Меккедегі «Әл-Харам» мешітінің имамы неге жылады?
2018 ж. 12 қараша
6871
0
Өткенде бір жиында Шымкент қаласындағы «Торлан» мешітінің бас имамы Ғалымжан Мамырбекұлы Назаровтың уағызын тыңдаудың сәті түсіп қалды. Имам сонда не деді?
«...Біз кезінде жолынан қол тигізбейтін асау халық едік, бүгін жуас, момын халыққа айналдық... Көп нәрседе кежегеміз кейін тартып тұратыны бар. Ол дұрыс емес. Ол, әсіресе, халықтың мүддесі сөз болған, талқыға, таразыға түскен жерде дұрыс емес. Соның ішінде әр отырыстың өзінің мақсаты болады. Мысалы, біз бүгін еске алып, дұға оқиық деп бәріміз жиналып отырған марқұм Есболат Әбуұлы атамыздың артында қалған жақсы сөзі мен жақсы ісін айтып отырайық. Ал, ол кісінің артына қалдырған жақсы сөзі де, игі ісі де көп екенін бәріміз жақсы білеміз. Жалпы, қай отырыста болсын, білгенімізбен бөлісіп, білмегенімізді сұрап, белсенді болғанымыз абзал.
Мен өз басым білгенімді басқа ауыл-аймақтарға жол түсіп барып қалғанда да үнемі айтып жүремін. Өткенде бір ауылдың – қай ауыл екенін нақтылап жатпай-ақ қояйын - ақсақалдары маған осындай бір басқосудан соң: «Біз имамымызды уағыз айтып отырсаңызшы деп, уағыз айтқыза алмаймыз, айналайын, сені тоқтата алмай отырмыз ғой» дегені бар...
Ақсақалдар демекші, бізде мешітке келетін ақсақалдар аз. Ең жасы үлкендерінің өзі сол жетпіске жете қоймағандар. Жұма намазға келеді, сонымен болды. Сол кісілерді қайтсек мешітке көбірек тартамыз, қайтсек олар қоғамның ісіне белсенділеу араласатын болады, соның амалдарын қарастырып жатырмыз. Мысалы, ол кісілер көпшіліктің алдында дәмді де мәнді етіп бата беретін болса дейміз, соны үйренуге жұмылдырсақ дейміз.
Мешітіміздің жаңа ғимаратын соғып жатырмыз, мүмкіндіктеріңіз болғанынша атсалысыңыздар. Кеше, атасына рахмет, өзі зорға жүрген бір ақсақал дорбаға салып жеті кірпіш алып келіпті. «Шырағым, шамам келгені осы болып тұр» дейді. Қалай жүрегің елжіремейді... Бір көкеміз арматура сүйретіп әкеліпті. Пайғамбарымыздың (с.ә.с.) «кім мешіт салуға жәрдемдеседі, соған пейіштен орын бұйырады» деген хадисі бар. Біз кәзір мешітті демеушілердің көмегімен салу деген тәжірибеден бас тартып отырмыз... Себебі, олардың қол созуын созып алып, кейін «мен мешіт соққанмын» деп шаршатып жіберетін әдеттері бар. Оның орнына көпшіліктің көмегімен, асарлатып салып жатқан жайымыз бар. Ертең «демеушілеріңіз – кім?» деп сұраса, «демеушіміз – халық!» деп жауап береміз.
Өздеріңіз білесіздер, бізді 5 жыл сайын ауыстырып отырады. Әрине, міндетті түрде емес, бірақ, бес жылдан соң басқа жаққа барасыз десе, сізде ешқандай қарсы сұрақ тумауы тиіс... Сондықтан, әліміздің келгенінше әрекет жасап жатқанымыз ғой.
Ротация демекші, бірде осындай іс-шараға араласып қалғаным бар. Бір мешіттің имамы ауысатын болды. Ол жерге облыстық басшыларымыз біздің жақтың жігітін барсын деген шешім қабылдапты. Барсақ, әлгі ауылдың ақсақалдары «немене, өз арамыздан имам болуға жарайтын ешкім табылмағаны ма, бізге өз «еліміздің» адамының имам болғаны керек» деееееп отыр... «Бұл мәселеде де тәртіп, жосық деген болады, соны құрметтеген, соған бағынған жөн» деген сөзге тоқтайтын емес. «Мен кіріп сөйлесейін» деп өтініш жасадым.
«Қадірлі ағалар!» дедім. «Өзбекстанның Әндіжан облысындағы бір медреседе дәм-тұз тартып Қазақстаннан барған бірнеше жас жігіт оқыпты. Бітірер кезде әлгі оқу орнының жетекшісі оларды бөлек шақырып алып, былай деп батасын берген екен: «Осы дін жолына түскенде, менің қазақ ұстазым болды. Ол кісіге мен берген білімі мен үйреткен тәлім-тәрбиесі үшін өмір бойы қарыздармын. Біз үшін алдымызға келген шәкірттің бәрі бірдей десек те, мен әуелі Алла-Тағаланың ризашылығы үшін, сосын ұстазымның құрметі үшін сіздерге ықыласымды бөлекше төгуге, жиған-тергенімді сіздерге басқаларға қарағанда мейлінше молырақ беруге тырыстым. Мойнымдағы қарызымды осылайша сәл де болса өтегендей болдым» деген екен.
Біздің жақтың жігіті сіздің өңірге келіп қалған екен, ол да бес жыл бойы осы елдің жеткіншектеріне бойындағы бар нәрі мен сөлін сығып беруге тырысатын болады. Оның үстіне ол өте білімді жігіт. Сіздердің ертең оған риза болатындарыңызға мен сенімдімін. Одан білім алған жастардың ішінен Нұр-Мүбәракта болсын, шетелдерде болсын, діни оқуға берілетін, ұлтымыздың рухани тазалығын, бірлігін, ынтымағын нығайту жолында қызмет істеп, соған ғұмырын арнайтын небір талантты, дарынды балалалар өсіп шығуы әбден мүмкін. Әне, солар да өз кезегінде «біздің пәленше деген ұстазымыз болып еді» ризашылықпен есіне алып жүретін болады. Олар да өз кезегінде біздің елге де келіп имам болулары әбден мүмкін ғой. Сонда олардың біздің жақтың жастарына деген ықылас-мейірімі де басқаша болады».
Сөзге тоқтайтын текті ұлттың ұрпағымыз ғой бәріміз де. Әлгі кісілер де осыдан кейін қарсы болған жоқ. Біздің досымыз да абыроймен атқарды жұмысын. Тек 5 жыл түгелдей істей алмады, анасы ауырып, соның жағдайы болсын деп, ауылына ертерек қайтып оралды.
Мен өз басым, жаңағыдай тұрғыдан келгенде, осы ротацияны дұрыс үрдіс деп бағалаймын. Тіпті, мен, кейде Дулаттың ұлдары өмірлік сыңарын Дулаттан емес, басқа елдерден іздесе, Арғынның жігіттері Арғыннан алмауға, Адайдың жігіттері Адайдан алмауға тырысса, неғұрлым алыс жақтан таңдаса соғұрлым дұрыс болар еді деп ойлаймын...
Мен Алматыдағы Ислам институтында оқып жүргенімде өзіммен түйдей құрдас араб азаматымен бір бөлмеде жаттым. «Мен дәм-тұз тартып, Алматыда контрактпен 5 жыл жұмыс істедім. Оның мерзімі аяқталып келеді. Мысыр елі енді мені қай қиырға, қай елге жіберетіні маған беймәлім. Бірақ, мен еліме бір нәрсені – мен Қазақстанға ислам дінін үйретуге келгенмін бе, жоқ әлде үйренуге келгенмін бе, соны түсіне алмай қайтып бара жатырмын... Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ә.с.) мен білетін көп сүннетін сіздің халқыңыз орындайды екен – тамақты, шайды бірге отырып ішеді екен, жалғыз ішпейді екен, үйіне келген адаммен бөліспей тамақ ішпейді екен. Ақтөбеге қонаққа барып қалғанымда, үйдің иесі әйеліне «пышақты әперші» деп еді, әйелі пышақты күйеуіне сабы жағын ұстатты. Біз қайтар кезде сол әйел қонақтардың аяқ киімін алдарына әперіп, қойып жатты... Мен кейін қонақтан қайтқанымда ақтөбелік досымнан «әлгі әйел қай медреседе оқыған, пайғамбар сүннетін қайдан біледі?» деп сұрадым. Досым күлді: «Ол әйел ешқандай медреседе оқымаған, істегені – біздің салт-дәстүріміз!»
Бұның бәрі пайғамбарымыздың (с.ә.с.) сүннеттері ғой. Олар бізде ұмытылды кәзір...»
Біз кейде Мекке-Мәдинаға қажылыққа аудармашының міндетін атқару үшін барамыз. Сондай міндетпен барған бір досым өз басынан өткен бір қызық оқиғаны айтып келді. Қажылықта жүрген жерде аяқасты болып жатқан нанды досым көтеріп алып, биіктеу жерге қойыпты. Оны сол жігіттің өзінің тобындағы жасы үлкен бір кейуана көріпті. Содан оған: «Мені мына мешіттің имамына алып бар!» деп өтініш жасапты. Досым ол кісінің не айтпақ ойын біліп тұрса да: «Апай, не үшін барғыңыз келді?» демей ме? «Мен мына нанды аяққа басып жүргендерін айтамын!» «Ой, апай қойыңыз, керегі жоқ!.. Біз бөтен елде жүрміз. Әр елдің салты басқа дегендей...» демей ме? Апайдың өзі көп жыл басшылық қызметте істеген екен, балаларының да дәрежесі жоғары болса керек, айтқанын істетіп үйреніп қалған адамның әдетімен алып бармасына қоймапты. Сонымен «Әл-Харам» мешітінің имамына алып барады. Ол кісі екінші қабатта отырады ғой. Имамға кіреді. Кірген бойда: «Біз Меккенің халқын аспанға көтеріп жүреміз. Бұл жерде нанды аяққа басып кете береді екен, бұл қалай?!» демей ме? Біздің жігіт имамның қайтарған жауабына таң қалғанын айтады. «Имам алдымен ...жылап қоя берді. Сосын қай жақтан келгенімізді сұрап алды да: «Апа, – деді. – Нанды құрметтеу біздің де ата-бабаларымызда болған. Ал, кәзір нанды басып жүре беретін жағдайға жеттік. Сіздерде ондай салт сақталған болса, Қазақстанның халқына сәлем айтыңыз – сол дәстүрінен айнымасын! Қазақ халқына Алла-Таағаланың нұры жаусын!»
Бұл не деген сөз? Бұл – Алла-Тағала бізге «салт-дәстүрлеріңізге берік, мықты болыңыздар, оны қастерлеп-қадірлеңіздер, сақтаңыздар!» деп, ишара етіп жатыр деген сөз. Шариғат-шариғатымен, дінге қарсы келмейтін әдет-ғұрыптың өз орны бар емес пе? Біздің осы салт-дәстүрімізде сол шариғаттың көп адам біле бермейтін терең иірімдері жатыр. Егер біз нанды құрметтемесек, жасы үлкен жандарды құрметтемесек, олардың сөзін бөлетін болсақ, марқұмның артынан құран оқымасақ, әруақты сыйламайтын болсақ, онда біздің тірі болып жүргенімізден не пайда деген сұрақ туады ғой...
Құрметті жақсылар, біз не істейміз, жастарымыз соны қайталайтын болады. Жаман үлгі көрсетіп алмас үшін біз ең алдымен осындай жиында әр әңгіменің басын бір шалмай, жақсы уағыз, тәлімді-тәрбиелі сөз айтып отыруымыз керек.
...Қартайған бір кісінің баласы мен келіні оған бөлек тамақ беріп, дастархан басына өздерімен бірге отырғызбайтындығы жайлы тәмсіл, тіпті, интернетте ролик те жүр ғой. Мүмкін, ол қария ауру шығар, өзі уақтылы шомылып, жуына алмайтын шығар, үстінен жаман иіс шығатын шығар... Олардың сол әдетін көріп жүрген кішкентай баласы әкесіне: бір күні «мен де кейін өскенде сіздерге өстіп бөлек тамақ беретін боламын» депті. Ол бала «атаны осылай күту керек екен ғой, құрметтеу деген осындай болатын шығар» деген ой түйген, сосын барып айтып отыр, солай емес пе? Көрген-баққаны сол болса, сондай ой түймей қайтеді? Сонда барып ана жігіттің санасында сілкініс туып, не істеп жүргенінің байыбына барыпты...
Біздің мешітте де кейде намазға кешігіп қалатын жігіттер бар. Кешігу себебін сұрағанда бір-екеуінен: «әкемді жуындырып едім» деген жауап естігенмін. Ал, бұндай азаматтар кәзір мыңнан, миллионнан біреу шығар... Адам баласы Алладан ұрпақты не үшін тілейді? «Мен де ертең қартаямын, сол кезде мен қайтадан балаға айналамын, өзіме-өзім қарай алмайтын халге жетемін, сол кезде мен кішкентай кезінде өзіне қалай қарасам, енді балам маған сондай қарайтын болады» деген үмітпен тілемей ме? Біз соны ескеріп үлкендерімізге «қартайған шағыңызда Құдай сізге қайрат-қуат берсін!» деп тілек айтатын болдық...
Біздің салт-дәстүрімізді жоққа шығарғысы келетін салафиттерге қарсы күреске бәріміз де атсалысуымыз керек. Мысалы, менің өзім жақында сол мәселеге арналған бір форумға қатысқан бір азаматтың «әр намазда біз Имам Ағзам мазхабынанбыз» деп айтып отырайық» деген сөзін қойып кітапшама жазып қойдым. Тек жазып қоя салмай, айтып та жүрмін: «Біз Имам ағзам мазхабынанбыз, қолды құлаққа дейін көтереміз, кіндіктің астынан байлаймыз, екі аяғымыздың арасын төрт елідей ғана ашық ұстаймыз». Маған біраз жігіттер: «Дәл осылай етіп ескертуді тек сіздердің мешіттен ғана естиміз» деді. Сіздер де осы сөзді жүрген жерлеріңізде айта беріңіздер, айта беріңіздер.
Құрметті имамның сөзіне біздің қосып-аларымыз жоқ. Бәрін қаз-қалпындда жеткізуге тырыстық. Себебі, діни тұрғыдан ғана, жеке адами тәжірибелік тұрғыдан да ол кісінің сөзі жөн деген пікірдеміз. Әсіресе, имамдардың жиындарда елді аузына қаратып отырарлықтай белсенділігі жетісе бермейді. Белсенділігі жетіссе білім жетіспей жатады.
Ендеше, «ерден ердің несі артық – ептестірген сөзі артық» деп Бөлтірік шешен айтқандай, Ғалымжан бауырымыздай білімдар да белсенді имамдардың бар екеніне шүкіршілік дейік, олардың қатары күн санап көбейе берсін деп тілейік. «Бір ұлт – бір тіл – бір дін (бір мазхаб)!» деген ұранды ұстанбасақ, ат төбеліндей қазақты «алауыз етеріміз, алауыз етіп, аузындағысынан айырарымыз» сөзсіз ғой!
Өмірзақ Ақжігіт
qazaquni.kz