шыға қоймады. Мүмкін, болған да шығар, бірақ біздің ұйымдастырған концерттеріміз елден әрі аса алмай, насихатталмай қалып қоятын. Біз өз тарапымыздан орындаушы ретінде форматы қызықты концерттерді дайындап, халық алдына ұсындық. Ал, енді іліп алып кететін еліміздің «ивент» орталықтары, менеджерлері табыла қойған жоқ. Бүгінгі жас орындаушыларға жақсы мүмкіндіктер көп. Енді соны тиімді пайдаланса, алысқа бара ма деп үміттенемін.
– Бүгінгі жас домбырашыларға кеңес беріп, маңызды ойыңызбен бөліскеніңіз үшін алғыс білдіреміз.
Әңгімелескен Ержан Жамеңкеев
qazaquni.kz