Мәдениет: өркениеттерді қалыптастырады, халықтарды жақындастырады
2018 ж. 19 желтоқсан
3441
0
Әлем астанасы Нью-Йорктегі форумда қазақ әдебиеті мен мәдениетінің таныстырылымы өтті
Үстіміздегі жылғы желтоқсанның 4-і мен 7-сі аралығында Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы Қазақстан Жазушылар Одағымен бірлесіп «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» атты Қазақстанның мәдениеті мен әдебиетінің кезекті халықаралық форумын әлем астанасы саналатын Нью-Йорк қаласында өткізді, - деп хабарлады "Парламент және халық" басылымы.
Бұл іс жүзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандық мәдениет жаһандық мәдени мұраның ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Ол әлемдегі түрлі халықтардың мәдени құндылықтарын қабылдау жүйесінде нақты танылуы тиіс», – деген талабынан өрбіген қадамға айналды. Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Үмітхан Дәуренбекова айтпақшы мұндай форумдар бұған дейін Сеул, Лондон және Берлин қалаларында өткізілген болатын. Мақсат – қазақстандық мәдениеттің әлемдік мәдени кеңістікке интеграциялануына жол ашу. Іс-шаралар аясында әдебиет, мәдени алмасу мен ынтымақтастық саласындағы соңғы үрдістерді сараптау, мәдениет пен әдебиет саласындағы мамандардың ұлттық идеясы шеңберіндегі күш-жігерін біріктіру көзделді. Іс-шаралар жоғары деңгейде өткізілді. Сондай-ақ өзара әріптестік аясында әдебиетшілер мен өнер өкілдері үшін қолайлы шығармашылық ахуал қалыптастырылды. Тәуелсіз Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері шетелдік әріптестердің қызығушылығын тудырды. АҚШ-та өткен форумға «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Президент және Халық» газетінің Бас редакторы, жазушы-публицист Марат Тоқашбаев, ақын, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Шөмішбай Сариев, «Қазақ үні» газетінің президенті Қазыбек Иса, жазушы, сыншы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Асқар Алтай, жазушы, журналист, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат, ақын, филология ғылымдарының кандидаты Еуразия ұлттық университетінің доценті Оңайгүл Тұржан, белгілі тележүргізуші Майя Бекбаева және т.б. қатысты.
Форум аясында қазақ авторлары кітаптарының тұсаукесері және «Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті» фотокөрмесі өткізілді. Форум тізгіні тапсырылған «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп өзінің ысылған, тәжірибелі модератор екендігін байқатты. Форум синхрондық аударма арқылы негізінен қазақ және ағылшын тілдерінде өтті. Өз кітабының тұсаукесерінде ақын Шөмішбай Сариев осындай жетістіктің өзі Қазақстан тәуелсіздігінің арқасы екендігін айтып: «Өзімізбен қатарлас ақын-жазушылар шетелге шығып жатқанда: «Шетелге өзім жетпесем де, өлеңім жетсін», – дейтін едім. Америкаға тұңғыш рет аяқ басып тұрмын. Осында кітаптарымның тұсаукесерін өткіздім. Әсер деген ұшан-теңіз!» – деп тебіренді. Форум жұмысына қатысқан Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінің Нью-Йорктегі бас консулы Жәнібек Әбдірашев мырза Қазақстан мен АҚШ арасындағы достық байланыстарға тоқталып, оның ішінде мәдени және әдеби байланыстардың көкжиегі кең екендігін баса айтты. Модератор Нұртөре Жүсіп форумға зор ынта білдірген АҚШ қаламгерлері мен өнер, бизнес саласының мамандарын таныстырып өткен. Ақиқатында бизнесмен Рави Батра, профессор, философия ғылымдарының докторы Леонид Голдин, халықарылық билердің жұлдызы, мейманханалар мен халықаралық жобалардың дизайнері Марселла Рэйвел, әнші, Нью-Йорк университетінің профессоры Диаз Муссалимов, гастрольдік сапарлардың дирижері және музыкалық директоры Мартин Пикук, Франция, Оңтүстік Африка, Оңтүстік Корея, Гонконгта көрмелері өтіп жатқан Шейла Превост, медицина профессоры Даниелл Фасс, кәсіпкер Дэвид Валеру форум жұмысына белсене қатысып ой-пікірлерімен бөлісті.
«Қазақ үні» газетінің президенті Қазыбек ИСА: – «Рухани жаңғыру» аясындағы «Туған жер» бағдарламасы ұлттық кодтың қалпына келуіне қайрат жасайтын елдік маңызы ерекше үлкен шара. «Отан отбасынан басталатыны» сияқты, Тәуелсіз еліміздің берік негізі туған жерден бастау алатыны айқын. Қазығы ауылда қағылып келген қазақ үшін туған ауылы қай қиырда жүрсе де, қай қияға шықса да, әрқашанда қасиетті мекені! Қазір жаппай ауылдан қалаға көшу белең алып тұрғанда, бұл бағдарлама ауыл ажарын кіргізіп, елдің берекесін арттыратыны анық. Бұл жобаға материалдық құндылық бере алатын кәсіпкерлермен қатар рухани күш беретін қаламгерлер, жалпы зиялы қауым да белсене атсалысуы тиіс!
«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен ҚУАТ: – Түркі халықтарының арғы атасы болып саналатын сақтар мен ғұндардың ауызша және жазба әдебиетінің сақталған нұсқаларын қазақ ғалымдары қазақ әдебиетінің бастапқы шығармалары санайды. Көптеген зерттеулердің нәтижесінде көне түркі әдеби мұралары қазақтың ұлттық сөз өнерінің генезисі болып есептелуде. Олар – сақтардың «Алып Ер Тоңа», «Шу» сияқты қаһармандық дастандары, ғұндардың «Атилла», «Көк бөрі», «Ергенекөн» сияқты батырлық жырлары, Моңғолия мен Ресейдегі Оңтүстік Сібірден табылған Орхон-Енисей жазба ескерткіштері, «Қорқыт-Ата» кітабы. Х-ХІІ ғасырларда өмір сүрген түркі даналары әл-Фараби, М.Қашқари, Ж.Баласағұн, Қ.А.Йассауи, А.Йгүнеки, С.Бақырғани шығармалары да қазақ ауыз және жазба әдебиетінің қалыптасуына белгілі дәрежеде ықпалын тигізгені анық.
«Тұмар» журналының бас редакторы, ақын Оңайгүл ТҰРЖАНОВА: – Бүгiнгi өркениет жетiстiктерiнiң талайы дерлiк ауыз әдебиетiнен және одан берiдегi көркем шығармалардағы кейiпкерлер мен оқиғалардан қазiргi өмiрге көшiрiлдi. Яғни, қиялда сызылып, шынайы өмiрде жүзеге асырылды. Демек, көркем әдебиетi өркендеген ел – идеялар отанына айналады. Олай болса, біз әлемдік әдебиеттің бір-бірімен үнемі байланыста болуына мүдделі болуымыз керек. Бір-бірімізден идея алу арқылы, адамзаттың қоғамын жаңа кезеңге көтеруге ұсыныс жасай аламыз. Көркем әдебиеттің негізгі миссиясының бірі осы.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ: – Жазу – мәдениеттің маңызды белгісі. Әлем халықтары мәдениетінің дамуында жазудың алатын орны айырықша. Түркі халықтарының тарихы мен мәдениетінің де тамыры тереңде. Біздің жазу мәдениетіміз көне ғасырлардан бастау алып жатыр. Түркі халықтарының әлемдік мәдениетке қосқан үлкен үлесінің бірі Орхон-Енисей, Талас ескерткіштеріндегі мәңгілік өшпестей етіп тасқа қашалып жазылған руна жазуы. Біз жаһан жұртшылығының алдында өте ерте замандарда жазуды ойлап тапқан, өз жазуын тұтынған халықтың, көне түркілердің ұрпағы ретінде айдай әлемге жар салып, мақтанышпен айта аламыз.
Жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Асқар АЛТАЙ: – Әкемді он жасында алып кетіп Мәскеу түбіндегі әскеридиверсиялық мектепке түсіріпті. Ол барлаушы офицер болып, Шынжаңдағы қазақ халқының тағдырына әсер етуге ұмтылыпты. Өкінішке қарай ондай азаматтар құрбандыққа шалынып кетті. Әкемнің барлау ісіндегі қызметі жайлы тұтас бір романды арнаймын деуші едім, кейін бұл ойымнан айныдым. Себебі, тек әкем жайлы жазсам, ол бір ғана барлаушының тағдыры боп кетер еді де, халықтың шеккен қайғы-қасіреті, қуаныш-шаттығы мен толайым тарихы тыс қалып қояр еді. «Сират» атты романымда әкемнің тағдырымен байланыстырып Дуглас Маккернан деген америкалық азамат туралы егжей-тегжейлі жаздым.