КӨНЕ ТҮРКІ КҮНТІЗБЕСІН КӨРЕТІН КҮН ЖАҚЫН
2019 ж. 06 наурыз
5111
1
Алматы айшықтары
Елбасының бастамасымен Рухани жаңғыру басталып, «Ұлы даланың жеті қырына» жалғасып жатыр. Көп нәрсеге басқаша қарай бастадық. Ұлттық мүддемізді ұлықтау басты назарға алына бастауы да көңілге дем береді. Алматы қаласы да бұл мәселеде алда келеді. Басқасын айтпағанда Аспан астындағы мұражай - Сақ қорғанын салып тастауының өзі алматылықтардың рухын бір көтеріп тастады. Енді міне, халықтың ең көп баратын, демалатын жері – Алматы қалалық орталық мәдени және демалыс саябағындағы игі өзгерістерді атауға болады. Саябаққа кірген кезде қарсы алатын гүлалаңның ортасына көне түркі күнтізбесінің кешенді ескерткіші салынуда. Яғни, жақын арада бір мүшел - он екі жылды құрайтын жануарлардың белгісі келушілерді жамырап қарсы алатын болады. Есімізді білгеннен бала кезімізде «Жануарлар Жаңа жылды қалай қарсы алды» атты қазақ ертгісін талай жарысып айтқанымыз белгілі. Бұл тәлімді дүниені қазіргі қаланың балалары біледі ме? 2500 жылдай бұрынғы бабаларымыздың астрономиялық білігін, философиялық дүниетанымын қазіргі ұрпақ мақтанышқа айналдыруы керек емес пе? Ендеше, ұрпақтарымызға ұлттық тәрбие, рухани күш беретін мұндай сәулет кешеніне Ақ жол тілеуіміз керек қой. Алматы қаласы әкімдігі мен саябақ басшылығына алғыстан басқа не айтуға болады? Бірақ әлеуметтік желіде отырып алып, әлеумет үшін істеліп жатқан осындай рухани дүниені түсінбейтіндер де кездеседі екен. Өздері қала көркеюіне саусағын қимылдатпаса да, аузын қимылдататындар басқа емес, өзіміздің қаракөздердің ішіінен табылып жатса, олардың тамырсыздығына наразы боласың. Яғни, солардың ұрпақтары да өздері секілді тереңге бойлай алмай қалмауы үшін жасалып жатқан көнетүркі күнтізбесінің рухани мән-мағынасы зор екенін түсіне білуі тиіс. Көне түркі күнтізбесі ескерткіші қашан бітеді деп асыға күтіп жүрген ел көп. Солардың бірі –мен десем де болады. Біткен күні балаларды ертіп апарып көрсету, әйгілі ертегіні айтып беру – ең үлкен қуаныш болғалы тұр. Рухани дүниелріміз көбейе берсін деп тілейік. Қазыбек ИСА Qazaquni.kz