Бағлан Әбдірайымов казинода 200 мың доллар ұтылып қалған
2019 ж. 30 қаңтар
4537
1
«Жігіттер» тобының солисі құмар ойындардың құрбаны болғаны жайлы ашық әңгімеледі. Және бұл құпиясын жігіттерге сабақ болсын деп айтып отырғанын жасырмады, - деп жазды kaz.365info.kz.
Танымал әнші және қамқор отағасы Бағлан Әбдірайымов үш жыл бойы құмар ойындардың құрсағына түсіп, әрең шыққанын жасырмады. Үй саламын, бизнес ашамын деген ақшасының барлығын казинода ұтылып қалған.
«Үш жыл бұрын казинода ойнай бастадым. Бастапқыда тек ұттым, тіпті жап-жаңа көлік ұтып алғанмын. Азғантай ғана қаражат ұтамын деп баратынмын, бірақ кейде 5, 7 мың долларға дейін көтеретінмін. Бірде тіпті 25 мың доллар ұттым. Аяғында казино басшысы мені кіргізбей қойды, мен басқасына бардым. Бірде бір тәулік бойы ойнап, 30 мың доллар ұтылып қалдым. Осылайша аз ғана уақытта көп ақша ұтылдым, қарызым бастан асып кетті. Көптеген сыйлы адамдардан қарыз сұрай бастадым», — дейді Бағлан ">TalkLike бағдарламасына сұхбатында.
Әншінің айтуынша, құмар ойындарды ойнағанда ол өз әлемінде жүргенін байқайтын болған. Жақындары мен достарына қарызға кіріп, көптеген сыйлы адамдардың сенімін жоғалта бастаған.
«Бірде досыммен кафе ашпақшы болдық, қалтамызда 50 мың доллар бар. Барлық шығындарын есептеп, жоспарды жүзеге асыруға кірістік. Мен кассадан 10 мың доллар алып, оны ұтылып қалдым. Кейін шұғыл ақша қажет болып жатыр деп алдап, тағы 10 мың доллар алдым. Соңында барлық сол 50 мың долларды ұтылып қалдым. Жалпы есептегенде осы үш жылда 200 мың доллар қарызға кіріп кеттім, процентімен 275 мың», — деп есіне алды әртіс.
Бір сәтте Бағлан өзінің әлсіздігін түйсініп, қарыздарды төлеуді бастау керегін ұғынады. Бірақ шынайы өмірдегі қиындықтарды ұмытқысы келіп, тағы сол казино әлеміне еніп кетеді.
«Мен осы кезде бәрі бітті деп жүрген едім, бірақ әлсіздігімді жеңе алмай казино әлеміне қайта оралдым. 2-3 рет ойнаған соң сол атмосферада өзімді жайлы сезініп отырғанымды түсіндім. Жұмыс істегің келмейді, жеңіл ақша қалайсың. Мен жеңемін және қалған қарызымды қайтарамын деп ойладым…
Іс насырға шауып бара жатқанын сезген әнші казинолардың бастықтарына оны кіргізбеуін өтінген.
«Үш ай бұрын мен казиноға кіру мүмкіндігінің барлығының алдын алдым. Себебі өзім қоя алмайтын сияқтымын. Ойым сонда кетіп қала береді, басқа ештеңені ойлай алмайтын болдым, тәуелді болып қалдым», — деп толықтырды әнші.
Қазір Әбдірайымов жұмысына оралды және жеңіл табыс туралы ойланбауға тырысады. Әнші тәуелділігінің кесірінен айналасындағы көптеген жақсы адамдарды жоғалтып, құрметтен айырылғанына өкінеді. Оның ішінде анасын қатты ренжіткенін есіне алса, өзегін өкініш өртейтінін жасырмады.
«Мен үлкен сабақ алдым. Құрметтен айырылдым, абыройымды жоғалттым. Өмірден басқасынан барлығынан айырылдым. Соңына дейін маған сенген әйеліме рахмет. Оның шыдамдылығы мен даналығының арқасында мен осы шырмауықтан шыға алдым. Қазір 200 мың қарыздың 40 мың доллары қалды. Осы жылдың соңына дейін қайтарамын деп үміттенемін» — деп қорытындылады әнші.