БЕС ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ ІРГЕЛІ ІСКЕ КІРІСТІ
2019 ж. 26 қаңтар
3130
1
Республикамыздың беделді ғылыми мекемелері – Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Философия, саясаттану және дінтану институты, Рамазан Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, сондай-ақ Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі, Орталық ғылыми кітапхана басшылары, қызметкерлері және ғалымдардың қатысуымен Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының жалпы жиналысы өтті.
Жиналыста «Әділет» ҚазТАҚ төрағасы, Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің меңгерушісі Ғарифолла Әнес Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың тікелей басшылығымен салынып, жаңа жылдың алдында ғана ашылған репрессия музейі жөнінде жасаған хабарлама зор ризашылықпен және әкімдікке, музейді безендіруге тікелей атсалысқан облыстық мұражайға, «Заманту» шеберханасына деген алғыс сезіммен қабыл алынды. Осы тарихи оқиғаға орай алға тартылатын жаңа міндеттер қызу талқыға түсті.
Музей 2002 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарына қойылған «Жаңалық» мемориалды ескерткіші жанынан бой түзеген. Мұнда репрессиялар тарихын бейнелейтін негізгі зал және құрбандар деректерімен таныстыратын аза тұту залы бар. Сонымен бірге деректі фильмдер қойылып, мәжілістер өткізуге арналған арнайы конференц-залда тоталитаризм жылдары жабық болған жазықсыз жазалаулар мен ашаршылық тақырыптарын алғаш көтеріп, жүйелі жұмыстар жүргізіп келе жатқан «Әділет» ҚазТАҚ қызметі көрнекі түрде көрсетілген. Саяси қуғын-сүргін жылдарынан куәлік ететін тарихи құжаттар, қоғамның әр кезгі атқарған жұмыстарын көрсететін фотосуреттер, «Азалы кітап» шығарылымдары, қаралы кезеңдерді, жекелеген тұлғалардың өмір жолдарын қарастырған түрлі конференция материалдары, зерттеушілердің еңбектері, репрессияланғандардың ұрпақтары жазған естеліктер, басқа да баспа өнімдері шаңырақ көтергеніне биыл отыз жыл толатын қоғам жайынан келушілерге мол мағлұмат беретіні атап өтілді. Атқарылуға тиіс іс-шаралар хақында түрлі ұсыныстар айтылды, тоталитарлық қоғамда адам құқтарының қалай шектелгенін көрсете отырып, демократиялық құндылықтарды бағалай білудің, әрдайым сақтаудың қаншалықты маңызды екенін насихаттаумен айналысып келе жатқан «Әділеттің» отыз жылдығын дәстүрлі Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні – 31 мамыр қарсаңында атау қажеттігіне назар аударылды.
Жиналысқа қатысқан бес ғылыми-зерттеу институт өкілдері Алаш арыстарының мұрасын іздестіру, зерттеу және насихаттау мәселелерін талқылауға қызу атсалысты. Кейінгі кездерде қиын замандарда жазықсыз жазаланған тарихи тұлғалар туралы әртүрлі алып-қашпа әңгімелер шығып жатқандықтан, осындай бірлесіп өткізілетін жиындарда ортақ ой қорытып алудың ортақ іске пайдалы болмағына баршасы келісті.
– Ғылыми ізденістерді жүйелендіре түсу және оларды жұртшылық арасында танымал ету мақсатында «Әділет» қоғамымен бірге атқаруға тиіс шаруалар баршылық, – деді алғаш сөз алған тіл институтының директоры Ерден Қажыбек, – Мәселен, лингвист және шығыстанушы Евгений Поливановтың түркі тілдері графикасын реформалау мәселесімен шұғылданған кезінде Ахмет Байтұрсыновтың еңбектерін де жақсы білгені, екеуінің арасында шығармашылық байланыс болғаны жайында кейінгі күндері ғана естіп-біліп жүрміз. Үлкен террордың осы қос құрбаны тағдырын өзара байланыста зерттеп, тарихи тағылымын насихаттау сынды жұмыстарда күш біріктірудің маңызы зор.
«Әділеттің» байырғы мүшесі Қайдар Алдажұманов саяси репрессиялар мен ашаршылық шындығын ашудағы атқарылған істер және бой көрсетіп жүрген кейбір қисынсыздықтар жайын әңгімеледі. Ал Геннадий Земель ГУЛАГ-тың Қазақстандағы өзі балалық шағы өткен лагерь шындығын ашу және соңғы кезде 28 гвардияшы-панфиловшылар хақында орын алып тұрған жәйт – ерлікті жоққа шығаруды көздеген әрекеттерді әшкерелеу орайында нақты ұсыныстар айтты. Сайын Борбасов, Саясат Бейісбай, Қарлығаш Қаймақбаева, репрессияға ұшырағандардың ұрпақтары Нәдір Әзірбаев, Клара Күленова, Сәуле Қожықова, Шолпанай Аманжолова, Елена Грибанова, Ажар Жандосова, Қарлығаш Кемеңгерова және басқада сөйлеушілер Үлкен террор жүрген күрделі кезеңді жан-жақты зерттеуді жалғастыру, саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың халыққа сіңірген еңбектерін қалың жұртшылыққа жеткізіп отыру шараларына байланысты өз пікірлерін білдірді. Қоғам қайраткері және шығыстанушы Серәлі Лапиннің туғанына 150 жыл, қазақ әдебиетінің ұлы тұлғалары Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мағжан Жұмабаевтың, әйгілі мемлекет қайраткерлері Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожановтың туғанына 125 жыл, қоғам қайраткері, тілтанушы-түркітанушы Телжан Шонановтың туғанына 125 жыл, түркітанушы, профессор Құдайберген Жұбановтың туғанына 120 жыл болуына байланысты барша мүдделілерге ортақ ойлар өрілді. Жас буынды аға ұрпақтың ауыр да тәлімді өмір жолдарын жаңғырта отырып насихаттау арқылы, қасіретті тарих арқылы тәрбиелеуге пәрменді атсалысу үшін аталған ғылыми-зерттеу институттары мен мәселеге бейжай қарамайтын барлық мекемелердің үйлесімді жұмыс жүргізулері маңызды екені анық. Сол орайда «Әділет» қоғамы жанынан мүдделі ұйымдар өкілдері енетін Үйлестіру кеңесін құру жайында шешім қабылданды. Сондай-ақ, аталмыш ғылыми мекемелер «Әділет» тарихи-ағарту қоғамына ұжымдық мүше ретінде кіретін болды.
Мұның бәрінің қайта құру жылдарынан бері, отыз жыл бойы мақсаткерлікпен қызмет атқарып келе жатқан Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы жұмысына соны серпін берері, іс-шараларының пәрменділігін арттыра түсері анық. Жалпы жиналыс жұрт көңілінен шықты.
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ
qazaquni.kz
- Рамазан Сүлейменов атындағы Шығыстану институты
- Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі
- Орталық ғылыми кітапхана
- философия
- Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты
- Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты
- Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
- саясаттану және дінтану институты