«БАХАР» АНСАМБЛІ БАС ЖҮЛДЕНІ ИЕЛЕНДІ
2019 ж. 13 ақпан
2344
0
Мәскеуде тұңғыш рет ресейлік «Folk of dance» халық биі бойынша телевизиялық жоба өткен-ді. Ресей, ТМД және Еуропаның он екі қаласында өткен іріктеу турларына жүзден астам би ұжымы қатысты. Өздерінің бағын сынаған әлемнің жиырма бес елінің өкілдері әлемнің үздік би ұжымы атағын иеленуге күш салды, - деп хабарлайды qazaquni.kz.
Сайыс барысында алты номинация бойынша Гран-при иегерлері анықталды.
Дүбірлі додада Қазақстанның атын «Бахар» кавказ би ансамблі әлемге танытты. Аралас ұжым номинациясы бойынша «Бахарлықтар» Гран-приді иеленді.
«Бахар» ансамблінің басты ерекшелігі – бұл көпұлтты ұжым болып табылатындығында. Атап айтқанда, ансамбль құрамынан дағыстан, орыс, қазақ, түрік, әзірбайжан, ұйғыр, армян, кәріс сынды ұлт өкілдерінің барлығы табылады.
Ұжым мүшелері көрермендер мен жанкүйерлерге сұлулық, пластика, қимыл үйлесімділігінің арқасында өздерінің шеберліктерін жоғары деңгейде екендіктерін дәлелдеді. Ал қазылар алқасы мүшелері «Бахарлықтардың» өнері тәнті болғаны соншалықты көздеріне жас алды.
«Еліміздің атын әлемге шығаратын – спорт, әдебиет, өнер екендігі белгілі.
«Бахар» өзі шағын ғана ансамбль болғанына қарамастан ел мәдениетінің мерейін өсірді. Ең бастысы – Қазақстанның өнерлілердің ордасы екендігін
көпұлтты және тату ел екенін паш етті деп ойлаймын. «Folk of dance» халық және халық-стильдік би халықаралық конкурсының Гран-приін жеңіп алып, Ресей сахнасында қазақтың көк туын көкте желбіреткені біз үшін үлкен мақтаныш» – дейді «Бахар» ансамблінің көркемдік жетекшісі және жаттықтырушысы Рита Асланова.
Кіші құрамның елуден астам бишілері осы беделді телевизиялық би жобасында Қазақстанды таныстырды.
Алматы Достық үйінің директоры Жанна Шаймұханбетова осындай өнерлі өрендерге жетекшілік етіп, кәсіби бишілер санатына қосқан «Бахар» би ансамблінің жетекшісі Рита Асланованың еңбегі зор екендігін атап өтті.
Қазіргі таңда Ансамбльдің үш жүзге жуық мүшесі болса, оның ішінде үлкендер құрамында – сексен, кіші құрамда – екі жүзге жуық адам бар. 2002 жылы құрылған ансамбль әзірбайжан этномәдени орталығының құрамына кіреді.
«Бахар» ансамбльі енді ғана басталған 2019 жыл үшін ауқымды жоспар түзіп те қойған. Грозный, Тбилиси, Санкт-Петербург, Минск, Дубай секілді әлем елдерінде өтетін халықаралық байқауларға қатысып, топты жаруды көздеп отыр. Демек «Бахардың» бағындырар биігі алда. Біз тек сәттілік тілейміз.
Еңлік ЕРБОЛҚЫЗЫ,
Алматы қаласы әкімі аппаратының
«Қоғамдық келісім» КММ
баспасөз хатшысы
qazaquni.kz