ШАПАННАН НЕГЕ ШОШИМЫЗ?
2018 ж. 28 тамыз
6053
2
Түркістан базарына кірсең, қаланып тұрған шапан. Көздің жауын алады. Кірсе – шыққысыз. Бірақ, әлгі шапандардың жанына барып саусағыңмен сипалай бастасаң, ою-өрнектері ширатылып, қабыршақтанып үгітіле бастайды. Басым бөлігінің – аппликация екені көрініп тұр. Қолөнер шеберлері жақсы біледі, аппликация деп отырғанымыз, сапасыз жұқалтаң қиындыларды өрнектеп, желімдеп үтіктеп жапсыру.
Бұл – уақытша дүние. Сондықтан да, қара базарда Қытайдан жеткізілген шапаныңыз тең-тең болып үйіліп жатыр. Біртіндеп аласыз ба, келілеп аласыз ба, ешкім қолыңызды қақпайды. Арзан болған соң ба (Түркістан базарында 3-5 мыңның арасы), сол шапандар сөмке ішінде умаждалып, жиын-құдалықтарда көшіп жүр. Тойға барса шапансыз қайтпайтын аты дардай ағаларымыздың үйінде де осынау сый-кәдеге келген «құрметті киім» сандықта иленіп жатыр. Шетінен суырып алып, мерейтойларда сыйлы ағаларының иығына жауып жатқандары.
Әсіресе, тойда, қарияларды қаз-қатар тізіп қойып, шапан жаба бастағаннан-ақ, олар әлденеден шошынғандай, іле иықтарынан шапандарын жұлып алып, пакеттеріне тоғытып жатқандарын байқайсың. Кигісі келмегені. Денеге қонымды, тәуір болса киеді ғой. Шалғайларына сүрініп, олпы-солпы болып жүргісі келмейді. Қалпақтары да ыңғайсыз. Шүйдеңнен сырғып, мұрныңа түсіп, мазаңды алады. Екі бүктелген бөріктері де басыңа картон қаптағандай біртүрлі қолайсыз.
Атам заманнан құрмет пен ізет белгісіндей болған осы қадірлі киімімізді тым сайқымазаққа айналдырып алған жоқпыз ба деп ойлайсың кейде. Байдың да, жарлының да иығына жауып жатырмыз. Ілгеріде құрметті қонаққа, ақынға, батырға, палуанға, елге еңбек сіңірген ардақты, айтулы азаматтарға ғана шапан жабылатын. Бұл «батыр», «ақын», «палуан» деген құрметті атақтардан кейінгі берілетін құрметтеу, сый-сияпат, марапат, мадақ белгісі. Онда да қандай шапан десеңізші! Тысы мен астарының арасына жүн немесе мата салынып, сырты шұға, барқыт сияқты әдемі, мықты матадан қапталып, іші астарланатын. Жібек, барша сияқты бағалы маталар пайдаланылатын. Өңірі алтын жіппен оқаланып, әшекейленетін. Қысқасы, қазіргі той-құдалық шапан қадірін түсіріп бітті.
Шапан жабу – біздің дәстүр ғой. Олай болса, неге біз шапан тіккіштерден құрметті киіміміздің тарихи кейпін сақтауды талап ете алмаймыз? Әлде, олпы-солпы киім ұнай ма бізге? Мейлі, қымбат-ақ бола қойсын, денеге қонымды, етек-жеңін жинақы, жарасымды етіп тігу қиын ба? Оюын да тым жылтырата бермей, әлсіз сән үлгісіне салып кестелеп оқалауға болады ғой. Сонда ағаларымыз иықтарына жапқан шапандарын пакетке жасырмай, керісінше, тастамай киіп жүрер еді.
Бекжігіт СЕРДӘЛІ, ҚР Мәдениет қайраткері
qazaquni.kz