Қоқыста жатқан Абайдың кеуде мүсінін қала әкімдігі сатып алды
2018 ж. 21 қыркүйек
3046
0
«Абайдың басы Өскемендегі күл-қоқыстың арасында жатыр» атты мақаланың сиясы кеппей жатып редакция қосынына жағымды жаңалық келіп жетті, деп хабарлайды Алтайньюс.
Түс қайта ұялы телефонмен тілдескен кіші Владимир Самойлов әлгінде ғана Өскемен қаласы әкімінің ресми өкілдері келіп кеткендіктерін, мақалаға арқау болған ұлы ақынның кеуде мүсінін қала әкімдігі сатып алатын боп келіскендерін жеткізді. Дауысы түнеу күнгідей емес, жарқын-жарқын естілді.
Жақсы хабарды ала сала Өскемен қаласы әкімдігіндегі азаматтарға қоңырау шалсақ, рас екен. Абай атамыздың мүсінінің күл-қоқыста жатқанын естіген бойда қарекетке көшкен шаһар басшысы, ұлтжанды азамат Жақсылық Омардың ұйымдастыруымен өскемендік қос кәсіпкер Илья Елфимов пен Мадияр Бариев қоқыста қалған мүсінді сатып алатын болыпты.
Ендігі мәселе – ортамызға оралған Абай мүсінінің қашан, қай жерде орнатылуында. Қалалық əкімдік өкілдері бұл мəселенің де пысықталып жатқандығын айтты. Сонымен қатар Жақсылық Омар мүсінді Абайға ұқсатып, қайта жөндеу керектігін ескертіпті.
Естеріңізге сала кетейік, 19 қыркүйек күні сайтымызда өскемендік мүсінші Владимир Самойловтың ауласындағы күл-қоқыстың арасында Абайдың бюсті жатқаны туралы мақала жарияланған болатын. Мүсіншінің айтуынша, ескерткішке 2014 жылы тапсырыс беріліп, кейін оны ешкім алмай қойған. Самойлов бір сөзінде бұл кеуде мүсінді жасау үшін кезінде 500 мың теңгенің шығыны шыққандығын, егер алам деуші табылса, 300 мыңға бере салатындығын жеткізген.