Жастар мәдениетті жаңғырта түспек
2019 ж. 07 ақпан
1909
0
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп белгіленгені баршамызға мәлім. Елбасымыз: «Сендер экономиканың кеңестік жүйесін және өркендеуіміздің сол заманғы қиын бастауы болған кезді білмейтін тәуелсіздіктің алғашқы ұрпақтарысыңдар. Сонымен қатар сендер жаһандық әлем жағдайында өмір сүріп жатқан алғашқы ұрпақсыңдар, сондықтан, сендер өркендеуіміздің талаптарын барынша айқын түсінуге тиіссіңдер», – деп Тәуелсіз Қазақстанның дамуы жолында жастарға үлкен үміт артатындығын жеткізген-ді.
Осынау жауапкершілікті сезінген жастарымыз әрқайсысы өз салалары бойынша елдің өркендеуіне барынша үлес қосып келеді. Бұл бағытта мәдениет саласында да көптеген игі істер атқарылуда.
Еліміздің жас эстрада жұлдыздарының қатысуымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде баспасөз мәслихаты өткен-ді. Жиын барысында олар өткен жылғы шығармашылық жұмыстарын қорытындылап, биылғы Жастар жылына қолдау білдірді. Мұндай игі бастама өнер саласында жүрген жастар үшін жемісті әрі жеңісті жыл болмақ. Бұл өз кезегінде мәдениетіміздің мәртебесін биіктетері өзсіз.
Жиын барысында сөз алған «Қазақконцерт» бірлестігінің эстрада бөлімінің жетекшісі Мөлдір Әуелбекова ұжымның атқарған жұмыстарына кеңірек тоқталып өтті.
«Өткен жылы Қазақконцерт» бірлестігі үлкенді-кішілі 139 жобаны жүзеге асырды. Оның ішінде 2-і – халықаралық жоба. Атап айтқанда, екінші халықаралық «Астана» театр фестивалі мен әлемге әйгілі Notre Dame de Paris мюзиклінің алғаш рет қазақ тілінде қойылуы. Аталмыш мюзикл алдағы уақытта Азия елдеріне шығарылады деп жоспарлануда», – деді ол.
«Өздеріңіз білетіндей былтыр «Жігіттер» квартетінің өнерде жүргеніне 15 жыл толды. Осыған орай Алматы және Астана қалаларында есеп беру концертін өткіздік.
Алдағы уақытта 15 жылдық мерейтойға арналған бағдарламамызбен алыс-жақын шет елдерде өнер көрсетуді жоспарлап отырмыз», – деді «Жігіттер» квартетінің мүшесі Елдос Қанаев.
Сондай-ақ, жиында сөз алған әнші Әлішер Каримов, «Астана Опера» театрының солисі Бақтияр Адамжан, әнші Әли Оқаповтар елімізде жоспарлы түрде жүзеге асып келе жатқан жастар саясатының арқасында жастарға зор көңіл бөлініп отырғандығын тілге тиек етті. Атаулы жыл аясында қазақ мәдениетінің дамуына күш-жігерлерін аямай жұмсайтындықтарын жеткізді. Әрі бұл тұрғыда елімізде барлық мүмкіндіктер қарастырылғандығын атап айтты.
Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
qazaquni.kz