Дінтанушы Зікірия Жандарбек: Ата-баба салтынан айнығаның - Алланың ақ жолынан тайғаның, үкімін орындамағаның!
2019 ж. 11 қаңтар
7505
1
Белгілі дінтанушы Зікірия Жандарбек соңғы апталарда бұқаралық ақпарат құралдарында «Сопылық тариқаттардың халықтардың дәстүрлі дінін қалыптастырудағы орны» және «Жаһандану үдерісінде талауға түскен қазақ болмысы немесе қазақ тағдыры не болмақ?» атты көлемді екі мақала жариялады. Ой жүгіртіп оқитын адам болса, бүгінгі күннің біраз өткір мәселесіне жауап берілген екен. «Сондай дүниелер оқылып жатыр ма?»
Біздің сұхбатымыз осы сауалдан басталды.
– Білмедім... «Осы кісі көп жазып кетті, қайсы бірін оқи береміз?..» дейтін шығар жұрт.
– Әңгіме сіздің көп немесе аз жазғаныңызда болмай тұр ғой... Біздің қазақ секілді өте еліктегіш, ерме, «қазақ бұзылып үлгермеген халық» деп Әлихан Бөкейханов айтқандай, жанының тазалығын өркениет әлі кірлеп үлгермеген, жұрттың бәрін өзіндей көретін, ақыл айтқан, кеңес берген жанның бәрі шынымен-ақ қазақтың қамын жеп айтып отыр ғой деп ойлайтын аңғалдығы өзімен бірге кететін халық үшін бұрынғы құндылық атаулы күйреген, жаңа құндылықтар қалыптасып болмаған, ең жаманы соны қалыптастырсақ екен деген мемлекет тарапынан жанын сала қимылдаған іс-әрекет байқалмайтын мынау аумалы-төкпелі «өтпелі кезеңнің» сағыздай созылып бітпей қойғаны өте ауыр тиіп отыр ғой...
Осыдан он үш жыл бұрын «Евразия. кз» апталығына берген сұхбатында жазушы Дулат Исабеков: «Мен тілден мың есе үлкен қатерді, сұмдық трагедияны көріп отырмын! Біздің бүкіл экономикамыз, ұлттық идеологиямыз, керек десеңіз ұлттың болашағы шетелдіктердің қолына өтіп бара жатыр. Тіліміз, дініміз мұның қасында... Арыстанның аузына түсіп бара жатқан қоян бір мүшемді сақтап қалайыншы деп әрекет ету керек пе, жоқ әлде өзінің өмірін түгел сақтап қалуға тырысу керек пе? Қазақстандағы шетелдік компаниялардың бізді басынғаны соншалықты, салық төлеуден бас тартып отыр. Олар біздің мемлекеттің қойған талабына пысқырып та қарамайды. ...Қазақстан үш күштің ортасында қалғалы тұр. Ресей, Америка, Қытай! Енді олардың арасында Қазақстан үшін талас басталады» деп еді.
Жазушы айтқан қауіп-қатерге өзіңіз «Жаһандану үдерісінде...» «...Қожа Ахмет Яссауи бабамыз иманнан ажыраған қоғамның тоқырауға түсіп, күйрейтінін, ойран болатынын ескерткен еді. Өкінішке қарай, бұл мәселеге қазіргі күні бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Ең бастысы қазақ қоғамының осылай азғындап бара жатқанын көріп, сол тығырықтан шығатын жол іздеп жатқан, өздерін зиялы санайтындар арасында ауызбіршілік жоқ. Өйткені, олардың өзі түрлі тарихи, философиялық, діни бағыттар жетегінде жүр. Ең жаманы қазақ қоғамының рухани-мәдени көкжиектерін айқындауға тиіс қоғамдық ғылым салалары әлі қазақтың тәуелсіз тарихын да, философиясын да, ұлттық педагогикасын да қалыптастыра алмады. Ал, бұл бағытта зетттеу жұмыстарын жүргізіп, белгілі бір нәтижелерге жеткен мамандарға қолдау жоқ. Нәтижесінде бүкіл қазақ қоғамы рухани тоқырау мен тығырыққа тіреліп отыр» деп, дәп басып көрсеткендей, діни алауыздық қосылды. Қай елді болсын, ыдыратуда адам баласы одан артық әдіс-тәсіл ойлап таппағанын айналдырған бірнеше жылда быт-шыты шыққан араб әлемі тағы да бір рет дәлелдеп берген жоқ па? Дауға қалған «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген кітапта: «Қыр астындағы жоңғардың соғысқа қапысыз дайындалып жатқан көріп-біліп отырып, үйреншікті жау ғой, не қыла қоярсың деп мән бермей, Құдай ұрып қалды ғой бізді» деп Қазыбек бек Тауасарұлы айтқандай, діни алауыздықтан төніп тұрған қатерді қалың қазақ көріп-біліп отырса да оған қарсы дайындық жасауға, әрекет жасауға қауқарсыз. Тіршіліктің қамынан, қайтсем бала-шағамды асыраймын, қайтсем аман қаламын, кредиттен қалай құтыламыннан аса алмай жүр. Бұл мәселені шешу үшін қандай әрекеттен, қай шетінен бастауымыз керек? Өзбектің үлгісін қолданамыз ба? Қысқасы, не істеу керек?
– Иә, не істеу керек? Шиеленісіп қалған саяси, экономикалық, әлеуметтік, рухани мәселені шешуді бірінші кезекте руханиятты қолға алудан бастамай болмайды. Халқымыз бір бағытта ойлайтын, бір рухани құндылықты ұстайтын біртұтас қоғамға айналмай ештеңе шықпайды!
– Жақсы, ол қандай рухани құндылық?
– Біріншіден, бізде ислам бар. Құран мен Пайғамбардың (с.ә.с.) сүннеттер жүйесі бар. Екіншіден, бізде исламға дейінгі, Тәңіршілдік дәуірден бері сақталып келе жатқан әдет-ғұрып,салт-дәстүр жүйесі бар. Бұл жүйе исламдағы Яссауи салған жолға тұтасымен кірді.
– Тоқтай қалыңыз! Қай нәрсені біз «мынау құндылықтар бізге Тәңіршілдік дәуірінен жеткен дүние» деп жаңылыспай айта аламыз? Ара-жікті қай белгісінен ажырата аламыз? Таңбасы қандай оның?
– Оның таңбасы –қазақтың жеті аталық салтымыз. Бұдан асқан киелі, қасиетті дүние болуы мүмкін емес!
– Тағы да тоқтай қалыңыз! Сіз жеті аталық салтымызды «Тәңіршілдік дәуірінен жеткен дүние» деп отырсыз. Ал, басқа азаматтар оны Тәлеуқабыл Өтейбойдақ оны Жәнібек ханға айтып, салт-дәстүрге енгіздірген дейді. Үшінші біреулер оны Тәуке хан тұсында жазылған «Жеті жарғыға» кіргізілген, өмірімізде сол уақыттан бері қана қолданылып келе жатқан дүние дейді. Кімге сенеміз? Дәлеліңіз қайсы сіздің?
– Менің дәлелім – қазақтың қадым заманнан бүгінгі күнге дейін рулық-тайпалық жүйесі! Жеті аталық үлгі жұмыс істемеген жерде қазақтың рулық-тайпалық жүйесі де бүгінгі күнге жетпес еді.
– Қазақ «сөздің өтірік-шынына қарама – қисынына қара!» деп өсиет еткен еді. Мына сөзіңіздің қисыны бар екен. Себебі, сол жүйені ұстамайтын қасымыздағы өзбек-тәжікте рулық жүйе жоқ екенін өзіміз күнде көріп жүрміз ғой. Тәңіршілдік діннен жеткен жазба дүние бар ма?
– Жоқ! Ол біздің жан-дүниемізде әдет-ғұрып, салт-дәстүр түрінде сақталып жеткен, пайда болғанына төрт мың жылдан асқан көне дін.
– Тәңіршілдіктің сенім-наным күйінде қалып қоймаған, дін болып қалыптасқан дүние екеніне қандай дәлеліңіз бар?
– Оған дәлел – «Оғыз қаған» жыры. Онда былай делінеді: Өмірге жаңа келген Оғыз үш күн бойы ембей жатады. Неге? Ол өзінің туған анасына «Тәңірдің біреу екеніне сенбесең, мен сені ембеймін!» деп шарт қояды. Туа салып ешқандай сәби сөйлей алмайды ғой? Ал, Оғыз сөйлейді!
– Оғыз қаған біздің дәуірімізден қанша уақыт бұрын өмір сүрген?
– Шамамен 4 мың жыл бұрын.
– Оның өмірдегі прототипі кім?
– Оны біздің ауыз әдебиетімізде Озған пайғамбар деп атайды.
– Демек, ол қиссаларда айтылатын, Алла-Тағала адамзатқа жіберген деген 124 мың пайғамбардың біреуі болды ғой?
– Иә. Және ең алғашқы пайғамбарлардың біреуі.
– Тұран даласынан шыққан Заратуштра кім?
– Отқа табынатын, таухидқа жатпайтын дін таратушы ғой ол.
– Таухид дегеніміз не?
– Алланың бір екендігін мойындау. Тәңірлік дін – таухидтік дін.
– Озған пайғамбар мен Заратуштра екеуінің қайсысы бұрын шыққан?
– Озған пайғамбар 500 жыл шамасындай бұрын туған.
– Заратуштраны қай жылдары өткен деп жүрміз?
– «Авеста» біздің дәуірімізден 1500 жыл бұрын жазылған. Тәңірлік дін одан арғы кезең.
– Дәлел, тағы да дәлел, Зеке!
– Оған дәлел – шежіре. Шежіре Қарахан Яфестің 10-ұрпағы дейді. Оның ұлы Оғыз қаған, демек, 11-ұрпағы. Нұх пайғамбардан соң шамамен 300 жыл кейін туған.
– Сол 4 мың жылды қамтитын, бізге жеткен шежіре бар ма?
– Бар.
– Неше дана? Біреу, екеу... тоғыз?
– Мәселе мынада. Біз өзіміздің тарихи шығармаларымызды өзіміз пайдалана алмай жүрміз. Кез-келген шежіре Алаша хан, басқаларды да Нұх пайғамбардың, басқаның пәленше ұрпағы деп жазады.
Құранда мынадай аят бар. «Біз – Нұхқа, Мұсаға, Исаға берген дінді саған да дін етіп бердік» дейді. Яғни, Алланың барлық пайғамбарға жіберген діні – бір ғана дін.
– Онда неге діндердің арасында айырмашылық үлкен?
– Діндерде айырмашылық жоқ, оның барлығы да монотеистік, Жаратушының біреу екенін жеткізген діндер. Айырмашылық – шариғатта.
– Шариғат дегеніміз не?
– Шариғат – Жаратушыны таныған әрбір халықтың салт-дәстүріне лайықтап жасап берген Алланың жолы. Әр халық өзінің Тәңірі берген табиғи ортасында өмір сүреді. Соған сәйкес оның әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, мәдениеті, т.б. қалыптасады. Алла-Тағала Құранда: «Біз әрбір үммет үшін бір жеке-жеке шариғат-жол жасадық» дейді. Дін – жанға беріледі. Алла әрбір қауымға өзінің пайғамбарын жіберіп отырғандықтан, сол қауымға лайықтап шариғатты жасап беріп отырған.
– Ол қай сүре, қай аятта жазылған?
– «Маида» сүресі, 48 аят. «Ей, Мұхаммед. Саған Құранды шынайы түрде өзінен бұрынғы кітаптарды растаушы етіп және оларға куә ретінде жібердік. Ендеше адамдар арасында Аллаһ-тағаланың өзіңе жіберілген Құран сөзімен билік ет. Өзіңе келген шындықты бұрмалап, олардың нәпсілік ойларына ерме! Біз сендердің әрқайсың үшін жеке шариғат жасап бердік. Аллаһ-тағала қаласа, барлығың бір-ақ үммет болар едіңдер. Бірақ, сендерге берілген жол-жобаларыңды, жағдайларыңды сынау үшін осылай етті». (Құран. Алматы, «Дәуір» баспасы, 2012 ж. 237-бет.)
Былайша айтқанда, сен араб тілінде түсірілген ислам дінін қабылдағаныңмен, арабтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын қабылдау саған жол емес. Алла тағала саған, қазаққа, тәжікке, үндіске, т.б. әрқайсыңа арнап жеке шариғат жасап бердік деп тайға таңба басқандай жазып тұр. Ал, Алла-тағаланың салып берген жолымен жүрмеу, өзіңнің ұлттық салт-дәстүріңнен айну – Алла-тағаланың үкімін орындамау деген сөз! Алла саған өз ықыласымен жасап берген киелі затты қолданудан бас тарту деген сөз. Ұлық Алла ол сені маңдайыңнан сипамайды, қайта маңдайыңнан қасқайтып тұрып ұрады!
– Небір атағы жер жарған ұлттар жер бетінен жойылып кетсе, соның бірден бір себебі – ата-баба салтынан айнығаны, түптеп келгенде Алланың ақ жолынан тайғаны үшін десеңізші! Енді діннің біреу екенін де нығыздай кетсек артық болмас еді...
– Дұрыс айтасыз! Жоғарыдағы «Маида» сүресі Алла-Тағаланың әр ұлтқа өзіне лайық шариғат, яғни, жол жасап жол бергенін көрсетіп тұр. Және Құран аяттарында әрбір халыққа жеке-жеке пайғамбар жіберілгендігі бір емес, бірнеше рет көрсетілген. Мысалы, «Ар-Рағыд» сүресінің 7-аятында: «...Шынында, сен ескертуші ғанасың. Барлық қауымдарға да ескертушілер жіберілген болатын» (Құран. Алматы, «Дәуір» баспасы, 2012 ж. 505-бет); «Әл-Муминун» сүресінің 44-аятында: «Сонан кейін елшілерімізді біз бірінен соң бірін үздіксіз жібердік. Жіберілген пайғамбарларды олар жалғанға шығара берді. Сондықтан оларды бірінен соң бірін жойып, кейінгілерге ғибрат еттік. Иман келтірмеген қауым Аллаһ-Тағаланың рахметінен аулақ болсын!» (Құран. Алматы, «Дәуір» баспасы, 2012 ж. 695-бет);«Фатыр» сүресінің 24-аятында: «Расында, біз сені сенушілерге қуанышты хабар жеткізуші, сенбейтіндерді сақтандырушы ретінде жібердік. Бұрын барлық қауымдарға да елшілер жіберілген еді»(Құран. Алматы, «Дәуір» баспасы, 2012 ж. 879-бет); «Ол сондай Аллаһ-Тағала сауатсыздардың ішіне өздерінен оларға Аллаһ-Тағаланың аяттарын оқып, оларды тазартатын және оларға Кітап, даналық үйрететін бір пайғамбар жіберді. Негізінен олар бұрын ашық адасуда еді» (Құран. Алматы, «Дәуір» баспасы, 2012 ж. 1111-бет).
Міне, осы аяттарда көрсетілген басты мәселе – жер бетіндегі бар халыққа пайғамбарлар жіберіліп, солар арқылы әр қоғамның өзіне лайықты тәртібін-шариғатын, салт-дәстүрін Аллаһ-Тағаланың Өзі қалыптастырғандығын көруімізге болады. Жалпы, бұл мәселе «Әл-хужрат» сүресінің 13-ші аятында былай нақтыланған: «Ей, адамдар, расында біз сендерді бір ер (Адам) және бір әйелден (Хауадан) жараттық және де бір-бірлеріңмен танысуларың (дос, туысқан болуларың) үшін сендерді әр түрлі ұлттар мен ру-тайпалар етіп қойдық».
Осы аяттарды негізге ала отырып, Абу Ханифа дін мен шариғатты бөліп қарастырды. Абу Ханифаның құқықтық мәселелердегі негізгі ұстанымдарына талдау жасау үшін, оның «Ал-Алим уа-л Мутааллим» атты шығармасына кезек берелік. Бұл кітапта көтерілген мәселе өте күрделі және ислам дінін қабылдаған халықтардың исламда бола тұрып, өздерінің рухани, мәдени болмысы мен өзіндік ерекшеліктерін сақтап қалу мүмкіндігі барлығын Құран аяттарына сүйене отырып, талдап көрсетіп бергенінің куәсі боламыз. Ол кісі Құранда жазылған діннің бір, шариғаттың көп екендігін алға тарта отырып, әр халықтың өзінің әдет-ғұрып, салт-дәстүрінде қалу қажеттігіне мән береді. Кітап ұстаз бен шәкірт арасындағы сұрақ-жауап формасында жазылған. Абу Ханифаның бұл еңбегі мұсылман дініндегі халықтардың салт-дәстүрі мен мәдениетінің сақталып қалуына мүмкіндік берді.
Абу Ханифаның дін мен шариғатты бөліп қарастыруында үлкен мән бар еді. Өйткені, Тәңір Тағала адамзат баласына бір ғана дін берді. Ол – Ислам. Ол әр халықта әр түрлі аталуы мүмкін. Будда, христиан, иуда, т.б. Ол туралы Құран Кәрімдегі «Аш-Шура» сүресіндегі «13-аятта нақтылап көрсетілген: (Мұхаммед (с.ғ.с.)! Нұхқа (ғ.с.) нұсқау берген нәрселерді және саған уахи еткенімізді, Ибрахимге, Мұсаға, Исаға (ғ.с.) нұсқау берген нәрселерімізді сендерге діни жол еттік: дінді мықтап орындаңдар және онда бөлінбеңдер!». Демек, Жаратушы Құдірет әр халықтың өзіне лайықты шариғатын бергенімен, халықтардың барлығына бір ғана дін беріпті. Ол дін – Ислам. Ол адамның жанына, рухына беріледі. Абу Ханифа осылай дін мен шариғатты бөліп қарастыру арқылы рухты, рух әлемімен сабақтастықты діннің ажырамас бөлшегі деп білді.
Дін – біреу, шариғат – көп. Себебі, пайғамбарлар да көп. Әр пайғамбарды әр халыққа жіберген сайын, сол пайғамбарды жіберген халықтың тұратын табиғатына лайықты шариғат жібереді. Сондықтан, шариғат Жаратушының әр халықтың өзіне арнайы жасап жіберген қағидалар жинағы болып табылады. Әр халықтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі осы шариғат негізінде қалыптасады. Сол себепті, барлық халықтың шариғаты, сол шариғат негізінде қалыптасқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрі бірдей болуы мүмкін емес. Егер де арабтың салт-дәстүрін қабылдамаған мұсылман емес десе, онда ол уағыз Құран ұстанымдарына тікелей қайшы.
– Бұл мәселені шамамыз келгенше толық қарастырдық қой деймін. Салмақты, салиқалы жауаптарыңыз үшін рахмет!
Сонда да болса, біздің «өтпелі кезеңіміз» өтіп, бітпейтін ұзақ мерзімге созылып кетті ғой. Діни бөлінушілік шындап келгенде тілде бөлінуден де әлдеқайда қауіпті де қатерлі екені білгілі. Өйткені, тіл санаға байланса, дін түпсанаға, сезімге байланады.Ал, түпсананың сананы билейтіні, ғашық адамның сүйгені үшін отқа да, суға да түсуге даяр тұратыны тәрізді діни сезімге берілгендер зомбиге, роботқа, тіпті, нағыз мәңгүртке айналатынын тағы да күнде көріп жүрміз. Айдаладағы Сирияға барып, жап-жас отбасылардың өздерінің де, өзгелердің өмірін құрбан етіп жатқандығы жан шошытпай қоймайды. Біз қазір бұрын есітпеген ұғымдарды естідік. Шариғат дегеннің не екенін түсініп, ұғындық қой деп ойлаймын. Ал, тарихат дегеніміз не?
– Тарихат дегеніміз жол дегенді білдіреді. Ол қандай жол?
– Алламен байланыстыратын жол. Адам өз рухы арқылы Алламен байланыса алмаса, оны саналы адам ретінде өлік деп санауға болады. Осы жолдан, Яссауи жолынан таю бізді азғындыққа ұшырауға, Алтын Орда секілді алып мемлекет құрған халық едік, сол мемлекеттен айрылып қалуымызға әкеліп соқты.
– Алтын Орда демекші, алдымен Берке ханның, кейін Өзбек ханның исламды мемлекеттік дін етіп жариялап, оған қылыштың жүзімен күштеп кіргізуі, оған кіргісі келмеген көп халықтың орыстың ортасына барып сіңіп кетуіне алып келген жоқ па? Бір сөзбен айтқанда сол саясаттың пайдасынан зияны көп болған секілді...
– Берке хан тұсында Алтын Ордада Куравия тарихаты үстемдік құрды. Тарихат дегеннің өзі үш бөліктен тұрады. Алғашқы бөлігі – дін, ислам, оның негізгі бөліктері – Құран мен Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннеттері. Екінші бөлік – әр ұлттың өзінің әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері. Үшіншіден, біздің сопылық таным негізінде қалыптасқан дәстүрлеріміз. Мысалы, адам қайтыс болды, біз оның жетісін, қырық күндік асын, жылдық асын береміз. Келін түскенде бетіне орамал жабамыз, ертесіне беташар өткіземіз. Кішкентай сәбиді қырқынан шығарамыз, оның жүре бастаған кезінде «тұсауын» кесеміз. Бұның бәрі – адамды рухани әлеммен сабақтастыруға бағытталған іс-шаралар.
– Бұл жерде енді сол сопылық дегеннің өзі не деген заңды сұрақ туындайды...
– Сопылық дегеніміз – адамның рухын Рух әлемімен байланыстырушы рухани ілім жүйесі. Ол жалпы адамзатқа, оның ішінде исламға ортақ дүние. Бірақ, тарихатқа байланысты жоғарыда айтылғандай әр ұлттың өзінің мәдени, табиғи, рухани, тарихи ерекшеліктерін ескере отырып іске асырылатын жол. Адамның жүрегі рухани әлеммен байланысқанда ол адамгершілік, обал, сауап, жақсылық, ізгілік, ұят деген секілді санаттарды айыра, ажырата алатын болады, соларды санасына сіңіреді, соларды өз өмірінің ұстанымына, қағидасына айналдырады. Ал, мынау, жүрегінде ондай ізгілікке орын қалмаған, аузында он жерден Алласы бола тұрып, небір сұмдықтарға барып жүргендерді, жүрегі обал, сауап дегенді білмейтіндерді адам деп айтуға келмейді. Олар адамнан айуан деңгейін түсіп кеткендер.
Сопылар алғашқы сопы деп, Мұхаммед пайғамбарды таниды. Сопылар өз рухтарын Пайғамбар рухымен байланыстыру арқылы Рух әлемімен сабақтасады. Сол себепті, сопылық танымда Мұхаммед пайғамбарды өлді деп есептемейді. Қазақ ақын-жырауларының «Дүниенің әуелі де Мұхаммед, Ақыры да Мұхаммед» деп жырлауы осыған байланысты.
Тариқат – мұсылман дінін қабылдаған халықтардың Исламның негізгі бес парызын қабыл етіп, қалған діни жол-жоралғыны сопылық жол-рухани таным негізінде қалыптастыра отырып, қоғамдық қатынастарды реттеуді толығымен әр халықтың өзінің табиғи ерекшелігіне қарай қалыптасқан салт-дәстүріне беру деп айтса болады.. Қожа Ахмет Ясауи өзінің «Мират ал-Қулуб» атты еңбегінде «Шариғат сырт ағзалармен амал ету болса, тариқат – «қалб-жүрекпен», яғни көңілмен амал ету деген сөз, ал хақиқат дегеніңіз – сырмен (жүректің түбіндегі субстанция, көңіл) амал ету болып табылады, – дейді.
– Жақсы, өте жақсы! Дін – біреу екен, бірақ, неге соның тармақтары көп? Неге соның 73 тармағының біреуі ғана дұрыс деп айтылады? Дін жолында жүргендердің барлығы да «біз дұрыс жолда жүрміз» деп есептейді ғой? Кім өзін «мен теріс жолда жүрмін» деп айтады? Төрт мазхабтың қайсысы болсын өзінікін тура көреді. Ал, соның ішіндегі нағыз, бірден-бір дұрыс жолды қалай қателеспей, жаңылыспай табуға болады?
– Жаңылыстырмайтын жол, тағы да сол жоғарыда айтылған рухани жол деп білемін. Рухты мойындайтындардың ғана жолы дұрыс жол болып, рухты мойындамайтындардың бәрінің жолы қате болуы ықтимал. Себебі, рухты мойындағандар ғана адам санатында! Мысалы, Құранның барлық аятттары сенің жүрегіңе бағытталған дүние. Ол сенің жүрегіңе ізгілік құяды. Қалған денеңе бағытталған нәрсенің бәрін шариғат жолымен шешуге болады. Сенің адамдық болмысыңды қалыптастыратын нәрсе – ол сенің рухың! Дін сенің жүрегіңе беріледі. Сопылықты мойындамаса, дін ешқашан сенің жүрегіңе кіре алмайды.
– Сіз кәзір «біздің ұстанған жолымыз – ең дұрыс жол» деп отырсыз. Бәріміз де солай ойлаймыз. Бізге осылай асқан сеніммен айтуға мүмкіндік беріп отырған не нәрсе, қандай күш?
– Ол күш – біздің дінді сопылық жол арқылы танығанымыз. Біздің дін мен шариғатты қатар қабылдағанымыз, екеуін қатар алып келе жатқанымыз. Сопылықты мойындамайтын болсаң, сенің жүрегіңде дін жоқ деген сөз. Ол кезде сен қатып қалған қасаң қағидалармен өмір сүресің. Ақылға ештеңе салмайсың, жаны бар адам емессің, темір робот секілдісің. Ал, адамның басқа біреуге жаны ашуы керек емес пе? Жақсылық, жамандық, сүйе білу, күйе білу, т.т., бұның бәрі адами болмыстан туады ғой. Алланы одан тек қорқып қана ғибадат жасауға болмайды, Алланы сүйіп ғибадат жасау керек! Алланы сүю керек! Біздің ұстанған діни жолымыз махаббатқа негізделген. Махаббат жоқ жерде дін де жоқ!
– Абай атамыз да «сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті!» деп бекер өсиет етіп кеткен жоқ дейсіз ғой?
– Ия, дәл соның өзі!
– Жақсы. Енді үшінші ұғымға – мағрифатқа келейік...
– Мағрифат – мына жарық әлемді, дүниенің қыр-сырын толығымен тану деген сөз. Ешқандай құпияның қалмауы десе болады. Оған біз қалай жетеміз? Сопылық таным арқылы жетеміз. Яссауи бабамыз былай дейді: «Сопылық таным жеті қабаттан тұрады. Әрқайсысының арасында он мың перде бар. Оның үшінші, төртінші қабатына келген кезде жеті қат жердің астындағы мен жеті қат көктегіні тани алатын жағдайға жетесің».
Бұдан екі жүз елу жылдай бұрын өмірден өткен атақты Мөңке бидің айтқан сөздерін алайық. Ол кісі бүгінгі күннің келбетін қолмен қойғандай етіп болжап кеткен жоқ па?
– Иә, марқұм Герольд Бельгер ағамыз: «Көріпкел деп Мөңкені айт! Бәрі – нақ, бәрі – дәл! Европалықтар болса жобалап соға берген Нострадамусты сонша құрмет тұтады. Олар мақтаған Нострадамусы қазақтың Мөңке биінің қолына су құюға жарамайтынын қайдан білсін!» деуші еді...
– Ал, Мөңке биге ол қасиет қайдан келді? Мөңкенің сопылықтың биік дәрежесіне көтеріле алғанының арқасында келді. Адамзаттың болашағын көріп отырды. Алланың дидарын көру – сопылардың арманы. Қашаған жырау да: «...Көрерсің Хақтың дидарын!» дейді. Жақсы болсаң, таза болсаң, білімді болсаң, сонда ғана көрерсің дейді.
– Жақсы, Зеке, рахмет! Бүгінгі осы жетер. Амандық болса алдағы уақытта талай жолығармыз. Сау болыңыз!
Сұхбаттасқан Өмірзақ Ақжігіт
qazaquni.kz