Асылы ОСМАН: Билік басындағы басшылар қазақ тілінде сөйлеуі керек
2019 ж. 01 сәуір
4156
0
– Асылы Әлиқызы, қазақ халқына деген ризашылығыңызды үнемі тілге тиек етіп жүрген жанның бірі өзіңіз... Сіздің пікіріңізді тыңдаған сайын қазақ болып туғаныма мақтанатындардың бірімін...
– Қазақтың даладай дархан пейіліне бас иемін. Қазақтың бойына дархандығы даласынан дарыған, тектілікке бабасынан жарыған. Әрбір қазақ баласының бойында адами асыл қасиет пен тектілік бар. Жер аударылып, Қазақстан топырағына тоғытқанда, ешқайсымызды жатсынбай, кеудемізден итермей, бауырына басты. Өздері жарымай отырса да, жартысын жарып, бүтінін бөліп берді.
Артта қалғанды алға сүйреуі, сүрінгенге сүйеу бола білгені - қазақтың өзім жоғары бағалайтын бауырмалдық қасиеті деп білемін. Қазақ халқының осындай бауырмалдық қасиеті менің де бойыма дарығаны қуантады. Жалпы біздің Қазақстан ел бірлігі мен тұтастығына, достығына айрықша мән беретіндігімен ерекшеленеді. Қазақстанда тұратын қаншама ұлт пенен ұлыстың теңдігін сақтап, бірін екіншісінен бөліп-жармай, бірлікте болсын деген мақсатта Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрылды. Осындай игі істің барлығы еліміздің тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі деп білемін.Қазақстан – барша ұлт пен ұлысқа құшағын айқара ашып, Ассамблея арқылы барлығын теңдікте ұстап отырған әлемдегі көпұлтты бірден-бір мемлекет.
Тәуелсіз Қазақстан халқының 1– мамыр күнін ресми түрде бірлік күні ретінде атап өтуі елімізде ынтымақ пен бірліктің салтанат құрғандығының айқын көрінісі. Қазақта: "Бірігу ата-баба өсиеті,бөліну заман қасіреті" деген керемет бір сөз бар. "Бірлік бар жерде, тірлік бар" демекші, ынтымақ пен бірліктің және күні бүгінге дейін ел басқарған Нұрсұлтан Әбішұлының көрегенділігінің арқасында Қазақстан бүкіл әлем таныған алып мемлекетке айналды.
– Ел билігіндегі соңғы өзгерістер сізге қалай әсер етті?
– Нұрсұлтан Назарбаев ел басқарған мезетте өз елі үшін ғана емес, адамзат баласы үшін адал қызмет ете білгені әмбеге аян. Нұрсұлтандай дана да дара, кемеңгер де көреген ұлы бар қазақ елді шынымен де бақытты халық деп есептеймін. Алланың берген ақыл-парасатын халқы үшін аямай жұмсаған ол кісінің ерен еңбегі елінің есінде мәңгі сақталары сөзсіз. Елінің жарқын болашағы үшін маңызды шешім қабылдаған Тұңғыш Президентімізге елдің алғыстан басқа айтары жоқ. Қазақтың атын әлемге танытқан көреген көшбасшының Тәуелсіз Қазақстанның тарихында аты алтын әріптермен сақталып қалары анық.
Ел тізгінін қолға алған Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің кемелдігін көрсетіп, халықтың ынтымағы мен бірлігін одан әрі арттыра беретініне сенімдімін.
– Астанамыздың Нұр-Сұлтан атануын дүйім жұрт қолдап, қуанып жатыр. Сіз қандай күйдесіз?
– Әрине қуаныштымын. Астанамыз – Нұр-Сұлтан атанып, нұрға бөленіп жатқанда қалай ғана қуанбассың? Дәл осы мәселені, БАҚ бетерінде бұдан ертерек көтерген болатынмын. Дегенмен, дәл қазір пісіп жетілген уақыты деп білемін. Елі үшін, еселі еңбек етіп, маңдай терін төккен Тұңғыш Президентіміз бұл құрметке әбден лайықты. Ел астанасын ару Алматыдан Астанаға көшірудің өзі - стратегиялық мәні бар өте үлкен еңбек екені даусыз. Нұрсұлтан Әбішұлы тақыр жерден құлпырған астана салып, шыбықтан шынар, шынардан мұнар тұрғызды.
Күндіз бізге күн жарық сыйласа, түнімізді ай жарық етеді. Бұған дейін ел тізгінін ұстаған Нұрсұлтан Назарбаев та біздің еліміз үшін күндіз күн, түнде ай іспетті жарық сыйлады деп білемін. Қашан да нұрын шашып арамызда аман жүрсін деп тілеймін. Бұл менің ғана емес, көптің тілеуі.
– Қазақ тілінің бүгінгі күйіне әлі де алаңдаулы екеніңіз белгілі...
– Иә, қазақ тілінің тұғырына қонбағаны ғана көңіліме кірбің ұялатады. Аллаға шүкір, қалғанының бәрі бар. "Дарияға көпір салдым, әттең өзім өте алмадым, осынша жүріп мақсатыма жете алмадым" дегеннің керін кешпесек екен деймін. Осындай шұрайлы тілдің қадіріне жете алмай жатқанымыз ғана жаныма батады.
– Асылы Әлиқызы, қазақ тілінің мәселесін шешу үшін қандай қадамдар жасауға тиіспіз?
– Біз әлде де тіл мәселесіне жете мән беруіміз керек. Билік басындағы басшылар қазақ тілінде сөйлеуді жолға қойып, жұртқа үлгі болса жөн-ақ еді. Қазақ тілін дамытуымызға жетпей жатқан нәрсе – талап, қажетттілік, сұраныс. Сондықтан қазақ тілін білуді талап ете отырып, қоғамда қажеттілік туғызуымыз керек. Тілді білмеген адам ұлттың жан дүниесін де ұға алмайды. Тіл тағдыры – ел тағдыры. Менің бар арманым да, тілегім де – Қазақстанда тұрып жатқан әрбір қазақстандық, қазақ тілін білсе, ұлттың болмысын ұқса екен деймін. Ана тіліміз – тұғырына қонса, асқақ арманымыздың орындалғаны. Қазақстан өркениетті елдердің қатарынан ойып тұрып орын алса, бүкіл әлем қазақ деген халықты қастерлеп сыйласа, біз үшін бұдан асқан бақыт жоқ дер едім.
– Бүгінгі қоғамда сізді басқа қандай мәселелер толғандырады?
– Ең әуелі біз негізгі құндылықтарымыз – салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды сақтай білуіміз керек. Осы бір құндылықтарымыз бүгінде барлығымыздың бойымыздан табыла бермейтіндігі өкінішті. Мені алаңдататыны – қазағымның өз бойындағы асыл қасиетінен, менталитетінен алшақтап бара жатқандығы.
Сол себепті де бүгінгі күні ұлттық тәрбиеге ден қоюымыз керек. Еліміздегі ЖОО-дарының барлығына «Ұлттық тәрбие» деген пәнді енгізсе, құба-құп болар еді. Өйткені қазақ «Ұлын нарға, қызын арға» балаған халық. Қазақ деген ұлттың бойындағы адами асыл қасиетттерді сол жастардың бойына дарыта білсек, онда біз болашағымызды бағамдай білгендігіміз. Жер бетінде жеті атасын жетік білетін, қаны мен ары таза, жүрегі пәк, арамдықтан ада, қиянаттан шет, баршаның баласын бауырына басқан, ешкімді жатсынбайтын, бір ғана ұлт бар, ол – қазақ ұлты. Қазақ ұлты ешқашан да ешкімді бөтенсінген емес. Біздер еріксіз айдалып келген кезде, құшағын жайып, бауырына басты. Соның арқасында біз егемен елде еш алаңсыз өмір сүріп жатырмыз. Бүгінде Қытайдан келген, Моңғолиядан келген оралман деп бір-бірімізді бөліп жаратынды шығардық. Қазақ шын мәнінде бір болуы керек. Бірлік ата-баба өсиеті, бөліну заман қасіреті. Бірлігінің арқасында қазақ кең даланы сақтап қалып отыр. Сондықтан, барша қазақ өзінің бірілігіне мықты болуы керек. Бұрын Абай, Шәкәрімдерді алаңдатқан ауыл болатын болса, мені қоғамдағы ауыл мәселесі де, дін де, діл де, тіл де бәрі алаңдатады. Қазақтың тілінен, өзінің әдебиеті мен мәдениетінен алшақтап бара жатқандығы жүрегімді ауыртады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Гүлмира САДЫҚ,
qazaquni.kz