Құрманбек ЖҰМАҒАЛИ: Елмен біте қайнасып, нағыз ұлт үніне айналуды діттейміз
2019 ж. 23 ақпан
4198
1
«Халықтың атына ие болған радио ғасырға жуық уақыт бойы шын мағынасында елдің үні бола білді. Бүгінгі күні де көштен қалмай, өз аудиториясын кеңейте түсуде. Қазіргі таңда ел аумағын қамтумен бірге, Қазақстанннан сырт жерлерге, Ресей мен Қытайға, Өзбекстан мен Қырғызстанға тарауы – осының нақты дәлелі. Радио арна қай заманда да өзінің басты бағыты – ұлттық құндылықтарды ұлықтау, ана тіліміздің мәртебесін арттыру, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу ұстанымынан айныған емес», – деп, Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев жүз жылға жуық тарихы бар «Қазақ радиосына» жоғары баға берген еді.
Сондай-ақ, министр «Astana Media Week» алаңындағы «Қазақ радиосының» көпшелі студиясындағы сұхбатында: «Жалпы медиа саласында биыл да, келесі жылы да жақсы жаңалықтар көп болады. Бұрын-соңды болмаған тың туындылар ұсынылып, халықты қуантпақ. Сонымен қатар, «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» радиосын жаңа деңгейге көтеру жолындағы жүйелі жұмыстар өз жалғасын таба бермек », – деген-ді.
Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тікелей бастамасымен бүгінде еліміздегі БАҚ саласының барлығы дерлік лайықты дамып келе жатқаны анық. Оның ішінде «Қазақ радиолары» халықпен біте қайнасып, көш бастап тұрғандығы мәлім. Осы тұста «Қазақ радиолары» ЖШС тізгінін қолға алған Құрманбек Жұмағалимен сұхбаттасып, атқарылып жатқан іс барысымен танысқан едік.
– Құрманбек Жұмағалиұлы, «Қазақ радиолары» ЖШС-не басшы болып келгеніңізге жарты жылға жуықтап қалыпты. Абыройлы қызмет болғай! БАҚ атаулының абызындай қара шаңырақ – «Қазақ радиолары» ұжымын басқару жоғары біліктілікті талап етеді. Жүрексінген жоқсыз ба?
– Тілегіңізге рақмет. Жөн айттыңыз. «Қазақ радиолары» ЖШС-нің тізгінін ұстау – дауылды күні желге қарсы жүрумен бірдей. Жауапкершілігі атан түйеге жүк боларлық іс. Қорқып, бұғып отыра берсек іс бітпес. Маған сенім артып тапсырса, қалай бас тарта аламын? Қазақ журналистикасының дамуына, «Қазақ радиосының» өз биігінен аласартпай, керісінше асқақтауына тамшыдай болсын үлес қоса алсам – өз кәсімбімнің нағыз маманы бола алғаным деп білемін. Радио жұмысынан бейхабар емеспін. Журналисткадағы ең алғаш қадамым «Қазақ радиосынан» басталған.
– Ең әуелі қандай істі қолға алдыңыз?
– «Қазақ радиолары» ЖШС өзіңіз білесіз, төрт радиодан тұрады: «Қазақ радиосы», «Шалқар» ұлттық радиосы, «Астана» және «Classic» радиолары. Еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының рейтингісін анықтайтын TNS компаниясының мәліметінше, біздің радиолар бұған дейін 9-11 орындарды иеленіп келіпті. Бір ай бұрынғы рейтинг бойынша қазақтілді бағдарламалар арасында «Қазақ радиосы» 2-ші орынға көтерілді. Сондықтан, барлық күш-жігерімізді контент сапасын арттыруға салып жатырмыз. Бұл тұрғыда жүзеге асып жатқан ілкімді істер жетерлік. Әсіресе, жаңа форматтағы «Қазақ радиосынан», «Гүлдесте», «Керек дерек», «Су жаңа», «Аң-таң», «Атымтай», «Мәдениет мәйегі» сынды қысқа 3-5 минуттық хабарлар циклы тыңдарманның көңілінен шығуда.
Сонымен қатар, «Шалқар» ұлттық радиосынан Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы стратегиялық бағыттарды қамтитын «Дала фолькорының антологиясы», «Қауырсын ғалам», «Күй шашу», «Есіл дәуреннің есті әндері» атты хабарлар халықтың рухани тұрғыдан сусындауына зор үлес қосуда.
Ал жастар радиосы «Астанадан» «Экономика всего», «Сатжан Online», «Астана көшелері», «Улицы Астаны», «Soyle.KZ», «То самое шоу» сынды хабарлардың да тыңдарманға берері мол.
Сондай-ақ, студия қонағына да айрықша мән беріледі. Өз ісінің білгірі, қоғамда айтар ойы бар өз саласының білікті мамандары ғана арнайы қонақ болып, ойларымен бөлісіп жүр. Оған қоса, қоғам қайраткерлері Бекболат Тілеухан «Қазақ радиосынан» берілетін «Қоңыр әңгіме» хабарында руханиятымызға қажетті әртүрлі тақырыпты ой толғамымен жеткізсе, Шерубай Құрманбайұлы «Шалқар» радиосынан «Ой сүзгі» атты хабары арқылы еліміздің рухани-мәдени өміріндегі маңызды мәселелерді, өзекті тақырыптарды әр саланың білікті мамандарымен бірге талқылап келеді.Ал, «Парламент сағатын» депутат Бақытгүл Хаменованың өзі жүргізеді. Сондай-ақ, композитор Сыдық Мұхамеджановтың қызы Ләйлә «Радиофилармония», орыстілді танымал журналист Махаббат Есен «Астана радиосындағы» «Минуты счастья с Махаббат Есен» атты хабарды жасап жүр. Тағы бір атап өтерлік, тың дүние – «Ән сал like» атты жаңа форматтағы хабар. Актер Қайрат Әділгерей жүргізетін бұл хабарда есімі елге белгілі өнер жұлдыздары тікелей эфирде қонақта болып, аспаптық бэндтармен қосылып жанды дауыста ән шырқап, тыңдармандар көңілін серпілтіп келеді.
– Әдетте басшылар жаңа қызметке барса, бұрынғы басшының сенімді серіктерін сырғытып тастап, өзімен бірге ала келген арнайы топ өкілдерін жайлы орынға отырғызуға тырысады. Ал сіз бұл үрдісті ұстанбайтындығыңызбен ерекшеленіпсіз...
– «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ұжым жұдырықтай жұмылып бірге іс атқарғанда ғана нәтиже бермек. Меншіктеп алған жеке дара тобым жоқ. Қай жерге барсам да, сол ұжымның қызметкерлерінің әлеуетін байқап, қабілетіне қарай міндет жүктеуге тырысамын. Тарихтан білетініміз, қазақ хандары қастарына ең әуелі мықты кеңесші ұстаған. Үш жүздің ауызбіршілігін ұстай білген Абылай ханның стратегиялық басқаруына Бұқар жырау сынды даналар айрықша орын алғаны аян. Мәселен, менің кеңесшім Ержан Жүніс қаншама жыл телеарнада қызмет еткен, тәжірибелі маман. Ол Түркиядағы атақты Мармара университетінде «Радио, ТВ және кино» мамандығы бойынша білім алып келді. Сонымен қатар, Елбасының «Болашақ» бағдарламасы бойынша Англияда білім алған мамандар да қызмет ететінін мақтанышпен айта аламыз. Президент Н.Назарбаевтың «Ел болашағы – жастардың қолында» деп қашан да үміт артатын жастардың бар қажыр-қайратын ел дамуына сарқып бергені жөн деп санаймын. Жалпы, бұрынғы қалыптасқан ұжымды орнынан қозғалтпаймын. Меніңше, жанды жұмыс істей алмайтын маман жоқ. Мамандардың қарым-қабілетін дұрыс пайдалана білмейтін басшы болуы мүмкін. Бәлкім, біреу өз тақырыбын таба алмай жүрген шығар. Осындай жәйттерді анықтауға көбірек мән беремін. Сол үшін де тілшілердің әрқайсысының бағытын байқап, біліктілігін сарапқа салуды қолға алмақпын. Бұл KPI арнайы зерттеу бағдарламасы бойынша жүзеге аспақ. Осылайша, әр айдың не тоқсанның үздіктерін анықтап, ынталандыру бағытында сыйақы тағайындауды қолға алып жатырмыз.
– Сыйақы демекші, қаншама жыл бұзылмаған «сеңді» бұзыпсыз. Қызметкерлердің жалақысын көтеріпсіз…
–Журналисті іске қызықтыра білу – басшының міндеті. Ол үшін мамандардың еңбегін бағалап, мүмкіндігінше қаржылай көтермелеп отырған жөн. Бұл өз кезегінде маманның статусын көтеруге, одан әрі құлшыныспен жұмыс істеуіне, жаңа идеялардың тууына түрткі болмақ. «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Тынымбайұлы Қарин мырзаның қолдауымен жалақыны он пайызға өсірдік. Мұнымен де шектеліп қалмаймыз. Реті келсе, жалақыны тағы да жоғарылатпақ ниеттеміз.
– «Шалқар» және «Қазақ радиоларының» Алматы студиясындағы хабарлары осы уақытқа дейін бір студияда шығып келген-ді. Осы аптадан бастап, екі радио техникалық жағынан жетілген, жасақталған жаңа студияда хабар жүргізе бастады. Білуімізше, ол жұмысты алдыңғы басшы Мәди Манатбекұлы бастады. Сіз сол істі аяғына жеткізіпсіз...
– «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер» демекші, кезінде Мәди Манатбекұлы қолға алған істі аяғына жеткіздік. Қазіргі таңда Алматы қаласындағы «Қазақ радиосы», «Шалқар» радиоарналарының эфирлік студиялары жаңа қондырғылармен жабдықталды. Үш монтаждау және үш эфирлік студияға толыққанды жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, жағымды жаңалықтардың бірі – тікелей эфирдегі хабарларды YouTube-тегі радио арнамыз арқылы бейнеформатта таратуды бастап кеттік. Астанадағы үш радиомыздың студияларына үш ракурста түсіретін аспалы камералар орнатылды. Эфир біткен соң, әрбір хабарды Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшамыздан не радио сайтынан қарауға мүмкіндік бар. Сол бейне форматты Алматыға да орнату жағын ойластырып жатырмыз.
– Батыс Қазақстан облысына қарасты Сырым ауданы Жымпиты ауылының орталығына жақында ғана радиоқабылдағыш орнатылыпты. Республика бойынша аудан орталықтарының барлығын қамту жоспарда бар ма?
– Республика көлемінде «Қазақ радиосының» 234 радиотаратқышы орнатылған. Нәтижесінде, ел тұрғындарының 88 пайызы радиомызды тыңдауға мүмкіндігі бар. Алайда, қалған 12 пайызын әлі де болса, «Қазақ радиосы» қамти алмай отыр. Нақтырақ айтқанда, бұл дегеніміз 3502 елдімекенді, 2 млн. тұрғынды құрайды.
«Шалқарда» бұл көрсеткіш 38 пайызға жуықтайды. Осыған орай, республика аумағын толықтай қамтамасыз ету мақсатында, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Әскербекұлы Абаев мырзаның қолдауымен еліміздің өзге елдермен шекаралас аудандарында радиотаратқыштардың санын ұлғайтып, тозығы жеткен қондырғыларды жаңартуды жоспарлап отырмыз.
– «Қазақ радиоларына» басшылыққа келген адам «Қазақ радиосы» мен «Шалқарға» баса назар аударады да, «Астана», «Classic» радиоларына онша мән берілмейтін сияқты...
– Бұл пікіріңізбен келісу қиын. Себебі, әр радионың өз бағыты, аудиториясы бар, әрқайсысы өз арнасымен жүріп келеді. «Астана» радиосына келер болсақ, елордамыз Астанаға көшкеннен бастап бой көтерген радио Елордамыздың тыныс-тіршілігінен бір сәт те тысқары қалған емес. Хабарлардың атауы да Астанамен тығыз байланысты. Шаһардың төл радиосы ретінде қала өмірімен біте қайнасып жатыр. Үкіметтік хабарлар жағы басым. Жастар радиосы болғандықтан, стилі модерн, үш тілде де ән ұсынады. Ерекшелігі де осында. Ал «Classic» радиосына Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Жол картасы» шеңберінде екі радиотаратқыш орнатылып, Қарағанды мен Шымкент қалаларында таралуын қамтамасыз етпекпіз.
Осы уақытқа дейін әлемдік класикалық музыка жауһарларын ғана беріп келген радиодан қазақтың ұлттық музыкасын беруді де бастап кеттік. Себебі, халық және халық композиторларының музыкасы да классикалық деңгейдегі өнер. «Астана» радиосында Динара Сәтжан, Махаббат Есен сынды белгілі журналистер өз хабарларын жүргізсе, «Classic» радиосынан Жәния Әубәкірова тұщымды сұхбаттар беріп жүр.
– Әлемдік медианың алпауыты саналатын британдық BBC радиолары Ұлыбританияның барлық әлеуметтік-қоғамдық шарасының басы-қасынан табылады. Өздерін тек ақпарат көзі ғана емес, брэнд ретінде де қалыптастырып қойды. Екі жылдан соң, 100 жылдығын атап өткелі отырған «Қазақ радиосына» да сол деңгейден табылу керек секілді...
– Дұрыс айтасыз. Дәл осы мақсатта, радиоларымыздың имиджін бүкілхалықтық брэнд ретінде қалыптастырмақ ниетте қоғамның бар игі ісіне белсене араласуды қолға алдық. Бұл тұрғыда ұлттық мүдде басты назарда. Оған қоса, әр радионың форматына сай әртүрлі ұжымдармен әлеуметтік жобаларды қолдауды бастадық. «Қазақ радиосы», «Шалқар», «Aстана», «Classic» радиоарналарының «Сізбен бірге» жаңа жобасы негізінде «MEGA Silk Way» ойын-сауық орталығында және «Алау» мұзайдыны сарайында елордалық әртістердің қатысуымен «Астана» радиоарнасы промо-акция ұйымдастырды. Бұл іс-шара тыңдармандарымыз тарапынан қызу қолдауға ие болды. Сондықтан, алдағы уақытта да мұндай шаралар жалғасын табады.
– Сондай жобалардың бірегейі ретінде «Мың алғыс» пен «Бармысың, бауырым?» хабарын атасақ болатындай. Жақында Алғыс айту күніне орай қайырымдылық кешін өткізгелі жатыр екенсіздер. Осы шара туралы да айта отырсаңыз...
– «Мың алғыс» қайырымдылық концерті биыл, 1-наурызда екінші рет өтпекші. Биылғы кешті Қазақстан Халқы Ассамблеясымен бірігіп өткізбекпіз. «Мың алғыс» әлеуметтік хабарымыздың эфирден шығып келе жатқанына биыл сәуір айында екі жыл болады. Бір ғана хабар арқылы осы уақытқа дейін мұқтаж жандарға 56 млн. теңгенің көмегі көрсетілді. Одан тысқары, былтырғы концерт барысында түскен қаржымен Дүрдана мен Арман есімді кейіпкерлеріміздің көз жанарын қайтаруға көмек көрсетілді. Ал «Хабар» агенттігі арқылы қалың көпшіліктің жүрегіне жол тартқан «Бармысың, бауырым?» 2017 жылдың қазан айынан бері радио форматын ұсынып келеді. Бағдарламаны хабардың бет-бейнесіне айналған Қымбат Досжанның өзі жүргізеді. Осы уақытқа дейін 703 хат келіп түскен, жетпіс бағдарлама эфирге шығыпты. Аталмыш хабар аясында тоқсан адам анықталып, бір-бірін табуына себепкер болды.
– «Жастар жылында» жастық жігермен қолға алған істеріңіздің барлығы сәтті орындалуына тілектеспіз! Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz