Гаухар Әлімбекова Бас прокурордың атына хат жазып, көмек сұрады
2019 ж. 31 қаңтар
3128
0
Әлеуметтік желіде алты жылға сотталған танымал отандық әнші Гаухар Әлімбекованың мәселесі қызу талқылануда. Осыған дейін әншінің заңгері «бұл істе Әлімбекова өзі зардап шегіп отыр» деп мәлімдеген еді.
Бұл туралы «Қазақ үні» ақпарат агенттігі хабарлайды.
Танымал өнер жұлдыздары, қоғам белсенділері, зиялы қауым өкілдері мен адвокаттар әншіні қолдап өз пікірлерін ашық жазуда.
Олардың қатарында Абзал Құспан, Сәуле Әбілдаханқызы, Қазыбек Иса, Мұхтар Шерім, Гүлзира Айдарбекова, Бағлан Әбдірайымов, Нұрлан Албан, Айнұр Тұрсынбаева секілді есімі елге белгілі адамдар бар.
Осыған дейін, "Қазақ үні" агенттігі Гаухар Әлімбекованың Елбасыға жазға хатын жариялаған еді. Енді редакциямызға Әлімбекованың Бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың атына жазған хаты келіп түсті. Аталмыш хатты да оқырман қауымға ұсынуды жөн көрдік.
ҚР Бас прокуроры Қожамжаров Қайрат Пернешұлына
(1 данасы «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары М.С.Әшімбаев мырзаға,
1 данасы ҚР Ішкі істер министрі Қ.Н.Қасымов мырзаға жіберілді)
А Р Ы З
Құрметті Қайрат Пернешұлы!
Менің аты-жөнім Гаухар Әлімбекова, әнші-композитормын, 60-жуық әндердің авторымын. Қазақтың қыз ұзату, келін түсіру тойларының дәстүрлі гимніне айналып кеткен «Ақ келін» әнін, жастар сүйіп тыңдайтын «Оралшы, махаббат», «Қыз сезімі», «Бір тамшы көздің жасындай» секілді әндерімді өзіңіз де жақсы білетін боларсыз. Әнім арқылы түрлі сахналарда халқымыздың мәдениетін насихаттап, Қазақстанның абыройын арттыруға атсалысып жүрген қазақтың бір аяулы қызымын.
Сізге хат жазуға мәжбүр болып отырған себебім: өзімнің ешқандай айыбым жоқ бір іс бойынша басым бәлеге қалып тұр. Түсініктірек болуы үшін қысқаша баяндасам, былай:
05.04.2016 жылы ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 4-бөлімі, 2-тармағы бойынша сотталған Ордабаева Ферузаны мен 2009 жылдан бері танушы едім. Үнемі концерттеріме келіп жүретін, танысып-біліскеннен кейін де үйіне қонаққа шақырып, басқа да жиын-тойларда жолығысып, аз-кем аралас-құралас болғаным бар. Өте жақын қарым-қатынаста болмағаннан кейін оның қандай адам екенін біле де алмаппын. Сол Ф.Ордабаева 2013 жылы маған Алматы қаласы әкімдігінде таныстары бар екенін, солардың көмегі арқылы «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша сату-сатып алу келісім-шартымен «Ақкент» тұрғын үй кешенінен пәтер алуға мүмкіндік барын айтты. Ақшасын бөліп-бөліп төлеуге болатынын айтып та қызықтырып қойды. Сенер-сенбесімді білмей біраз уақыт жүрдім. Көкейімдегі күдік-күмән Ф.Ордабаева сол пәтерлерді сату құқына ие «Айт
Хаузинг Комплекс» ЖШС-нің келісім-шарт қағаздарын көрсеткеннен кейін сейіліп сала берді. Сендім. Ф.Ордабаева өзінің де сол «Ақкенттен» осы бағдарлама бойынша пәтер алғанын айтқан соң тіпті иланбасқа лажым қалмады. Ақыры орайы келіп тұрған мұндай жақсы да заңды мүмкіндікті сәтімен пайдаланған жөн болар деген шешімге келдім.
Алматыдағы орасан зор проблема – баспана мәселесі. Ауылдан қалаға көшіп келіп жатқан, жұмыс бабымен келіп орналасқалы жүрген туыстарым бар, таныстарым бар. Өзім сенгеннен кейін Ф.Ордабаева ұсынған «мемлекеттік бағдарлама бойынша берілетін пәтерлерді» сатып алуға мүмкіндік бар екенін оларға да айттым. Сөйтіп, өзім, Гаухар Серікбайқызы Әлімбекова, ағам Әуезхан Серікбайұлы Әлімбеков, ағамның баласы Әли үшеуіміз 3 пәтер алуға арыз жазып, келісім-шарттарға қол қойып, Ф.Ордабаеваға ақшамызды (бәрін қосқанда 80 мың АҚШ доллары) бердік. Көп ұзамай «Ақкенттегі» пәтерлерімізге кіріп, орналасып, сонда тұра бастадық.
Сол 2013 жылы талай жылдан бері жақсы араласып жүрген, әпкелі-сіңлілі секілді етене жақын болып кеткен Бақыт Назарова әпкеме де, ойымда ешқандай жаман ниет жоқ, шын көңіліммен пәтер алудың осындай мүмкіндігі барын айтқан едім. Ол кісі біраз уақыт ойлана келе ақыры пәтер алуға шешім қабылдады. Үй құжаттарын өзінің ұлы Т.Тәкеновтің атына ресімдеп, «Ақкенттегі» сол жаңа пәтерді жалға беріп қойды.
Арада екі жыл өткен соң төбемізден жай түскендей болды. Құқық қорғау органдары жүргізген арнайы тексерістен кейін мәселенің мән-жайы анықталды. Ф.Ордабаеваның бәрімізді алдап соққанын, оның істеп жүрген тірлігінің бәрінің заңсыз екенін естігенде естен тана жаздадық. «Ақкенттегі» пәтерлерімізден бәрімізді қуып шықты. Ф.Ордабаеваға берген ақшамыз босқа күйіп кетті. Не пәтер жоқ, не ақша жоқ, сең соққандай күй кештік. Өзім ғана емес, маған сеніп пәтерге ақша құйған бауырларым, құрбыларым, бәрі қатты күйзелді.
Сөйтсек, Ф.Ордабаева елді талайдан бері қан қақсатып алдап-соғып жүрген алаяқ екен. Оның соты 2016 жылы сәуір айында болып, Ф.Ордабаеваның бүкіл қылмысы дәлелденіп, Алматы қаласы Алмалы аудандық соты оны 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды. Ол 32 адамды алдап, ақшаларын қымқырып кеткен болып шықты. Бұл – құқық қорғау орындарына арнайы шағымданғандардың саны ғана. Арыз жазбағандар да аз емес шығар. Мысалы, мен. «Онсыз да сотталып бара жатқан адам ғой, менің арызым 33-ші боп тіркелгенде не шешеді» деп ойладым ба, оның үстіне, ақшамнан бір, пәтерден екі айрылып, есеңгіреп жүрдім бе, әйтеуір Ф.Ордабаеваның үстінен ешқандай арыз жазбаппын. Енді осы аңғалдығым өзіме пәле боп жабысқалы тұр.
Жоғарыда айтып өткен Бақыт Назарова әпкем «мен Ф.Ордабаеваны жақсы танымаймын, тек бір-екі рет қана көргенмін, маған пәтер сатып алу туралы айтқан Г.Әлімбекова, демек, ақшамнан айырылуыма сол кінәлі» деп менің үстімнен арыз жазды. Құқық қорғау органдары осы арызды негізге алып, бұрынғы Ф.Ордабаеваның қылмыстық ісін қайта қозғап, оның ісіне енді мені қосақтап, күдіктеніп жатыр. Мен және менің туыстарым – нағыз жәбірленушілерміз, ал құқық қорғау органдары мен Б.Назарова мені сотталушы Ф.Ордабаевамен сыбайлас етіп көрсетпек! Қашаннан бері бір адамды екіншісімен таныстыру қылмыс саналатын болған?
Б.Назарованың мені айыптайтын еш жөні жоқ. Мен оған осы оқиғаға дейін де, одан кейін де талай рет қаржылай көмектескен адаммын. Оған пәтер сатып алу туралы кеңес бергенім: Ф.Ордабаеваға өзім сеніп қалғандықтан, Б.Назарова да осы жақсы (заңды деп ойладым ғой) мүмкіндікті пайдаланып, жаңа пәтерлі болып қалсын деген ізгі ниет еді. Менің басқа кінәм жоқ. Б.Назарова пәтер үшін әзірлеген бүкіл ақшасын (40 мың доллар) Ф.Ордабаеваның қолына берген. 05.04.2016 жылы болған сот процесінде сотталушы Ф.Ордабаева өзінің бүкіл қылмысын мойындады, оның кімнен қанша ақша алғаны толық дәлелденді. Неге екені белгісіз, Б.Назарованың арызын талқылау барысында Алмалы аудандық соты шығарған осы №1-847/15 Үкім негізге алынбай отыр.
Б.Назарованың арызы бойынша жүргізілген тергеу амалдарында да айқындалмаған мән-жайлар аз емес. Мысалы, Б.Назарованың үйінде тұратын туысы Аяулым Мақсат «2013 жылдың 12 қарашасында Бақыт әпке маған пакетке салынған 26 мың доллар ақшаны көрсетіп, өз жатын бөлмесіндегі шкафқа тығып, бұл бөлмеге ешкім кірмесін деп айтты» дейді. Сосын «Сол күні Г.Әлімбекова сіңлісімен бірге қонаққа келді. Мен Бақыт әпкемнің Әлімбековаға әлгі ақшаны бергенін көрдім» дейді. Біріншіден, арыз иесінің туысы оның куәгері де бола бере ме? Бұл қаншалықты заңға сыяды? Екіншіден, куәгерге ешқандай сұрақ қойылмағаны байқалады. «Пакетке салынған ақшаның дәл 26 мың екенін сен қалай білдің? Егер ақшаны көрген болсаң, айтшы, ол доллармен бе еді, әлде теңгемен бе? Ақшалар қанша бума еді? Пакетке қалай салынған еді? Пакет қандай еді? Сыртынан ақша көрініп тұратындай ашық түсті ме еді, әлде қанық қою түсті ме еді?» деген секілді мән-жайды нақтылауға көмектесетін сұрақтар қойылмаған. Тергеуші куәгердің айтқан әңгімесінің жетегімен кетіп қалған. Үшіншіден, мені куәгер Аяулым Мақсатпен көзбе-көз беттестірген жоқ. Неге? Менің куәгерлерімнен тіпті ешкім жауап та алмаған. Бұл қалай? Судьяның кейбір іс-әрекеттерінен де оның Б.Назарова мен Ф.Ордабаеваның сөзін сөйлеуге бейім екені сезіліп қалады.
Мен отыз жылдан бері киелі сахнада өнер көрсетіп жүрген әншімін, өнер адамымын. Қаншама жеке концерт қойдым, елдің бүкіл аймағында шығармашылық кештерімді өткіздім. Билет сату, ғимаратты жалға алу, т.б. ұйымдастыру мәселелерінің ешқайсысында ешбір заңсыздық болған емес! Қаржы-қаражатқа қатысты менің тарапымнан ешқандай мәселе туындаған емес! Ал осындай тура жолдағы жаны нәзік таза өнер адамының әлдебір алаяқпен сыбайлас болуы мүмкін бе?!
Егер мен Ф.Ордабаеваның алаяқ екенін алдын ала білсем, оның зымиян ойын, мақсатын сезсем, Б.Назароваға пәтер алуға кеңес бермек түгілі, өзім заңсыз пәтерге ақша құйып, сонша қаражатымнан айрылар ма едім? Менің қазір өз баспанам да жоқ. Мен де Ф.Ордабаеваның алаяқтығынан опық жеген басқалармен бірдей, оның ішінде Б.Назарованың өзімен бірдей дәрежеде жәбірленушімін.
Құрметті Қайрат Пернешұлы!
Мен қазір Алматы қалалық ішкі істер департаментіне де, Алматы қалалық прокуратурасына да сенуден қалдым. «Қылмыс құрамы жоқ, сіздің айыбыңызды дәлелдейтін ешқандай айғақ жоқ, істі жауып тастауға болады» дейді де, өздері әрнені сылтауратып, созып жүре береді. Мен оларға сеніп жүрсем, олар «Сахнада жүрген адам, бай тұрады» деп ойлайтын болуы керек, істі жабу үшін менен пара дәметті. Тіпті ашық ақша сұраған кездері де болды. Ешқандай қылмыс істеген жоқпын, арым таза, қолым таза, мен неге оларға ақша беруім керек? Құқық қорғау саласын жемқорлық дерті әбден жайлап алыпты. Халықтың сүйікті әншісі, елге танымал өнерпаз – маған осылай қысым жасайтын болса, мені дәлелсіз-айғақсыз айыптайтын болса, қарапайым халықтың халі не күйде екен? Қылмысы дәлелденбестен қаншама қазақ сотталып кетіп жатыр екен?
Сұраған ақшаларын бермегендіктен, ақыры ісімді сотқа жіберді. Алматы қаласының Алмалы аудандық соты қарайтын болды. Сосын адвокатыммен ақылдаса келе Сізге хат жазып отырмын. Менің ендігі үмітім – тек Сізде! Мен Сізден «мені қалайда ақтап алыңыз» демеймін. Тек істің ақ-қарасын айырып, әділдіктің салтанат құруын өз бақылауыңызға алсаңыз болғаны! Бүкіл елге танымал әншіні еш дәлелсіз күдікті деп тануға, заңсыз қудалауға жол бермесеңіз екен!
Ал егер әділдік орнатуға Сіздің де әл-дәрменіңіз жетпей жатса, амал жоқ, мен бүкіл бұқаралық ақпарат құралдарын (ТВ, радио, баспасөз, фейсбук, интернет сайттары, т.б.) іске қосуға, мәселенің мән-жайын журналистерге жайып салуға, тіпті Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа шағымдануға да мәжбүр боламын. Бірақ мен Сіздің әділдігіңізге сенемін.
Менің арызыма жауапты жазбаша түрде беруіңізді өтінемін.
Арыз иесі: жәбірленуші
Гаухар ӘЛІМБЕКОВА,
әнші-композитор