Омар Жәлел: Бүгінгі балалар ұялмайды, себебі, олар ұялмайтын шешелерден туып жатыр
2018 ж. 24 қыркүйек
34979
6
Омар Жәлелұлының дәрісі
Жан күндердің күні келгенде тәнді тастап кетеді. Жанның өз ұясын тастап шығып кету үдерісін не деп атаймыз? Өлім деп атаймыз. Абай жанды «мен» дейді, тәнді «менікі» дейді.
Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.
“Мені” мен “менікінің” айрылғанын
“Өлді” деп ат қойыпты өңкей білмес.
Сонда біз өлмейді екенбіз ғой? Біз айтамыз өлмейміз деп. Шын мәнінде көбіміз өлеміз деп ойлаймыз. Көбіміз мәңгілік өмірді ойламаймыз. Мәңгілік өмір мен осы өмірді салыстырғанда қайсысын бірінші орынға қоямыз? Осы өмірді бірінші орынға қоямыз, солай ғой? Екі жас үйленіп жатқан кезде де молда алдында мұсылмандық жолмен неке қиылғанда «мынау сенің – ақыреттік жолдасың, бұл адам саған аманат» деген сөз айтылады. Сонымен қатар бүгін «қыз бала барған жеріне «мен бақытты болайын» деп бармау керек, «мен барған жерімді бақытты етемін!» деп бару керек» деген тіркес айналымға түсіп кетті. Осы сөзді бүгін бәріміз тоты құстай барлық тойда қайталап айтатын болып алдық. Біреу айтып қалды, болды. Оның қандай сөз екеніне терең мән беріп ойланып барып айтып жатқан ешқайсымыз жоқ.
Міне, сол сырты ұнап қалған сөздің бәріміз жабылып тиражын көбейтіп жатырмыз. Ал, шын мәнінде біздің бүгінгі өміріміздегі, отбасымыздағы ең басты проблема, мәселе – сол ақыреттік сананың жоқтығы. Неге? Бәрін осы дүниенің өлшемімен өлшейміз. Сөйтеміз-дағы адасамыз. Неге адасамыз? Өйткені, осы дүние ненің өлшемі? Ол тәннің өлшемі. Негізгі себеп осында жатыр. Ол қандай себеп? Себеп – тәннің тойымсыздығында. Тән – той-ым-сыз! Онда тою деген жоқ. Негізгі диагноз – осы. Қашан қазақ ақыреттік санаға ие болады, қашан қазақ мұсылман болады, әне, сонда .... Өйткені, Абай айтады: «Кім де кім о дүниенің қызығынан осы дүниенің қызығын артық қойса, о дүниенің қайғысынан осы ддүниенің қайғысын артық қойса – ол мұсылман емес» дейді. Қайсымыз кәні о дүниенің қуанышын осы дүниенің қуанышынан артық қоямыз? Бар ма сондай адам осы залда?.. Сөйте тұра өзімізді мұсылманбыз деп санаймыз. Ал, біздің аналарымыз осы дүниенің қызығынан о дүниенің қызығын артық қойған – «отыз ұлым болғанша осырақ шалым болсын» дейді. Неге? Өйткені, ақыретке барғанда отыз ұлынан алмайтын сауапты осырақ шалынан алады. Алла-Тағала о дүниеде әйелдің ерінен: «Сен әйеліңе ризасың ба?» деп сұрайды екен. Егер ері «мен ризамын» деген жауап берсе, әйелге «сегіз жұмақтың қалағаныңа кір» дейді екен...
Әйелдің жұмаққа кіруі күйеуінің ризашылығына байланысты болса, баланың жұмаққа кіруі анасының ризашылығына байланысты екен. Осындай
сана бар ма бүгін? Жоқ! Бізде бүгін бақытты боламын деп немесе бақытты етемін деп тұрмысқа шығады-дағы, көңілі қалаған көйлегіне қолы жетпей қалса, күйеуі алып бере алмаса, үйде конфликт, қақтығыс басталады. Анау жетпей қалса да қақтығыс, мынау жетпей қалса да қақтығыс. Абай атамыз:
«Ұяламын дегені көңіл үшін,
Ұсақ қулық бір ғана өмір үшін.
Татымды достық та жоқ, қастық та жоқ,
Жігері жоқ, маңызы жеңіл үшін» дейді. Біз қазір ұялмайтын болдық. Ұят ненің сипаты? Ұят – жанның сипаты. Қазақ Абайдың кезінде-ақ ұяялуды қойған екен. Абай айтады: «Қазаққа ұялмайсың ба?» десең, «қойшы, ұялдым, дедім ғой, қойшы енді» дейді. «Ұяламын дегені көңіл үшін». Сонда біз Абай атамызды ренжітпес үшін ғана «ұялып тұрмын» дейді екенбіз. Көрдіңіздер ме, біз қандай деңгейге түскенбіз. «Ұяламын дегені көңіл үшін. Ұсақ қулық бір ғана өмір үшін». Яғни, ақыреттік санасы жоқ ұялмайтын адам ұсақ қулыққа барады екен. Бұл ұсақ қулық не үшін? Тән үшін. Бір ғана өмір үшін. Егер адам баласы «мен бір-ақ рет өмір сүремін ғой» десе, оның нәпсісі айтады: «бір-ақ рет өмір сүресің бе? Онда сен бұл өмірдің барлық қызығын көруге тиіссің» дейді. Біз сөйтіп тәннің тоймайтын-қоймайтын нәпсісі үшін аңқайтып жолды ашып береді екенбіз. Бүгінгі таңда Европа мен Америкада сол бір-ақ рет сүретін өмірдің қызығын көріп қалу үшін еркек еркекке үйленіп жатыр, әкесі қызына, баласы шешесіне үйленіп жатыр, әйел мен әйел бір-біріне үйленіп жатыр. Голландияда «жыныс» деген ұғымның өзі лексиконнан алып тасталған. Неге? «Адам бір-ақ рет өмір сүретін болған соң бәрін көру керек» қой! Еркек пен әйелдің жыныстық қатынасы, дәстүрлі неке оларды қанағаттандырудан әлдеқашан қалған. «Басқашаны» да көрсек қайтеді?» деген шайтани азғындық жолға түскен. Шәкәрім атамыз 19-ғасырда:
«Европа – білімді жұрт осы күнде.
Хайуандықтан шыққан жоқ олар мүлде» деген. 19-ғасырда айтып отыр!
Сонда біз бүгін отбасылық мәдениетті Европадан не үшін үйренуіміз керек? Германияда баласы әкесінің үйіне келу үшін бір ай бұрын хабарласып, рұққсат сұрауы керек екен. Біз де соған жақындап қалдық, солай емес пе? Өйткені біз барлық елден алабөтен еліктегіш халықпыз ғой. Бүгін бізге қазақ болу мода емес, европалық болу мода. Орыс болу модадан қалып кеткен...
«Ұяламын дегені көңіл үшін». Біз бүгін «адаммын» дейміз өзімізді, «мұсылманмын» дейміз өзімізді, бірақ, біз бүгін ұялмаймыз ғой. Бізге бүгін таңда ең бастысы - ұялып үйрену керек болып тұр ғой.
Екінші жағынан, ұялуды үйрене де алмайсың ғой. Ұялу адамда қашан, қалай пайда болады? Ол адамның туысынан пайда болады екен. Жазушы, ғалым Советхан Ғаббасов айтады: «Адамның бойында он екі канал болады, соның біреуі – ұялу каналы. Қазіргі туған балалар ұялмайды. Беттері қызармайды, өйткені, ұялмайды. Ұялмайтын себебі олар ұялмайтын шешелерден туып жатыр» дейді. Қәзір ұяттау нәрсе істеп қойса қысылғаннан беті қызарып кететін балаларды көресіздер ме? Жоқ қой? Бұрын қазақтың балалары ұялатын. Төмен қарап, беттері қып-қызыл болып
қызарып кететін. Бүгінгі балалар сенің үстіңнен басып өтіп кетеді ғой. Қағып, соғып кетеді. Біз оны оп-оңай өмірге жаба саламыз. Оралда өткен бір кездесуде полковник пе, майор ма, бір үлкен кісі «өмір сондай ғой, заман сондай ғой» деп қоймайды. Мен жаңа сойылған малдың исі бұрқырып бақанда ілулі тұрған етіне бір секіріп, екі секіріп жете алмағаннан, істер амалы жоқ, кейін бұрылып кетіп бара жатқан күшіктің «сасық ет екен...» деп айтқан мысалын келтірдім. Менің бір студентім айтады: «Ағай, менің әділетті адам болғым-ақ келеді. Бірақ, айналамдағының бәрі әділетсіз адамдар болғаннан кейін мен де амалсыздан әділетсіз болып жүрмін» дейді... Онымен де қоймайды, одан әрмен толықтыра түседі: «Ағай, айтыңызшы, менің жалғыз өзім әділетті болғаннан не өзгереді?» дейді. Көрдіңіздер ме, қандай философия! Ал, бұндай философия кімдердің философиясы? Надандардың философиясы! Неге надандардың философиясы? Өйткені Абай атамыз айтып кетті ғой:
«Көп айтса – көнді.
Жұрт айтса – болды.
Әдеті надан адамның».
Надан адам деген кім? Өзіндік пікірі жоқ адам. Теледидардан «Қалаулымды» көреді, ананың айтқанын, мынаның айтқанын естиді, сонымен болды. Көруге тиіс нәрсені көрмейді. Пайғамбарымыз (с.ә.с.) өз хадисінде айтқан екен: «Қарапайым болыңдар! Қарапайым болыңдар! Қарапайым болыңдар!» Бұл сөздің шешуі былай екен: миды жаман ақпараттан сақтау, құлағыңды жаман музыкадан, өсек-аяңнан сақтау, көзіңді жаман нәрседен сақтау және бір адамның тамағын ішу. Қарапайым болу – қарабайыр болу емес, шатастырмаңыздар. Қарапайымдылық – даналық! Бүкіл даналықтың табиғаты қарапайым болады. Оралхан Бөкейдің мынадай сөзі бар: Күн, жер, аспан – осыларды түсінген адам данышпан болады». Күннің қадырын, таза ауаның қадырын түсіну үшін міндетті түрде ауыруымыз керек пе? Ауырып, бүкіл жиған-тергенің саған керек болмай қалған кезде, қарапайым нәрселердің қадырын сонда ғана түсінеміз бе? Түсіну үшін міндетті түрде төсекке таңылып жатуымыз керек пе? Абай айтады: «Иттікпен мал табасың. Бүкіл өміріңді иттікке арнайсың. Алысасың, жұлысасың. Ақырында, бүкіл өмірің өткенде, сол иттікпен тапқан малыңа бір күндік өмір сатып ала алмайсың».
Мұқағали «Бір күндік сәуле» деп жазды. Кім қазір бір күндік сәуленің қадырын біліп жатыр? Стив Джобс: «Адамның 6 досы бор, соның біреуі – күннің сәулесі. Жұрт ойлайды, менің өмірім керемет шығар деп. Жоқ, мен кәзір артыма қарап отырсам, бүкіл өмірімде жұмыстан басқа ештеңе білмеген екенмін. Сөйтсем, жұмыстан басқа да жақсы нәрсе көп екен. Біз балаларымызды бай болуға емес, бақытты болуға үйреуіміз керек екен».
Адамбыз, көп нәрсенің қадырына жоғалтқан кезде барып қана жетеміз. «Тіршіліктің қадырын кім біледі? Қазақта мақал бар: «Тіршіліктің қадырын өліп, көрде жатқан адам біледі. Тыныштықтың қадырын толғатып, бала тапқан әйел біледі». Біздің, еркектердің, тыныштық деп жүргеніміз далбаса. Оның қадырын білу үшін біз тоғыз ай күн көтеріп, толғатып, бір
аяғымыз жерде, бір аяғымыз көрде тұрып бала тууымыз керек. Адам ішінен адам шығу деген – қиямет! Сол азаптың шыңына жеткен адам ғана тыныштықтың қаырын біле алады. Сол себепті әйелдер көбіне еркектерді, күйеулерін басып отырады: «Тыныш! Бере сал. Ұрыспа! Қоя сал».
Қағазға түсірген Өмірзақ Ақжігіт,
Қазақ үні