Алексей Лодочников, әнші: Затым орыс болғанмен, жаным қазақ...
2018 ж. 23 қазан
1458
0
Қазақстанның бетке ұстар азаматтарын халыққа таныстырған «100 жаңа есім» жобасы биыл бізді мақтан тұтарлық жаңа тұлғалармен қауыштырды. Есімдер тізімі жыл сайын қосылып отырса да, әр жоба жеңімпазының орны бір бөлек. Себебі, олардың әрқайсысы еліміздің дамуына өз үлестерін қосып келеді. Өнерімен талайларды тамсандырып келе жатқан Алексей Лодочников өзінің замандастарына үлгі тұтатрлық жан. Жүрегі қазақ деп соғатын қазақтың сары баласы қазақ тілі мен жастар саясаты турасындағы өз ойымен бөлісті.
– Алексей, өзіңді қысқаша таныстырып өтсең...
– Мен Павлодар облысының тумасымын. Ұлтым – орыс. Қазақ тілін жетік білемін. Қазақтың қара домбырасымен дәстүрлі әндерді орындаймын. Яғни, жаным – қазақ деуіме әбден болады.
Менің «100 жаңа есім» жобасына іліккенімнің өзіндік бір тарихы бар. 2016 жылы Павлодар қаласында Елбасымен кездесу болды. Кездесуде мен Президенттің алдында сөз сөйлеп, Ақан серінің «Балқадиша» әнін орындадым. Нұрсұлтан атамызға әнді орындауым және менің тілді жетік меңгергенім ұнап, өте риза болды. Осы кездесуден кейін Астана қаласына шақырылып, бірнеше мерекеде, кештерде ән айттым.
– Өзің жастайыңнан домбыра тартып, қазақтың күйін үйреніп, тілімізді еркін меңгергенің елеулі ерекшелік. Дегенмен, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атануға өзге де қасиеттерің көмектескен болар. Осы туралы тарқатып айтып берсең...
– Мен «Қашыр» балалар үйінің түлегімін. «Онда жүрген кезде Елбасымен кездестім. Бойымдағы талантыммен қазақ өнерінің дамуына үлес қоссам деймін. Осы жолда тынымсыз жұмыс істеуім өз септігін тигізген болар.
– Былтыр Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланды. Қазіргі кезде осы бағдарлама аясында көптеген шаралар жүзеге асып жатыр. Соның бірі – біз сұхбаттасып отырған «Зерен» жазғы жастар білім беру лагері. Сенің ойыңша мұндай шараларды өткізу қаншалықты маңызды?
– Қазіргі таңда Павлодар облысында «Рухани жаңғыру» аясында өзімнің концерттерім өтіп жатыр. Лагердің ұйымдастырушылары хабарласқан кезде мен өте қуанып, мұнда келуді жөн көрдім.
Республикалық жастар лагері жай ғана қаражат жұмсау емес, лагерде өзіңнің жобаларыңмен бөлісіп, оны әрі қарай дамытуға мүмкіндік зор. Өкінішке орай, бізде көп шаралар жоғары жаққа есеп беру үшін жүргізіледі. Сондықтан, жастар саласында ұйымдастырылып жатқан жобалар мен жоспарларды бір ретке келтіру маңызды деп ойлаймын.
– Өмірден өз орнын табу үшін жастар қандай болуы керек?
– Байқауымша, замандастарымның дені өздерінің ұнататын ісімен айналыспайды, көбінесе біреудің айтқанымен жүреді. Кез-келген адамның ішінде өзінің нақты жақсы көретін істері жатыр, бірақ та ол оны жүзеге асыра алмайды. Сондықтан, қазірден бастап жастар өзінің жақсы көретін ісімен айналысуы керек. Ұнатпайтын іспен айналысса, одан ештеңе шықпайды.
Өзім музыкалық колледжде оқимын. Бір жыл оқуым қалды. Бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына түсемін. Алдағы жоспарда бағытымды ауыстырамын, өйткені қазір тек жалпы музыкамен айналысып жүрмін. Музыканың ішінде де көптеген салалар бар. Мысалы, сольфеджио, теория және т.б. Бұл пәндер кей жағынан маған ұнамайды. Көңіліме көбінесе өзімнің авторлық әндерімді жазып, халық алдында орындау жақын. Колледжде ондай мүмкіндік жоқ, тек оқу керек. Менің арманым – «Шабыт» өнер академиясына түсіп, өзімнің жақсы көретін ісіммен айналысу.
– Іске сәт! Алексей, сен домбырамен эстрадалық әндерді орындайсың. Ал, мәдени салада жаңа бағыт ашатын алдағы уақытқа жоспарларың бар ма?
– Көбінесе домбырамен дәстүрлі әндерді орындаймын. Бұл – менің мамандығым. Ал қазір мен өзімді эстрада жағынан сынап жүрмін, өйткені, елімізде эстрада трендке айналды. Қазіргі таңда ән айтатындардың барлығы экран алдына шығады. Мен де артта қалмай, эстрада жанрында домбыраны жаңа қырынан танытсам деген ойдамын.
– Саған көп рахмет! Осы қазақтың қара домбырасын жастар арасында насихаттап, биік белестерді бағындыруыңа тілектеспіз!
Eljastary.kz