ӘН ҚАНАТЫНДА...
2018 ж. 13 шілде
6951
0
Шәмші Қалдаяқовтың монологы
Еркінбай Әкімқұлов, жазушы Кезінде «Қош бол, альбом» атты әңгімелері мен повестері, кейін «Перизат сезім», «Қыз күнделігі», «Жанарым – жарық дүнием» сияқты хикаяттарымен танылған Еркінбай Әкімқұлов әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовпен өмірінің отыз екі жылын бірге өткізіп, композитор бақилық болғаннан кейін оның барлық шығармашылығы мен тіршілік тынысын қайта терең зерттеп, бертініректе «Шәмші Қалдаяқов – ән патшасы» атты роман-эссе жазған болатын. Төменде сол туындыдан шағын үзінді ұсынылып отыр. – Барлық пәндерден құламай, сүрінбей «төрт» деген баға алып, композициялық-теория факультетінің дайындық бөліміне түстім. Алақай! Мен енді қазақтың Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясының студентімін... «Бір арманға жеттің, Қалдаяқов – Әнәпияның перзенті. Давай, енді оқы, өзбекше гәпіргендей «оқыш» керек: Ленин айтқан: «Оқы, оқы және оқы!». Оқымай гөр, профессорлар пәшек-пәшегіңді шығарсын! Шошақтамай, қопақтамай жата қап оқу қажет. Білдің бе, бала! Желпілдеме», – деймін өзіме-өзім. Бірінші жылы желпілдемей-елпілдемей сабақтарды егжей-тегжейлі мансұқтап білім алдым. Желдірме, жел-өкпе мінездер екінші жылы пайда болды. Қарап тұрсам, консерватория түгел бір ән шығаратын – нан шығаратын комбинат сияқты. Мен қатарлының түгел әндері бар. Кеуделеріне нан піседі, шалқақтап жүре алмайды. «Қой, Қалдаяқтың баласы қарап қалма!». Пианиноға жармастым... Мандолға «міндім». Әне-міне дегенше екі-үш әннің басын қайырып тастадым. Мықтыларға көрсетейін десем, жүрексінем. Жөнді, жақсы болмай жүрсе... Өзіме ұнайды. Тамаша сияқты. Төрт құбыласы – ырғақтары, мелодиясы сайрап, құлшынып секірер ме! Ән жазып жүрміз деген құрдастарға көрсеттім. «Жаман емес тәрізді. Байқап қара, жетекшіңе апармайсың ба? Василий Васильевичке!», «Иә, дұрыс-ау, бәсе. Ойыма келмепті, рақмет!». Ұстазым Василий Великанов өте жайдары, бауырмал кісі болып шықты. «Құдай берді» деп қуандым. Жайдақ торыға мініп алып бәйгеге шапқандай, полифония, гармония, сольфеджио сабақтарынан сусындап, бас қоямыз. Нотаға әдемілеп түсіріп, алғашқы әнімді ұстазыма алып бардым. Олар пианинода тартып көріп, қарап-қарап шыққан соң, қолымды алды: – Дорогой друг, ученик мой, поздравляю вас! Мына әніңіз төгіліп тұрған мелодия ғой, Бағын байламаңыз. Тексін жаздырыңыз да, орындаушысын тауып, радиоға шығыңыздар. Немедленно, мой совет... «Жақсы сөз – жарым ырыс». Төбем көкке жеткендей. Енді қайттім? Ақынды қайдан іздеймін? Әншіні қайдан табамын? Жан сасқалаққа түстім. Сөйтіп консерваториядан дәрістерді тәмәмдап, енді бір тамақтанып алмақ оймен, қарсы адым жердегі «Алматы» мейрамханасына соқтым. Әлденіп, қуаттанып алмақ ойым. Қалта қалың емес, сонда да. Ыстық тамақ іздеп, қатқақтап жүретін студент бейшара-ай. Орын іздеп келемін. Залда түс мезгілі болған соң ба, адам көбірек. Жоғары таман екі кісі отыр екен. Орта жастағы әдемі киінген, сымбатты кескінді кісілер. – Ағалар, жандарыңыздағы орын бос па екен? – дедім қиылып өтінгендей. – Бос, бос, отыр, қалқам! – деді мұрты қияқтай, қыр мұрынды кісі сыпайы мәдениетпен. Сәлем беріп амандастым. Жалма-жан жүгіріп келген даяшы қызға «жұқа» ғана заказ бердім. Борщ, котлет, шай... Анау кісілер мәз боп күліп, әңгімелесіп отыр. Анда-санда көз қиықтарымен бір қарап қояды. Ас келген соң қарын әбден ашқан, асығып, аптығып бас көтермей ішіп алдым да, шайды күттім. Сонда барып бақылап отырғандай мұртты ағай: – Жігітім, қарның ашып қалыпты ғой. Төпеп салдың, – деді жымиып. –Бізбен бірге сыра іш... шайды неғыласың?! – Жо-жоқ, рақмет, ағай! Маған шай да болады. – Жақсы жігіт екенсің. Ағаларыңнан дәм татсаң – жаман болмассың. Біз Ізтай аға екеуіміз – ақындармыз. Жаңа одақтан шығып, осында бір әңгіменің, өлеңнің отын жағайық деп келіп едік... Көктен тілегенім – жерден табылғандай. Әніме өлең жаздырсам деп, іздегенге – сұраған, «мақұл» деп жабыса кеттім. – «Мақұл» дегеніңе қарағанда, оңтүстіктің қазағы болдың-ау?! Оңтүстіктің жігіттері қолы ашық, мырза келеді. Нені меңзегені түсініксіз. «Мейлі сөйлесіп көрейін». – Ағалар, мен консерваторияда оқимын. Кешіріңіздер, жазған бір әнім бар еді. Соған мәтін таба алмай жүрмін. Көмектеспейсіздер ме?.. Екеуі де бірден шақ-шақ күлді. – Сен, тегін жігіт емес екенсің. Қане, жайлап әніңді айтып көрші? – Бұл жерде болмайтын шығар, – дедім мен. – Рұқсатсыз, ұят болмасын... – Ұят болмайды, ыңылдап айта бер. Біз талай әндерге текст жазғанбыз. Мен – Қуандық Шаңғытбаев деген ақынмын. Мынау ағаң – Ізтай Мәмбетов. – Жақсы, жақсы, көкелер. Бәсең үнмен жайлап, айтып шықтым. Ұнағандай, екеуі елең ете қалды. – Атың кім? – деді Қуандық ағай шыдамай. – Ш-ш-Шәмші... Қ-қ-Қалдаяқов. – Сен саспа, бала! Қазір рестораннан шыққан соң ойластырамыз. Мына Ізағаңның етегінен ұста. – М-м-мақұл. – Ән не туралы? Ол өткір қой көздерімен маған қарады. Қорқып кеттім. – Бір жігіттің жан сыры: өзі жайлы, ғашық болған қызы туралы. – Әу, мынауың не дейді! Тура сенің тақырыбың ғой, Ізтай. – Иә, бауырым, көрейік. Тағы бір орындашы. Орындадым. – Онда былай болсын, ертең осындай уақытта Жазушылар одағының үйіне кел. Сол жерде сөйлесеміз жарай ма?! Бірдеңе шығып қалар, бауырым. Ертеңіне ертерек келіп тостым. Ізағаң да келді. Пианинода ұзақ отырдық. «Жігіт сыры» деңіз. Ол қандай сыр? Ол қандай құпия сыр? Бәлкім, былай болар. Ол – мен ғой! Мына – мен! Ақын – Ізтай Мәмбетов! Ақындар қоразданып, екіленіп кетті. «...Мен ...мен. Мен туыппын ақпандатқан боранда... Кім біледі, бәлкім, әлде содан ба? Ала құйын мінезім бар, мінезім бар ашулы. Қапелімде басылам ба, болам ба!» – Қалай, бала? Әніңе қосып көрші. Мен мәтінді қағып алып, әп-сәтте әнге коса жөнелдім... Қарай гөр, келе кетті. Рас, үйлесіп, жымдасып, орайласып, қабысып тұр. Болды. Шықты. Табылды. Ал, енді мұны кім орындайды? Консерваторияның вокал факультетінде Мәдеш Ниязбеков деген әнші, студент досым бар еді. Соны іздеп тауып, үйреттім. Енді қазақ радиосының көркемдік кеңесіне айдау керек. Онда Өмірбек Байділдаев деген тамаша редактор бар. Жолы ашылды деген осындай-ақ болар. Сонымен кешікпей, радиодан «Жігіт сыры» – алғашқы әнім айтылды ғой. Пай-пай! Мен сендерге әлі көрсетемін, Арыс – Шәуілдірден шыққан Шәмші Қалдаяқовтың кім екенін! Бәлемдер, қараңдар да тұрыңдар! Сонан бірінші курсты ойдағыдай оқып, екінші курсқа қадам бастым. Көңілді, қуанышты өмір! Сабақтар. Оңай. Тек сольфеджио ғана асау – жер соқтырады, қиын. Профессорымыз да, патшасынған. Бір дөңайбат, дөрекі адам. Еш адам ұнамайды, ешкімді жақтырмайды. Менмен. Көкірек. Өзінен басқа адам жоқ сияқты. Бір жанға сәлем бермейді. Студенттерді «оқымайды» деп жазғырып, иттің етінен жек көрсе керек. Жауығып алған. Әсіресе, қазақ студенттеріне... Неге? Білмейміз? Менде несі бар. «Бұлар ән жазамыз», – деп әлек. Сольфеджионы сабақ құрлы көрмейді. Оңбағандар! Маған қара да тұрыңдар, мойыңдарыңды жұлып, қолдарыңа беремін. Ит терілеріңді әлі-ақ бастарыңа қаптаймын». Сөйтіп жауласып алған сол Дубовский екінші курста сорлатады. Сольфеджиодан «неуд» деп қуып жіберді. Жанталастым. Ойбайладым. Қайта тапсырмақ болдым. Жоқ, көнбейді. Неғыламын? Жалындым. Жер соғып қалдым. Тәуекел, басқа салғанын көреміз-дағы. Оқу бөліміндегі ағай, апай-ларға жүгірдім... Жыладым... Қайта тапсыруға көндіріпті. Өліп-тіріліп жүріп тапсырдым. Оқу жалғасты. Сол екі арада эфирге «Қаракөз», «Қайықта» әндерім шығып кетіпті. Енді консерваториядан шығарып көрсін!.. Жастар ауыздарынан тастамай шырқап жүрген әндердің авторын! Мақтанып, бөсіңкіреп кеттім-ау, бәлкім. «Күлімдеген қара көздер қалалық...» «Болсақ-тағы жаңа таныс, жүзсек те алғаш қайықта». Таныстар көбейді, достар көбейді. Жерлестер. Ойын-сауық, той-жиындар. Оқуға, сабақтарға уақыт қалмай бара жатыр. Баяғы Сахалиннен «ауызданған» ақмағанбет. Құтыртып, есіңнен тандырып жібереді. Салмақ жоқ, алып ұшқан ақкөңілділік. Ешкімнің бетін қайтармау. Мақтағанға – мәз. «Осындай әндерді қалай шығарасыз, айтыңызшы?». Бұл – жұтынған қыздардың сұрағы! Бұл – жұлқынған жігіттердің сұрағы. Қалай жауап берерсің. «Ән шығару ма, ән жазу ма, ол, ол дегеніңіз – жауын-жауынның астымен жүру, арасымен жүгіру ғой. Саған су тимеуі керек. Қалай? Жеті-ақ дыбыс бар музыкада, әлемде. Осыдан жол тап. Өзіңнің даусыңды алып шық. Ешкімге ұқсама, ешкімді қайталама! Ал: «Ән шығаратын – халық, біз оны тек өңдеушілерміз», – деген Глинка. Қалай өңдейсің, ол сенің құдай берген талантыңа байланысты. Осылай десең, студенттер түгел ауыздарын ашып қалады. Дүниеге «Ақмаңдайлым» әні келді. Шырқа, Шәмші! Бұл – төртінші ән. Бұл кезде талай ақындармен танысып калғанмын. Небір ақ мылтық жандар бар ғой. Ойларыңды қағып алады да, түнгі аспанның жұлдыздарындай жарқыратып, жайнатып жібереді. Әннің табиғатына қарай әртүрлі ақындарды табу қажет. Мынау бір өршіл, самғатып шырқайтын туынды болғалы тұр. Майда қоңыр, баяу әуенмен басталып, талпынып ұшып, көкке көтеріле бермек, түрлі сазға оралады. Мұның тілін қай ақын табар екен?! Шумақ-шумақпен келетін күрделі әуез. Естайдың «Қорланына» еліктеу ме қалай? Екі-үш қайырмасы бар. Еліктесе ше? «Қорландай» ән шығарсаң арманың не, Шәмші батыр?! Солай! Өткенде «Балдырған» журналының бас редакторы, ақын ағамыз – Мұзафар Әлімбаевқа кездесіп қалып едім. «Мощный» бір ән шығарып, соны сізге әкелемін деген сөзім бар еді... Іздеп көрейікші... Табыла кетті. «Балдырғанда», орнында басын қағаздан алмай, шұқшиып алған. – Рұқсат па екен? – деп кіріп бардым. Көзілдірігін алып, басын көтерді. Ажарлы, толық, етшең беті, жұмыр әдемі еріндеріне үйлесіп: «Кел, кел, отыр, жайғас, мен қазір», – деп оқыған дүниесін аяқтап жатыр. Танымады-ау. Бір автор болар деген шығар. – Ас-са-лау-ма-ға-лей-күм, Мұзаға, мен – Шәмшімін ғой! – Ой, не дейді, мен байқамай қалдым. Мына бір корректураны оқып жатыр едім. Журналдың нөмірін. Иә, аман ба? Жай жүрсің бе? – Жоқ, Мұзаға, жай жүрген жоқпын. Бір ән алып келіп ем, сізге көрсетейін деп. – Иә-иә, қандай, айтшы, кәне! Бар шаруаларын ысырып тастап, толық бұрылып, құлағын тосты. Мен ыңылдап жай даусыммен айтып шықтым. – Ой, мынауың жосылып, құйылып тұрған дүние ғой. Жүр, мына екінші қабаттағы фойеге қойылған министрліктің пианиносына баралық. – Бұл ән – жігіттің қызға деген назы, көңілі, ұнатуы, жүрегінің желпінісі. Көзі жайнаған, маңдайы жарқыраған, сұлу қыз, иә! – Пәлі, кербез сұлу, ақмаңдай десейші! – Иә-иә, тура өзі. Анарлы ақмаңдай! – Онда «Ақмаңдайлым» десек қайтеді? – Тамаша, табылған дүние болды. Бір-екі күн қоймай жұмыс істеп, ақыры мәтінді бітірдік. «Енді мұны орындайтын кім? Кімнің айтқаны жөн»... Ойлап-ойлап, әннің мінезіне қарағанда, қазір бүкіл Қазақстанды тербеп тұрған – Роза... Роза Бағланова. Мұзағаң жалма-жан телефон тұтқасына жармасып, әнші апайға хабарласты. Ашық, жарқын. «Керемет ән жазылды, көрсеңіз қайтеді, Реке?». «Келіңдер, уақытым бар. Үйдемін». Журналдың машинасына мініп, дереу шаптық. Тотыдай таранған Роза апай сүйкімді, сұлу да жайдары қалыппен құшақ жайып қарсы алды бізді. Кешікпей, пианиноға бас қойдық. Қайта-қайта мәтінге қарап, тәтеміз даусын кенеп, әуелетіп тұр. «Көк, көк, көк майса Алатаудың... Алатаудың бөктерінде... Гүл тердік, гүл тердік... жастық шақтың көктемінде»... Биік самғаған, жоғары дауыс таңғы таза ауадай асқақтай берді. «...Жақсылықтың жоқ, сәулем, ерте-кеші... Жадырашы, назданшы, еркелеші... Тыңда да бірге, шыңда да бірге, сында да бірге»... Апамыз мәз болды. – Достар, жігіттер, қазақтар эфирге дайындалыңдар, радиоға жаздырамыз. Немедленно! Мұзағаң мұрындарын шуылдатып, Рекеңнен бір рюмке шарап сұрады... – Қой, отырыңдар, ойбай, дастарқан жаямыз... *** Мен әрі-бері шапқылап атымды шығардым, ал жатақхананың коменданты «үйге қонбай қаңғисың» деп мені жатақханадан шығарды. Енді не істеу керек? Қайда бару керек. Сөйтіп, консерваторияда абыржып, салым суға кетіп түрғанда, танауы желбіреп Илья Жақанов жолыға кетті. – Шәке, саламатсыз ба? Сізді әдейі іздеп келген ем. Бір-екі ән жазған едім, соны көрсетейін деп. – Дұрыс, Илья, дұрыс. Сен оны қоя тұр. Ән қашпас. Мені жатақханадан қуып жатыр! Қайда барарымды білмей сасып тұрмын? – Құдай-ау, Шәке, жүдә абыржымаңызшы, осы! Бәрі жақсы болады. Бізге жүріңіз, орын болайын деп тұр. – Қандай орын? КазГУ-дің жатақханасына мені жолатушы ма еді? – Жеке пәтер. Төрт жігіт тұратын едік. Біреуі үйленіп, бөлек шықпақ. Өмірзақ Айтбаев деген. Шәуілдірлік жерлесіңіз ғой, білетін шығарсыз. Бірге оқимыз университетте, әнші, домбырашы. – Иә-иә, естуім бар. Жақсы болды ғой, Илья, бауырым. Жүр, кеттік, олай болса. Қаланың батыс жағындағы көшелердің бастаушы-кіреберісі боп тұратын Диқан және Виноградов көшелерінің қиылысындағы қарағайлы, сырты әдемі сырланған, орыс отбасының үйі екен. Өмірзақ – денелі, ұзын бойлы, аққұба өңді, қыздар сұқтана қалатын салмақты, сырбаз жігіт екен. Құшақтап, қол алып, орала кетті. Сабырхан, ол да ұзындау келген, мұрынды, ақсары, өткір мойылдай қаракөз жігіт. Еркінбай болса, орта бойлы, қап-қара қалың қою шашты, ойлы, дөңгелек жүзді ақжарқын жігіт. Тез табыстық. Шүйіркелесіп, бұрыннан сыралғы достай араластық. Бәрі талаптан, таланттан құралақан емес. Менің әндерімді өте жақсы ұнатқан түрлерін жасырған жоқ. Қош алды. Кешікпей Өмірзақ үйлену тойын жасады. Ұмытпасам, қазіргі Сейфуллин (бұрынғы Узбекская), Райымбек (бұрынғы Ташкент) көшелерінің бұрышындағы ағаш үй. Өмірзақтың жиен қарындасы – Ұлту, оның күйеуі майор – Тәліп деген қонақжай, әрқашан көңілді, езулері жиылмайтын, майда екі баласы, екі бөлмесі – автовокзал, ырғын, студенттік той жүріп жатты. Қалыңдық – Үміт деген қыз. Үріп ауызға салғандай, ұялып, қысылып, мәз-мейрам. Шырқап бердік. Мезгілі алтын күздің қоңыр күзге ауысатын шағы. Түн. Айдың он төртінші түні. Масайған, қызған қыздарды айлы түнде далаға алып шығу қиын емес. ЖенПИ-де оқитын Арыс, Шәуілдірдің қыздары. Сыртта да, іште де шалқып шырқалып жатқан менің әндерім: «Қайықта», «Қаракөз», «Жігіт сыры», «Ақмаңдайлым», «Арман» және Бекен Жамақаевтың «Махаббат вальсі», Нұрғиса Тілендиевтің «Жан сәулесі»... Той тіпті, Өмірзақ пен Үміттің үйлену салтанаты емес, мен шығарған дүниелердің репетициясы секілді. Төбем көкке екі-ақ елі жетпей тұрғандай. Жағымпаздау, желөкпелеу бір жерлес: «Айналайын, Шәке! Әлі-ақ көресіз, бір әніңіз – бір операға айналып, бүкіл Қазақстан шырқайтын болады!» – дейді мақтап. «Рас па? Шын айтып тұрсың ба?» Қызулыққа құштарлық қосылады. Сілтейсің, сілтейсің... Ертеңіне, тойдан кейін бас ауырады. Басты жазбаса тағы болмайды. Сөйтіп, ән жазудан – бас жазу көбейген күндер келді. Бұл масқара ғой, Қалдаяқтың перзенті. Сен не, мұнда оқуға келдің бе, жоқ, әлде той тойлауға келдің бе?! Қой, бауырым, қой! Есірме! Есірем деп еліңді таба алмай жүрерсің! Есірік, даңғой, дарақы боп кетпе! Үй сыртында кісі бар. Рас. Ойлан! Басымды жазар-жазбастан консерваторияға шабамын. «Қараша, желтоқсанмен, сол бір-екі ай». Киімдерім де жұқа, қарапайым. Аяғымда резеңке етік. Бірақ жылы, түйенің жүнінен тоқыған шұлық. Онша жаурамаймын. Сахалиннің сарышұнақ аязына шыңдалған соқталдай сарбаз едің ғой. Жұбату, қайрау. Бұдан басқа кедей бейшараға амал «который». Тырбаңдап, тырысып күнелту керек. Шалқып, тасып жүретін бай баласы емеспін. Бірақ бұл сырымды бір жанға білдірмеймін, сездірмеймін. Алла өзі жар болсын. Сабақтарымды біршама жөнге келтірдім. Кешікпей 1959 жылдың жаңа жылы келді. Ол кезде біз де жаңа қоныс аударып, Калинин көшесі мен 3-линияның бұрышындағы бір еврей – Абраам Исаевич, Любовь Исаевна деген кемпір мен шалдың жеке, бөлек времянкасына кеп жайғасқан болатынбыз. Жаңа жыл деген – үлкен той. Әлемнің жартысы дүрілдетіп мерекелейді. Ол күндері халықтың бэрі араққа көк шыбындай үймелеп, мас болып тырайып жатпаса – ұят. Мықтылықты, күштілікті көрсететін заман. Жаңа қоныс, жаңа үйді біз – Илья, Сабырхан, Еркінбайлар жерлес, көрші студент қыздарды шақырып ән айттық, би биледік. «Шырқашы, сәулем, шырқашы, сәулем! Ән болып өтсін бұл жылым. Шырқашы, менің бұлбұлым!». Бұл жылым, бұлбұлым. Ақындар қалай ұйқастырады, ә-ә! Олар да бір біз сияқты өзен ғой, дария ғой. Халықты сусындатып, рухани нәр беріп жатқан. Алланың ақын қылып жаратқан даусыз құлдары – солар. Мен де сол маңдайыма музыка жазған Құдайдың пендесімін. «Қоймайды бұл ақындық қашқанменен, жабысты он төрт деген жастан маған». Сол туғаннан екі құлағым локатордай делдейіп, бойыма ән сіңе берсе керек. Ұлғая-ұлғая, керней керней келіп, әбден кенедей жабысқан-ау, енді құтылып көр, Шәмші жан, Шәмші аға, Шәмші арғымақ, сандал көк... Ән... Ән... Ән... Бірталайын шығарып тастадым. Жастар шырқаған сайын шығара бергім келеді, шығара бергім. Ол мендегі бір таусылмайтын әуіт сияқты, өзен сияқты, теңіз секілді, тіпті, мұхит па деп қаламын. Әуіт – бассейн дегенім ғой. Қысы-жазы бірдей температурада тұратын бассейн болады ғой. Айнымаған сол! Шомыласыз, рахаттанасыз, малтисыз, жүзесіз, қызбен кездесуге де болады, шамаңыз келсе! Сонан соң жұмақтан шыққандай жағада жатып, күнге қыздырынасыз. Бір сөзбен айтқанда, рақаттанасыз. Менің әндерім сондай, ағайын! Керек болса, бассейнге түсіп, қайта жүзесіз. Сонда қалай? Мен Алматыға оқуға келдім бе, әлде ән жазуға келдім бе? Екеуі де. Оқисың, Шәмші, оқисың. Өлсең де, тірілсең де оқисың. Бес жыл, он жыл. Қолыңа күректей қызыл диплом алмай тынбайсың. Одан әрі Композиторлар одағына мүшелікке өтіп, опералар жазып, опера театрына директор болып, Композиторлар одағының төрағасы, Мәдениет министрі болып, жер мен көкті билеп-төстеп, отырмайсың ба, жүдә?! Маңдайына не жазылып қойғанын білсеңші, есуас болмасаң!.. Жаңа жылдың үрен-сүрен «тойларынан» кейін Илья арамыздан: «болмайды екен жерлестеріммен бірге тұрамын, мұнда күн көре алмаймын» деп мастығы тарқамастан қалың қарда жалаң аяқ қашып кетті. Қудық артынан. «Етігіңді киіп кет, өлесің», – деп киімдерін кигізіп жібердік. Сөйтіп, еврейдің «кең сарайында» мен, Сабырхан, Еркінбай – үшеуміз қала бердік. Мен таң атпай тұрып, резинке етігімді, жұқа жаман-жәутік сырт киімдерімді киіп алып, консерваторияға беземін. Сабырхан мен Еркінбай ұйықтап жатады. Біреуі – ақын, біреуі – драматург. Төртінші, бесінші курстарда оқиды. Сабырхан өлең жазады. Еркінбай – диплом жазады. 1959 жыл – бітіретін жылы. Мен Құдай қаласа, үшінші курсқа өтемін. Жоқ, ағайын, өте алмадым. Жетпей желкем үзілді. Дүниежүзінің, жоқ қазақ музыка өнерінің қыр-сырын, құпияларын меңгеріп болдым ғой деп, салғырсып жүргенмін. Бір ән бәйгесіне қатысып, тағы бір тұғырлы жеңістен көрінген едім. Соны оқу корпусының ішіндегі буфетте жумаймыз ба, болашақ «ұлы» композиторлар болып... Сол жерде біреуге жыным келіп, төбелес шығардым... Қожамияров көкеміз көріп қойып, ұстап алды. Сөйтіп, Дубовский екеуі бірігіп келісіп, «қара тақтаға» бұйрықты жабыстырды да жіберді. Бұл – Алатаудың ақша қары азайып, көктем – наурыздың қылтиып жауқазындары көріне бастаған кез. Сабырхан газеттің өндіріс практикасын өткізуге Шымкентке, «Оңтүстік Қазақстан» газетіне практикаға кетті. Біз Еркінбай екеуміз «кең сарайда» тұра бердік. Бәрінен маған қиын болды. Оқудан шығып қалдым. Масқара ғой! Елге, әке-шешеме, туысқандарыма, жерлестеріме не бетімді айтамын?! Еркінбай Пушкин кітапханасына (қазіргі Бегалин атындағы кітапхана) барып, диплом жұмысын жазуға кетеді. Мен үйде қаламын, тамақ дайындаймын. Оны-мұны, каша-маша, быламық ботқа. Майға да ақша жоқ. Нан мен шайға қарап қалдық. Қолыма мандол алып, әр әуеннің басын шалып, ермек етемін. Ән шығармақ ойым. Көңіл-күй жоқ. Шіріген, құрыған. Ал, енді шырқап көр. Көрші студент қыздар келеді. Оларға да түк тауып бере алмаймыз. Жоқ. Ауылдан ақша келмейді. Маған да, Еркінбайға да. «Өлмегенге – өлі балық». Сөйтіп жүргенде бір күні Еркінбайға Түркістаннан бір чемодан елтірі, қаракөл елтірілері келді. Шамамен, он бес, жиырмадай көк, қара түсті елтірілер. Жолда пойызда Алматыға келе жатқан бөлесі Аязбай ұсталып қалып, жанындағы Әзібек деген жігіттен: «Аманат, жеткіз» деген екен. Көзіміз ашылды да қалды. Құдай берді, Құдай жеткізді. Өлтірсін бе пенделерін?.. Қазіргі Алматының қалалық милициясы орналасқан жерде «барахолка» деген болатын. Ашық сатқызбайды. Ұрлап, жасырып дегендей қойын-қойнымызға тығып, сата бастадық қой баяғы. Сол көк елтірілер мен қара елтірілерді көрсетпей, қойынға тығу. Милицияға ұсталып қалсаң, құрисың. Қымбат емес, көгі – 300, қарасы – 150 сом. Ескі, 61-ге дейін ақша ауыспай тұрған кез. Байып қалдық. Бір дегеннен құртып қоймайық деп, жинақ кассасына салдық. Шетінен қырнап алып, күнде асханадан бір рет түстік жасаймыз. Масаттанған шақтарда «ұрттау» үшін де ақшаны шетінен ұшпақтайтын кездер болады. Мен аздап есімді жиып, жүріп жүрген қызымның көңілін аулап ән шығардым. Ол қыз мені өте жақсы көретін. Орал жақтың қызы. Аты – Ақжан. Ақжан десе – ақ жан. Еркелеп, майысып келіп, шашымнан, бетімнен сипағанда, жүрегім жылып, мен де бас салып сүйіп, буын-буыным босар еді. Сөйтіп, «Қол созып, құшақ жайған кандай адам» деген әнді шығарған едім. Оған куә – Еркінбай. Ол да ЖенПИ-де оқитын Мақтаарал ауданының ерекше бір сұлу қызына ғашық болды. «Асылжан» деген ән жазды Илья екеуі. Айта берсе, олардың ғашықтық сырларына сөз жетпейді. Өмірзақ, Илья, Еркінбайлар КазГУ-дің көк дипломдары қолға тиісімен қалтаға салып, жақсылап бір «жуды» да, Самарқант қаласына әскери стажировкаларын өтеп, қыркүйек айының басында Алматыға қайтып оралды. Қызметке орналасты. Өмірзақ – «Социалистік Қазақстан» («Егеменді Қазақстан») газетіне, Илья – «Қазақстан пионеріне», Еркінбай – «Лениншіл жасқа». Жанымдай жақсы көретін інімнің бірінші мақаласы – «Әкімшіліктен әрі аспай...» деп, мені қорғап, арашалап қалың оқырманға, қалың қазаққа айқай салған дүние болды. «Жас талантты бұлай жәбірлеуге бола ма, тәрбие қайда, коммунистік тәрбие?..» Консерватория директорына кінә артты. Қожамияровты сойды. Комсомолдың Орталық комитеті араласты. «Нешуа» деймін риза болып ішімнен. Тұра тұрыңдар. Мен оқу орнына қайта ораламын... Барар жер, басар тауымыз жоқ. Мені аяп, қимай тұр. Бірақ амал жоқ. Ерекең тағы да ақыл тапты. «Шәке, жеке пәтерде тұратын, менің Бұқарбай деген інім бар, сіз әзірше соның жанында болыңыз». Мақұл. Бұқарбай Шетел тілдері институтының француз факультетінің 2-курсында оқиды. Гоголь жэне Дзержинский көшелерінің бұрышындағы барак. Иесі – жесір қазақ әйелі екен. Сөйтіп, мен қапелімде Сабырхандардан ажырап қалдым. Біраз тұрдым. Содан соң «Қой» деп, шалқыған Шәуілдіріме кеттім. Онда «Темір» совхозының көркем-өнерпаздарын құрап, сол жерге жолдамамен келген жас хирург-дәрігер Мұхтар Әлиевпен танысып, өткен-кеткенді сәл де болса да ұмытып дегендей, Алматыдан жақсы хабар күтіп, бір жыл жаттым... «Шырқа, Шәмші!» Енді шырқап көр. Көрсек – көрерміз. Бәрі бір Құдайдың қолында. Құдайдың кеңшілігі көп. *** Қобыз-көңіл: тайраңдадың, сайрандадың. Тапқаның не сонда сенің? Барар жерің, басар тау, жүрер жерің не болмақ?.. qazaquni.kz