АҚИҚАТТЫҢ АЛДАСПАНЫ ЕДІ
2018 ж. 12 қазан
2894
0
– Сұм ажал Алаштың аяулы перзенті, абыз ақсақал, қазақ әдебиетінің қайталанбас қайраткері, қазақтың ұлы қаламгері Шерхан Мұртазаны ортамыздан алып кетті. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы, ақиқаттың алдаспаны, шындықтың шырақшысы атанған ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шерхан Мұртаза сексен жеті жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Алып жүрек тоқтады, асау толқын тыншыды. Қазақтың жүрегі қан жылап, теңселіп тұр. Шераға өз ғұмырын тұтастай жұртына арнады. Шырылдаған шындық үшін жанын шүберекке түйіп тұрып шайқасты. Ақиқат үшін арыстандай арпалысты. «Айыр тіл жыланда ғана болады, ал адамның тілі – біреу ғана» деп туған тіліміздің мәртебесі үшін күресті. Жерді сату – ананы сатумен тең деп, туған жерінің тұтастығы үшін тартысты. «Рухы мен намысы сөнген ел – өлген ел» деп ұрпақтың рухын оятты. «Тәуелсіздіктің дәмі тәтті, жолы қатты» деп егемендігімізді бекітуге бел буып кірісті. «Елбасы біреу, қалғанымыз тіреу болуымыз керек» деп еліміздің болашағы үшін көкбайрақтың астында тізе қосып бірігуіміз керектігін қадап айтты. Ақиқаттың алдаспаны, шындықтың шырақшысы болған қаламгердің өлмес шығармалары ұрпаққа мирас болып қалды. Күндей күркіреген күш-қуаты, мұқалмаған жігері, арқыраған айбары, найзағайдай жарқылдаған намысы қалды.
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,
ақын, ҚР Мемлекеттік
сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы
басқармасының төрағасы
qazaquni.kz