Бейбарыс Сұлтанды неге бейшара күйде көрсеттіңіздер? - Ернат Ысқақ
2018 ж. 20 желтоқсан
4493
1
Өткен жолы театр басшылығына сұрақ қойып едім жауап болмады. Енді өкпемді айтайын. Еврей халқы баласы жетіге толған күннен бастап театрға ертіп барады екен. Мәдениетің мен тарихың осы деп. Менде солай сегіз жасар қызымды қасыма алып барсам деп ойландым. Бірақ, баламмен бірге отырып көретін спектакль таппадым. Өзім сенбей тұрған дүниеге баламды қалай сендірем. Әлқиссамды театрдың ашылуынан бастайын. Жылдағы үрдісінен жаңылмай Әуезов театры Абаймен маусымды ашты. Бардық. Көрдік. Ұнамады. Ұнамағаны Абайдың жан-дүниесіне үңіле алмадық. Қойылым пафосқа толы болды. Елдің қамын ойлап, қараша үшін қамығып жүрген Абай жоқ. Талтаң-талтаң басқан, мейманасы тасқан, көшіліктің төбесінен көкірек керіп қараған паң мінезді Абайды көрдік. Елі үшін еміреніп еңірегенде етегі жасқа толған, ұрпағына ұлағатты ұстаз атанған Абай қайда? Спектакль сәтсіз шыққан. Ақыры бастан қан шықты соңына дейін барайық. Келесісі «Сұлтан Бейбарыс». Бейбарыстың Мысырдағы өмірі тұтқынға түскеннен басталады. Қойылымның басы жақсы. Бірақ, сұрақ-жауапқа келгенде дархан даланың сардары, бір рудың баласына айналып кетеді. -Кімсің? - деген қожайынына, - «Қыпшақпын, руым Беріш» - деген кезде қойылымға деген құштарлығыңыз су сепкендей басылады. Ары қарай Мысырды алақанында ұстап тұрған сұлтан, Жайықтың жағасындағы бір түп жусанның иісін аңсайды. Аңсап, шаршап спектакль бітеді. Сол заманда бүкіл Араб иеліктерінің әміршісі атанған, Алтын ордамен Мысырдың арасына алтын көпір салған, Орта Азиядағы селжүктерді сілкіген сұлтанды неге бейшара күйде көрсеттіңіздер? Ол даңқты қолбасшы, сұңғыла саясаткер емес па еді. Қойылым нанымсыз. Ендігісі «Сыған серенадасы». Осыдан он жыл бұрын отбасымызбен барып көргенбіз. Керемет. Ұнады. Әлі де болса жақсы , бірақ сол актерлардың құрамы еш өзгермей келеді. Студент Қалдаяқов дегенде, жасы елуден асқан, аздап қарыны шыққан және қимылы сылбыр Бекжан Тұрыс шығады. Махаббатқа мас, баяғы жас Шәмші жоқ. Жалпы Шамс пен Изольданы ауыстыратын уақыт жетті. Массовкада сахнаға сыймай жүретін әртістердің ішінен неге жаңа құрам жасақталмайды? Спектакль ескірген. Келесісі «Ғасырдан да ұзақ түн». Премьерадан қалмайтын ескі әдетім бойынша, билетімді алып театрға келдім. Көрерменнің аздығына көңілім түсіп тұр еді, сөйтсем бұл қойылым аз адамға арналған жаңашыл дүние екен. Не керек залға кіріп едім сахнаның төрінен бірақ шықтым. Жаңашылдарым көрермен мен әртістердің арасында жақындық болу керек деп шешіпті. Аза бойым қаза боп қойылымнан ләззат ала алмадым. Себебі кешегі талай мықтының маңдайының тері мен табанының ізі қалған киелі сахнаны, әр жерді бір басып келген аяғыммен таптап отырмын. Есігінен имене енетін театрдың сахнасына қалай шығып кеттік? Қазақ құрмет тұтқан аға- апаларымның киелі сахнасын, қайда барғаны белгісіз аяғымен әркім неге басады? Аз адамға қою керек болса неге кіші залға қоймадыңыздар? Түсініксіз дүние. Тағы бір айта кететін нәрсе, Қазақстанда бірнеше өнер институты бар. Сол оқу орнын бітірген жастар неге театрға келмейді? Алған тәлімін халыққа неге көрсетпейді? Жылтыраған жарнама мен түсініксіз телесериалдарда және жиын тойдың басында неге көп жүреді? Бұрындары өнер ордаларын қоғамда беделі бар көрнекті өнер қайраткерлері басқарушы еді. Мысалы Әзірбайжан Мәмбетов, Досхан Жолжақсынов, Нұрғанат Жақыпбаев сынды тұлғалар. Қазір мансап қуған әркім келіп кетіп жатыр. Бұл театрдың репертуарына зардабын тигізіп жатқан жоқ па? Жалпылама айтар болсақ, театрдың репертуарын жаңалау керек. Бізге Гамлет, Ромео мен Джулетта, Анна Каренинаның керегі шамалы. Өз классиктерімізді жарылқай алмай жүріп, өзгені қайтеміз. Болатын ел болашағын тәрбиелейді. Өткен тарихты сахналай бергеннен үлкен тағылым көріп тұрған жоқпын. Атамыз батыр болған еді деген құр айқайдың кімге керегі бар. Театрға адам демалуға және рухани ләззат алуға барады. Осыны ескеріңіздерші.
Ернат Ысқақ, Фейсбук парақшасынан