Ғарифолла Есім: Кісімсіну – пендешілік дерті
2019 ж. 29 қаңтар
5126
1
(Бұл эссені жазуға түріктің әйгілі қаламгері Халдун Танердің «Шишхане көшесіндегі жауын - шашын» әңгімесі негіз болды).
Әңгіменің ұзын - ырғасы Американдық ғалымның пайымдауынша жылқылар адамдарға қарағанда айналадағы құбылыстарды бір жарым есе үлкейтіп көреді екен. Бұл жағдай неге сөз болған дейсіз ғой. Шығарма қаланың қоқысын таситын арбаға жегілген кәрі мәстек туралы. Жұрт оны «Философ» деп атап кеткен. Философ – мәстек Шишхане көшесінде жауын – шашын күні айнадан өз бейнесін көріп қалып, кісінеп жібереді.
Кісінегенде өрге кетіп бара жатқан қоқыс тиеген арба шегіншектеп жол бойындағы дүкеннің шынысын қиратады. Көшедегі трамвайлар тоқтады. Саудасы күйіп бара жатқан жүргізушілікті шала меңгерген Артин Маргусян деген армян саудагері асыққандықтан, тежегішін пайдалана алмай, тұрған трамвайды арт жағынан соғады. Тоқтап қалған трамвайдан сүрбойдақ Сюхейл Эрбил шығып осы жауын – шашын күні өзі ынтық болып жүрген қызы Серабпен кездесіп қалады. Соқтығысқа түсіп қалған армян саудагері Сан – Паулудағы серіктестеріне тауар бағасын айта алмай шығынға ұшырайды. Қызы Хельгаға фарфор қуыршақ алып беруге қаражаты болмай, оған газеттен қайық жасап алдандырып отырған чехтың еврейі Алоис Моргенрот аяқ астынан Бразилиядан тауар алып, қарық болып қалады.
Осының бәрі Шишхане көшесінде, түс ауа жауынды – шашынды күні болған.
***
Оқиға мағынасы нені болсын жылқы көзімен және қалыптағы адам көзімен көру арасындағы айырмашылықта. Тіптен мәселе төркіні бұл да емес, анығы жылқының айнадағы бейнесі туралы.
Жылқы болғанда қоқыстарды таситын арбаға жегілген жасы жиырмадан асқан кәрі мәстек. Неліктен екені белгісіз, оны жұрт – Философ деп атап кеткенін жоғарыда айттық. Оның қарсы алдынан айна – трюмо көтерген біреу өте бергенде, мәстек оқыс мінез көрсетіп кісінеп қоя берді. Неге кісінеді? Ол жағы талас. Жалпы алғанда жылқының кісінегенінде не тұр, тәйірі деуге де болады, бірақ мәселе мәстектің кісінегенінде.
Бұл әншейін емес философиялық мәселе!?
***
Данышпан әбунасыр әл – Фараби айнаға қатысты білімдер туралы трактат жазып қалдырған. Айна дегеніміз не? Ол заманның, қоғамның көрінісі, бейнесі. Айнадан өз бейнесін адам да, жан – жануар да көреді. Халдун шығармасында мәстек – Философ айнадан өзін көріп қалған. Әрине,
ол айнаға жылқы көзімен қарағандықтан, айнадағы өз бейнесі қалыпты жағдайдан бір жарым есе үлкен болып көрінген.
Мәстектің кісінеу себебі осы ма, оған жазушының күмәні бар, сондықтан оны талқыға салған. Әрине, бұл сауалға жауап әртүрлі болуы ықтимал.
Менің аңғарғаным, мәстек – Философтың оқыстан айнаға көзі түскенде, қалыпты жағдайдан шығып кісінеуін, адам тіліне айналдырсақ, ол өзінің айнадағы бейнесін көріп, онымен келісе алмайтын сыңай танытқаны, яғни кісімсінгені.
Адамдар да құдды осы мәстек – Философ секілді айнаға қарағанда шындықты көріп қабылдай алмай ісініп, өзін зор санап, болмашы нәрсеге бұлданып, кісімсіп қалмаушы ма еді. Дәп, солай мәстек – Философтың кісінегені, адамдардың кісімсінгені тәрізді нәрсе.
***
Әңгіме фабуласы мәстек – Философтың кісінегенінен басталды. Кісінегенді түсінікті қазақ тілінде айтсақ кісімсіну. Жылқы малы кісімсінуші ме еді, ол жағын ашып айта алмаймын. Жазушы бұл тұста аллегорияны қолданған. Аллегория логикалық емес, көркемдік тәсіл. Мәстекті жұрт Философ деп атағанымен, ол бәрібір тілсіз жануар. Шығарма мәстекте емес, адамдарға арналған.
Әңгімеде, автор кісімсінудің түр – түрін баяндаған. Кісімсінудің бір түрі губернатор Мұхитдин – бейге қатысты. Ол да кәрі мәстек – Философтай жасы жетсе де зейнеткерлікке шықпай отырғанын жазушы кісімсінуге балайды.
Халдун Танер кісімсінуді қоғамның саяси өмірінен де алған. Мәстек бейнесін айнадан көріп несіне кісінеді, ол бұрын да өз бейнесін көріп жүрді емес пе? Осы халды қаламгер былайша баяндаған, үзінді келтірейік. «... өз бейнеңді айнадан көру мен шалшық судан көрудің айырмасы жер мен көктей емес пе? Шалшық су, сіз үстінен төне қарап тұрғандықтан, ерікті – еріксіз түрде өзіңізді биік мінбеден көсемсіп сөйлеп тұрған шешен саясаткердің газетке басылған суреті сияқты етіп көрсетеді. Сондықтан да, төменнен жоғары қарай биіктеп, жайылып, өсіп бара жатқандай сезінесіз. Ал, енді, айнаға келетін болсақ, оның алдында сіз тіке тұрғандықтан, әлгіндей жағымпаздыққа толы оптикалық фокустарды байқамайсыз. Сондықтан өзіңіз қандай болсаңыз, сондай етіп көрсете салады». («Жұлдыз», № 12, 136б.)
Байқайсыз ба, айна «шалшық су» секілді болса, шындық аңғарылмай қалады. Шалшық су да – айна, бірақ онда сіздің кісімсінген қылықтарыңыз айқын көріне қоймайды. Және де сіз шалшық судан өз бейнеңізді нақты көрмейтініңіз, оған жоғарыдан қарап тұрасыз, бұл бір, екіншіден ол шалшық су. Автор аллегориялық тәсілмен адамның өмірі таза айнадай анық еместігін білдіріп, шалшық суға теңеп отыр. Шалшық судан көрінген бейне газет
бетіндегі мінбеде көсемсіп тұрған саясаткерге ұқсайды. Аллегория, бірақ шындықтың иісі аңқып тұр.
***
Мәстек – Философ неге кісінеді? Автордың оған мынандай жауабы бар: «... өзін әрдайым жақсы қырынан, романтикалық - артистік пішінде көріп үйренген ат кенеттен мынау айна көрсеткен мұздай шындықпен бетпе – бет келгенде, шекесіне сарт етіп шоқпар тигендей есеңгіреп қалуы әбден мүмкін. Сол себепті, оның бұл кісінеуін өзінен өзінің көңілі қалған байғұс жануардың жанайқайы деп те түсінуге болады» (сол бетте).
***
Таза айна кісімсінуге тосқауыл. Жылқы екеш жылқы да кісінеп жіберді. Шындықты мойындау – жанайқай. Кісімсіну адамның өзін - өзі алдауы. Адам сағым дүниесінде, оның сағым ғұмыры – шалшық судағы көрінісі. Бірақ, оны мойындап жатқан кім бар. Таза айнаға тап болып, өзіңнің айна – қатесіз кім екеніңді көргеніңде мәстек – Философтай кісінеп жібермегенде не қылмақсың. Кісінеу – кісімсінгеніңді мойындау. Қашан болмасын адамның таза айнадан өзінің анық бет – бейнесін көруі мүмкін ғой. Әбден ықтимал, бірақ сонда жағдай не болмақ? Не болмағын алдағы ғұмыр көрсетеді, автор: «Иә, сонымен Философ кісінеп жіберді... (137 б.)». Ол өзіне төніп келген кәрілікті көрді. Қанша ышқынғанмен – ол шындық. Кәріліктің аты – кәрілік.
***
Артин Маргусян да кісімсінген саудагер еді. Шайтан қуып асығып келе жатып, мәстек – Философтың кісінегенінен болған жол қақтығысына қатысты трамвай жүрісін кенет саябырсытқанына қармастан, ол трамвайдың арт жағын соғып, авария жасады.
Артин тірі қалғанына көзі жеткен соң, тіршілік қамына кірісті. «Құдай үшін, табаныңды жалайын, полиция мырза, жіберші мені! Бес минуттан кейін сауда басталады, оған дейін хабарлап үлгермесем, құрыдым!». (142 б.) Ол да мәстек – Философ секілді «кісінеп» жіберді, оның жанайқайы күйіп бара жатқан саудасы.
Полиция мырза, кісімсіп қалды. Артиннің сөзіне құлақ аспады, оның жағдайы бар оқиғаның күнәлісі Мәстектің жолдан шығарып қойған жерді көл – көсір етіп шаптырып тұрғанындай халде еді.
***
Кісімсінудің адамның жеке басына қатысты тағы бір түрі орын алған. Ол Мәстектің аяқ астынан кісінегеніне қатысты тоқтап қалған трамвайдан
түскен Сюхейл Эрбилге қатысты. Кісімсіну былайша айтқанда комплекс. Сюхейлдің комплексі – оның сүрбойдақтығы. Жасы келгенмен отбасын құрмаған. Көз алдынан жаңа үйленгендер өте шыққанда: «Еһ, кішкентай да болса бір жылы үй бұйырса ғой маған, - деп ойлады ол. Және осылай қып – қызыл боп, тез ұялатын келіншегім болса. Өзі тәртіпті, әрі сабырлы... Ас үйден кофе қайнатып жүріп, ыңылдап ән салған әйелімнің дауысы естіліп тұрса, шіркін. Міне, өмір деп осыны айт!». (139 б.) Бұл оның таза айнадан өзін көруі, ол әзірше арман.
Таза айна, оның арманын жақындатты. Мына оқиға өзі ұнатып жүрген қызы Серабпен кездестірді. Ол үшін Шишхане көшесіндегі жауын – шашынды, мәстек – Философтың кенеттен кісінеген күні бақыт ұсынды.
Сюхейл мен Серабтың арасында болған сұхбат.
Сюхейл: Бас пайдасынан басқаны ойламайтын өзімшіл адамдарды жек көрем. Төзе алмайм...(Бұл кісімсу Е.Ғ.)
Сераб: Бәрін дейсің бе?...Түгел жек көресің бе? – деп сұрады.
Автор айтады: Егер сол сәтте Сюхейл жалған намыстың дұрысы (кісімсінудің Е.Ғ.) жетегінде еріп жүре бермей, өзін - өзі тоқтатып, Сераб күткен жалғыз ауыз сөзді айта салса бар ғой, бәрі басқаша болар еді, басқаша. Қыз байғұс осы бір шашы жалбыраған жігітпен бірге Анатолияның, құдай-ау, тек Анатолияның ғана ма екен, бүкіл әлемнің кез – келген түкпіріне қол ұстасып жүре берер еді. Бірақ, Сюхейлдің сол бір ауыз сөзді айтуға жарамағанын қарасаңызшы». (141 б.)
Сүрбойдақтың бір құпиясы – кісімсіну. Өзі ұнатып тұрған қызға бір ауыз аса қажетті сөзді айта білмеу, әрине кісімсіну.
Кісімсіну кісіні бағалап қадірлей білмеу, кісімсіну – эгоизмнің бір түрі.
***
Аталған шығармада барға қанағат еткен, келешектен үмітін үзбеген, көрмегені жоқ әйелі неміс, өзі чехтың еврейі Алоис Моргенрот деген кейіпкер бар. Жолдастары азап лагерінде ажал құшқанда, бұл аман қалды. Аузындағы алтын тісін сатып та жан бақты. Ендігі ойы қызы Хельгаға фарфордан жасалған қуыршақ сатып әперу, әттең жексұрын жұмыссыздық болмаса, ол кісімсінген жан емес. Үмітін өшірмеген адам, прокатқа алған жазу машинкасымен барлық газеттерге шолу жасап, көңіл аударды – ау деген фирмаларға комиссиялық қызмет ұсынуда.
Бұған Шишхане көшесіндегі жауын – шашындағы күндегі мәстек – Философтың аяқ астынан кісінегені олжа болды.
***
Артиннен хабар болмағандықтан Сан – Паулудағы Севира Мароно Лоренцо:
* Ей, Педро, Стамбулдан хабар бар ма? (144 б.)
Педро орнынан тұрып, әкесінің жанына келді.
* Есіңізде ме, - деді ол, - Гамбургте тұратын Алоис Моргенрот деген
кісіден бізге бір ұсыныс түсіп еді ғой. Ол жұмысты несие алып бастаймын дегендіктен сіз бас тартқан болатынсыз. Бірақ, оның кепілдіктері тәп – тәуір еді. Бәлкім, мистер Маргусянның партиясын соған жіберерміз?
Қарт Лоренцо ұлына көз салып, іштей сынай қарады да:
* Жарайсың! Бұл ақылың миға қонады, - деді риза болып» (145 б.)
Сөйтіп Моргенрот арманы 20 мың марка еді, соған қолы жетті. Үміт
ақталды. Еңбегі жанды. Енді қызы Хельгаға фарфордан қуыршақ сатып әпереді. Ол кісімсінуден гөрі прагматизмге, өмірдің қиын – қыстауында шыныққан еврей нәсілінен болатын.
Арменин Артин Маргусянның сауда басталар алдындағы Сан – Паулудағы фирманың бұрынғы қойылған бағалардан жиырма пайызға арзандатқаны еврей Алоис Моргенрот отбасына напақа болды. Бірақ, негізгі оқиға мәстек – Философтың кенеттен кісінегені...
***
Кісімсіну адам болған жерде бола беретін құбылыс – көрініс. Ол - пендешілік. Халдун Танер осы халды баяндаған. Кісімсіну қазақ топырағында тұнып тұр. «Құл» болып күн кешкендер еркіндікпен тыныстай бастағанда кісімсінудің көкесін көрсетеді. Қазақ айтқан: «Жаман атқа жан бітсе, жанына торсық байлатпас» деп. Тағы да айтады: «Жаңа байығаннан қарыз алма» - деп. Түрік жұрты ешкімге құл болып көрмеген ел, керісінше өздері өзге елдерге өктемдік жасап, Османлылар империясын құрған. Қазақ болса, міне үш ғасыр бойы өзінің еркіндігін алуға жанталасып, жан беріп келіп, енді – енді Бостандыққа енді. Құлдық сана әдет, дәстүрімізге енгені соншама елімізді кісімсіну буып тұр. Мансабы бар адамның қабылдауына бара алмайсың, ол қабылдамайды, телефонға жауап бермейді, жүре сөйлеседі. Байлар әңгімесі мүлде бөлек, оларға жәй адамның жақындауы қиямет – қайым.
Бұл - кісімсіну. Түркі еліне жиі қатынаймын. Онда лауазымды адамдармен жүздесу бізге қарағанда әлдеқайда жеңіл. Түркия байлары қол жайып ас береді, өздері дастархан басында «күтуші» боп қызмет атқарады. Бізде министрлер, әкімдер, байлар ас береді, бірақ оған көмекшілерін жібереді. Сонда атам қазақтың «Ас иесімен тәтті» деген даналығы қайда қалады. Мәселе, кісімсінуде.
Кісімсіну тектілікке, бекзаттыққа қатысты. Кісімсінудің бір көрінісі – міндетсіну, лауазымына қатысты істі атқаруды міндет санайтын шенеуніктерді қайда қоймақпыз?!
***
Баяғы қазақтан сөз қалған: «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше». Сонда осы сөздің астарында кісімсіну деген пәле жатқан жоқ па екен?! Ойланайық!
Халдун Танердің мәстек – Философы айнаға көзі түскенде неліктен, кенет кісінеп жіберіп, жұртты әбігерге салды. Тағы да ойланған жөн!
Жұлдыз журналы осы шығарманы таныстыра келе әзілге құрылған әңгіме депті. Олай емес. Мұнда әзіл жоқ. Аллегория бар. Көне заманнан белгілі Аллегория әзіл емес, мысқыл болады. Мысқыл дегеніміз әзілден ауыр. Мысқылдың мағынасы терең. Бірақ, әдетте мысқылшылдық деген де кездесті. Оның жөні бөлек. Ол жұқалтаң, жүдеу тіптен орынсыз көрінетін адам пиғылы.
Халдун Танердің «Шишхане көшесіндегі жауын – шашын» сондай шығарма. Тегіннен – тегін қоқыс жинайтын арбаға жегілген кәрі мәстектің есімі Философ деп аталмаған. Бұл нағыз Аллегория.
***
Шығарма немен аяқталған. Қалай басталса, солай тәмәм болған. Бұрыштағы муниципалит орнатқан үлкен айнадан ол тағы өзін көрді. Бұл жолы да өзін бір жарым есе үлкейтіп көрсетті. Бірақ, ол кісінген жоқ, кісінеуге құлқы да болмады.
Жазушы шығарманы былайша тәмәмдайды. «Ол айнаға көзінің қиығын тастады да, басын тартып ала қойды. Содан соң, әдеттегідей баяу, өз жасына, өз абыройына лайықты сылбыр жүріспен жолын жалғастыра берді». (146 б.)
Кісінеу де, кісімсімдеу де бір мән, бір мәселе. Күннің жауын – шашыны оған бөгет емес. Кез келген оқиғаның себебі және нәтижесі болатынын жазушы аллегориялық тәсілмен тамаша баяндап берген. Мәстек Философтың кісінеуі оқиға себебі, ал оның нәтижесі оқырман түсінігінде, шығарманы кім қалай түсінеді, сол нәтиже.
***
Кісімсінбейтін кісі болмайды, сонда кісімсіну оқиғаның себебі ме, нәтижесі ме деген шырғалаң ой төңіректей бастайды. Айтарым, қай – қайсысы болса да, болайын деп тұрған істің бірі басшысы, бірі нәтижесі болмақ!
Кісімсіну оқыс оқиға. Қалыпты жағдай жазушы Халдун айтқандай өз жасына, өз абыройына яғни шама – шарқына лайықты ғұмыр кешу, бірақ, сол әрқайсысымыздың қолымыздан келе қояр ма екен?!
Бір жағынан «оқыс оқиға» болмаса, жауын – шашын да болмай қойса не демекпіз!!!
Сірә, кісімсіну жауын – шашын сияқты табиғи құбылыс емес пе?! Ойланған жөн!
***
Пенде болған жерде кісімсіну болмай тұрмайды. Кісімсіну – пендешілік делік. Пендешіліктен тыс тұрған немесе анығырақ айтқанда пендешіліктен сау адам бар ма?
Сөз болып отырған әңгімеде, пендешілікке ұрынбаған чех – еврейі Морис Моргенрат. Еврей халқының әлемнің байлығына да, ғылымына да, әдебиет пен өнеріне де елеулі үлесі бар. Егер сан жағынан алғанда еврей халқы небәрі 15 миллион шамасында, бірақ адамзаттың қазынасына қосқан үлесі анағұрлым мол. Ойлаймын, кісімсініп тұрған ел, халық көп пайдадан құр қалмақ.
Кісімсінуге жақын түсініктер: бәлсіну, мен – менсіну, өзіңді өзгеден артық санап не түрлі саяси ілімдер жасаумен әуестенушілік. Айталық, марксизм, фашизм, большевизм секілді т.б. адам баласына табиғаты жат қылық – пиғылдар жүйелері.
Кісімсіну әншейін құбылыс емес, оның түбінде экономикалық, бәсекелестікті, адамшылықты бағаламаушылық деген қат – қабат астарлар жатыр. Ұялмайтын жерде ұялып өз үлесінен құр қалып, кеуделерін аспанға атып жүрген ағайындарды көргенде, есіме кісімсіну деген орала береді.
Кісімсіну – пендешілік дерті.