БАР ҚАЗАҚТЫ БАУРАҒАН ӘН
2019 ж. 02 наурыз
5804
0
Ол маған қарап күлімсіреді.
– Шәке, сіздің ән әлеміне бейтарап емес екеніңізден хабардармын. Өтінішім бойынша үш-төрт өлеңіме сөз де жазып бергенсіз. Бірақ, кешірерсіз, музыкатану маманы емес едіңіз ғой. «Атамекен» тарихын білгіңіз келгеніне қайранмын.
– Жоқ, жайша...
Жауабым солай шолақ қайырылды.
Шынымды айтсам, көптен бері «Әдебиет және ұлт тағдыры» деген тақырыптың төңірегінде өзімше бір толғаныста жүргем.
«Атамекеннің» әні композитор Ескендір Хасанғалиевтікі де, сөзі – ақын Қадыр Мырза Әлидікі. Ұлтым дегенде делебесі қозбайтын ақын болмайды. Күндіз-түн толғанған ойының бір мысқалын қағаз бетіне түсірді делік. Ал, сазгерді айтам. Ол әлі сөзі де жоқ ұлттық тақырыпқа, мына «Атамекенге», еліңді, жеріңді ойлатпай қоймайтын әнге қалай жол тапқан? Ондай әннің жүректі жүрекке жалғайтын нендей сиқыры бар?
ХVІІІ ғасырда француздың Клод Жозеф Руже де Лиль дейтін әскери инженері революционерлер әнін шығарады. Клодтың осы әннен басқа жазған әндерінің, романстарының бірі де жұрттың есінде қалмаған. Оның есесіне, бастапқыда «Рейн армиясының әскери әні» деп аталған «Марсельезасы» француз ұлтын түгел баурап алады. Ақыр соңында бұл ән 1792 жылы Францияның ұлттық һәм мемлекеттік гимніне айналды.
Осындай аруақты әннің бізде де туғанын, оның сол қасиетін көпке дейін тани алмай жүргенімізді мен өз басым еліміздің басына түскен бір сын сағатта сезіндім. Айтылуына бүгіндер отыз жылға таянып қалған әнді бұрын да ойын-тойларда, сазгер һәм әншінің өз концерттерінде жиналған жұртпен бірге рахаттана айтып жүретінбіз. Қазір де Ескендір осы әнін айта бастаса-ақ, бүкіл зал, байқаймын, кәрі-жасына, даусының бар-жоғына қарамай, тіпті, нелер оқтау жұтқандай шікірейіп отырғандардың өздері де, ән ырғағына еріп, рух-жігерлері тасып, бастарын бұлғаңдатып отырғаны.
Сын сағатта деп отырғаным, 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі. Сол дауылды күндер мен түндерде ғой көтеріліс дауылы көтерген теңіз толқындарының жалында «Атамекен» әнінің кімге және не үшін арналғанының, қандай мақсат көздегенінің түбегейлі анықталғаны.
Осындай ән құдыреті неде екенін аздап болса да түсіну үшін ең жоқ дегенде тарихынан хабардар болуың керек емес пе? Әрі сазгер, әрі жезтаңдай әнші, бүгінгінің Біржан салы деп өзім творчестволық табыстарға жете беруі үшін талай рет тост көтерген Ескендір сұрағыма табанда жауап қатпай аз-маз қабақ шыттырып тастаса да, кейін көңілі түскен бір күні әннің туу тарихын жыр ғып айтып берді.
Ескендір бұл күндері томағасы алынған ақ иықтай қомданды. Ән айтуға айырықша қуат керектігінен бе, өзі де Паворотти секілді палуан денелі. Италияның ұлы тенорына тағы бір ұқсас жері, бұның да әні мол денесіне кереғар. Қозы көш жерден естілетін зор баритон даусы тамылжыған нәзіктігімен де сүйсіндіреді. Үзілтіп, үлбіретіп құбылтқанда ұйып тыңдап қалғаныңды өзің де байқамай каласың. Жайшылықта сөйлегендегі даусы нәзіктік ауылынан алыстау, өктемдеу, ал қабағын шытса, тіпті зілді шығады. Ал көңілді отырғанында әңгімешіл. Сөзге шорқақтығы жоқ.
– Әнді туғызатын – өмір, – деді ол. – Талай естіген акиқатыңыз. Дегенмен, сол ақиқатка өзіңнің көзің жеткенде, саған жаңалық көрініп қайта ойлана бастайды екенсің. Мына тақырыпта ән жаза қояйыншы дегеннен ештеңе өнбейді. Бұны, бір деңіз. Екінші, әннің тағдыры адам тағдырына ұқсайды. Қазақстанның миллиард пұт астық тапсырып, өндірісі өрлеп шалқып тұрған кезінде туған «Атамекеннің» де күндердің күні басына бұлт торлады. Рұқсат болса, әңгімемді осы екі тақырып маңайында ұйытсам ба деймін.
...Ежелгі Мысыр, Шам елдерінен оралысымен Ескендір көп ұзамай Батыстың өркениет елдерінде өткізілген бірқатар гастрольдерге катысты. Өзінің композиторлық ілкі шығармаларынан «Анаға сәлем» /1961/, «Студент жастардың қоштасу әні» /1967/, «Асыл арман» /1968/ әндерін шығарып айтып жүрді. Әрине, тындаушыларына ұнайтын болған соң. Ұнаудың басты белгісі – әннің ел арасында шырқалуы. Әсіресе, жастар жағы кеш-думандарында әуелетеді.
Ел құрметінің, бір кереметі, шабыт үсті-үстіне шабыт шақырады екен. Ауылында өткізген балалық бал дәуреннің, жастық, бозбала күндерде ұйқысыз карсы алған боз таңдардың, туған жерге деген ыстық сүйіспеншіліктің ән боп құйылғанына рахаттанады.
Даусында, шығарған әндерінде өзінің дара талантын айқын сезіне бастаған Ескендір, әріптесі ақын Бәкір Тәжібаевтың тапқыр өлең жолдарына елте отырып, «Асыл арман», «Сағындым сені», «Жанарым», «Есіңе ал» әндерін туғызды.
Өзіндік колтаңба дегеннен шығады. Қазақ әні мұңға толы. Күні бүгінге дейін той-томалақтарда атамзаманғы әуен аһылатып-уһілетеді. Ескендір сай-сүйегіңді сырқырататын шерлі әнге ықылассыз. Жаны жарқын, өршіл романтиканы қалайды.
...Ақ шаңқан «Волга» қасиетті Қарқаралының ақ селеулі даласымен ағызып келеді. Қарағандыдан Қарқаралыға бет алғандағы орта жолға жете бергенде машинаның алдыңғы жағында отырған Ескендір алдарын кес-кестеп жүйткіп келе жатқан екі елікке таңдана қадалып қалды. Алдыңғы ашалы мүйіздісі теке болуға керек, артындағы елікке «тез, тездет, әйтпесе мына апан көзді, темір сауытты пәле қағып кетер» дегендей, арт жаққа қарайлап шауып келеді. Ескендір командирдің даусына бергісіз зіңгіттей даусымен шоферға: «Басып кетерміз мына дала еркелерін. Машинаңды жайлат!» – деп бұйырды. Арттағылар ду күлісті. Машина жүрісін баяулата бастады. Сонда ғана артына бұрылып:
– Ия, неге күлдіңдер? – деді.
– Қазір машина тоқтағанда түсінесіз, Ес-аға!
Сөйтсе, жаңағы «жосылтып» келе жатқандар тірі еліктерден айнымағанымен, қоладан құйылған еліктер боп шықты. Қастарына тақап барғанда Ескендір бас шайқататын бір оқыс жағдайға және тап болды. Қола еліктердің сауытында сау тамтық жоқ, шұрқ-шұрқ тесік. Бұлардың бар-жоғы мүсін екенін қайсыбір алаңғасар аңшылар апас-құпаста сезбей қап, олжа куырдақтан дәметіп, мылтық шүріппесін басып қалады екен.
Ескендірдің кейін көпшілік арасына кең тарап кеткен «Елігім, еркем» әні сонда туып еді. Осындай сұлулықты, даланың елік, киіктей сәнін шіркіндер қалай көздері қиып атады?! – деген ой маза бермей, ақыры сол мазасыз көңіл ән боп төгілген-тін.
«Жанарым», «Есіңе ал» әндері твист ырғағында жазылды. Қазақ жастарына арнады. Жас-кәріңді бірдей биге шақыратын жаңа ырғақтың ғұмыры ұзақ болды.
Қазақ: жүрген аяққа жөргем ілінеді дейді. Шетелдік сапарларында күтпеген бір сезім туды. Туған елге, жерге деген ұлы махаббат шет жақта жүргенде күтпеген сыр ашады екен.
Ол кезде Советтік Қазақстан туралы өлең көп жазылады. Қазақстан – Одақтың терезелері тең республикаларының бірі деген қисын бәрінен жиі айтылатын. Шет ел сапарында осы ақиқатқа сызат түсті. Бастап барушы шенеунік атаулы бірден кеңірдегіңнен алғандай қысым көрсетеді. Шекарадан аттаған бойда сен өз ұлтыңды ұмытуға тиіссің. Сені тым құрыса, кеңес әртісі деп те атамайды. Шет елге Кеңес Одағынан келген әртістер ұлттарының қазақ, татар, армян, т.б. екендіктеріне қарамай, шетінен орыс әртістері боп шыға келеді. Концерт үстінде атың жария етілгенде де, концерт туралы бұқаралық ақпарат құралдарына хабар берілгенде де солай: әніңді орыс әртісі Хасанғалиев боп шырқайсың.
Бір күні Стокгольмдегі кеңес елшілігінде шағым айтуға тура келді. «Шведтерге түсіндірмейсіздер ме, неге үнемі ұлтымызды бұзып айтады?!».
Ескендірдің тілегін елшілік елең қылған жоқ. Сонда ғой кенет бір ойдың сақ еткені: «Менің қазақ әртісі екеніме тілдерің келмейтін болса, онда... менің ұлтымның кім екенін шырқап тұрған әнімнің өзі жариялайтын болсын!».
Мінеки, «Атамекеннің» алғаш түйін тастаған тұсы. Әнді өмірдің өзі туғызады деген нақыл жәйдан-жәй тумайтынына бұлтартпас дәлелдің бірі осы емес пе! Тіпті, осы әннің толғағы сол Стокгольм сахнасында белгі берді ме деп те ойлайды. Өнер табалдырығын бірге аттасқан өзі сияқты ән иесі Нұрғали Нүсіпжанов екеуі қосылып дуэт құрып шырқатып тұрған. Дәл сол сәтте, ән үстінде, не ғажап екенін, туған Қаратөбе ауданы, Үшана дейтін құм басқан ауылы, арнасы тақтайдай жазық даланың бір өзегін қақ жарып екпіндеп ағатын Қалдығайтысы көз алдында қаз-қалпында жайнап тұра қалмасы бар ма. Түс көргенде де ондай әсер алмассың. Туған жер суреттері көз алдынан көлбеп еткенде жүрек шіркін сыздап қоя берді... Ойлаған ойына енді бекіне түсті.
Алматыға оралғанда сағындырған сұлу қала сол ойды енді тәтті арманға айналдырып жіберді. Алатау баурайында тұрып тебіренгенде кіндігінің қаны тамған жерін ғана емес, бүкіл байтақ Қазақ жерін, елін шолып тұрғандай әсерленді. Сондай бөлекше сезімнің құшағында жүрген күндердің бірінде пианино қақпағын ашты. Күй сандығынан жәй попурри секілді бірдеңені тергілеп отырған. Алла-тағаланың ризықты күні болуға керек, аяқ астынан бір алабұртқан, шалқыған от-жалын бүкіл денесін шарпып өтті. Сол ыссы толқынға еліткен саусақтары клавишадан әлдене аккордты жанталаса іздеді. Көңіліндегі бір керек пернені тапқан секілді болғанда, о, құдырет, сар даланың өзі саз тілінде сөйлеп кетті. Жан сарайында әлдене қуатты, жігерлі, салтанатты марш ырғағын ойнатты. Бусанып, буырқанған күй, пианинодан емес, қурай сапты дабылдан шыққандай сесті, айбатты үнге айналды. Өзі Хантәңірінің қақ төбесіне өрлеп шығып:
– Әлем, сен тыңда! Жарандар, жарғақ құлағыңды тос: менің кім екенімді білмесеңдер, білесіңдер енді! – деп жар салып тұрғандай сезінді.
«Қазағым» деп елжірегенде қанат бітіп, көк аспанда самғап бара жатқан сарынды жалма-жан нотаға жайғастырып, телефон трубкасына жармасты. Уа, шіркін, енді сазды өзегін тауып сөзге аудара қоятын шайыр табылса...
Сонда назарын бірден Қадыр Мырза Әлиге тіккеніне Ескендір күні бүгінге дейін алдымен Құдайға, сонсоң өзіне риза. Атақты ақын ағасына: осылай да, осылай, туған өлкеміз жайында бір әуен туды. Соған сөз күтем Сізден? – деп жік-жапар болды. Басқа не дегені есінде қалмапты.
Әйтеуір, телефонмен әннің сөлін анық жеткізуге тырысып баққаны есінде. Қадыр әнді қайталап айтқызды да:
– Оң жамбасыма келетін сияқты, жазып көрейін! – деп және қуантып тастады.
«Атамекен» тақырыбын Қадырдың еркін меңгеріп кететініне сенімі зор. Әлеуметтік поэзия айдынында еркін құлаштайтын ақындарымыздың бірі. Соңғы жылдары жоғары жақтың тезіне қарамай, амалдап жол тауып, ұлттық тақырыпта батыл көсіле бастаған. Еліне, жеріне деген сүйіспеншілікті нақты, қарапайым суретпен жеткізуге қандай шебер.
Маңдайымнан сыйпап өткен самалды,
Қазағымның алақаны деп білем, –
дейтін қос жолға құлақ түріп көріңізші. Осынау аядай жолдарға асқақ мағына сыйып тұрған жоқ па!
Ән толқындарынан «қазағым» деп елжіреп елтіп тұрған әуенді ақын қалай қағып ала қойған десеңізші. Сазгер мен ақын бір кісі боп кеткендей. Мына тасбауыр, безбүйрек дүниеден көрген бір қызық, рахаты болса, ол – айналайындап тұратын елінің мәрт жүрегі.
«Қазағым» ұғымы бұл айтылғанмен шектелмейді.
Кеңес заманында «тап, табым» деп көп тақылдадық та, «қазақ», «қазағым» деген сөздерден ат-тонымызды ала қаштық. Дегенмен, ақи-тақи құрымапты. «Қазағым, калың елім, қайран жұртым» деген Абай сөзі тұқымдық дән. Одан талай жыр тарады. Міржақып «Оян, қазақ» деп жар салды. Мағжан кеңестік қызыл байрақты бұл езілгеннің туы болса, «Ендеше, қазақ сенікі» деп ұлтына меншіктеді.
Дүниеде не өзгермейді? Міз бақпас заманның да тоны жібитін кез туыпты. Әбділда Тәжібаев «Біз де қазақпыз» деген пьеса жазып, Мәскеудің кәріне ұшыраса, кейінірек алпысыншы жылдардың басында «Мен – қазақпын» деп поэма төккен Жұбан Моддағалиев сый-құрметке бөленіпті.
Кеңес өкіметінің түсініп жетпейтін қайшылықтары басынан асып жататын еді ғой. Кейде социалистік революция төңкеріп тастаған патшалық самодержавиенің жүргізген отаршылдық саясатын еске түсіретін әлдене әрекет жасап бас шайқататын. Қайсыбір қайшылықтарына бара-бара бойымыз үйреніп кетті. Өзіміз де орыс ағайындарға қосылып: «Это русское раздолье, это русская земля» деп шын көңілден шырқайтынбыз. «Русская душа», «русская зима» деген сөздерді жатырқау дегенің кәперімізге кірмейтін. Оның есесіне «қазақ жері» деген сөз айтылмайтын. Тіпті, қазір де қайсыбіріміз «казақ жері» деуге аузымыз бармай, «казахстанская земля» деп әңгесектенеміз.
Отаршылардың түсінігінде қазақпын дегенің ұлтшылмын дегенмен барабар. Желтоқсан көтерілісінен соң Горбачев «қазақ ұлтшылдығы» деген термин де ойлап тапты. Сол кезде ғой «Атамекен» әнінінің шовинистер кәріне ұшырағаны...
Желтоқсан көтерілісін Горбачев қанға бояп басқаннан кейін шамасы бір аптадан соң біздің үйге әлдебір шаруасымен Ескендір келді. Байқаймын, әнші інім бірдеңеге абыржулы. Даусы бәсең шығады. Екі көзі алақандай боп кеткен. Сөзінің аяғын сыбырға айналдырып жібереді.
– Шәке! Менің Қазақ радиосында әнші боп қызмет істейтінімді білесіз ғой. Бүгін жұмысыма барсам, Радио үйіндегі әріптестерім екі-үштен топ құрап, бұрыш-бұрышта әлдене жөнінде сыбырласып сөйлесіп тұр екен. Әрең дегенде сұрастырып білдім. Менің өзіңіз әндетуді жақсы көретін «Атамекеніме» тыйым салыныпты. Магнитофондағы таспалары өшірілсін. Бұдан былай бұл ән радио, теледидарларда орындалмасын деген бұйрық түсіпті жоғарыдан. Ұлшылдықты насихаттайтын ән, жойыңдар көзін! – депті.
– Оларың кім?
– Мәскеу комиссиясы, – дейді білетіндер. – Сонда, Шәке, не істеуіміз керек? Жер астынан жік шықты, екі құлагы тік шықты дейтін бұл не пәле?
– Түсінсем бұйырмасьш, – дедім мен. – «Атамекен» әнін Мәскеу қайдан біледі? Жастарды көтерген осы ән бе екен, жазығы не?
– Ойбай, «Атамекен» 17, 18 желтоқсанда екі күн, екі түн бойы шырқалды емес пе? Оған қоса «Елім-ай!», «Менің Қазақстаным» айтылды. Өзіңіз білесіз, мен көтеріліс болған алаңның іргесіндегі үйде тұрамын ғой. Брежнев алаңы (қазіргі Республика алаңы – Ш.Е.) мен Күләш Байсейітова көшелерінің қиылысында. Терезеден, балконнан байқастап жиі-жиі сығалап қараймыз. Құдай сақтасын, алаң құмырсқаның илеуіндей құжынаған халық. Қазақтың уыздай жастары қаптаған әскери киімділермен алыс-жұлыс. Ұрып-соғудың не айласына жетік ОМОН дейтін жуан жұдырық тықсыра жөнелгенде, жастар легі майысып барып қайта жазылады. Толқындай жөңкіледі. Айқай-шудан құлақ тұнады. Зіркілдеп бұйрық боратқан радио. Автомашиналардың дүрілі. Олардың бәрін кей-кейде басып кететін ән. Қазақ әні. «Атамекен» шырқалғанда алаңды кернеген халық мүлде теңселіп кетті. Адам теңізі көпіршік атқан толқындай әннің әр жолын аспанға лақтырған сайын денем ысынып-суынып, жүрегім аузыма тығылады. Көзім жасқа толып, есімнен тана жаздап, мен де теңселіп кеттім...
Біраз үнсіз отырдық. Ақылдаса келе, харекетсіздік тірі жанға қол емес деп ұйғардық. Бұға берсең, сұға береді. Мәскеу комиссиясын райдан қайтарудың амалын ойластырдық.
...Ескендірдің «Атамекен» әніне Мәскеу комиссиясының көзін алартқаны түсінікті. Өлең бір ұлттың, қазақтың мәртебесін көтереді.
Енді бақсам, өлеңнің мен байқамаған қырлары бар екен. Қазақ және Атамекен ұғымдары – жұптас. Атамекен дегеніміз – туған еліңнің жері. Жерден айрылдың – бәрінен айрылдың деген сөз. Көңіліндегі көкейтесті күйін шерткен әуенді исі қазақ қалайша шырқамасын.
«Атамекеннің» алаңға жиналған жастардың «Елім-ай» атты қазақ халқының XVIII ғасыр басындағы Ұлы Отан соғысының басты әнімен бір қатарда айтылуы тегін емес. Екі әннің екеуі де әдебиетіміз бен мәдениетіміз тарихының метасюжетіне (атасюжетіне) құрылған. Ол ортақ тақырыптың аты – «Қазағым...» деп ұлы Абайды тебіренткен сөздің бүгінгі нысаны. Қасиетті бойтұмарымыз.
Қарындастан айрылған
жаман екен,
Қара көзден мөлтілдсп
жас келеді.
Елім-ай, елім-ай!..
«Қарындас» деген мұндағы сөз – бір қарыннан жаратылдың деген сөз. Бір қазақтың бір қазақта бөлінбейтін еншісі бар, дейді. «Қазағым» ұғымы – түпқазық идея, баршамыздың, Алатаудай заңғарымыздан бастап етектегі көк өркенге дейін бір отбасына, бір үйелменге біріктіретін ұғым.
«Елім-ай» әнін қазақ қауымы боп шырқағанымызға үшінші ғасыр кетті. Ескендір Хасанғалиевтың «Атамекен» әнінің де сондай гимндік қасиеті бар.
Шериаздан Елеукенов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
qazaquni.kz