Кечуа болғым келмейді!
2019 ж. 02 ақпан
2899
0
Қажеттілік жоқ жерде пайда да, басқа да жоқ...
Біз «казахский нацизм» деген тақырып тауып алып, оны «ерттеп мініп отырған» «Сентрал Азия Монитор» газетінің ұстанымы жайлы бұдан бұрын да жазған едік. Аталмыш басылым 25-қаңтардан бері «Куда заведут Казахстан поиски национальной идентичности?», «Куда заведут Казахстан поиски национальной идентичности-2?» деген екі мақала беріп, онда белгілі Қанат Нұров «Отан да, Ұлт та адамдықтан айнуға тұрмайды» деп үлгерді. Біз оған амандық болса алдағы уақытта оралармыз, әзірше басылымның 29-қаңтар күні жарық көрген «Споры вокруг казахского языка: обвинения и оскорбления остаются основным трендом» деген мақаладағы мәселе жайлы өз пікірімізді білдірген жөн деп білдік. Онда кейінгі кездегі әлеуметтік желіде қазақ тілінің бүгінгі ахуалы туралы пікірлерді зерттеу мақсатында газет тілшісі Әсел Өмірбектің Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Айман Жүсіповамен сұхбаты берілген. Тілші біздің пікірімізше газеттің ойдағыны өмірде бар (выдавать желаемое за действительное) деп көрсетуге ұмтылатын газет бағытынан қылдай да айнымауға тырысады. Мойындау керек, газет тілшісінің ептілігінде шек жоқ. Мысалы, ол былай сұрақ қояды: «Орыстілді қазақстандықтардың соңғы кездегі қазақ тілін тегін үйрету курстарын бүгінгіден бөлекше етіп құру жайлы ұтымды ұсыныстарын қазақтілді тұрғындардың басым бөлігі кірпідей жиырылып қарсы алды – олар мемлекеттік тілді білу оның барлық азаматының міндеті, ол үшін бюджеттен ақша шығару абсурд (тантыған, сандырақ сөз) деп санайды».
Біріншіден, тегін курс жайлы жиырма жеті жылдан бері айтылып келеді, ешқандай жаңа, ұтымды жаңалық емес ол.
Екіншіден, «қазақтілді тұрғындардың басым бөлігі» қарсы екенін олар қалай, қайтіп анықтады екен? Жүз адам, ары кетсе мың адамға сауал қою арқылы ма? Сол жүз (мың) адамның көбісі бүкіл «қазақтілді тұрғандардың басым бөлігі» болып есептелуі тиіс пе?
Үшіншіден, ең сорақысы да осы – автор сұрағын былай аяқтайды: «...Осыншама қабыл алмау неге байланысты? Мысалы, қазақ тілінің «жанашырлары» орыстілділердің бәрінің қазақша білуіне қарсы, білсе мемлекеттік қызмет, полиция секілді жылы-жұмсақ орыннан бәсекеге төтеп бере алмай айрылып қаламыз деп қорқады деген пікір бар...».
Орысша бұны «ставить с ног на голову» дейді, қазақша баламасы: «тонның өңін теріс айналдырып кию». Сол баяғы құлағымыз сарсы болған бір сарын: орыстілділер қазақтілділірге қарағанда білімді бе білікті келеді, сонысының арқасында экономикамызды ұстап тұр-мыс, еңбек нарығында да тікелей өздерінің білімі мен біліктілігінің арқасында басымшылыққа ие болып отыр-мыс; олар кетсе экономикамыз біржолата тұралап қалады-мыс; қазақ тілі дамымай, кенжелеп қалған тіл, ол заманауи ғылым мен техниканың тілі болуға қауқары жетпейді, сол себепті олардың қазақ тілін үйренбей-ақ қойғаны жөн болады-мыс. Енді оған бүгін жаңа бір дәйексымақ қосылыпты.
Бірақ, бұл жерде сарапшы тілшінің үмітін ақтамады – «ашығын айтсақ, жалпылама тұжырымдауға қарсымын, қазақ тілінің аясын кеңейткісі келетіндерге кедергі жасап, әртүрлі айдар тағушылар да аз болмай отыр. Ал, тегін курстар баяғыдан бар, тек оларға деген сұраныс жоқ. Курстар бұрын да бюджеттен қаржыландырылған, бұл жайтқа қазақтар қарсы болған емес» деп тоқетерін бір-ақ айтты.
Киноклассиктері айтқандай, әдетте адамның есінде әңгіме-сұхбаттағы соңғы сөз қалады емес пе? Тілші енді «өзге ұлт өкілдерін ұялтуға тырысудан, олардың алдыңғы ұрпақтары біздің халыққа қарыздар екенін естеріне салып, сезімге ойнаудан түк шықпайтынына көзіміз жетті, енді олар қазақ тілін үйренуге ынтасы ояну үшін не істеуіміз керек» деген сұрақ қойды.
«Біз сауалнама жүргізгенімізде орыс және өзге жергілікті ұлтқа жатпайтын ұлт өкілдері тегін оқыту-үйрету орталықтары мен курстары, оқу-үйренудің жаңа әдістемелері, яғни, қазақ тілін меңгеруге жағдай жасауды, ал, олардың кейбіреулері қазақ тілін игергендерді материалдық тұрғыдан марапаттап тұруды ең пәрменді шара деп санаса, қазақтардың өзінің басым көпшілігі елдің барлық азаматттары мемлекеттік тілді үйренуге мәжбүр болатын қадамдар жасауға шақырды.
Бұл шаралардың қай-қайсы да түрлі дәрежеде тиімді болуы мүмкін. Бірақ, адам өзіне пайдалы екенін көрмесе, онда оған қай нәрсені болсын мәжбүрлеп істету қиын екенін түсінгеніміз маңызды. Ең дұрысы – оларға осындай пайданы көрсету. Мысалы, ағылшын тілін жұрттың бәрі жоғары жалақылы жұмысқа тұру үшін өздері-ақ үйреніп жатыр. Оған қоса тегін және ақылы курстар да көп. Біз де осы жолмен жүруіміз керек, велосипед ойлап табамын» деп әуре болу керек емес» деді сарапшы.
Бұл жолы сарапшы, мүмкін, оны өзі де байқамай, САМонитордың сойылын соғып шыға келді. Әйтпесе, тілшінің сұрағын дәлме-дәл дерлік қайталап «...қазақтардың өзінің басым көпшілігі елдің барлық азаматттары мемлекеттік тілді үйренуге мәжбүр болатын қадамдар жасауға шақырды» демес еді. Жоқ әлде ол шынымен де «мәжбүрлеу» деген сөздің артында «бүкіл әлемдегі даңғыл жолмен жүріп, Қазақстанда өзінің жалғыз мемлекеттік тілі – қазақ тіліне деген қажеттілік туғызуы керек» деген пікір тұрғанын, қазақтың басым көпшілігінің өмір бойы айтып келе жатқан негізгі ойы-ұсынысы осы екенін шынымен-ақ білмегені ме? Федерация болып табылатын көрші Ресейдің бүкіл аумағында орыс тілінен емтихан тапсыра алмасаң көше сыпырушы болып та жұмысқа тұра алмайсың! Сол себепті гастарбайтерлердің бәрі орыс тілін меңгеруге М-Ә-Ж-Б-Ү-Р! Қажет болған соң үйренуге мәжбүр. Қазақ тілін білмесең ДӘЛ СОЛАЙ болуы тиіс! Міне, осы жерде велосипед ойлап табамын деп әуре болу керек емес...
Айман ханым оның орнына «...мәжбүрлеп істету қиын, дұрысы – оларға осындай пайданы көрсету» дейді. Қажеттілік, мысалға қандай да бір жұмысқа орналасу басқа-дағы, пайдалылық, «жоғары жалақылы жұмысқа орналасу» басқа! Алдымен қажеттілік, сосын барып пайдалылық! Ал, 2011 жылы қабылданған «2011-2020 жылдарға арналған тілдерді (?) дамытудың мемлекеттік бағдарламасында» осынау ең басты мәселе – қазақ тіліне деген ҚАЖЕТТІЛІК қайтсек пайда болатындығы жайлы бір ауыз да сөз жоқ! Ол жоқ жерде орыс пен орыстілділердің позициясы әлеуметтік те, құқықтық та тұрғыдан 100 пайыз дұрыс та заңды – мемлекет өзінің өміріндегі күнделікті қолданысына қажет етпей отырған тіл кімге керек?..
«Кечуа болғым келмейді, кечуа болғым!..»
«Бағдарлама» демекші. Біз дәл кәзір әңгіме етіп отырған нақ осы жағдайды да, басқасын да бес саусақтай біліп отырған тілші сарапшыны осал жерінен шап беріп ұстап, «неге өкімет өкілдері бұл мәселені назардан тыс қалдырып отыр?» деп қадала қалды. Сарапшы қауқарсыз мемлекет жайлы не десін? «Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған тілдерді (?) мемлекеттік бағдарламасында» 2020 жылға қарай іс жүзінде республиканың барлық тұрғыны қазақ тілін меңгеретіні жайлы айтылған» деді-тағы, тілін тістей қойды. Өйткені, 2019 жыл есіктен кіріп үлгерді, көрсетілген межеге бір жыл ғана қалды. Бағдарламадағы меже қайда, біз қайдамыз?! Сегіз жылдың ішінде қазақ тілінің жағдайы ауырламаса жеңілдеген жоқ. Бүкіл жаңа заң жобаларынан бастап барлық құжат атаулы алдымен орыс тілінде дайындалады-дағы, сосын барып қазақ тіліне аударылады. Аударылғанын сол тәржімашылардың өздері болмаса өзге жұрт, оның ішінде журналист біздер де бармыз, не айтқанын түсіне алмай алмай дал болады. Түсіну үшін ...орыс тіліндегі мәтінді алып қарауға мәжбүр болады. Сонда бұл қазақ тілін тезірек ҮЙРЕНУГЕ мәжбүрлеу ме, жоқ әлде оның астына өкіметтің өзінің екінші қолымен су жіберіп КҮЙРЕТУГЕ апару ма?
Сіз бен біз бәріміз, САМонитор тілшісі көріп, біліп отырған осы нақты жағдайды маман сарапшы білмей ме? Білгенде қандай! Тек екі оттың ортасында қалған, су ішіп отырған құдығына түкіре алмайтын, екінші жағынан ақты – қара, қараны – ақ деуге діңкесі құрып, тілі батпаған соң ескі сарынға қайта айналып соғуға мәжбүр болды: «Әйтсе де бұндай өте нәзік сферада биліктің оқиғаларды тездетпей отырғаны, менің ойымша, дұрыс болып табылады. Ел тұрғындарының көпэтникалық жағдайында тепе-теңдікті ұстап тұру мүлдем оңай емес қой».
«Тездетуге болмайды» деген ұранмен өмір сүреміз деп, 27 жылдың қалай тез өтіп кеткенін байқамай да қалдық. Алдағы уақытта да өмір сүруге болады. Тек осы ұраннан айрылмай тағы 27 жыл өмір сүрер болсақ, кечуа халқының басындағы «таз кепешті» біз де киіп шыға келуіміз әбден мүмкін. Өйткені, тарихтың үйретер бірінші тағлымы – ешнәрсеге адам баласын үйретпейтіндігі, екіншіден, алдымен трагедия, сосын фарс (ерсі әзіл, мазақ) түрінде қайталана дамитыны.
2009 жылы қаңтарда «Свобода слова» газеті тілшісінің «мемлекетқұраушы ұлттың да, өзгелердің де мүддесін ескеретін «алтын орта» қайда?» деген сұрағына Олжас Сүлейменов ағамыз: «Мемлекеттік тілді ендіру үдерісін асықтыруға болмайды, оны жылдамдату біздің жас мемлекеттігімізге төнген нақты қатерге айналады» деп еді. Енді он жылдан соң сарапшы да соны қайталап отыр. САМонитордың да естігісі келгені осы сөз еді, сол сөйлеммен Әсел Өмірбек сұхбатын түйіндеді…
Ал, бұндай әңгімені әрбір рет естіген сайын кезінде құдыретті империя құрған инктердің ұрпағы, ХІХ-ғасырдың аяғына аман жеткен, және жай жетпеген, ХХ-ғасырдың басындағы біздің қазақ секілді бәсекеге қабылетті күйде жеткен кечуалар тарихы менің есіме оралады да тұрады. Бүкіл Латын Америкасын отқа ораған ұлт-азаттық көтерілісінің арқасында кечуалар да Испанияның отаршылдығынан құтылды, Азаттыққа жетті, өз алдына Тәуелсіз де Дербес мемлекет құра алды. Бірақ…
Міне, мәселенің бәрінің бүлдіретін осы «бірақ» оларда да бар болып шықты: елдің элитасы түгелдей Испанияда оқып білім алған, испанша тәрбиеленген еді. Осы элита мың түрлі себеппен кечуа тілінің іс жүзінде мемлекеттік тілге айналуын кейінге соза берді. Біздің басымыздағы дәл бүгінгі жағдай сол кезде кечуалардың басында да болды. Неге элита өз ұлтының тілінің салтанат құруына соншалықты қарсы болды, қас болды? Олардың қас болуының, қарсы болуының жалғыз ғана себебі бар еді – элита өзінің үйреншікті, өзіне қолайлы испан тілінде өмір сүре бергісі келді! Жаңа тіл үйрену деген азап қой! Не керегі бар оның?
Жоқ, элита сөз жүзінде кечуа тіліне қас жауы екенін ашық айтқан жоқ, айтып ақымақ болды дейсіз бе, керісінше, оларда бүгінгі біздің шенеуніктеріміз секілді «біз де өз ұлтымыздың патриотымыз, біз де бар-күш жігерімізді аямай Тәуелсіз еліміздің мүддесі үшін жұмыс істеп жатырмыз, тіпті ұлттық тілдің көптеген жанашырына қарағанда біздің ұлтымызға еңбегіміз көбірек сіңіп жатыр, кечуа тілін білмесек те ұлт патриоты болу мүмкін екендігін дәлелдеп жатырмыз, асықпаңыздар, біз де үйренеміз, тек Мадридте бес жыл оқып, төл тілімізді ұмытып қалдық» деген желеуді жамылып, өзінің қаскөйлік тірлігін бітіре берді.
Нәтижесі не болды? Нәтиже Латын Америкасында испантілді тағы бір мемлекеттің әлемнің саяси картасында пайда болуымен бітті. Ол мемлекеттің аты – Перу…
Қазақты төзімді, мықты, «мың өліп, мың тірілген» халық деп жатамыз. Тек бұл жолы әлемде ұлттық мемлекеттерге айрықша қатер төндіріп отырған «жаһандану» деген жаңа жаудың, ерекше жаудың, нағыз тажалдың бар екенін, ол тажалға қарсы Германия, Франция секілді ұлы мемлекеттердің өзі де жан аямай қарсы күресіп жатқанын, сол себепті «мың бірінші рет өлсек, мың екінші рет қайта тірілуге» мүмкіндігіміз болмай қалатынын ескере бермейміз...
Өмірзақ Ақжігіт
qazaquni.kz