Қайран біздің әкелер...
2018 ж. 28 тамыз
5719
0
Металлург және көрнекті қаржыгер, белгілі саясат қайраткері, кезіндегі Парламент жоғарғы палатасы Сенатының мүшесі Дәулет Сембаев өзінің әкесі, СССР Педагогика ғылымдары академиясының академигі, 1941-1955 ж.ж. Қазақ ССР Оқу министрі Әбдіхамит Сембаев туралы сыр шертеді.
– Әке әркімге де ыстық. Әкем жайында сөз қозғалса, кілең бір шуақты әсерге бөленемін. Бірақ ол туралы айтудан көп тартынады екенмін. Өйткені туған әкеңнің қайраткерлігі туралы пікірде артық кетіп немесе кем қалып жатуың ықтимал. Десек те, оның мерейтойы тұсында, бүкіл өмірін халық ағарту ісіне сарп етіп, қазақтың орта мектебі іргетасын қалап, кейін лауазымды қызметтер атқарған кісіні өте жақын білетін адам ретінде оның кейбір ерекше қырларына тоқталсақ айып болмас.
Әкеміз қатал кісі емес еді. Бірақ ғұмыр бойы адамгершілік қағидаларды берік ұстанған оның әрбір әрекеті мен іс-қимылы, айтқан сөзі біз үшін бұлжымас заң ретінде қабылданатын.
...Есіме түседі, жетінші класта жүргенімде балалық әуестікпен темекі тарттым. Шешем Мағи да өмір бойына Қазақ Ауылшаруашылығы институтының Ботаника кафедрасында доцент болып ұстаздық қызмет атқарған адам еді, өте аңғарымпаз жан, бір күні шылымның иісін сезіп қалып, қатты ұрысты.
Әкеміз жұмыстан кешкі алтыда келіп, екі-үш сағат мызғып, демалып алады да, қызметіне қайта барады. Қызмет тәртібі солай. Ол келердің алдында үйден шығып кетемін. Ұйықтап жатқан кезінде келіп, енді тұрады-ау деген тұста және зытамын. Бұл қулығым ауладағы балаларға қосылып, темекі тарту үшін керек. Үш-төрт күн өстіп жүрдім.
Бірде осылайша тағы да тайып бара жатыр едім, әкем бұрынғысынан ертерек оянып кеткен екен, дауыстап тоқтатып:
– Әй, балам, тұра тұр! Жаңа шешеңнен естідім, сен азамат бола бастаған екенсің, темекі тартатын көрінесің. Енді көк түтінді бір үйде екі адамның қосыла бұрқыратқаны жараспас, мен шылымды тоқтатайын (өзі де шегетін еді), сен тарт! – деді.
Шешеме: «Сен бұдан былай балаңа темекі сатып әперіп тұратын бол. Темекі болғанда да, анау-мынау арзанын емес, тәуірлеу, қымбатырағынан ал!» – деп, тапсырма берді.
Біреу үстімнен суық су құйып жібергендей, состиып тұрып қалыппын.
Содан соң шегінер жер қалмағанын біліп, «қылмысымды» мойындап, әкеме ендігәрі темекіге жуымаймын деп уәде бердім. Бұл сөзімде тұрдым да.
Бір қызығы, әкем де дәл сол сәттен бастап әлгі айтқанын орындады, өле-өлгенше шылымды қойып кетті.
Қазір ойласам, бұл оның баланы жаман әдеттен жирендірудегі айырықша тәсілі екен.
Кім біледі, сол жерде басқа адам болса, баласын ұрар ма еді, қайтер еді?!
Әкемнің тағы бір қызық әдеті – кейде демалыс күндері Алматыда тұратын туыстарының балаларын жинап алып, ресторанға түскі асқа апаратын. Оншақты бала топырлап, жұртты таңырқатып, сәулетті мейрамханаға кіріп бара жатады.
Менің:
– Әке, онсыз да шаршап жүріп, жас балаларды ресторанға апарып несіне әуре боласыз!? – дегеніме қарамайды.
Ондағы мақсаты – балалар қоғамдық орындарда өздерін қалай ұстауды үйренсін, ел алдында отырып тамақтануға, шанышқы, пышақты дұрыс пайдалануға дағдылансын дейді екен.
Мұндайда күнібұрын балалардың шешелеріне:
– Балаңды бәлен күні жуындырып, жақсы киіндіріп, шаш-тырнақтарын алып, аяқ киімдерін тазалатып, маған жібер! – деп телефон соғады.
Тапсырмасынан мін шықса, балаларға: «Келесі жолы дұрысталып, дайындалып кел!» деп ескертеді.
Даяшылар қызметін арақ-шарап алмай, ас қана ішіп, аз ғана отырып кететін кішкене «қонақтарды» қабылдағысы келмей тыржыңдап жүріп жасайтын көрінеді...
Әйтеуір, бұл да тәрбиенің ерекше бір қыры екен. Әлгі балалардың бәрі бүгін есейген. Әкемнің сол әдетін ұмытпайды. Ылғи:
– Әбекең не деген ғажап адам! – деп, тамсанып, бас шайқап, еске алып отырады. Көкеміз мұны да білсе керек.
Әкемнің әркімге үлгі боларлық бір қасиеті – қандай жағдайда да сабыр сақтап, кез келген құбылысқа салауатты, ақыл көзімен қарай білуінде еді. Аса жауапты қызметтерде отырғанда Компартия Орталық Комитетінің бюроларынан қатаң сөгіс алып келіп жүрген сәттері де есімде. Ол сөгістерді «ұлттық қателіктеріне» бола, қазақ әдебиеті оқулықтарына «буржуазияшыл», «байшыл», «керітартпа» ақын-жазушыларды енгізгені үшін алады екен.
Ондайда да еш әбіржімей сыр сақтап, тағдыр соққысын ерекше жігер-қайратпен көтеретін. Ол іштей жеке пікірінің дұрыстығына, өз ақыл-парасатының адалдығына сенгендіктен болар.
Оның бұл қасиеті барлық балаларына да жұқты-ау деймін. Өз басыма сол әке ғибраты көп көмегін тигізді деп деп білемін.
Өзі қызметінде болған әңгімелерді балаларының арасында талқыға салудан тартынбайтын.
– Ана үлкен кісі солай деді. Оны, меніңше, осындай себеппен айтқан болуы керек, – деп, бізбен ұдайы ой бөлісіп, сырласып отыратын.
Біз де бұдан соң белгілі қоғамдық мәні бар оқиға туралы толғанып, өз пікірімізді түюге мәжбүр болатынбыз.
Және бір қасиеті – ол балаларының жоғары оқу орындарына түсуінде, қызметке орналасуында беделін сатпайтын, орынсыз қолқа салып әркім-біркімге телефон шалмайтын. Сондықтан, әрқайсымыз өз күшімізге ғана сүйенетінбіз.
Мемлекеттік емтихандарда кластас қыз-жігіттер:
– Әкең – министр. Сенің билетте қандай сұрақтардың болатынын, қандай шығарма келетінін білмеуің мүмкін емес, – деуші еді. «Ой, қайдан білемін оны!» дегеніңе сенбейтін.
Мен жоғары оқу орнына түсерде Мәскеудің политехникалық институтына қабылдау емтихандары осы Алматыда болды. Барлық сынақтарды жақсы тапсырып келген соң ғана әкеме:
– Осылай да, осылай. Мәскеуге баратын болдым, – деп келдім.
Әкем біраз ойланып:
– Мәскеуде ағаң Дәурен оқып жатыр. Енді онда сен баратын болсаң, Ресейде екі бірдей студентгі оқытуға біздің шамамыз келмес. Мәселе сенің қай жерде, қандай оқу орнын бітіргеніңде емес, кім болып шыққандығыңда ғой. Мысалы, мен өзіміздің ҚазПИ-ді тәмамдадым, бірақ Одақтағы әріптестерім институтты орталықтан бітірмегенсің деп кеудемнен итерген емес. Сондықтан сенің Алматыда оқығаның дұрыс. Кейінірек екі қыздың да біреуін ғана Мәскеуден оқытармыз, – деді. Келістім.
Қазір әкемнің көзін көрген адамдардың ешқайсысы «Сембаев балаларын беделін салып оқытты» дей алмас.
Екі қарындасымыз – егіз. Бұл ата-ана үшін кәдімгідей мақтаныш қой. Шешем қыздарын бірдей киіндіріп бәйек болатын. Мектепте олардың бірі – гуманитарлық, екіншісі техникалық ілімге икемділіктерін байқатты. Сәуле – ауызша сабақтарға, Рауза – есепке жүйрік. Кейде бұлар қос тамшыдай ұқсастықтарын пайдаланып, тақтаға бірінің орнына бірі шығып, кез келген сабаққа мүдірмей жауап бере беретін көрінеді. Осыны сезіп қалған әкем екеуін екі мектепке бөлгізіп жіберді. Бірі Алматыдағы №10-шы, екіншісі №40-шы мектепті бітірді. Әкемнің бала тәрбиесінде адамның ойына келмейтін осындай да бір әдістері бар еді. Мүмкін, өзге бір ата-аналар болса, егіз балаларын не жағдай болса да, бір-бірінен айырмауға күш салар ма еді?!
Нәтижеде екі қарындасымыз да білікті маман болып шықты. Олар бүгін әкелерінің әлгі әрекетіне ренжімейтін болар.
Біздің министрдің баласы екендігіміз еш сезілмейтін-ді. Аңғаруымша, ол кезде қызметі үлкен болғанмен, әкейдің жалақысы жарытымды болмайтын. Құбатөбел тірлік кештік. Артықшылығы – машинасында, саяжайында ғана болатын. Әйтпесе біз де ел қатарлы картоп, капуста салып, оны тұздап, қысқа әзірленетінбіз.
Әкей өзін біздің ешуақытта жаманатқа қалдырмайтындығымызға шексіз сенді. Ержеткен кезімізде Дәурен екеуіміз би алаңдарына барып, бойжеткендерді шығарып салып, шараптың да дәмін татып, үйге түнделетіп кеш оралатынбыз. Әкей бұларың не демейтін.
Оны министрлік қызметтен босатқан тұста біреу:
– Сіздің Дәулет деген ұлыңыз айықтырғышта мас болып отыр. Келіп алып кетіңіз! – деп, телефон соғады. Әкем иланбапты. Шешем де:
– Ешқайда барма, өзі келеді, – деп жатыр екен.
Осындай әңгіме болып жатқан кезде мен де кіріп келдім. Үйдегілер ан-таң.
– Жаңа сені айықтырғышта отыр деді ғой...
– Қайдағы айықтырғыш?!.
Сөйтсек, әкеммен қызметте қырғиқабақ болған біреу оны осылайша «қалжыңдап» мұқатпақ болса керек.
Әкемнің бақыттылығы да балаларына сенім артқандығында ма деймін. Біз де соған сәйкес оның атына кір келтірмеппіз.
Қазір Дәурен екеуіміз де талайға келдік. Ойлап отырсам, біздің тыныс-тіршілігімізден күні бүгінге дейін әке сіңірген тәрбие сезілетіндей.
Дегенмен, қалада өскендіктен бе, кейбір қазақылық дағдының мәнін түсінбей жатасың. Біреулер қызмет орныма келіп әңгімесін:
– Әбекеңді білуші едім, – деп бастағанда әкемнің атын сатып, ұпайын түгендемек пе деген күдікпен:
– Әбекеңді білсеңіз, шаруаңызды соған барып айтыңыз! – деп, бетін қайтарып тастаушы едім.
Енді қарап отырсам, соным қателік көрінеді. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көргендер өлмесін» деген – әлгі адамдар әкеміздің жақсылықтарын айтып, сыр бөліскісі келеді екен-ау. Ауыл қазағы мен қала қазағының менталитеті жер мен көктей ғой.
Жас келген соң қан тарта ма, атажұртқа, ауылға, туыстарыма барып, араласып тұрғым келеді. Таяуда атамекенге тағы бір барып, аунап-қунап қайттым.
Әкей болса ешкімді ауылдың, қаланың адамы деп бөлмей, бәрінің де тілін тауып, сөйлесе білетін. Тіпті, жас сәбилердің де жан дүниесіне жіті үңіліп, әңгімелесіп отыратын. Ол немерелерінің де жан-жақты болып өсуіне зор ықпал етті.
Оның бос отыратын кезі болмайтын. Көзі жұмылғанша еңбектенумен болды. Демалыс күндері де ерте тұрып, киініп, галстугін тағып, жұмыс столына отыратын.
– Галстукті босаңсымау үшін тағамын. Мұнсыз еріншектене бастайсың, қисайып жатқың келеді... Педагогика – өте күрделі, қиын сала. Меніңше, ең жақсы мамандық – сылақшының мамандығы. Бір қабырғаны боясаң жарты сағаттан соң-ақ жұмысыңның нәтижесін көресің. Ал, педагогикадағы еңбегіңнің жемісі бес-он жылдан соң бір-ақ байқалады. Мен баяғыда басқа таңдау болғанда су құбырын жөндейтін сантехник немесе құрылысшы, сылақшы болар едім... Ай, бірақ педагогикаға не жетсін! – дер еді.
Өзі қолынан келмейтіні жоқ, шебер болатын. Құрал-саймандарының бәрі жарқырап, орын-орнында сақадай сай тұрады. Біз бірдеңе істемек болсақ, оларды әкейдің рұқсатымен алатынбыз. Сұраусыз пайдаланған болсаң:
– Мынаны біреуің ұстапсыңдар ғой! – деп бірден білетін.
Үйдегі ағаш шеберінің жұмыстарын бар ынтасымен беріліп, сүйсініп атқаратын.
Кітаптарын да ғажап тәртіппен ұстады. Іздеген дүниесін тұрған жерінен көзін жұмып-ақ ала салатын.
Қазір бұлар да иелерін іздеп жетімсіреп тұрған сияқтанады.
Әрине, мәңгілік ешкім жоқ. Басты мақсат – еңбегіңнің өлмегендігінде шығар. Қазір әкейдің қызметі лайықты бағасын алуда. Біз үшін – сол қуаныш.
Жазып алған Құлтөлеу МҰҚАШ
Алматы