Ұлттық академиялық кітапхана 2018 жылы мыңнан астам шара ұйымдастырған
2019 ж. 25 қаңтар
4117
1
24 қаңтарда ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз орталығында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы журналистер үшін 2018 жылдың қорытынды есебі жөнінде баспасөз конференциясын өткізді, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.
Жиын барысында белгілі болғандай, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы 2018-ші жылы 1406 іс-шаралар ұйымдастырылып, оған 51 640 адам қатысқан. Кітапхана Қазақстанның мәдени және тарихи құндылықтарының халықаралық тартымдылығын арттыруға бағытталға 40-тан аса түрлі мәдени-имидждік іс-шараларды кең ауқымды түрде өткізді. Олардың қатарында, «Әлем астаналарының шежіресі», Халықаралық оқу конгресі, Балалар жазушыларының халықаралық форумы, «Астана қаласының мәдени мәтіні» және т.б. іс-шаралар бар.
Бүгінгі күні кітапханада 1,5 миллионнан астам кітап қоры бар және қор әрдайым толықтырылып отырады.
ҚР Ұлттық академиялық кітапхана базасында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің халықаралық кітапханалық стандарттарға сәйкес әзірленген және бүкіл әлемдегі кітапханалық каталогтармен бірлесе отырып, Қазақстанның бірыңғай ақпараттық кітапханалық желісін құруды көздейтін Қазақстанның Ұлттық электрондық кітапхана жобасы табысты түрде жүргізіліп келеді. ҚазҰЭК қоры шамамен 50 000 құжатты құрайды.
Кітапхананы пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін Ұлттық академиялық кітапханада 32 зал жұмыс жасайды. 2018 жылы тағы 3 зал ашылды: қазақ жазушысы және ақыны Нұрғожа Ораздың қорындағы кітаптары бар «Астана» залы, белгілі саясат және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы атындағы зал, түркітілдес елдердің ғалым-түрколгтары Бейсенбай Кенжебаев пен Немат Келімбетов атындағы залдар бар.
Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының табысты қызметтерінің бірі – халықаралық іс-шаралар болып табылады. Кітапхана көптеген халықаралық ұйымдармен, соның ішінде білім беру, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша ЮНЕСКО-мен белсенді ынтымақтастық жасауда. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ү.Д. Мұңалбаева 2016 жылдан бастап ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссия қарамағындағы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік бағдарламасының еске алу комитетінің төрағасы болып табылады. Кітапхана ИФЛА, БАЕ сияқты халықаралық ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста.
Бүгінгі таңда әлемнің 29 кітапханасында Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығы жұмыс істейді.
2018 жылы «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын жүзеге асыру аясында Сеул, Лондон, Берлин және Нью-Йоркте Қазақстанның әдебиеті мен мәдениет форумы өтті.
Іс-шараға жазушылар, ақындар, драматургтар, ғалымдар мен зерттеушілер, әдебиеттанушылар, журналистер, режиссерлер, суретшілер, музыканттар, барлығы 40 адам, соның ішінде Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары Ұлықбек Есдәулет, Бексұлтан Нұржекеев, Алдан Смайл, Несіпбек Айт және басқа да мәдениет және ғылым қайраткерлері қатысты.