Белгілі кәсіпкер Мұхтар Шахановқа арнап үй тұрғызып берді (ФОТО)

Шымкент қаласының белгілі кәсіпкері Серікжан Сейітжанов Отырар ауданының Жаңа Шілік ауылынан Қазақстанның Халық жазушысы, ақиық ақын Мұхтар Шахановқа үй тұрғызып берді. Онда Мұхтар Шахановтың шығармашылық үйі ашылды.

Бұл туралы zamana.kz хабарлады.

2-шілдеде қазақтың ақиық ақыны Мұхтар Шаханов 76 жасқа толды. Жаңа Шілікте ашылған шығармашылық үйі ақынның туған күніне арналған кереметтей тарту болды.

Салтанатты жиынға отырарлықтардан бөлек, Түркістан облысы әкімдігінің, зиялы қауымның, ақпарат құралдарының өкілдері, басқа да адамдар қатысты. Ақынға зор құрмет көрсетіліп, сый-сияпаттар тапсырылды.

Осында жиналған өнерпаздар Мұхаңның өлеңдерін оқыды, ол кісінің әндерін орындады. Сондай-ақ жиынға қатысушылар ақынның «Отырар дастаны» шығармасының желісімен түсірілген анимациялық фильмді тамашалады. Қонақтар арнайы тігілген киіз үйдегі дастарханнан дәм татып, ақынға деген ізгі тілектерін білдірді.

Бұл жиын өте әсерлі өтті. Мұхаң өз өмірінен естеліктер айтты, жиналған халыққа ризашылығын білдірді, ғимараттың салынуына қаржылай демеушілік еткен белгілі кәсіпкер Серікжан Сейітжановқа алғысын жеткізді.

Шахановтың шығармашылық үйі екі қабатты болып, ерекше дизайнмен салынған. Оның іші де керемет безендірілген. Онда кітапхана, шығармашылықпен айналысатын жұмыс каби­неттері, демалыс бөлмелері және қонақ қабылдайтын бөлмелер бар. Бәрі де заманауи үлгіде жабдықталған. Ғимаратқа кіргендер онда қойылған суреттер мен құжаттар ар­қылы ақиық ақынның бүкіл өмір жолымен дерлік таныса алады.