Димаш Құдайберген Қытайдағы қазақтар мәселесіне қатысты ойын айтты
2019 ж. 30 қаңтар
2572
1
Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген 29 қаңтарда Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қытайдағы этникалық қазақтардың мәселесі туралы пікірін білдірді, — деп хабарлайды Азаттық.
Баспасөз жиынында Азаттық тілшісі әншіден «Сіз әлемге Қытай нарығы арқылы танылдыңыз. Қытайдағы этникалық қазақтардың мәселесі жайында білесіз бе? Олардың мәселесін көтеру ойыңызда бар ма? деп сұрады.
Димаш Құдайберген бұл сұраққа:
— Әлемнің қай түкпіріндегі қазақ болмасын — өзіміздің ағайындарымыз және олардың тағдыры біз үшін ешқашан қызықсыз болып қалмайды. Қолымнан келсе, бәрін берер едім, бірақ менің қолымнан келмейді, мен тек әншімін, дипломат емеспін. Қазір өзімді тек әнші ретінде көрем. Бұл мәселеде алаңдамайды деп ойламаңыздар. Мен де бұл мәселенің тезірек шешілгенін қалаймын, — деп жауап берді.
Димаш Құдайберген баспасөз мәслихатын биыл жазда Астанада беретін «Арнау» жеке концертіне арнап өткізді. Жиында әнші өзінің шығармашылық жұмыстары, жоспарлары туралы айтып, журналистер сауалдарына жауап берді.
24 жастағы әнші Димаш Құдайберген 2017 жылы Қытайда өткен I Am a Singer ән байқауында екінші орын алып, «Азиядағы ең танымал әнші» номинациясы бойынша Top Chinese Music Awards жүлдесін иеленген. Сол жылы шілдеде Димаш Asian Music Gala жүлдесін «ең танымал шетелдік әнші» номинациясы бойынша алған.