Көрісу күніне орай Мақтааралда мерекелік шаралар өтті
2019 ж. 14 наурыз
2173
0
14 наурыз – Көрісу күніне орай Мақтаарал ауданында бірнеше мерекелік мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.
Ең алдымен «Ақ алтын» мәдениет үйінде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен А.С.Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының құрылғанына 120 жыл толуына орай «120-19-120» тақырыбында мерекелік іс-шара өтті.
Адамзаттың рухани-мәдени дамуының басты кепілі ретінде кітаптың қоғамда алатын орны айрықша. Сондықтан да, қазіргі ақпараттық технологиялар жедел дамыған кезеңде кітаптың беделін көтеру, баспадан шығарылған кітап өнімдерінің сапасы мен мазмұнына мән беру, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолдары негізгі басымдықтар болып табылады. Міне, іс-шара барысында кітап атты қасиеттің құндылығы және Абай мен Пушкиннің шығармашылығы насихатталды.
Мұнан соң дәл осы мәдениет үйінде «Өнерлі әжелер» атты байқау өтті. Өскелең ұрпаққа өнеге көрсету, ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды қайта жаңғыртып, жастардың санасына сіңіру мақсатында өткен тағылымы мол байқауда өнерлі әжелер тарапынан «Көрісу» дәстүрлері көрсетілді.
«Сіздердің бүгінгі өткізіп отырған шараларыңыздың қыздарымыз бен жас келіндерімізге үлкен тәрбие берері сөзсіз. Бүгін сіздер ұмыт болып, қолданыстан шығып бара жатқан салт-дәстүрлеріміз бен жөн-жоралғыларымызды қайта жандандырып, жас ұрпақты қайта қауыштырып отырсыздар. Ол үшін сіздерге айтар алғысымыз шексіз» - деді аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Досым Асабаев.