Жанғабыл шешен
2018 ж. 28 тамыз
6491
0
Бүгінгі ұрпақ өткен ғасырдың алғашқы жылдары 1924 жылы 73 жасында өмірден өткен шешен Жанғабыл Әтекеұлы туралы көп біле бермейді. Жастайынан елдің назарына ілігіп, талай дау-дамайға қатысқан Жанғабыл албан, қырғыз және қызай арасында танымал болған шешеннің бірі. 1916 жыл Қарқарада болған албан көтерілісінің қаһармандары – батыр Ұзақ, данагөй Жәмеңке, Әубәкір, Тұрлықожа, Нөке, Диқанбайлармен қатар жүріп, ел-жұрттың тағдырына араласқан. Жанғабылдың жерленген жері Нарынқолдың күре жолының Қарасаз ауылына баратын Қызылбұлақ деген жерінде. Кеңес заманында тұрғызылған бейіт төрт бұрышты там етіп, қоршалған болса, көп уақыт елеусіз болып келген еді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін шешеннің ұрпақтары шағын күмбез тұрғызып ас беріп, құрметтеді. Күмбезде Жанғабыл Әтекеұлының қай жылы дүниеге келіп, қайтыс болған жылдары, шешен туралы тақта қойылып, онда атақты ақын Көдектің және ғалым Жұмаш Өтеевтің бірер шумақ өлеңдері жазылған.
Ел ішіндегі талай дау-дамайды бала кезінде араласып, әділдікпен шешкен шешен күні бүгінге дейін терең зерттелмей қалды. Оның түрлі себептерге байланыстыруға болады. Кеңес өкіметі бай мен биге, батырға қырын қараған кезінде Жанғабылдың да есімі тасада қалғаны рас. Оның шешендік тапқырлығы туралы білетін көне көз қариялар өмірден ерте өтіп, Жанғабылдың мұралары жиналмай қалды. Және де оның мұраларын жинаушылар да болмады. Сонда да ел ауызында айтылып жүрген сөздері, тапқырлық шешендігі әлі де «Жанғабыл шешен айтыпты» деген әңгіме баршылық. Сондай әңгімені әкем Сағымбек пен атақты ақын Еркін Ібітановтың әкесі Жұмаділ қария отырған жерде айтып отыратын. Жұмаділ қария бір әңгімесінде «Біздер 1920 жылдары Қарасаздан оқуға аттандық. Жолай Қызылбұлақтан Жанғабыл қария кездесіп, амандастық. Онда өрімдей баламыз. Бәріміз Жаркентке оқуға кетіп бара жатқан едік. Қария жолдарың болсын деп шығарып салып, менен сәлем айтарсыңдар, – деп қоштасқаны есімде. Жанғабыл байлық қумаған, шешендігімен танымал болған, тілмар кісі» деп айтса, әкемнің де айтқандары күні бүгінге дейін есімде.
Бурыл ат
Бір жылдары Жанғабыл жақын ағайыны Диқанбаймен болыстыққа түсіп, ілеге алмапты. Болыстықты байлығымен Диқанбай алып кеткенде Жанқабыл:
Жігітке байлық жақсы биліктен де,
Алып кетер болыстықты киліккенде.
Арғымақтан жал жетсе,
Тұғыр озар жүйріктен де, – депті.Бұл әңгімені естіген Жанғабылдың жақын туысы Нөке: «Жанғабыл-ау, ағаң Диқанбайдың болыс болғаны өзінің болыс болғаның емес пе? Одан да ағаңа айт, саған бір ат тарту етсін» деген екен. Нөкенің сөзін Жанғабыл іліп әкетіп:
Сәлем де Диқанбайға бір ат берсін,
Мінілмеген жеті жылғы құр ат берсін.
Бермесе құдайым, көк шолағыма қуат берсін, – деп жүріп кетіпті. Бұл әңгіме Диқанбайға да жеткен. Жақынының көңілін қалдырғысы келмеген Диқанбай Жанғабылдың сұратқан жеті жыл мінілмеген бурыл атын беріп, сұратқанын беріпті. Бұған ел де бәрекелді дескен. Болыстың жүйрік атына Жанғабылдың қолы жаңа тигенін естіген құдасы Дәркембай көп кешікпей оған сұрау салғызып, қызыққан көрінеді. Құдасының көңілін қалдарғысы келмей Жанғабыл шешесі Креспен ақылдасып, бір жауабын бермек болады. Сонда анасы: «Балам, жаныңды пида етіп, Диқанбаймен болыстыққа түсіп, одан ат алдың. Ол атты ең болмаса бір жыл мініп, қызығын көрмейсің бе? деген ниетін білдіріпті. Анасының тілін алған Жанғабыл бурылы атты бір жыл мінген. Келер жылы қыс қатты болып, Жанғабыл қолындағы бар малы қырылып, жоқшылықтан кедейленіп қалса керек. Қиындықантан жол іздеп, құдасы Дәркембайға сөз салып, 100 қой сұратып, кісі жіберіпті. Құдасының бұйымтайын естіген Дәркембай келген кісіге хат жазып, «мұны Жанғабылдың қолына бер» деп құры қол шығарып салады. Құдадан құры қол қайтқан кісі хатты Жанғабылға берген.
«Сәлем де Креске, Бермеді бурылы атты тілдескенде. Түгі жоқ қу кедей, Енді менімен тіресе ме» деген жауабын оқыпты да шешесіне қарап: «Айналайын апа-ай, мені жұмыртқа қылып шайқадың, қара қанат қылып ұшырдың, жал құйрығымды сүзіп, бәйгігі қостың. Ешкімнен жеңіліп көрмеп едім, осы жолы жеңілдім» депті. Араға бірер жыл салып барып, Жанғабыл құдасы Дәркембайдың үйіне түсіп, қонақ болады. Үйде құдасы болмай, құдағи кедей Жанғабылды жақтырмай қарсы алған көрінеді. Уақыт күз болса керек. Құдағи құдасына бір лақ сойдырып, қонақ етіпті. Түннің бір уағында құдасы Дәркембай келіп әйелінен: «құда, қонақасын жедіме? – деп сұрағанда, ұйқылы ояу жатқан Жанғабыл төсектен басын көтеріп:
«Құдағи ұзын бойлы, терең ойлы,
Әкелді де қонағына лақ сойды.
Жартым етін қазанға салдыр да,
Жарым етін өзіне алып қойды.
Үйіне қонған үш қонаққа,
Қонақасы болар, болмас әрең болды» – деп өлеңдеткен екен. Құдасының сөзіне шыдай алмаған Дәркембай түннің бір уағында қоралы қойдан бір тоқты әкеліп бата сұрап, қайта қазан көтертіп, құдасын құрметтеп, ертесінде Жанғабылдың алдына 100 қой салып, шығарып салыпты.
Оязды мойындатқан Жанғабыл
Сарыжаз ауылында көзі ашық, көкірегі ояу Қабылбек Сауранбаев деген қарияны көзіміз көрді. Сол кісінің Жанғабылды көрген адамның бірі болған. Қария ел ішіндегі әдеби мұраларды жинаумен айналысып, көп еңбектеніп жүретін. Қабылбек қарияның бір естелігінде «Жанғабыл Әтекеұлы – сұңғақ бойлы, қараторы, сұлу-сымбатты еді. Атағы Ұлы жүзге мәлім, шешендігімен танылған.Тіршілігінде дүние қумай, барымен өмір сүрген. 1908 жылдары болыстыққа бір тиын шығармай, болыс болған. Разақ пен Диқанбай болыстыққа таласып, оязға пәрені сылқитып бергенін көзімен көрген Жанғабыл бір күні оязға кіріп:
– Сіз екі жақтан да пәрені көп алдыңыз. Шар да тең болды. Сондықтан қалыс болыс сайламасаңыз, қиын болады, – дейді. Сонда ояз тұрып:
– Кімді сайлаймыз? – дейді.
– Тағай болса, үндемейді, – дейді Жанғабыл. Ал Тағай тұрып,
– Жанғабыл қалыс болыс болсын деп жолын бергенде екі жақ ақылдасып, Алжанға болыс болып, Жанғабылды сайланыпты.
Жанғабыл 1915 жылдары Жаркентке ақша құю үшін кетіп бара жатып, Іледен өтпек болады. Бірақ ол жердің күзетшісі жібергісі келмейді. Ол патшаның әйелі ұл тапқаны туралы болыстарға пакет әкетіп бара жатқан екен. Мұны білмеген болыстар бұл не десе:
– Патшаның әйелі түнде ұл тапты, соны хабарлауға барамын, – дейді. Бұл сөзді болыстар бұдан бұрын естігенін айтып, – Патшаның әйелі ұл тапты деп, ішкелі екі ай болды ғой, – деп күзетшіні мазақ етіпті.
Болыстардың бұл сөзін ол оязға жеткізген. Ояз болыстарды жиып алып, «Сендер патшаны мазақ еттіңдер, мұны қайдан естідіңдер?» деп сұраққа алыпты. Болыстар біздер «Ұзынқұлақтан естідік», – деседі.
– Ұзын құлақ деген не? – деп сұрайды ояз.
– Біз ақылдасып жауап берелік деп, сосын имам мен болысты шақырып, алдағыны болжайтын адам болады деген пәтуаға айтқызады тақсыр. Міне осындай алдағыны болжайтын адамды «Ұзын құлақ» деп атайды. Содан естідік деп, Жанғабыл албанның би-болыстарын ояздың қаһарынан арашалап қалыпты.
Бір түнде үш қазан асқан
Жанғабыл албанның көп жақсыларымен бірге Қытай жеріндегі қызайдың Дарубай деген ақалақшының үйіне түсіпті. Уақыт жаз айы болып, Дарубай келген қонақтарына сүрі ет сал, албандарда қазіргі кезде сүр жоқ деп, қыстың соғымынан қалған сүрі етті қазанға салғызыпты. Сүрі еттің иісі бұрқырап, дастарханға келгенде асқа қонақтардан бата сұрайды. Батаны Жанғабыл беріпті: «Аумин деп бата берсем, Өрдегі қызай сүрі жейді, Біздің албан тірі жейді. Бұл сүріңді алып кепсің, Бұл сүріңді кімің жейді, – деп қолын жайыпты.
Қонақтарынан Дарубай қатты ұялып, «онда күріш басып, үстіне қазы, қарта, жая турап алып келіңдер» деп бұйырыпты. Күріш пісіп, дастарханға келгенде Жанғабыл қайта ықылас жасаған екен: «Бұл әкелгенің ит быламық, Біздің елге барсаңыз. Бізде осыны қылалық, Аумин» деп батасын қайырыпты. Дарубай ақалақшы Жанғабылдың ықыласына шыдай алмай «тірі қой әкеліңдер, тірі қой» деп жігіттеріне бұйырып, қой сойғызыпты. Сонда Жанғабыл тұрып: «Е, Дарубай! Албан, қызайдың дәстүрі осы емес пе?» деп, бір түнде ақалақшыға үш рет қазан астырыпты.
Естірту
Бір жылдары Жаманақ деген бір дәулетті кісінің жылқысын Жақай деген інісі Төте деген жерде бағып жүріп, қыстың қатты боранынан үсіп өліпті. Жақайдың өлімін Жаманаққа қалай естіртуге туысқан-туғандары қатты қиналып, уақытты соза беріпті.Туыстың басына түскен қайғылы жағдайды жақсы түсінген Жанғабыл «оны мен естіртейін» деп, Жаманақтың үйіне барыпты.
Ассалаумаликум Жаманақ,
Барлық албан аман-ақ.
Төтенің қайырымсыз бораны,
Алып кетті Жақайды.
Сабыр ет енді Жаманақ,
Сабырсыз болсаң сен енді,
Дұшпанның кетер табалап, – деп естіртіп, көңіл айтқан екен.
Шешім
Жанғабыл шешен көп дауға қатысып, өз байламын әділ айтқан адам. Бір жылдары ауылға бір атты кісі атына түсіп, үйден дәм татып аттанып жатыпты. Қолында бір шыбығы бар кішкентай бала жолаушының атының шабын шыбығымен түртіп жіберсе керек. Шошынған ат ала қашқанда аттың үстіндегі кісінің бөркі түсіп, жалп етіп құлап түсіп, жарақат алыпты. Баланың қылығына бола ол биден құн сұрап барса керек. Болған жайды тыңдаған би, оны Жанғабыл шешенге жіберген көрінеді. Жанғабыл арызданушыны тыңдап болып:
– Ер құны елу ат, – дейді. Арызанушы бұған риза болып қалса керек. Алайда Жанғабыл қолына бір шыбықты алып, үшке бөледі де:
Мынау аттың шабына шыбық жүгірткен баланың жазасы, ал мынау баласына дұрыс тәрбие бермеген шешесінің жазасы дейді де, мынау басындағы бөркіне ие болмағанның жазасы деп әлгі адамның алдына сынған шыбықты тастапты. Шешеннің бұл шешіміне әлгі арызданушы үндей алмай орнынан тұрып кетіпті.
Тапқырлық
Диқанбай он бес адаммен Қарқара жаққа жүріп, кеш батқанда Қызылбұлақта жайлауға көшпей қалған Жанғабылдың үйіне қонуына тура келген. Сыйлы қонақтарға қонақасы беруге жағдайы келмесе де Жанғабыл көп абыржымай қарсы алып, үйіне түсірген. «Жолдан шаршап келген боларсыңдар, демала тұрыңдар», – депті, барын алдарына қойып, өзінің бір ағайына «мына кісілердің мініп келген он бес атының ең семіз біреуін сойыңдар, жауабын өзім беремін», – деп қонақтарды сөзге айналдырып, біраз отырса керек. Әңгіменің қызығына түскен Диқанбай бір кезде жанында отырғандарға: – Жанғабылда ештеңе жоқ сияқты еді. Бізге асып жатқан ет өзіміз мініп келген атымыздың біреуі болмасын, біреуің барып аттарды түгендеп келіңдер деп біреуіне. Аттарды түгендеп келген жігіт бір аттың жоқ екенін айтқанда, Жанғабыл: «Аяқты мал алысқа кетпес, қайда кетер дейсің, ешнәрсеге алаң болмаңыздар. Мен іздеу салғызамын, бүгін табылмаса, ертең табылып қалар», – деп Диқанбайдың күдігін басқан. Дастарханға буы бұрқыраған жылқының еті келіп, қонақтар тоя жепті. Ертесінде қонақтар аттарын ертеп, кетпек болғандабір аттың жоқтығы білінгенде, Жанғабыл өзі мініп жүрген көк шолақ атын ертеп, Диқанбайдың алдыңа әкепті. Жанғабылдың тапқырлығы мен қиындықтан шыға білген Диқанбай іштей риза болып:
– Байғұс қу кедей, мен саған жүз қой, бір үйір жылқы бердім, алып ал деп, Қарқараға жүріп кетіпті. Айтқан сөзінде тұратын бай кейін Жанғабылдың өзі келмесін біліп, малды әкеп берген екен.
Сөз қадірі
Жанғабыл, Диқанбай және Нөкенің жастары қарайлас болған және жақын туыс, ағайын болумен қатар, сөз қадірін жақсы түсініп, сыйласа білген. Бір жолы Жанқабыл Диқанбайдың үйіне кетіп бара жатып, жолай Нөкенің үйінен түсіпті. Нөкенің әйелі қонағына нан мен шай қойыпты. Сонда дастархан басында отырған Жанқабыл:
– Кеуде жолмен мен жүрсем, қарасуды аралап,
Менен бұрын жетіпсің, қатырма нан қара шай,
Қайдан келдің сен, менен бұрын аралап, – деп дәм татып. Диқанбайдың үйіне барыпты. Байдың әйелі Жанғабылды кедейсініп, онша жақтырмай айран құйған көрінеді.
– Ей айран, айран!
Келдің қайдан.
Бетіңде қаймағың жоқ,
Айырлыпсың майдан.
Жап-жалаңаш болып,
Шыға келдің қайдан? – деп алдына қойған дәмді ауыз тиіп аттаныпты. Екі үйден де жолы болмаған Жанғабыл кешке қарай Нөкенің үйіне қайта келген. Үйдің жанын маңында жаңадан басылған киіз үйдің киізін көріп, қонақ болыпты. Түнде қатты жаңбыр жауып, тоқтамапты. Үй іші қатты ұйқыға кеткенде Жанқабыл қалтасынан бәкісін алып, туырлықтың екі-үш жерін кескіліп, пышақтап қайта жатқан. Бір кездері тесілген жерден су ағып, үйдің ішін қатты әбгерге түсіпті. Түнімен туырлықан аққан жаңбырдың суына малынған үй іші Жанқабылдан ұялғандай болады. Сонда Жәкең Нөкеге қарап:
– Біреу таппай құрып отырса, біреу жаппай құрып отырады екен деп қағытқан екен. Нөке қонағының сөзін түсініп, ертесінде жаңадан басылған киіз үйінің киізін беріп, шығарып салыпты.
Ұзақ батырдың бағасы
1916 жылғы Албан көтерілісінің басшысы Ұзақ батырмен де Жанғабыл жақсы сыйласып, қатар жүрген. Бірін-бірі толықтырған тұлғалар бар ғұмырларында сыйласып өткен. Бірін-бірі іздеп, жүріпті. Бір отырыста батыр Ұзақ Жанғабыл туралы айтқан деген әңгімесі елген тарапты.
– Жанымызда жүрген жақсының қадірін білмейміз. Өрісте жылқысы, қорада қойы, қолында билігі барды жақсы дейміз. Бұл аз ғана уақыттың абыройы. Меніңше, жалғыз атпен жүрсе де кедейлікке мойымаған, исі Албан-Бұғы таныған, шаршы топта аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермеген, кеудесі кеңес, тілі жүйрік бұл Албанда байқауымша Жанғабыл жақсы. Шешен мен ақын ілуде дүниеге келер біртума жандар. Жанғабыл сол біртуар дананың өзі. Төлеби, Қазыбек, Әйтекенің Албандағы тірі көзі – деп бағалаған екен.
Жексен АЛПАРТЕГІ
Алматы
qazaquni.kz