Қазақ әншісі Сая Махамбет халықаралық байқауда бас жүлдені иеленді
2018 ж. 05 тамыз
5367
0
«Пироговский рассвет» халықаралық эстрадалық орындаушылар конкурсында қазақ қызы Сая Махамбет Гран при ұтып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Пироговский рассвет» халықаралық эстрадалық орындаушылар конкурсы Мәскеу іргесіндегі Мытище қаласында 2011 жылдан бастап өткізіліп келеді. Қазақстан аталған конкурсқа осымен үшінші рет қатысты.
Ресейде осымен 8-ші рет ұйымдастырылған «Пироговский рассвет» байқауына 11 елден (Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Украина, Беларусь, Болгария, Франция, Куба, Армения, Польша, Чехия) өкілдер қатысты. «Конкурс ережесі бойынша қатысушылар алдымен іріктеу кезеңінен өтті. Сая байқауда екі ән орындады және екеуін де өте жоғары деңгейде алып шықты.
"Әрине, басында аздап қобалжу болды, дегенмен әділқазыларға ұнады», - дейді әншінің менеджері Гүлнұр Әбиділдақызы.
Байқау ережесі бойынша қатысушы екі ән орындауы тиіс. Бірі - ана тілінде, екіншісі - орыс тілінде. Сая Махамбет алдымен өзінің авторлық «Қазағым» әнін айтты, сосын В.Цойдың «Кукушка» әнін орындап шықты. Конкурста қойылатын ең жоғары бал - 70 болса, Сая Махамбет 68 балл жинап, бас жүлдені иеленді.
Айта кетейік, Сая Махамбет - «Қазақконцерт» ұйымының әншісі, «Арай», «Жас қанат» республикалық және басқа да халықаралық байқаулардың лауреаты.
Дәулет Ізтілеу
https://www.inform.kz/kz/