Қазақ тілі жаңа жаһандық кезеңге сай дамымақ
2019 ж. 16 ақпан
2931
0
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту бағдарламасының аясында «Жаңа жаһандық кезеңдегі қазақ тілі» IT-тұсаукесер рәсімін өткізді. «Astana Hub» халықаралық технопарк алаңында өткен жаңа IT-жобалардың ресми тұсаукесеріне қоғам қайраткерлері, жазушылар, тіл мамандары, әдіскерлер және Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының жетекшісі Азат Перуашев қатысты.
Таныстырылым барысында ҚР МСМ Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы латын негізді қазақ әліпбиін үйретуге бағытталған заманауи инновациялық технологиялар ұсынды.
Сонымен қатар, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның тұлғалық энциклопедиясы, сондай-ақ Е.Омарұлы, Ә.Қайдар, Р.Сыздықова, Ш.Сарыбаев сынды ғылым қайраткерлерінің ғылыми-танымдық еңбектері, Ә.Жүнісбектің «Қазақ тіл білімінің мәселелері», З.Күзекованың қазақ тілін оқытуға арналған деңгейлік оқулықтары, белгілі полиглот Д.Петровтың әдістемесі мен қазақ және ағылшын тілдерін үйретуге арналған оқу құралдары таныстырылды.
«Бізге Алаш институтының Дихан Қамзабекұлы, Сұлтан-Хан Аққұлыұлы бастаған жетекшілері мен ғалымдары Әлихан Бөкейханның және басқа да Алаш қайраткерлерінің еңбектерін жинап, баспадан шығарсақ па деп ұсыныс жасаған еді. Осы орайда, біз Үкіметке бірнеше депутаттық сауалдарды жолдадық. Мәдениет министрлігіне ұсныныс жасадық. Бұл – мемлекеттік маңызы бар, мәні бар бастама. Нәтижесінде, міне, Мәдениет және спорт министрінің, сондай-ақ Қаржы министрлігінің қолдауымен бұл кітаптар жарыққа шықты. Меніңше, бұл да бір үлкен жетістік. Себебі, бұлар – Тәуелсіздігіміздің алғашқы қарлығашы деп айтсақ болады», – деп атап өтті тұсаукесерде сөз сөйлеген депутат Азат Перуашев.
Келген қонақтар мен қатысушыларға веб-порталдар мен платформалар, мобильді қосымшалар, іздестіру жүйелері, анимациялық фильмдер, энциклопедиялық, танымдық веб-сервистер көрсетілді.
qazaquni.kz