Астанада аламан айтыс өтті
2018 ж. 24 қазан
5044
0
Екі күн бойы Астана қызу жыр додасын тамашалады. Бір-бірінен кем түспейтін 20 ақын аламанға түсті. Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған халықаралық айтыс Елордамыздың 20 жылдығына арналды. Екі күн бойы ақындар әсем қала Астанасын жырға қосты. Айтысқа Қырғызстаннан, Моңғолиядан ақындар келді. Бұл айтыста бәрі айтылды. Қолдау да, Жолдау да, шұрайлы тіркес пен әдемі ұйқас та болды.
Бұл айтыс бұрынғыға ұқсамайды. Ұқсамайтын да жөні бар. Талай додаларда бақ сынаған хас жүйріктер көрерменінің алдында қызыл кілеммен жүріп өтті. Қазылар алқасына да сөз мәйегін ұғатын қаламгерлер жиылған. Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова министрдің алғысөзін оқып берді. Министр: «Айтыс – халық асыға күтетін, жоғары баға-лайтын ұлттық өнеріміздің бірі. Додада еліміздің түкпір-түкпірінен, шет елдерден келген от ауызды, орақ тілді айтыскерлеріміз өз бағын сынайды. Баршаңызды жыр-бәйгенің ашылуымен құттықтап, айтыскерлерге сәттілік тілеймін», – деп тілек білдіріпті.
«Жыр арқауы – Астана» айтысына қатысқан 20 ақынның да осалы жоқ. Бәрі бір-бір облыстың үкілеген үміттері. Сенім артқан серілері. Айтыс – ұлтты рухы. Айтыс десе, делебесі қозбайтын қазақ жоқ. Қазақ өнерінің ішінде асқағы да, биігі де – айтыс. Айтыскер де – сол деңгейде. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дейтін қазақ екі күн бойы айтыс көріп, жырғап қалды.
Қазылар алқасын Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет басқарды. Құрамында белгілі ақын Жүрсін Ерман, Моңғолиядан келген зерттеуші ғалым Шынай Рахметұлы, Түркиядан келген ғалым Әбдуақап Қара, Халық ақыны Әсия Беркенова, Еуразия университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, белгілі публицист, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп бар. Қазылар алқасының шешімімен, 20 ақынның ішінен оза шапқандар жүлделі орындарға ие болды. Үш бірдей ақын үшінші орын: Айбек Қалиев, Мақсат Ақанов, Серік Қойшығұловқа бұйырса, екінші орын Мейірбек Сұлтанхан мен Рүстем Қайыртайұлына берілді. Финалда бір-бірінен кем түспеген екі ақын: Мұхтар Ниязов пен Ринат Заитов та бас жүлдені қанжығасына байлады. Айтысты бастан-аяқ тамашалаған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы екеуін бір-бірінен бөлмей, тең жүлде тағайындап, өз қолымен табыс етті. Екі ақыны жүлде алғасын көрермен де дән риза болды. Жүлде қоры да қомақты: ынталандыру сыйлығын алған ақындар 500 мыңнан жүлдеге ие болды.Әділқазыға да реніш білдіріп, өкпе артқан ақын болған жоқ. Көпшілік те дән риза, жүлде алған ақындар да риза. Тек қана Дидар Қалиев қамығып қалғандай...
«Айтыс – халықтың рухын көтеретін өнер» екенін үнемі айтып жүреміз. Бірақ соңғы кездері айтыскерлер де «қуланып» алды. Қайталаулар көп. Алматыда айтқан сөзін Астанада қайталайды, болмаса, Талдықорған төріндегі айтысты «білдірмей» қосып жібереді. «Жымын білдірмей» жібердім деп, жымың-жымың еткенімен, тұрақты көрерменге бәрі анық. Үнемі айтыстарда қайталанып келе жатқан «бір тіркестер» бар. Оны ақынның өзі де біледі, көрерменнің өзі де сезеді. Бұл – бір. Екіншіден, ақпаратты толық зерттемейді. Әлеуметтік желіде «хит» болған тақырыпқа әуес. Трендтегі дүниені қозғасақ, көп «ұпай» жинаймыз деп ойлайды. Үшіншіден, көрерменге не ұнайтынын білетін кей «актер» ақындар бар. Әлеуметтің әлсіз тұсын тиімді меңгерген. Сол арқылы өзіне «бедел» жинайды. Ақынның бұл «ойыны» өзіне ұтыс әкелгенімен, абырой әпермейтінін ескерсе дейміз.
Дереккөз: Айқын