Астанада Көңілді тапқырлар алаңының үздік командасы анықталды
2018 ж. 10 желтоқсан
4556
0
Астанада басты әзіл сайысы «Көңілді тапқырлар алаңы» жобасының ақтық кезеңі өтті. Қорытындылаушы жарыста КТА жастар командасаның 5 құрамасы сынға түсті – «Тек қана қыздар» (Алматы) , «Жерұйық» (Атырау), «Арман қала» (Жетісай), «Сағыз» (Атырау облысы) және «Қармақшы» (Қызылорда облысы).
КТА финалын тамашалау үшін елордамыздың үлкен залдарының бірі – «Барыс арена» мұз айдыны сарайына 9000 көрермен жиналды. Жарысқа қатысушылар үш байқауда шеберлік байқасты – сәлемдесу, СТЭМ және бір ән байқауы.
КТА ойынының бас жүлдесін – Кубок пен бір жарым миллион теңгені Атырау облысының «Сағыз» командасы олжалады. Сонымен қатар, команда капитаны Ернар Сакупов биылғы маусымның үздік ойыншысы атанды. Атыраулық «Жерұйық» командасы екінші орынға табан тіресе, «Тек қана қыздар» (Алматы) командасы үздік үштікті тұйықтады.
Ақтық жарыстың әділ қазылар алқасының мүшелері ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева, «Музарт» тобының солисті Кенжебек Жанәбілов, Олимпиада чемпионы, танымал қазақстандық былғары қолғап шебері Данияр Елеусінов және ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Сайлау Камиев әзілкештерге лайықты бағаларын берді. Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов қазылар алқасына төрағалық етті.
* Үздік әзілкеш команданы анықтау үшін жыл бойы іріктеу жүргіздік. Қаңтар айында, жаңа маусымды енді ғана бастаған кезде барша Қазақстаннан КТА-ға қатысуға 54 команда өтінім берген болатын. Финалға оның бесеуі ғана өтті. Әр кезеңде жеңімпаздарды анықтау қиын болды, дегенмен, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар суырылып шықты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келер жылды Жастар жылы деп жариялады. Ал КТА болса, қазақстандық жастарға өз талантын баршаға паш етуге мүмкінік беретін бірден бір алаң, — деп атап өтті Болат Мажағұлов.
Бес сағатқа жуық созылған жарысы көрермендерін еш жалықтырған емес. Себебі КТА-ның өткен маусымдарының жеңімпаздары «Арал-Ас» және «Назар Аудар» командалары әзіл-сықақ кешін одан сайын қызықтыра түсті. Қазақстандық КТА-ның теңдессіз жүргізушісі, еліміздің танымал әзілкеші Тұрсынбек Қабатов та қонақтарды күлдіріп, көңілдерін көтерді.
КТА «Көңілді тапқырлар алаңы» — бұл қазақстандық ойын-сауық думанының жаңа форматы, өмірден алынған әзіл. Аталмыш жоба үш жылдан бері Астана әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Жаңа, төртінші маусым келер жылдың қаңтар айында КТА командаларының фестивалінен бастау алады. КТА-ның өңірлік лигаларының жеңімпаздары автоматты түрде маусымға қатысуға жолдама алады, басқа ұжымдар байқаудың ұйымдастыру комитетіне өтінім бере алады.