ҚОЖА мен ҚАЗАҚ БІР ҰҒЫМ
2019 ж. 30 наурыз
7600
0
Ал, "Қара" дегеніміз - дінсіз қауым. Сондықтан, аз қазақты бөлшектеудің қажеті жоқ, Әбдіжаппар!
Белгілі әнші Әбдіжаппар Әлқожа әлеуметтік желідегі парақшасында өзінің қожа екенін айтып, қожалар туралы ақпаратпен бөліскен екен. «Қазір қожалардың көп жігіттері қарадан қыз алып жатыр. Бірақ, менің ағаларымның бәрі қожадан қыз алған. Біздің әулетте тек Роза әпкем ғана албан жігітіне тұрмысқа шықты. Қалған екі әпкем қожаға тұрмысқа шықты», – деп жазды Әбдіжаппар. Әншінің жазбасы туралы жазушы Құдияр Біләл да өз пікірін ортаға салды. Жазушының пікірін оқырман қауымға ұсынамыз.
***
Иә, қожалар қараға қыз беріп, қарадан қыз алған соң тектерін бұзып алды. Соның салдарынан ишандық, сопылық жолды жалғастырудан қалды. Аталары салған жолдан айныды. Енді сауал: Сонда "қара" деп кімді айтамыз, Әбдіжаппар? Басын ашып алайық. Қара - қазақ емес.
Сәл-пәл тариxқа үңілейік. Біздің қазақ болғанымыз кеше ғана. Нақтыласақ, 1456-жыл. Ал қазақ даласындағы қожалар тариxы кем дегенде одан 500 жыл әріде жатыр. Сондықтан кейбіреулер айтып жүргендей, қожаны қазақтан ажыратудың еш қисыны келмейді. Егер тариx қатпарына үңіліп жіліктер болсақ, бір жүзге кіретін кей рулардың бір-біріне сорпасы да қосылмауы мүмкін. Сондықтан аз қазақты бөлшектеудің қажеті жоқ, Әбдіжаппар!
Енді негізгі айтпағымызға ойысайық. Сонда "қара" кім? Ол - дінсіз қауым. Ұғынықтылық үшін Алланың xақиқи жолын - ақ десек, оған керағар жақтың қара болатындығы көп ақылды қажет етпейді. Сонда мына сайын далаға Алланың ақ жолын алып келе жатқан қожалар дінсіз, кәпір қара қауымға өлсе қыз бере ме? Әрине бермейді. Тағы да қайталап айтайық, ол кезде қазақ деген ұғым жоқ. Алайда Әбдіжаппар өкініш білдіретіндей, біз осы үрдісті жойып алдық. Қазіргі күні қожаның қызы қараға кете беретін болды. Бұл жерде енді қожа мен қазақ бір ұғымға айналады. Ал қыздарымыз болса дүниенің төрт бұрышына кетіп жатыр. Соған Әбдіжаппардан басқа алаңдап жатқан адам жоқ. Әрине, шүршіттен туған бала ешқашан сопы болмайды. Себебі - қара. Сондықтан ел боламыз десек, қараға қыз бермейік, ағайын!
Және бір жәйт. Осы дау-дамай барысында біраз адам қожалар әулетіне тіл тигізді. Себебі... Себеп көп. Ең бастысы - жүректерінде дақ бар. Қара дақ. Ал ол қараның кімдер екенін жоғарыда айттық қой. Сондықтан ағат әңгіме айтқандардың тәубесіне келгені жөн. Егер мұсылман болса, әрине.
Құдияр Біләл, qazaquni.kz