Қызылқұм, айналайын, атамекен!
2018 ж. 17 қыркүйек
6070
0
Ата-бабамыздың ежелден мекендеп келе жатқан қыс қыстауы, жаз жайлауы болған Сейхундарияның орта ағысының екі жағалауы – қасиетті жер. Бұл жағалаудың Оңтүстік Батыс жағы Мырзашөл жазықтығы, қуаң дала және Қызылқұмның шөлейті мен шағылымен шектелген, оның шекарасы Жызақ, Самарқанд және Бұхара аумақтарымен жалғасады. Ал, Солтүстік Шығыс беті Келес адырлы жазығымен, Бозай, Әлімтау, Арыс, Монтайтас далаларымен ұштасып кетеді.
Осы жағалауда Сыр суынан пайдаланып егіншілік, мал шаруашылығы, көмір-отын өндірісі, ұлттық қол өнері дамыған. Осыған байланысты отырықшы тұрғындары бар кенттер мен елді мекендерді дамыған өңірге айналған. Олар: Аққұм, Асық-Ата, Үтіртөбе, Ақтөбе, Арқабалды, Жаушықұм, Майқала, Шардара, Қалғансыр, Қоссейіт, Көксу, Сүткент, Ұзын Ата, Байырқұм, Қожатоғай, Мұрынқарақ, Көксарай, Балтакөл т.б. Осы елді мекендердің аттары Әмір Темір, Бабыр жорықтарына арналған шығыс тарихи-деректерінде келтірілген. («Темірнама», С.Ташкенди, «Бабырнама» және «Зафарнама», Х.Язади).
Қызылқұм алқабының тұрғындары мал шаруашылығы өнімдерін және өңдеуден алынған тауарларды Ташкент, Жызақ және Самарқанд базарларына шығарып, ол жақтан тұрмысқа қажетті тұтыну тауарларын алып отырған.
Мал шаруашылығы үшін Қызылқұмнан құдық қазып, шығыр қауғамен су шығарып тіршілік көзіне айналдырған. Олардың аттары: Қуанқұдық, Ізей, Алтынбек, Сайлау, Ұзынқұдық, Мергенқұдық, Үшқұлаш, Пірәлі, Темірхан, Батырхан, Нәлібай, Қараөзек, Найман, Бұқарбай, Жібекші тағы сол сияқты жүздеген аттарды келтіруге болады.
Сырдың орта ағысының оң жағалауында Келес адырындағы Қылыштың қырынан Ақмешіт шекарасы, сол жағалауы Иіржар-Қияттан бастау алып көрші облыстың оңтүстік аудандарын қоса қалың қоңырат елі мекендегені тарихтан белгілі.
Осы өңірде Жаушықұм төбе, Шардара бекеті аумақтарында талай тарихи оқиғалар, жаугершілік соғыстар болған. Шыңғысхан, Әмір Темір, Жоңғар қалмақтары жорықтары, Бұхара әмірлігі мен Қоқан хандығы арасындағы жерге талас, орыс империясының генерал-губернаторы Чернявтің Кенесары хан немересі Сыздық Сұлтан бастаған сарбаздардың шайқасы осы ортада болған оқиғалар.
Бұл аумақ ежелгі кезеңде Бұхара әмірлігіне кейінірек Қоқан хандығына, одан соң Қазан төңкерісіне дейін Ресей империясының генерал-губернаторларының Жызақ, Черняев, Шымкент уездік биліктерінің ықпалында болып әкімшілік басқару соларға тиісті болып келген. Басқаруды жүзеге асыру тетігі жергілікті жерде тағайындалған, сайланған датқа, билер және болыстар арқылы орындалған.
Елдің есінде жақсылығымен, қамқорлығымен қазірге дейін ел аузынан түспей жүрген Тұрлыбек, Қанай, Мұсабек, Сапақ, Дәуренбек, Жабай, Таубайлар – елге қызметтері аңызға айналған тұлғалар. Елдің мүддесін, жерін және мал-мүлкін басқыншылардан қорғап, әділеттікке күресіп халыққа пана болған батырлар: Байбақ батыр, Сапақ, Жаманқара, Қайып, Құлжан, Бұлтбай, Жалантөс, Нөсер, Елемес, Өтеш, Байтұяқ, Тәжен тағы басқалар болған.
Осындай қарама-қайшылығы жетерлік тартысты қоғамды қазан төңкерісі және онан соңғы оқиғалар аласапыран заманға айналдырды. Бай, болыстар кәмпіскеленді, кедейлер-белсенділер билікке келді. Кеңес үкіметін құру үдерісінде «тұрымтай тұсынан, балапан басымен» дегендей, бұрынғы тұтас айрандай ұйып отырған елдің тоз-тозы шығып, жаңа қоғам үстемдік ала бастады.
Түркістан өлкесінде, оның ішінде өзінің тұрған елінде Кеңес үкіметін құру және халық арасында үгіт-насихат жүргізуде Оспан Бапышев (лақап аты-Оспан орыс) аянбай еңбек еткен қайраткер. Жер-жерлерде Кеңес үкіметін нығайту, бастауыш партия топтарын құруда табандылық танытқан.
Алғашқыда Түркістан өлкесіне кірген Қызылқұм алқабы 1924 жылғы шекара белгілеуден соң Қазақ автономиялық өлкесінің құрамында, 1928 жылы Қызылқұм ауданы ұйымдастырған, ал 1932 жылдан бастап, Оңтүстік Қазақстан облысының құрамына енген. Жаңа ұйымдастырылған аудандағы «Өгіз» арықтың бойында: «Бірлік», «Қызыл партизан», «Ақтөбе», «1-Май», «Сталин», «К.Маркс», «Куйбышев», «Еңбекші», «Голощекин», «Қызыл ту», «Ворошилов», «Ленин жолы», «Алғабас», ТОЗ-дары артельдері, колхоздары, ал Қызылқұмның шөлейтті алқабында қой шаруашылығын дамыту мақсатында: «Ұзынқұдық», Шымқорған, Тимирязев және «Көксу», «Байырқұм» кеңшарында ұйымдастырылған.
Қызылқұм ауданының алғашқы партком хатшысы болып Сейдахан Баязетов, атқару комитетінің төрағасы болып Серғазы Құлтаұлы сайланған. Аудан белсенділері: Мұртаза Қошалиев, Қайыпназар Әйтпенов, Баяділ Тембаев, Шымырбай Төлешов, Әбутәліп Қожалиев, Сейдалы Омаров, тағы басқалар болған.
1946-47 жылдары Шардарадағы «Өгізарықтың» бойындағы колхоздар мен артельдер он колхозға біріктіріліп Мырзашөл қуаң даласын суландыру және жаңа жерлерді игеру мақсатында құрылысы аяқталған К-30 каналының бойына, екі бетіне көшіп келген.
Олар: «Ақтөбе», «Алғабас», «Қызыл-ту», «Ворошилов», «Ленин жолы», «Мақталы», «Еңбекші», «1-Май», «Сталин», «Куйбышев». Ал, 1952-53 жылдары Қызылқұм ауданының орталығы және Қызылқұм МТС, тағы басқа ұйымдар сол кездегі «Мақталы» селосына көшіп келіп орналасқан. Мырзашөлге көшіп келген он колхоз мақта саласын дамытудың жаңа кезеңін бастады. Ерекше атап айтатындай табыстарға «Ақтөбе», «Алғабас», «Ворошилов», «Еңбекші», тағы басқа колхоздар қол жеткізді. «Ақтөбе» колхозы Бүкілодақтық социолистік жарыстың жеңімпазы болып, «миллионер» колхозға айналды. Оның бастығы Баяділ Тембаевқа «Победа» машинасы сыйлыққа берілген.
Бұл колхозда алғашқы клуб, диірмен, балабақша тағы басқа әлеуметтік нысандар колхоз табысы есебінен құрылды. Жалпы алғанда, аудандағы барлық іс-шаралар осы клубта, немесе Ленин атындағы орта мектепте өтетін еді. Қызылқұм ауданының орталығында үлкен сауда орталығы «Қызылқұм» базары халықтың тұрмыс жағдайын қорғауда орны айрықша.
1956 жылдың көктемінде Үкімет қаулысына колхоздар жарғысына сәйкес барлық таратылып жаңа «ХХ партсъезд» атындағы Мақта кеңшары ұйымдастырылды.
Бұл кеңшардың алғашқы директоры болып М.Лугин тағайындалды. Одан кейінгі жылдарда А.Әлібаев, Р.Биназаров, Ж.Ералиев, М.Оралов, Ә.Жаппаров, А.Күзембаев, А.Сүттібаев басқарған.
«ХХ партсъезд» кеңшары ауданда, облыста озат шаруашылықтардың бірі болатын. Әсіресе, мақтадан мол өнім алуда, мақта өндірісін механикаландыру, жаңа агротехнологиялық жетістіктерді қолдануда алдыңғы шепте жүрді.
Осы шаруашылықтың ең озық тәжірбиеге ие болған бригада басшылары: Әжіхан Есқараев Социалистік Еңбек Ері, Қарахан Танабаев, Әзім Алданиязов, Сабыр Исабековтің даңқы бүкіл облысқа, республикаға белгілі болды.
«ХХ партсъезд» кеңшарының мақташы ардагерлерін, бұрынғы басшылары мен мамандарын кеңшардың «70-жылдық» мерейтойымен құттықтаймын. Сіздердің жасаған ерен еңбектеріңіз, халықтың әлеуметтік-тұрмыс жағдайын жақсартуға жасаған қызметтеріңіз елдің есінен шықпайды. Бұл тарих жастарға өнеге, тәрбиелік маңызы бар екендігі сөзсіз. Ауыл жастары аға буын өнегесін дамыта берері айқын. Еліміз бай-бақуат болсын!
Бегім СЕРІКҰЛЫ, Қызылқұм ауылының байырғы тұрғыны, экономика ғылымының докторы, профессор, Мақтарал ауданының құрметті азаматы
qazaquni.kz