«Невада-Семей» қозғалысының 30-жылдығына орай Антиядролық бастама туралы деректі фильм көрсетілді
2019 ж. 26 ақпан
2774
0
Бүгін Астанада "КУДА ДУЛ ВЕТЕР" (Spring Films production) фильмінің көрсетілімі өтті. Фильм Қазақстанның және Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық антиядролық бастамаларын қолдауға бағытталған. Сонымен қатар, көрсетілім «Невада-Семей» қозғалысының 30-жылдығына орайластырылып отыр.
Британ режиссері Андре Зингердің аталмыш документальді фильмінде қырғи-қабақ соғысы кезінде 40 жыл бойы ірі державалардың өз халқының басын қатерге тіге отырып, жер бетінен күллі адамзатты жойып жібере алатын қуаты бар қаруды қалай жасағандары жөнінде баяндалды.
– Қазіргі уақытта әлемде 15 мыңнан астам ядролық қару бар, олардың әрқайсыс Хиросимаға тасталған бомбалардан 300 есе қуатты. Біз бүгін көрген фильм ядролық қарудың адамзат үшін қауіптілігін тағы бір айқындап, әр адам бұл күрделі мәселені абстракция емес, жеке басына төнген қауіп ретінде қабылдау керектігін көрсетеді, - деді Халықаралық қауіпсіздік және саясат орталығының директоры Әлімжан Ахметов.
"Куда дул ветер" фильмінде КСРО мен АҚШ-та орын алған ядролық сынақтар мен сол зұлмат сынақ алаңдары маңында шоғырланған халықтың денсаулығына жасаған кері әсері туралы айтылады. Сонымен қатар, фильмде «Невада-Семей» қозғалысының екі елдің белсенділері мен зардап шегушілерін біріктіре отырып Семей ядролық полигонын жабуға жасаға әрекеттері мен өзге полигондарда сынақ жүргізуді тоқтатуға қалай қол жеткізгендері жайында сөз етіледі.
Фильмде ядролық сынақтарға жалпы тиым салу Келісімінің жасалуына себепші болған Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық дұрыс шешімі мен саяси көрегендігінің халықаралық деңгейде қабылдануы мен гуманистикалық маңызына назар аударылады.
Көрсетілімге қатысу үшін Астанаға фильмнің бас кейіпкерлерінің бірі, АТОМ жобасының құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков арнайы келді.
Сонымен қатар, Қазақстанның антиядролық бастамасының маңыздылығы туралы Шейцарияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Урс Шмид, Украинаның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Иван Кулеба, ҚР СІМ орынбасары Роман Василенко мен М. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінің вице-президенті Мирас Дауленов кеңінен талқылады.