Өміршең тілдің өрісі кең
2019 ж. 02 наурыз
3067
0
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МЕҢГЕРУ – БАСТЫ МІНДЕТ
Мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілін оқыту, оларды мемлекеттік тілде іс жүргізуге үйрету – бірінші кезектегі мәселе. Осы мақсатта және әдістемелік көмек ретінде мемлекеттік тапсырыспен жыл сайын түрлі салалар бойынша орысша-қазақша терминологиялық анықтамалық сөздіктердің, орысша-қазақша тілдескіштердің, ресми іс қағаздары үлгілерінің жинақтары шығарылып, электронды нұсқасымен бірге кітап және диск түрінде таратылып тұрады. Алматы қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлімшелері қызметкерлерінің ұлттық құрамы туралы 2018 жылғы желтоқсанда алынған мәлімет бойынша жалпы саны 1405 мемлекеттік қызметшінің 96 пайызы қазақтар екен. Бүгінгі күні олардың қазақ тілінде еркін түрде іс жүргізе білу деңгейі 93 пайызға жеткен. Жүз пайыз болмаса да бұл жақсы көрсеткіш деп есептеуіміз керек. Үкіметтің үштілділік саясатына байланысты Алматы қаласында мемлекеттік қызметшілерге қазақ және ағылшын тілдерін оқыту курстары ұйымдастырылған. Жаңа технологиямен жабдықталған оқу кабинеттері жұмыс істейді. Олардың барлығында іс жүргізуге қажетті құжаттардың мемлекеттік тілдегі үлгілері, екі тілді электронды сөздік, қазақ тілі орфографиясы мен орыс тілінен қазақ тіліне аударма жасау бағдарламасы және оқыту үрдісінде жиі қолданылатын электронды бағдарламалар бар. Жыл сайын ұйымдастырылатын тілдерді оқыту курсының жұмысына былтырғы жылы біраз өзгертулер енгізілді. Аптасына 4 сағаттан оқытылып, 30 аптаға созылатын 120 сағаттық оқу бағдарламасы осы жылы аптасына 10 сағаттан белсенді түрде оқытылып 12 аптаға жоспарланды. Бұл қызметшілердің уақытын үнемдеуге оң әсерін тигізді. Нәтижесінде, тыңдаушылар 24 аптада 240 сағат тілдерді оқыту жүйесімен қамтылды. Оның ішінде 746 мемлекеттік қызметші қазақ тіліне, 117 тыңдаушы ағылшын тілі курстарына қатысты. Дегенмен, бұл бағыттта әлі де шешілмеген мәселелер бар дейді Тілдерді дамыту басқармасы мамандары. Қазақ тілінде іс жүргізе алмайтын қызметкерлерді қазақ тілін оқыту сабағына қатыстыру мәселесін күн тәртібінен алып тастауға әлі ерте дейді олар. Тағы бір күрделі мәселе – тілдерді оқыту курстарына тіркелген тыңдаушылардың сабақтарға ұқыпты түрде қатысуы. Бұл жерде де қатаң бақылау қажет. Әр тыңдаушының қанша сабаққа қатысқаны туралы мәліметтер ай сайын жинақталып, тиісті шара қолдану үшін аудан әкімдері мен басқарма басшыларына, сонымен бірге Алматы қаласы әкімі аппаратының басшысының атына жолданып тұрады. Қаладағы этнос өкілдерінің ана тілдерін сақтау мен дамыту мақсатында этномәдени бірлестіктердің жанынан жексенбілік мектептер жүйесі құрылған. Ол мектептерде жергілікті бюджет есебінен кәріс, татар, ауған, осетин, славян т.б. этнос өкілдеріне өздерінің ана тілімен қатар қазақ тілі де оқытылады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша тіркелген тыңдаушылардың қазақ тілі курсына жалпы қатысу көрсеткіші 60, ағылшын тілі курсына 66 пайызды құраған. Мемлекеттік орган қызметкерлерінің қазақ тілін оқыту курстарына толық қамтылмауы және тіркелген тыңдаушылардың сабақтарға дұрыс қатыспауы өз кезегінде мемлекеттік мекемелердің құжат айналымындағы қазақ тілінің үлес көрсеткішіне кері әсерін тигізіп отыр.ҰЛЫЛАРДАН ҰЛАҒАТ
Жастарымызды тіл мәдениетіне тәрбиелеуде көркем әдебиеттің орны бөлек екені ежелден белгілі. Арнайы сабақтардан бөлек қазақ және әлем әдебиеті классиктері шығармаларын оқып үйрену де үлкен маңызға ие. 22-мамырда орыстың ұлы ақыны А.Пушкиннің туған күніне орай «Пушкин оқулары» ұйымдастырылды. Ақынға орнатылған ескерткіш түбінде өткен мәдени іс-шараға Алматы қаласының мектептерінен келген 50-ден астам оқушы қатысып, Пушкин шығармаларын қазақ және орыс тілдерінде орындады. Іс-шараға Қазақстандағы Ресей мемлекеті елшілігінің өкілдері, белгілі пушкинтанушы әдебиетші ғалымдар, ақын-жазушылар ресми қонақ ретінде қатысып, сөз сөйледі. Сол сияқты 10 тамыз күні Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының алдындағы алаңда Ұлы Абайдың туған күніне арналған «Адамзаттың Абайы» атты қалалық ірі іс-шара өтті. Оған құрметті қонақ және көрермен ретінде зиялы қауым, ақын-жазушылар, мемлекеттік мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, студент жастар мен оқушылар, жалпы өнер мен әдебиесүйер қауым шақырылды. Белгілі ақындар мен өнер шеберлері Абайдың шығармаларын, өлеңдеріне жазылған әндер мен романстарды орындап, ақынға арнаған арнау өлеңдерін оқыды. Қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар берілді. Қараша айында 18-28 жастағы этнос өкілдері арасында өткен «Абай оқуларында» Әуезов ауданының қатысушысы Волох Алина бас жүлдеге ие болды. Абай шығармаларының тәрбиелік мәні қазіргі жастарға қашан да ұлағат болып қала бермек. Сондықтан да Абай оқулары жыл сайын барлық аудандарда тұрақты өткізіліп тұрады.ЛАТЫН ҚАРПІНЕ КӨШУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ
Бір кезде қолданыста болып, кейін кеңестік кезеңде алынып тасталған латын графикасына көшу мәселесі қазір қоғамымызда қызу талқыланып жатыр. Қазақ тілі әліпбиін латын жазбасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес 15 мамыр күні Алматы қаласы әкімдігінде белгілі қоғам қайраткерлері мен көрнекті ғалымдардың, қоғамдық ұйымдардың қатысуымен «Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің өзекті мәселелері» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Конференцияда қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру мәселелеріне және өзектілігіне талдау жасалынды. Қатысушылар тарапынан латын қарпіне көшуге байланысты бірқатар құнды ұсыныстар айтылды. Бұл тақырып қазан айында «Қазақстандағы жазу тарихы және жаңа латын әліпбиіне өтудің ғылыми-практикалық негіздері» атты конференцияда қайта жалғастырылды. Конференцияға тіл білімінің белгілі ғалымдары, қазақ тілінің оқытушылары, жергілікті атқарушы органдардың тіл мәселесіне жауапты қызметкерлері мен тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары қатысып, Қазақстандағы жазу тарихына шолу жасалып, қазақ латын әліпбиіне біртіндеп көшу мәселелерін ғылыми тұрғыда талдау және латын әліпбиін енгізуді тиімді шешу жолдары қарастырылды. Қатысушылардың назарына бұрындар латын қарпінде басылған қазақ кітаптарының көрмесі ұсынылды. Кейінгі ұрпақ өкілдері тарихи құнды басылымдарды қолымен ұстап, тікелей танысуға мүмкіндік алды. Сол сияқты Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Жаңа латын әліпбиін енгізудің ғылыми және ұйымдастырушылық мәселелері» тақырыбына семинар-кеңес өтті. Жиын жұмысында танымал тілші ғалымдар, білім, ғылым мекемелерінің мамандары, жас ғалымдар, докторанттар, магистранттар, мемлекеттік органдардың тіл мәселесіне жауапты қызметкерлері қазақ әліпбиін біртіндеп латын әліпбиіне көшірудің өзекті мәселелері, сонымен бірге бұл бағытта орын алуы мүмкін проблемалар мен оны шешудің жолдары туралы әзірленген баяндамаларды тыңдап, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Бұл бағытта қала бойынша өзге де шаралар ұйымдастырылды. МӘДЕНИ ІС-ШАРАЛАРДЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР
Іс-шаралар жоспарының тағы бір бағыты – мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға арналған мәдени-көпшілік іс-шаралар, конференциялар, семинарлар мен дөңгелек үстелдер және түрлі тақырыптарда байқаулар мен оқулар өткізу. Айта кетуіміз керек, осындай іс-шаралардың тіл үйрету сабақтарына қарағанда ауқымы кең және оған деген тұрғындардың қызығушылығы әлдеқайда жоғары. Сондықтан да оның тілді дамытуға ықпалы мол. 2018 жылғы 11-мамыр күні Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Алматы қаласындағы этномәдени бірлестіктердің өнер ұжымдары мен өнерлі өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен «Тіл – татулық тірегі» атты ауқымды іс-шара өткізілді. Мерекелік іс-шараның құрметті қонақтары «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы Асылы Осман, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Қазақбай Қасымов, «Ариана» ауған ұлттық мәдени орталығының төрағасы Ахмадулла Васток және басқа да этно-мәдени бірлестіктердің жетекшілері, өнер сүйер қауым, студент жастар мен оқушылар қатысты. Сонымен бірге мамыр айында қазақ, орыс, ағылшын тілдерін қатар меңгерген 18-22 жастағы азаматтар арасында «Тілдарын» олимпиадасы тартысқа толы болды. Алмалы ауданының тіл білгірі Ашимахун Жұпар бас жүлдеге ие болды. «Эссе жазу шебері» номинациясын Медеу ауданының, ал «Ілеспе аударма шебері» номинациясын Наурызбай ауданының қатысушылары өзара бөлісті. Олимпиада жеңімпазы Алматы қаласының атынан Астана қаласында өткен «Тілдарын» республикалық олимпиадасында еліміздің өзге өңірлерінен келген замандастарымен күш сынасты. 30-мамыр күні өткен «Тіл шебері» қалалық конкурсына үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген мемлекеттік қызметшілер қатысты. Қазылар алқасының шешімі бойынша Медеу ауданының қатысушысы Боданова Алмагүл бас жүлде жеңімпазы деп танылды. Әуезов және Бостандық аудандарының қатысушылары «Кемел ой» және «Кестелі сөз» номинацияларына лайықты деп табылды. Тілдерді дамыту басқармасының жұмысы бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланысты. 29 маусымда Қазақстан Жазушылар одағында БАҚ қызметкерлері күніне орай алдын-ала жарияланған «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» конкурсының марапаттау рәсімі өтті. Онда мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға байланысты соңғы бір жыл ішінде БАҚ-та жарық көрген материалдарды сараптау қорытындысы жарияланды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тапсырылды. Қыркүйек айында Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне арнап «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Ана тілім – ардағым» атты ауқымды іс-шара өтті. Алматы қаласының әкімінің орынбасары А.Қырықбаев қалада мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы баяндама жасады. 12-желтоқсан күні Жетісу ауданы әкімдігінің мәжіліс залында ҚР Тәуелсіздік күніне орай ән салу, терме айту, көркемсөз оқу шеберлігін игерген жастар арасында «Ана тілім – ән-жырым» атты қалалық конкурсы өтті. Конкурс ән, терме, көркемсөз жанрындағы «Сұлу сазды әсем ән», «Толғауы терең жыр-терме», «Мағыналы ойлы көркемсөз» атты үш номинация бойынша өткізілді. Қатысушылар Отан, туған жер, қазақ елі, ана тілі, ұлттық рух, Тәуелсіздік, татулық пен ынтымақтастық тақырыбындағы шығармаларды орындады. Осы шара барысында 2018 жылғы жалпы құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі, қызметкерлерінің қазақ тілін оқыту курстарына қатысуы, мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға бағытталған республикалық және қалалық байқауларда қол жеткізген табыстарына орай қаладағы аудандардың өзара алған орындары анықталды. Жыл қорытындысы бойынша Алмалы ауданы бірінші орынға шықса, Алатау ауданы екінші, Медеу ауданы үшінші орынды иеленді. Қала бойынша бір жылда өткізілген барлық шараларды тізіп шығу мүмкін емес және міндет те емес шығар. Бұл ретте «Ой-сана», «Көркемсөз оқу шеберлері», «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте», «Текті сөздің төресі – терме», «Тіл – парасат», «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» секілді көлемді конкурстар мен Астана қаласының 20 жылдығына арналған – «Ел ордасы – Астана» атты қалалық жас ақындар айтысын ерекше атап өтуге болады. Ең бастысы – тілімізді дамыту бағытында жыл бойы белсенді жұмыс атқарылғаны қуантады. Жүйелі жүргізілген жұмыстан нақты нәтиже шығатыны белгілі. ТІЛДІК АХУАЛДЫ ЗЕРТТЕУ НЕНІ КӨРСЕТТІ? Алматы қаласының тілдік ахуалы құрамы жағынан әртекті, негізінен қос тілді орта болып табылады. Тілдерді дамыту басқармасының тапсырысы бойынша «Senim Group Consulting» ЖШС тарапынан 2018 жылғы мамыр және тамыз айларында Алматы қаласындағы тілдік ахуалды зерттеу мақсатында әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Сауалнама жүргізудің нәтижелері Алматы қаласының тұрғындары мемлекеттік тілде еркін сөйлейді деген бірінші болжам расталды. Қазақ тілін респонденттердің шамамен 88 пайызға меңгерген, яғни өткен жылмен салыстырғанда, мемлекеттік тілді еркін қолданатын тұрғындардың саны 20 пайызға өскен. Сауалнама жүргізу қазақ тілін үйренудің тұрақты динамикалық өсімін анықтады. Жергілікті этнос өкілдеріне (72,2%) қарағанда, қазақ тілінің маңызы басқа ұлт өкілдерінің арасында да байқалады. Орыс респонденттерінің жартысынан көбі (55,2%) қазақ тілін меңгеру деңгейін орташа, яғни, түсіну деңгейінде деп бағалаған. Қазақ респонденттері арасында қазақ тілін меңгеру деңгейі 98,3 пайыздық көрсеткіште екенін көрсетті. Өздерінің пікірлеріне сәйкес, «еркін сөйлеймін, оқимын және жазамын» деген үш тілді жетік деңгейде меңгергендердің саны – 4,8 пайызға артқан. Сауалнама жүргізудің нәтижелеріне сәйкес ағылшын тілін шамамен 37,2% респондент меңгерген, оның: түсіну – 44, оқу – 42, ауызекі тіл – 25, жазу – 27,9 пайыз деңгейінде болған. 18 жастан 35 жасқа дейінгі жас санатындағы респонденттердің үш тілді меңгеру көрсеткіші аға буын жастағы респонденттердің деңгейіне қарағанда жоғары. Әлеуметтік сауалнама жүргізудің нәтижелеріне сәйкес, жас респонденттердің қазақ тілін меңгеру деңгейі 91%-ды құраса, орыс тілін 95,1%, ағылшын тілін – 49,6% меңгерген. Осы жастағы респонденттердің арасында үш тілді де меңгеру деңгейі – 27,6 пайыз. Аға буындағы респонденттердің басым бөлігі орыс тілі – 85,6, қазақ тілін – 81,7 пайыз көлемінде жақсы біледі екен. Ағылшын тілі – 12,5, үш тілді – 8,5 пайыз, меңгеру төмен деңгейде. Оның басты себебі, жас респонденттерде оқытудың заманауи әдістері бойынша өткізілетін сабақтарда үш тілді де дамытуға мүмкіндіктері бар, ал аға буын жастағы респонденттер кеңес дәуірі кезеңінде тәрбие алған, әрі үш тілді тиісті дәрежеде үйренуге ынтасы төмендігін көрсетті. Респонденттердің басым бөлігі Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын реттеуші заңнамалық базамен таныс. Мемлекеттік тілдің маңыздылығын көтеру үшін ең тиімді шара және қазақ тілін үйрену үшін негізгі ынталандыру жүйесі – ол заңнамалық деңгейде талап ету екені анықталды. Сауалнама нәтижелеріне сәйкес, респонденттердің басым бөлігі қазақ әліпбиінің латын графикасына өту саясатын қолдайтын болып шықты. Қала тұрғындары латын графикасын бұрыннан күнделікті қолданып жүргенін айтады. Қарап отырсақ, зерттеу нәтижесі көп мәліметтерді алға тартып отыр. Енді көрсеткіштерге қарай алдағы жұмыстарды жоспарлауға мүмкіндік бар. ТІЛГЕ ДЕГЕН ТАЛАП ТӨМЕНДЕМЕЙДІ Тілдерді дамыту басқармасы тарапынан мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру барысында атқарылатын жұмыстарды жетілдіру және орын алған кемшіліктерді жою мақсатында Алматы қаласының жергілікті мемлекеттік басқару органдарының бірінші басшыларының назарына төмендегідей ұсыныстар енгізілді: – мемлекеттік тілде іс жүргізе алмайтын қызметкерлердің барлығының қазақ тілін оқыту курстарына тіркелуін қамтамасыз ету; – тіркелген тыңдаушылардың қазақ тілін оқыту курстарына қатысуын жіті қадағалау және қатаң талап ету; – мекеме қызметкерлерінің шығыс құжаттарын, тек жолдама хатты ғана емес, оған қоса берілетін барлық құжаттарды қазақ тілінде ресімдеуін қатаң талап ету; – кеңсе қызметінің кіріс құжаттарын мүмкіндігінше қазақ тілінде қабылдау шараларын ұйымдастыру. – қала деңгейінде өткізілетін мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға бағытталған іс-шараларға аудан тұрғындары мен мекеме қызметкерлерінің қатысу белсенділігін арттыру; – қалалық байқауларға ауданның немесе мекеменің атынан қатысатын үміткерлерді іріктеу жөніндегі іс-шараларды жоғары деңгейде және жауапкершілікпен ұйымдастыру; – мекеменің ресми сайтында міндетті түрде мемлекеттік тілдегі контенттердің орналастырылуын қамтамасыз ету және онда орфографиялық, граматикалық қателерге жол бермеу. Әрине, бұл ұсыныстар өте қажет және оны талап етулері де орынды. Жұмыстан нақты нәтиже шығару үшін белгілі бір талаптардың болғаны жөн. Тағы бір байқағанымыз, мемлекеттік қызметкерлер арасында қазақ тілін меңгеру деңгейі көтерілген, бұл сөз жоқ қуантады. Ендігі мәселе қаладағы мемлекеттік емес ұйымдардағы құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізу мен қазақ тілін меңгеру мәселесін шұғыл қолға алу керек. Ал олардың саны әлдеқайда көп екені белгілі.Бұл жерде Тілдерді дамыту басқармасы ғана емес, мекеме басшылары, тіл жанашырлары, қоғамдық ұйымдар тізе қосып жұмыс істеуі қажет. Дәлірек айтсақ, әрбір қазақстандықтың міндеті. Көп болып жұмылса, оны да игерер күн алыс емес...Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz