Астанада «Қасиетті Қазақ Елі» атты халықаралық өнер фестивалі өтіп жатыр
2018 ж. 07 қараша
3137
0
Астанада Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы ұйымдастырған «Қасиетті Қазақ Елі» атты xалықаралық өнер фестивалі басталды. Фестиваль аясында жыр мүшәйрасы, терме сайысы өтіп, қолөнершілердің үздік туындылары көрсетіледі.
Шараны ҚР Қоғамдық даму министрлігі, «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы және Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер фестиваліне еліміздің түкпір-түкіпірінен келген отандастарымыздан бөлек, Германия, Франция, Моңғолия, Ресей, Қытай және тағы басқа елдерден 50-ге жуық өнерпаздар қатысуда.
Шетелдегі дарынды қазақтардың қолөнерді, сөз өнерін, термешілік дәстүрді меңгерудегі шығармашылық шеберлігіне баса назар аударуды мақсат еткен ұйымдастырушылар, фестиваль арқылы олардың отансүйгіштік, рухани, ұлттық нақышта жасалған бұйымдарын, істеген кәдесыйларын, өлеңдер мен орындаушылық шеберлігін қалың елге насихаттасақ дейді.
«Елбасы V дүниежүзі қазақтарының құрылтайында шетелдегі қандастарымызға қолдау көрсететін қор құрып, қаржы жинау керектігін тапсырды. Көп ұзамай президент тапсырмасымен «Отандастар» қоры өз жұмысын бастап кетті. Бүгін, міне, сол тапсырманың аясында қордың ұйымдастыруымен алғашқы ауқымды шара өтуде. Одан бөлек, Елбасы шетел қазақтарына арналған бағдарлама жасаңдар деді, ол жасалып Үкімет бекітті және оған қажетті тиісті қаржыда бөлінді. Ендігі мақсат - сырттағы қандастарымызға қолдау танытып, олардың ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрді дамытуына жағдай жасау», - деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков фестивальдің салтанатты ашылуында.
Сонымен қатар, Зауытбек Тұрысбеков білім беру жобасы аясында қандастарымызға еліміздің көрікті және тарихи жерлерін көрсетіп, отанға деген сүйіспеншіліктерін арттыру бағытындағы шаралардың ұйымдастырылатынын да атап өтті.
Фестивальдің бір ерекшелігі жыр, терме және қолөнер додасына тек шеттен келген қандастар ғана қатысады. Ақындардың сөз саптасына, термешілердің мақамына, қолөнершілердің шеберлігіне сын айтып, әділ шешім шығаратын арнайы қазылар алқасы құрамы бекітілген. Қазылар алқасының төрағасы еліміздің белгілі ақыны, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері Қазыбек Иса.
- Осынау халықаралық өнер фестивалінің маңызы зор деп ойлаймын. Естеріңізде болса, дүниежүзі қазақтарының Бесінші құрылтайында Елбасымыз шеттен келген қандастарды қолдау туралы айтқан болатын. Бүгінгі фестиваль аясында өтетін додада арқаланып жыр жазатын, төгілтіп терме айтатын, қолөнер шеберлігі бар қандастарымыздың жүзден жүйрігі таңдалып алынады. Қатысып жатқан жігерлі ұл-қыздарымыздың бәрі де талантты, - деп пікір білдірді танымал ақын Қазыбек Иса.
Сонымен қатар, кеше Астанада шет елден келген қазақтардың тұрмыс тіршілігі, дәстүрі, тілі мен салт-сана мәселесіне арналған дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелде қандастар өздерінің ой-пікірлері мен тілектерін жеткізді. Шет жерден келген ағайындар елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының жат жердегі ағайындардың қамқоршы болған ыстық ықыласына ақ алғыстарын білдірді.
Еске сала кетейік, өнер фестивалі 7-8 қараша күндері Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді. Келем деушілерге есік ашық.