Жаңа еңбек тарихи сананы жаңғыртады - Такир Балықбаев
2018 ж. 26 қараша
3248
0
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын жаңа еңбегі оның 2017 жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы бағдарламалық мақаласының заңды жалғасы болып табылатыны даусыз.
Мемлекет басшысының биылғы мақаласы да Қазақстанныңтарихи-рухани дамуына орасан зор септігін тигізбек. Осы пікірімен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор Такир Балықбаев бөлісті, - деп хабарлайды Қазақпарат.
«Өйткені, Мемлекет басшысы бұл еңбегінде де Ұлы даланың тарихына, руханиятына қатысты бірнеше жобаларды ұсынып отыр. «Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектемелеріміз де жеткілікті», дейді автор. Елбасы протомемлекеттік бірлестіктердің дені қазіргі Қазақстан аумағында құрылып, қазақ ұлты этногенезінің негізгі элементтерін құрап отырғанын, еліміздегі зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келмегенін, керісінше, көпшілігі осы кең-байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралғанын айтады»,- деді ол.
Оқу орнының ректоры Елбасының мақаласы Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік беретініне назар аударды.
«Елбасы кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайтын жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік беретініне назар аударылды. Елбасының жаңа еңбегінде атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны, жылқыны ең алғаш қолға үйреткен де, оны әскери көлік ретінде пайдаланған да, сауытты ойлап тапқан да, садақ оғының ұшына темірден жебе орнатып, екінші ұшына қауырсын байлаған да, металл өндіру - металлургия өндірісін ашқан және қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпаларын алғаш алған да біздің бабаларымыз екенін асқақ сезіммен айтады. Алтын адамның алтынмен апталған киімі мен сауыт-сайманын өрнектеген бұрынғы өткен бабаларымыздың өнерге қаншалықты жақын, қаншалықты шебер болғаны, қала салып, сәулет өнерін дамытқаны нақты да шынайы баяндалады. Әрине, мұның бәрін тарихи деректерден бұрыннан білеміз десек те, Мемлекет басшысының еңбегінен кездестіруіміз жадымыздағы бұрынғы деректерді нақтылай түскені даусыз», - деді Т.Балықбаев.
Профессор Президент мақаласындағы бірнеше ауқымды жобалардың маңызы туралы да тілге тиек етті.
«Елбасы осы еңбегінде тарихи сананы жаңғыртуды өзек етіп алып, бұл бойынша бірнеше рухани жобаларды ұсынып отыр. Алдымен «Архив - 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасап, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың өз еліміздегі және шет елдердегі ірі архивтермен ұзақ мерзімді байланыстарын қалыптастыру арқылы Ұлы далаға қатысты тарихи деректерді жинастыру, оларды цифрлы форматқа көшіру назарға алынады. Бұл арада мектеп оқышыларын отаншылдыққа тәрбиелеу үшін мектептерде тарихи-өлкетану қозғалыстарын өрістеу қажеттілігі туындайды. Екіншіден, Ұлы даланың Әл-Фараби, Яссауи, Күлтегін, Бейбарыс, Әз-Тәуке, Абылай, Кенесары, Абай сияқты ұлы перзенттерін және басқа да тұлғалар арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу үшін «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу, қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар мен ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу, «Ұлы дала тұлғалары» ғылыми-көпшілік серияларын шығару, «Ұлы дала» ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу уақыт талабына айналып отыр.
«Ұлы даланың ұлы өркениеттері» жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құрып, соның негізінде ежелгі сақтар, ғұндар, ұлы түркі қағандарының дәуірі және басқа да тақырыптар бойынша фестивальдар өткізу, ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын - үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғаларын ішінара қалпына келтіретін туристік жобалар да маңызды. Дала фольклорының антологиясын жасау, тарихи кино және телевизия туындыларын шығару да кезек күттірмес міндет. Мұның бәрі Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың ұсынып отырған жаңа жобалары. Ұлы даланың ұлылығын ұрпақ санасына сіңіріп, одан әрі әлемге танытуда бұл жобалардың маңызы зор», -деді профессор.
Оның айтуынша, бұл шараларды жүзеге асыруға атсалысу жоғары оқу орындарына да зор міндеттер жүктейтіні белгілі.
«Сондықтан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жалғастыратын әрі толықтыратын «Ұлы даланың жеті қырына» біздің оқу орнымыздың профессор-оқытушылары мен студенттерінің де белсене атсалысатынына сенімдімін. Қысқасы, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» еңбегін оқи отырып, оның халқымыздың тарихына, мәдениеті мен руханиятына, болашағына деген жанашырлығына, патриотығына таң қалмауың мүмкін емес. Елінің жоғын жоқтап, тарихын түгендеп, ұрпағының қамын ойлаған Елбасына халқымыздың ризашылығы шексіз», - деді Т.Балықбаев.