Шәкәрім сынаған Еуропа
2019 ж. 11 қаңтар
5078
0
Әр бір ел өзінің тамыры тереңде жатқан тарихына үңілсе қазіргі жеткен жетістіктерінің астарында қаншама сыр жатқандығын көрері сөзсіз. Қазақ елі бүгін де өзге елдермен терезесін тең ұстап келе жатқан жайы бар. Дегенмен, осы деңгейге өз күшімізбен жеттік пе? Біз көтерген зілдің салмағы қандай?
Әрине, бұл бізге кең байтақ даланы аманат етіп қалдырған ата-бабаларымыздың маңдай тері, көз жасы, қаны мен жанының құрбандық жемісі мен өскелең ұрпақ үшін Аллаға қол жайып сұраған дұғаларының сауабы да болар. Сондай жолдармен аманатталған жерімізді, тілімізді, дініміз бен арымызды сақтау және келер ұрпаққа жеткізу – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз, қастерлі борышымыз. Ар жолында, жан жолында найзасын тік ұстаған аталарымыз біз кешіп жатқан жарқын өмірдің келетіндігін біліп, өз замандарынан бөлектеп айтқан екен. Абылайхан бабамыздың: «Найза ұшы заманда ешкімге дес бермедік, қалам ұшы заманда қапы қалып жүрмелік» деген сөзінің көрінісі бүгінгі уақытты сипаттап отырғандай. Найза қасқа қолданылатынындай, досқа да қолданылуы мүмкін. Яғни, қаламды да солай қолдана аламыз. Қаламды дұрыс қолданудың негізінде үлкен тәрбие керек, ар-ұждан, намыс керек. Бұлай болмай қалам ұстау, жан қимақ болмақ. Міне, бүгін де біздің жағдайымыз осы.
Дәл осындай жағдайға өз кезінің куәгері Шәкәрім Құдайбердіұлы Еуропа халқының сол кездегі білімділігін былайша көрсетеді:
Көрiнер ғылымды елдiң сырты таза,
Тексерiп терең ойға салмағанда.
Ақымақ пен айуанның иiсi аңқиды,
Iстерiн әбден сынап талдағанда.
Европа бiлiмдi жұрт осы күнде,
Шыққан жоқ айуандықтан о да мүлде.
Терең ойлап сөзiмнiң түбiн бiл де,
Iштен жыла, шырағым, сыртпен күл де, – деп, қанша білімді болғанымен руханияттан жұрдай елдің айуандықтан шыға алмайтындығын айтуда.
Руханият дегеніміз не? Ол біздің салт-дәстүрімізді, тілімізді, діліміз бен дінімізді біріктіріп отырған мәдениетіміз. Өз мәдениетіңді сыртқа итеріп, өзге елдің мәдениетіне ұмтылу-әуелі Алланың жаратылысына қарсы шығу, екіншіден ұлтқа жасалған қастандық деп білуіміз керек. Себебі, Алла тағала Хұжрат сүресінің 13-аятында: «Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін, сендерді жеке ұлт, ру қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың» деп әр елдің өзіне сай тәртіп-тәрбиесі болатынын көрсетеді. [1, 571 б.]. Адамның табиғаты сол, елдер өзара білім алмасқанымен рухани құндылықтарды алмаса алмайды. Осыны меңзеген Шәкәрім Құдайбердіұлы өлең жалғасында:
Сол естi елде киiм бар «мода» деген‚
Керегiне лайықтап киiнбеген.
Жас балаша қызығып сәкәкүлге
Масқара боп жүргенiн бiр бiлмеген.
Әйелдерi – қуыршақ үлбiреген,
Жалбыр шашақ, сәкәкүл талай неген.
Кеңiрдегiн сорайтып, кеудесi ашық,
Осы емес пе орынсыз сәнқой деген.
Лайықты киiм жоқ па бұдан басқа,
Керексiз кербезденiп бос шатаспа.
Ақылды киiм бермес, ғылым берер,
Ғылымын ал, өнерiн ал, мұны таста! – деген болатын. Ал біз не істеп жүрміз? Білімін қойып керексіз мәдениетін алып жүрген жоқпыз ба?! Осы сөздерімен Еуропаны сынап жазған Шәкәрім бабамыз бүгінгі қазақ елін көрсе…
Міне, бүгінгі қазағымыздың қаракөздерін жоғарыдағы өлең жолдарымен салыстырып көріңіз. Елде қаншама білекті ер болсын, әлемді тербететін болашақ аналар бұзылса ол білектер ел қорғауға қалқан бола алмайды. Өйткені, ел қорғау келешекті ойлаудан бастау алады демекші, ондай аналардан ер емес, ез тумауына кім кепіл?! Осылай бейқам жүргенімізде атын жазуға жиіркенішті Шырын Нарчаева дегеннің сұмдығын да көзіміз көрді. Болымсыз істерде арыстандай ақырығымызды естіртіп, болымды істерде шымшық құрлы дыбысымыздың шықпағаны ма? Мынадай құндылығымызды аяқ асты етіп жатқанда «ескінің киімі ғой» деп отырсақ, бір күні басқасы келіп киіз үйіңнің үлгісімен әжетхана жасап, туыңмен сүртінбейтініне кім кепіл? Тағы да өзімізді ақтағандай, «оның ұлты қазақ емес екен» деген хабарды тараттық. Алпауыттай патша өкіметі тұрған уақытта жасқанбастан бабамыз Міржақып Дулатұлы:
«Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,
Қазағым, енді жату жарамас-ты, – деген қазақ, әле жылы төсектен шыға алмай жатқаны ма?..
Біреу мылтығын кезеп, елдің қаны, жердің шаңы шықпаса да бүгінгі қазақ ұлтының алдында одан да жаман болған руханиятын, абыройын жоғалту қаупі тұрғанын аңғартады.
Мылтық кезелген уақыттағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен кейін 1917 жылғы ақпан төңкерілісімен уақытша Үкіметті қолға алған қазақ елі елден қашқан босқындарға жылу жинап, елге қайтару әрекетімен жүргендігін баршамыз білеміз. Тарихи деректерден алынған мәліметтерде сол уақытта Міржақып Дулатұлы «Сарыарқа» газетіне мынадай мақала жария етеді: «Рулы елің қан жұтып тұрғанда, сен май жұтпа! Ата-аналар! Сендер балаларыңды еркелетіп, маңдайынан сипап, күнге-желге қақтырмай отырғанда өздеріңдей адамдардың балалары сатылып, көздеріне көк шыбын үймелеп жетімдікте жүргенін, бір түйір тамаққа, бір жұтым суға зар болып отырғанын ойлаңдар! Сендердің қатын-қыздарың күңдікте, аш-жалаңаш, абыройын жаба алмай отырғанын ойлаңдар!
Атқа мінер азамат сендерге ЕЛ керек, ЖҰРТ керек болса, басшылық қылып АЛАШТЫ аман сақтау қамына кірісіңдер!». [2, 86-б.].
Ел басына күн туып, етікпенен су кешетін заман келсе атойлап атқа қонатын азаматтар қазақта қай заманда да аз болмаған. Қазір де ондай азаматтар жетерлік. Өйткені, бөрінің артынан бөлтірік ақылды болғанынан ермейді. Арсыз қолым істеді, арлы бетім ұялдымен ештеме өнбейді. Сондықтан, мұндай нәрсені көрсетер екен, көрер жазасы да болуы керек. Сондай-ақ, бүгінгі күні маңызды болған мәселенің бірі ғаламторлық ақпарат соғысы. Осы мәселеде мейлінше сақ болғанымыз жөн. Ол сорақылар әлдегідей видеороликтердің тарауы арқылы пұл жинайтын көрінеді. Сол себепті ел игілігін ойлаған әрбіріміз ондай ақпараттарды тарату мен көруден сақтансақ оларға жасаған тиымдарымыз сол болмақ.
Және де қазіргі уақыттағы ата-аналардың отбасындағы тәрбиеге көбірек көңіл бөлудің жетіспеушілігі жасырын емес. Себебі, әрқайсымыз жұмысбастымыз. Уақыт жоқ. Баламның қарны тоқ, көйлегі көк болып ешкімнен кем болмасын дейміз де қоямыз. Бірақ ойлансақ бұл мәміле хайуанға да жасалады екен. Хайуан астына шөп салып, суын беріп қарнын тойдырғанан басқаны талап етпейді.
Айналайын, Қазақ елі! Ұрпақтың жолын сызып беретін мына біз. Қолымыздағы қаламды дұрыс ұстайық.
Айдос БЕРДІБЕКОВ ҚазҰПУ «Құқық және тарих» институтының магистранты
qazaquni.kz