Соңғы сұхбат
2018 ж. 23 қараша
2966
0
«Қамшы сабындай мынау қысқа ғұмырда адам бір-біріне қонақ қой. Бүгін бар, ертең жоқсың...»деп отырушы еді әжелеріміз. Рас екен. Қарағандыда тұратын туған баурымыз Нұрлан қайтыс болып, Астанадан інім Сәулебек екеуміз асығыс аттанып бара жатқан жолда «Тілеш журналист қайтыс болыпты!»деген суық хабар жүректі тағы тілгілеп өткен.
-Ойпыр-ай, екі күн бұрын ғана сөйлесіп едім ғой...Дүйсенбіде телефон соғам деп еді ғой!-дей беріппін. Өмір деген осы...
Тілешті өткен 70-ші жылдардың бас кезінен білетін едім.Онда Қарағанды облыстық радиосында қызмет істейтінмін. Осында келгелі туған ағамдай болып кеткен Қыздарбек Әкімбеков,Мәди Сәрсенбаев, Өтеу Нұрғалиев, Орынбай Аймағанбетов ағаларымыздан тілшілік қызметтің қыры-сырына біршама төселіп, «Жас түлек» жастар бағдарламасын басқаруға қол жеткізіп қалған кезім. Алматыдан ҚазМУ-дің (ол кезде С.М.Киров атында) журфагінен Тілеуқабыл Байтұрсынов деген студент тәжірибеден өтуге келді. Алдында Сәулебек інім телефон шалып, әбден мақтаған. Рас екен. Мінезі биязы,өзін мәдениетті ұстайтын, үлкенге де, кішіге де елпектеп тұратын балаң жігіт мұнда да бірден «Тілеш» атанып жүре берген..Ол кездегі аға буын ара-тұра бас қосып, түрлі жаңалықты атап өтуге бейім. Тілештің де алғашқы қаламақысын «жуғанымыз» есімде қалыпты. Кейде үйге де ертіп келемін.Бір қызығы, наннан бір шымшып аузына салып қойып, маңдайы тепшіп шай ішкенді ұнатады. Мұндайда сәл ашылып, өз өмірінен үзік-үзік сыр-әңгіме шертетіні бар.Аңғарғаным,сырттай жуас көрінгенімен бойындағы тектілігі, басынан сөз асыра қоймайтын мінезі білініп қалатын. Біреудің нашар қылығын көрсе, бұлт басқан өзінің Қарқаралысындай тұнжырап кететін... Бұған қосарым,кейбірелер құсап жазғандарын тиын-тебен үшін әр жерге тықпалай бермейтін, жұмысына адал, мамандық этикасына беріктігі.
«Жас түлекке» алғашқы тырнақалды өлеңдерін жариялап, тәжірибеден өткен сері мінезді Бағдат,Сәулебек, Сәбиттердей емес, тұйықтау. Нағыз істің адамы.Маған ұнайтыны да осынсы. Екеуміз аз уақытта ағалы-інілідей болып кеткен едік.Ұзамай мен Алматыға, Қазақ радиосына қызыметке ауысып, ол болса Қарағанды радиосында қала берген.
Арада көп жыл өткен соң, осыдан бір жарым айдай бұрын ғана тағдыр соқпағы қайта табыстырған еді. Онда да сол жұрналистік шаруаға байланысты.Айтайын деп отырғаным да осы. Жыл басында бір топ академик-ғалымдар, белгілі жазушылар,қоғам қайраткерлері Ынталы топ құрып, тарих қалтарысында ұмыт қалып бар жатқан,тұтас бір рулы елдің, атақты Қаз дауысты Қазыбек бидің арғы ұлы анасы саналатын Қарқабат Ана есімін ұлықтау туралы мәселе көтергенбіз.Соның алғашқы отырысы қарсаңында «Орталық Қазақстан» газетіне сұхбат беру маған тапсырылған.Уақыт тығыз,бір аптадан аз қалған. Газет материалдары кемі бір апта,он күн бұрын жоспарланып, бекітіліп қойылады. Қайтпек керек? Қарағандыда баяғы мен танитын қаламдастар қалмауға айналған. Оның үстіне мен Сыртқы істер министрлігінде қызмет еткен біраз жыл жуабында шығармашылық байланыстан, ел азаматтарынан біраз қол үзіп қалғамын. Ойыма Тілеш оралды. Облысқа кең танымал жорналист,газеттен зейнеткерлікке шықты деген. Ұмытып қалмады ма екен деп қоям. Трубканы өзі алды.Ұзақ жылдан соң хабарласқаныма сәл таңырқағандай бөгеліңкіреп барып,артынша аңқылдап сала берді. Баяғы сол қалпы. Біреуге жақсылық жасауға құлшынып тұратын қайран Тілеш! «Келесі нөмірге...» дегенімде тағы бөгелді.
-Жігіттермен сөйлесіп көрейін... Бөке, мен сізді білем ғой! (Осы соңғы сөзді кейін де бірнеше қайталады).
Уәделі күні түс ауа қоңырау шалды.Өзі өте көңілді. «Қарбалас редакция жұмысын білесің ғой. Бірінші орынбасар Ерсінді тоса-тоса келмеген соң, материалды есігіне қыстырып кеттім,-дегенде іштей тіксініп қалдым.-Жо-жо-оқ..Алады. Алмай көрсін, шекесіне мынадай өлең жазып қалдырдым ғой! Тыңда: «Суреттері Арайда, Шығу керек қалайда.Саған айтар өтініш, күшіңді сал жарай ма?!»-деп жіберіппін ғой! Қайдан сап ете қалғанын білмеймін,әй! -Ол қоңыр даусымен мәз бола күліп алды.
Айтқанындай аз күнде көлемді сұхбатымыз жарқ етіп шыға келді. Қуанышымызда шек жоқ! Бір кезде өзі менен алғаш өндірістік тәжірибеден өтсе, енді майталман жорналшының бұл менен алған сұхбаты. Әттең... бұл оның өз журналистік жолында алған соңғы сұхбаты болар деп кім ойлаған!....
Қарқабат ана тақырыбы көтерілгеніне өте қуанышты. Дүйсенбіде міндетті түрде телефон соғамын деген. Қоштасарда манағы жазған өлең жолдарын есіне салып, енді жалғасын жазатын болдың ғой!,- деп әзілдегенімде, ол риясыз көңілмен тағы да рахаттана күліп: -Бұйырса...-деген.
Бірақ қайран Тілеш дүйсенбінің таңын көре алмай кетті....
Алдында інім Нұрланмен де телефон арқылы тілдескенмін.Онымен да соңғы рет сұхбаттасуым екен. Екеуі бір күнде өмірден озды.Тағдыр деген осы...
***
Нұрлан інім туралы айтқанда ойыма өткен 60-шы жылдардың бас кезінде тұрмыс жағдайымен Қарағанды облысының «Босаға» кеңшары орталығынан 50км.шалғай түпкірдегі екі-үш отбасы ғана тұратын «Қарашілік» қыстағында 6-7 жыл жұмыс істеген ауыр күндерім оралады. Комсомол жасына енді іліккен кезім. Қартаң әке-шешеміздің арманы қалайда балаларын оқыту. Үйдегі шиеттей баланың Нұрлан екеумізден өзгесі пәтер жалдап, қалада оқиды. Мен де қарап қалмай экстрно, сырттай атаулының біразын тауысқам. Тіпті,сол кездегі қазақтың маңдайына біткен жалғыз университет ҚазМУ-ге сырттай түсіп, «айды аспанға шығарғаным» да бар...
Бірақ Нұрланды мектепке жіберу қиын болды. Қоңыр қозыдай сүйкімді.Үйдің кенжесі. Ата-анамыз «келсең көл, кетсең шөл» қылатын құлыным-ау, сен кетсең біз не боламыз» дей береді. Ойлап-ойлап ақыры барлық оқулықтарын жинап алып, үйде оқытсам деп түйдім. Несі бар, анау атақты жазушы Софы Сматаев ағамыз он бітірген соң Киікті стансасында бізге әдебиеттен сабақ берген. Осы өңірден шыққан тұңғыш танымал жорналшы,сыныптас досым Есен Орынбеков біздің «Босаға» кеңшарының екінші бөлімшесінде бастауыш сыныпқа сабақ беруден бастаған (Ол кезде екі жыл ауылда еңбек етпесең жоғары оқу орнына қабылдамайтын тәртіп бар).
Қызықтың көкесі мектепке барғанда болды. Қиссаны жатқа соғатын, үлкендерге «Манасты», «Абай жолын» оқып беретін бұл баланың жалпы біліміне риза болған мұғалімдер бірден екінші сыныпқа қабылдамақ болып, аудандық оқу бөліміне хабарласып отыр екен. Нұрланым мәз. Қызылбаев мұғалім: «Мынауың керемет.Төрт жылдықты екі жылда бітірмесе қара да тұр!» деп қояды. Ақыры солай болды да. Кейін «Шет» кеңшарында ата-анамыздың қасында біраз жыл еңбек еткен соң, ҚарМУдың заң фаультетін ойдағыдай тәмамдап, мамандығы бойынша қызыметке кірісті. Ал,1992 жылдан Қарағанды облыстық Арбитраждық сотында судья, 1997 жылдан бастап қаладағы Октябарь аудандық сотының судьясы болды. Сазанбай руынан шыққан алғашқы кәсіби білікті судья еді деседі ағайындары. Нұрланның өзі: «мен қараған бірде бір іс жоғары инстанциядан кері қайтарылған емес»деп отыратын. Өмірлік қосағы Фаийза облысқа құрметті заңгер Төкім Әлмұрзиннің ең үміт күтетін шәкірті болғанын айтады.
Бірақ қазақты құртатын көреалмаушылық, басшылық тарапынан болатын түрлі кикілжің емес пе...Ақыры адвокаттықа ауысуына тура келді.Содан бастап-ақ ілгері басқан аяғы кері кете берді.Түрлі жағдайларға ұшырады.Ұзақ науқастанды. Кезінде өзі көп жақсылық жасаған адамдар сырт айналғанына іштей қынжылса да, дерті жанға батып, тіпті аяғынан баса алмай жүрсе де ешкімге шағым айтпай, ешкімге сілдет салмай, 62 жасында өмірден өтіп жүре берді...
Циркте қу тамағы үшін бала-шағаның аяғын жалап, көтерген шыбықтан жасқанып өңкеңдеп билеп жүрген арыстанды көріп түңілесің. Ал аштан өлса де ондайға бармайтын, ұрған таяққа қыңқ етпей, жотасын үрпйтіп шөкесінен түсіп жатып алатын текті дала көкжалын көргенде: «Әй,нағыз аң патшасы осы екен-ау!»дейсің.Өмірде де солай. Мына жарамсақтық жанбағысқа айналған заманда қилы тағдыр тауқыметіне бас имей, «ноқтаға басы сыймай» кеткен Көкбөрі тектес нарқасқа жігіттер еріксіз еске түседі...Мен білетін Нұрлан солардыңқатарынан еді.Тілеш те сондай деген ойдамын. Достарының жазуына қарағанда Тілешті де өмір көп еркелете қоймағанға ұқсайды.
Міне, күні кеше ғана жарық дүниемен қош айтысқан қос бауырымның бақиға аттанғанына да көзді ашып-жұмғанша 40 күн толып қалыпты. Осыған орай,олардың күрделі өмір жолдарының кей тұстарын еске алып, сәл де болса көпшілікке таныстыра кетуді өзіме ағалық парыз санап отырмын. Әрі басқаларға да азды-көпті ой салар деген үміттемін.
Болат Жәмкенов,
Қазақстанның құрметті журналисі