Әзіз ағаның асыл қырлары
2019 ж. 18 наурыз
3460
0
Өрі-қыры бірдей, өмір жолын, тағдырын өнегесімен де, өнерлі ісімен де кемелдікпен өрнектеген, солқылдаған қаламы, толқындаған ойы, сыңғырлаған тілі бар қаламгер, қоғам қайраткері, тіл жанашыры, өлкетанушы Қайырбек аға Сәдуақасов тұлғасы айрықша қызықтырады. Себебі, атам қазақтың: «Ағайынның басы еді, алтынды ердің қасы еді» дейтін қағидалы ғибраты сүйегінде асылдық, мінезінде көркемдік бар Қайрекеңнің берекелі харекетін меңзеп сипаттап жеткізгендей. Сандал таулары омыртқадай тізілген Сарыарқаның қасиетті жері Бегазы – Дәндібай, Қызыларай топырағында сұңқардай түлеп ұшқан ұлт қаһармандары Әлихан, Әлімхан, Жақыптар өніп-өскен ортадан тыққаны және осы Ұлы Дала көсемдердің тағылымын, дуа-дұғадай қасиеттерін көкірегіне қондырып, ой жүгіртіп тоқығаны, рухын болмысына терең сіңіргені, тілек-мұратына, арман-қиялына айналғаны тағы бар. Сондықтан да адал қызмет атаңа қыл деген халық даналығына өмірінің темірқазығы еткен тиянақты ұстанымы бар. Бұған Алаш қайраткерлерінің шығармашылық өмірбаянын ыждаһатпен зерттеп-зерделеп танытқан «Алаш алыптары», «Әлихан әлемі», «Алаш айтқан асыл сөз» дейтін еңбектері толық айғақ. Және де даңқты жерлестерінің де мұрасын жинақтап та жарыққа шығарды.
Ол орысшадан қазақшаға, қазақшадан орысшаға төгілдіріп туындатудың қас шебері. Бұл орайда орыс тілінде жазылған Ә.Бөкейханның «Қазақ өлкесі», Г.Потаниннің «Тоқырауын өзенінің жағасында», С.Бөкейхановтың «Өткен күнде белгі бар», Жан де Лабрюйердің «Мінездер немесе осы ғасырдың әдет-ғұрыптары» дейтін кітаптарымен қазақ оқырмандары Қ.Сәдуақасовтың аудармалары арқылы танысты.
Өз басым Орталық Қазақстанның жерімен де, елімен де, Қайрекеңдей сұңғыла ерімен де ХХ ғасырдың 90-шы жылдарында таныстым һәм табыстым. Қазақтың ақындық-әншілік, композиторлық өнерінің дарабозы Шашубайдың 125 жылдық мүшелтойы Ақтоғай – Балқаш өңірінде дүркіреп өтуіне Жезқазған облыстық Тіл басқармасының бастығы, алғыр ұйымдастырушы Қайырбек ағаның еңбегі ерекше елеулі. Ол – Шашубайдың портретін жасады. Менің баяндамамды орыс тіліне экспромтпен тәржімалады. Әйгілі дарынның есімін мәңгі есте қалдыру үшін барша қайрат-жігерін жұмсады. «Серілердің соңғы тұяғы» деген зерттеу жазды.
Оның сұлулықты нәзік түсінетін қабілетті, суретші екендігіне атақты ақын Нарманбет Орманбетұлының, күйші Сайдалы Сары Тоқаның, шешен-би Шабанбайдың портреттері айғақ.
Иә, халық рухын, ел мерейін, ұлт мәртебесін асқақтатқан Ақжолтай Ағыбай батырға, Нармамбетке, Сәкенге арналған салтанатты мәслихаттардың жуан ортасында жүріп, аяғының ұшымен қызмет еткеніне, әрі майлық, әрі сулық болғанына, мамықтай мінез-құлқына, көркем істеріне куәгермін.
Қайран, жұмақтың төріндей Қызыларай, Бегазы,Бектау-Атадай көрікті таулары-ай! Ақтоғайдың Ақсораңдай айбарлы шыңдары-ай! Көркем жаратылыс-ай! Бұлбұлдар мен дүлдүлдердің, ғасыр мақтаныштарының мекені-ай! Солардың бірі-адамгершілік мәдениеті, білім деңгейі Қайрекеңе де алуан-алуан өнер дарыған: ол – ақындық, композиторлық, ойға, сөзге, тілге тапқырлық, аудармашылық, драмашылық, әңгімешілдік, публицистік, суретшілдік, редакторлық, парасаттылық. Бұл не деген мәрттік, сан қырлылық! Расында жаратылыстың, топырақтың, өскен ортаның сыйы, елдің тәлімі, атаның дәстүрі, мектебі.
Шабыт қанатында парлайтын, өмір, дүние, болмыс құбылыстарын суреткерлік зердемен қабылдайтын Қайрекеңнің «Уақыт – жебе» атты өлеңдер жинағында жүрек сырлары, көңіл-күй толқындары келісті кестеленеді. Этикалық, философиялық сарындары былайша өріледі:
Дана да жасай алмас бір
Заңдылық,
Бәрі де табиғаттан...
құр жаңғырық.
Әрекет бағдарларын
парасатпен,
Іріктен ізгі жолын ождан, білік. («Адаса көрме, азамат!»)
Ақынның рухани болмысын, ішкі мәдениетін, өмірге көзқарасын «Жанымды жану» дейтін өлеңіндегі мына бір ақындық лебізі айғақтайды. Ендеше сырға, сезімге бай жүрегінің дүрсілін тыңдайық:
Алысу маған жат ұғым,
Арпалыс қана өрісім,
Ар шыңы тойлар шаттығын,
Арналып өмір ел үшін.
...Мән болмай жүрсе өмірде –
Мұң қонған болар жүрекке,
Ән қонбай жүрсе көңілге –
Қалғаны сезім түнекте.
Қайырбек аға ел әдебиетіне жетік. Әңгімешіл. Әдеби тілдің нормаларын сақтайды, ойы да, сөзі де мөлдір, анық, нақышты. Би-шешендердің, жыраулардың, ақындардың мұрасын жақсы біледі. Ел аузындағы әңгіме-тәмсілдерді тамылжытып айтады, қазақ сөзінің киесін ардақтайды. Ол бір әңгімесінде, Төңкеріс дәуіріндегі шолақ белсенділердің жазықсыз бейкүнә жандарды кісендеп әкеткенде, зарлап-боздап қалған әйелдерінің мына бір қарғыс сөздерінде дәуір мәліметтері, заманның зобалаң суреттері келтірілген:
Дастар қасыңа құласын,
Қара жер қасыңа құласын.
Өзенге бар да суға түс,
Суға түс те құмға ауна!
Құм қалай жабысса,
Пәле солай жабыссын.
Бұндағы «Дастар» – Тоқырауын өзені бойындағы шыңның атауы, Көлгін деген елдің күңіреністері, трагедиялық хал-ахуалы.
Ақтоғай елінің бір кеңшарының директоры Әбілдин Сәрсенбай сол өңірде елді аузына қаратқан, улы тілімен дәлме-дәл омақасыңнан түсіретін «жынды» Ысқақ мені ешқашан сықақтамайды деп күрсініп-кісімсініп жүреді екен. Бірде айтқыш Ысқақ оның көзінің боп-боз екендігіне: «Тасқа тамған ешкінің көзіндей антұрған!» деп оңдырмай сілейтеді.
Иә, Қайрекең халықтың даналық дүниетанымының, тәжірибесінің жемісіндей мақал-мәтелдерді ой-пікірін тұздықтап, тұжырымдап беру үшін жүйріктікпен қолданады. Бір кісілер болады жөнсіз пысықай, өзгенің несібесін қағып түсетін, сонда «Асықсаң әжеңнен неге тумадың» деген жапон мақалын тілге тиек еткен еді.
Білікті, білімді заңгер, бауыры Нақыпбек Сәбит Мұқанов егде жасына қарамай қалмақы жүріспен жанында ертіп алған кісісі бар Орталық Комитетке қарай кетіп бара жатқанда сәлем беріп, қолын созады. Соны Нақыпбек: «Сәлемге созған оң қолымды «Сәбең сол қолымен ғана қысып өтіп еді» – дегенде, ағасы Қайрекең: «Е... Сәбең саған оң қолын бергенде ғой, ендігі жап-жақсы жазушы болар едің» – деп әзілдепті.
Тағы бір жарқын мысал. 1992 жылы Хан Кененің үзеңгілесі Ақжолтай Ағыбай батырдың 200 жылдық мерекесі Ағадыр ауданының Айыртауында өткен-ді. 350-дей киіз үй тігілген. Бейне бір шаһар сияқты киіз үйлердің іші дәстүрге лайық жасақталған. Қайрекеңмен бірге мен де комиссияның мүшесі едім. Атақты би, шешен Жақсы Жанқұттыға арнайы тігілген киіз үйден сыртқа беттеп бара жатқанда дәл төбемізден қалықтап, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров мінген тікұшақ әп-сәтте қона қалды. Сонда дереу Қайрекең: «Киелі сөздің иесі Жақсы Жанғұттының аруағы шақырды» – деп ырымдап, бас бәйгені құт қонған осы киіз үйге ұйғарды.
Ойымның түйіні, Қайрекеңнің тілге, дәстүрге деген құрметі, рухани жетілдіруге деген құштарлығы, ұлттық рухани құндылықтардың өрістеуіне деген ізгі ниеті.
Қайраткер, ұйымдастырушы, халық қызметкері Орталық Қазақстанның рухани-мәдени өркендеуіне (жыршылық, термешілік, айтыскерлік, театрлық) өнердің дамуына салмақты үлес қосты.
Ол Ұлытау тарихи-мәдени және тарихи табиғат қорығы, Ақтоғай-Қызыларай тарихи-этноархеологиялық ұлттық қорық-паркі, Ортау-Дарат шығыры қорығы жобаларын жасауға, Ақтоғай аудандық тарихи-археологиялық-этнографиялық, Жаңаарқа аудандық С.Сейфуллин атындағы әдеби-мемориалдық музей-кешені, «Ұлытау үні», «Байқоңыр дауысы» өнер фестивальдерінің ұйымдастырылуына ерекше еңбек сіңірді.
«Жақсы жүрген жеріне кент салады» дегендей, ол ұлт мұраты мен әдеби-шығармашылық, қайраткерлік жолында ақ-адал қызмет етіп, ар- абырой, парасат биігінен көрінді. Абзалдық қасиетке ие толық кәмелетке жеткен жетелі, өрелі асыл ағамызға өмір сәулетін, еңбек зейнетін, отбасылық бақыт тілеймін. «Өмір – теңіз, жүзем онда демеңіз, Ізгіліктен жасалмаса кемеңіз» – деп Рудаки айтқандай, кісілікке кемел кемеңіз өмір теңізінде құлаштап-аршындап жүзе бергей!
Серік Негимов,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері,
филология ғылымдарының докторы профессор
qazaquni.kz