Ұлт мүддесі – өмір бойы өшпейтін дүние
2018 ж. 27 маусым
3671
0
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы арнайы сұхбат алаңына ғалым, ұстаз, мемлекеттік қоғам қайраткері, саяси ғылымдардың докторы, профессор Бәкір Әбдіжәлел Қошқарұлын шақырды.
Әбдіжәлел Қошқарұлы Бәкір 1991-1995 жылдары «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының басшысы, 1995-2004 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің екі мәрте депутаты болды. Қазіргі кезде ғылым саласында Алаштану, Шоқайтану зерттеулерімен айналысып, 15-тен аса еңбектер мен 200-ден астам ғылыми мақалалар жазған. Сондай-ақ, қайраткер тіл жанашыры ретінде де елімізге танымал.
Өмір жолы
- Қазіргі жастарды қызықтыратыны жетістікке жеткен тұлғалардың өмір жолы, балалық шағы, ер жету, жас болған кезі, туған жері. Сіздің өмір жолыңыз қаңдай болды? Балалық шақты еске түсірсеңіз.
- Рақмет, Айналайын! Соғыстың алдында дүниеге келген балалармыз ғой. Сондықтан сол кездегі балалармен тағдырласпыз. Оның ішінде менің тағдырым бөлектеу. Менің әкем Қошқар, шешем Фатыма. Мен екі жаста болғанда мені асырауға қайын ағасына берген. Қайын ағасының баласы болмаған да, Бәкірдің баласы болдым. Содан меннен кейін тағы бір баланы асырап алғаннан, мені нағашыларға тәрбиеге берген. Мен онда 22 жасқа келгеннен кейін ғана өз ағайындарыммен қауыштым. Қазір Бәкір Әбдіжәлел Қошқарұлы болып жүргенім осылай, Бәкір – нағашы атам, Қошқар – өзімнің туған әкем. Ауылда мені Бәкірдің баласы деп атайды. 1942 жылы екі әкем де әскерге кетіп, кеткен жылдың аяғына дейін екеуі де мерт болды. Бұл әуелі қарқында бәрі де біреудің мылтығы болды, біреуде жоқ, алдыңғы шепке шықты да қырғынға түсті де, тұтқындалып қырылды. Сол алғашқы топта екеуі де кетті. Бірақ мен өз несібеме Бәкірдің Ахмет деген елге белгілі, оқыған туған ағасы болатын. Ол Басбап батырдың немересі Мәмбетәлі дейді, ал екінші жағынан Басбап батырдың қарындасынан Мұстафа Шоқай туған. Сол себептен ерте жастан Мұстафа Шоқайдың атын естіп өскенмін, айтылып отыратын. Кейінірек 50-ші жылдары Мұстафаның інісі Нұртаза ұсталып кеткеннен, оның отбасында бір отырғанда, сол үйдегі Үзілпия үлкен әжеміз айтатын, біздің қайнымыз жеті патша тілін біледі деп, ал сонда Мұстафа Шоқай жеті тіл емес, тоғыз тілді білген екен.
Өзім Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Айдаралы елді-мекенінде дүниеге келдім. Сол жерде алғашқы мектепке бардым. Кейін бесінші сыныпқа қалалық мектепке ауыстым. Қызылорда қаласының бұрыңғы «1 май», қазіргі Қалтай Мұхамеджанов атындағы мектепті 1956 жылы тәмамдадым. Оқуды 4 пен 5-ке жақсы оқыдым. Әсіресе әдебиетке, тілге, тарихқа ынталарым көбірек болды.
Мектеп бітіргеннен кейін мен журналис болғым келді, содан мен КазМУ-ға бардым. Ол кезде өндірістегі жастардың бағы жанып тұрған кез, олар 3-пен тапсырса да оқуға түседі. Содан мен конкурстан өте алмай қайттым. Екі жыл жұмыс істеп, кейін оқуға Қызылорда педагогикалық университетіне қазақ тілі мен әдебиет мамандығына түстім. Оқу бітіргеннен қазақ тілі мен әдебиет, орыс тілі пәндерінен мектепте бір жарым жылдай сабақ бердім.
Мектепте комсомол ұйымының хатшысы жұмысына шақырды. Институтта оқып жүргеннен бері белсенділік танытып, профсоюз ұйымдарына мүше болып, кештер ұйымдастырып, қабырға газеттерге араласып жүріп, 9 жыл комсомол жұмысын істедім. Қызылорда қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып, оның алдында бөлім меңгеруші болғанда Мәскеудегі Жоғары комсомол мектебін оқып келдім. Кейін Облыстық партия хатшысы болдым. Бұл жылдардағы жұмыс бостан бос кетпеді. Өйткені, саяси басымдықтары жағын айтпасам, комсомол шың мәнісінде жастардың тәрбие мектебі болғаны рас. Көптеген қайраткерлер комсомолдан шықты және бұл белгілі бір жүйеге келген болатын. Бізде қазір де талаптанып жатыр ғой. Сол кездегі комсомол да бірдең бола қойған жоқ. Қазіргі жастар ұйымдары да жетіле отырып, сондай үлкен ұйым болатынына менің сенімім бар.
Содан партиялық жұмысына ауыстым, партиялық инструктор болып, облыстық партия комитетінде 17 жыл істедім. Саяси-идеологиялық, кейін мәдени-идеологиялық бөлімінде меңерушінің орынбасары, бөлім меңгеруші қызметтерін атқардым.
Партияда жұмыс істеп жүріп, философиядан ұлттар қатынасы тақырыбында кандидаттық жұмысты қорғадым. Кандидаттық диссертациядан негізгі жетекшім, ол кезде үлкен ғалымдардың бірі болған Сужиков Марат Мұхамбетқалиұлы болды. Кандидаттық жұмысты қорғаған жасым 43-те болды.
Институт бітіргенде аспирантураға түсемін, ғалым, журналис, әдебиетші, тілші боламын деген мақсаттар ойымда болды. Бірақ реті келмеді. Бітірген жылы қалаған мамандық болмады да, содан аттасып, комсомолға кетіп қалдық.
Кеше студенттерге дәріс оқығанда айтамын ғой, «айналайындар, сендер мендей болмандар, 43 жаста кандидат болып, 66 жаста доктор қорғап жүрмеңдер. Сендер барлық оқуды өз деңгейлерінде 40 жасқа шейін бітіру керек. 40 жасқа дейін отбасылық тіршіліктерді де бітіру керек, балалы-шағалы болу керек. Содан 40-тан кейін еңбегінің, істеген ісіңнің рақатын көруге және сол қол жеткен табыстарға әрі қарай жалғастыруға ұмтылыңдар». Бірақ әрбір адамның тағдыры әр түрлі ғой.
Одан 90-шы жылдары партия тарай бастағанда мен «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасына басшы болып келдім. Кейін қалжындап айтамын ғой «мен сол идеологиядан кетіп қалғаннан, партия тарап кетті ғой, мен болғанда тарамайтын еді» деп. Ал шың мәнінде оған қарап тұрған жоқ қой, әрине, ол кезде заман өзгерді. Өзгерістер керек болды, бірақ Кеңес үкіметі өзгерістерді жасай алмады. Күрделі өзгерістер жасағанда көп нәрсені сақтап қалуға болатын еді, бірақ оған қауқар болмады.
Міне, сөйтіп облыстық партия комитетінен телеарнаға кетіп, төрт жарым жыл істедім. Телеарнада жүргенде Қазақстан Республикасы Парламенты Мәжілісіне депутат болып ұсынылдым. Бұл жерде комсомол, партия, телеарна жұмысында жетістіктер болу керек, екі рет депутат болып, 9 жыл Парламентте мүше болдым. Мен сияқты қарапайым, туған әкесі жоқ, ағасы жоқ, апасы жоқ немесе немере-шөбере келетін басшы ағалары жоқ адамға үлкен жетістік деп ойлаймын. Азын-аулақ үлкен талант-қабілеттер болмаса да, жұмысқа деген жауапкершілігім болды. Берген жұмысты уақытылы орындау, қолдан келгенше орындап шығу деген, сондай бір ертеден қалыптасқан нәрсе бар. Мені алға алып кеткен дүниелердің бірі осы болды деп ойлаймын.
- Сіздің кандидаттық диссертацияңыздың тақырыбы ұлтаралық қатынастар турасында болды. Осы тақырыпты таңдауға не әсер етті?
- Біріншіден менің ғылыми жетекшімнің негізгі айналысатын мәселесі ұлттар қатынасы болатын. Ал шын мәнісінде бұл күрделі мәселе. Әрине кешегі Кеңес үкіметі кезінде бұл басқаша аспектіде қарастырылған, ал бірақ ұлтаралық мәселелерді зерттеу ол кездерде де болды, қазір де болып жатыр. Бұл сөнбейтін, өмір бойы өшпейтін нәрсе, бұл мәңгілік тақырып, сондықтан бұл тақырыпқа баруым жетекшіме байланысты болды да және мен ол тақырыпқа барғаным менің келешегіме әсер берді. Осы тақырыпта бірсыпыра нәрселерді білуге мәжбүр болдым. Кітап оқып, ізденіп, жазу керек болды, мақала шығару керек болды, т.с.с. Сондықтан ұлтаралық қатынас қай бір қоғам, мемлекет болмасын өте өзекті мәселе. Елбасының қайта-қайта халықтың бірлігі айтуы, не болмаса мына Ассамблеяны құру, оған белгілі бір мәртебе беру – осының барлығы ұлтаралық қатынастан туындап жатқан дүниелер. Қазір де мәнді, ертең де мәнді бола береді. Ел барда, халық барда бұл мәселе бола береді. Мәні арта түспесе де, еш уақытта кемімейтін дүние.
Тәуелсіз ел болуды аңсау
- Жауабыңызға рақмет! Бұл жерде Кеңес заманы ыдыраған кезде қазақ халқы тәуелсіздікке дайын болды ма және өзіңіздің сол кездегі ойларыңыз, болашаққа деген көзқарас-пікіріңіз қандай болды?
- Бұл өте маңызды сұрақ. Әлихан (Бөкейханұлы) «Алашорда», Мұстафа Шоқай «Түркістан» автономияларын құрғанда екеуінің де ең негізгі мәселесі біздің халықтың кей-жейлі жатқандығы, кадрлардың, қорғаныс техникасының, қаржының жоқтығы, оқыған адамдардың аздығы болды. Бірақ біз Кеңес үкіметі құрамында дүние жүзі бойынша аса бір сауатты ел болдық. Оқымаған, білім алмаған адамдар аз болды және оның оқу жүйесі бөлектеу болды. Мен осындай оқу жүйесінде білім алғанына ризамын. Ең қиыны неде? Біз Кеңес заманында көп нәрселерді саясаттандырып жібердік. Мысалы, мен комсомолда жұмыс істеген уақытымда Германияға бардым, сонда барған кезде бір таныстың екінші әйелі болған. Сонда мен сұраймын «Бұл қалай? Сен комсомол емессің бе?» Ал ол «Мұнда комсомолдың не қатысы бар, бұл жеке менің тіршілігім, қажеттілік болды ма, үйлендім» деді. Ал ол кезде бізде алып көрші немесе бірдеңе әңгіме, сөз қозғашы, бірден жұмыстан, комсомолдан қуып жібереді. Міне осындай жерлерде біз жеке өмірімізді саясиландырып жібердік. Ал тәуелсіздікке шын мәнісінде экономикалық, әлеуметтік жағынан да білімді көп кадрларды түгел пайдалана алмадық деп ойлаймын және біз тәуелсіздік жолын таңдауда да бірсыпыра қателіктер жібердік. Мысалы, Горбачевтың идеясы «қайта құру» дедік, ал шын мәнісінде қайта құру болған жоқ, ол қайта қирату болды. Колхоз, совхоздардың барлығын қираттық, техниканың барлығы жеке меншікке кетті, бар малды саттық, ал соны меншік түрін өзгертіп сақтап қалуға болатын тұғын. Ал ондай шаруашылықтар болды. Мен сайлауға түскенде сол шаруашылықтарға бардым. Техникасы, комбаины бар, гаражы бар, ұстаханасы бар. Ал басқаларға барсаң не комбаины жоқ, не тракторы жоқ, жеке-жеке болып кеткен. Ортақ қырман да жоқ, бір шетін Асан алған, екінші шетін Үсен алған солай бөлектеніп кетті. Одан пайда таптық па?! Бір шаруашылықты 8-9-ға бөліп жібердік. Сонда телеарнада жұмыс істеп тұрған кезде, кейде әзілдеп облыс басшылығына барып айтам ғой, «кешегі нәрселерді түсіріп берсем қайтеді екен» деп, ол күледі ғой, «ал түсірген кезде бар да, ал ертеңгіде жоқ қой» сондай нәрселер көп қой. Бізде жергілікті жерде көзбояушылық көп болып кетті. Жергілікті жерде осы сауатты ұйымдастыру деген мәселені бұлыңқырамайды. Ал капитализмнің түр-түрі болады және олардан мықтыларын таңдауға болатын еді. Оған біздің біліміміз жетпеді деп ойлаймын.
- Кезінде Кеңес заманында батыс капитализмін жабайы капитализм деп төмендетіп тастайтын. Өзіміз осы жабайы капитализмнен өттік пе?
- Кеңес заманы кезінде капитализмге қарсы болды. Бірақ бір нәрсені еске алу керек, біз қазір буржуазиялық жолға түстік. Әлихан (Бөкейханұлы) айтады, «біз батыстық буржуазиялық капитализмді таңдаймыз, бірақ өзіміздің тарихи, ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып қабылдаймыз» дейді. Міне, көрдің ба, қандай әдіснама! Біз қазір шетелде бірнәрсе көрсек, ойбай, шетелде осындай болып отыр, соны істеу керек деп шығамыз. Олай болмау керек. Шетелдегі жағдай қалай, халықтың өлесі қалай, әлеуметтік жағдайы қалай, саяси жағдайы қалай, әл-ауқаттылығы қалай, білімі қалай, парасаттылығы қалай, мәселеге қалай қарайды, оның барлығын тексеріп болып, орнына алып келеміз кеп, жүзеге асыра алмай қаламыз.
Кеше Кеңес үкіметі кезінде жүзеге асыра алмай қалған нәрселеріміз көп болды. Біз капитализмнің біраз нәрсесін алғымыз келді, бірақ ала алмадық. Өйткені Кеңес үкіметінің негізі басқаша болды. Бұл тапқа бөліну, пролетариат диктатурасы, яғни кедейлердің диктатурасы (билігі) дейді. Ал халықтың билігі қайда? Оқыған білімді адамдарымызды қудық, қудаладық, істемеген нәрсеміз жоқ, молдаларды, ишандарды қудық, өлтірдік, аттық. Олай болмау керек еді. Егер шетелдегідей соларды жақсылап пайдалана біліп, кедейлерді көтерудің орнына, байларды қырып, малын қырып, кедейлендіріп, ақыры-аяғы шетелге кетті.
Бізде қайта құруда кейбір кемшіліктердің кеткені де рас. Менің ойымша, қандай қоғам болмасын, оның жағымды және жағымсыз жақтары болады. Міндетті түрде қайшылықты жағдай тұрмай болмайды. Мысалы, Маркс капитализмді сынағанда неге сынады, өйткені капитализмдегі ақша адамды билеп кетеді деді. Біз капиталдың алдында бас иіуші болмау керек. Ал қазір қалай болып отыр? Қазір әр мәселені ақша шешіп жатыр.
Міне, осындай қайшылықты жағдайларға келгенде, біз өзіміздің ұлттық қасиеттерімізді, парасаттылығымызды, имандылығымызды, адамгершілігімізді, әділеттілігімізді, т.с.с. ұлттық қасиеттерімізді алға шығарып, капитализмнің қайшы жақтарын жолатпауымыз керек еді. Ал біз тура жолмен өтіп, капитализмнің алғашқы кезеңдеріне түсіп кеттік. Қазір Қазақстан дүние жүзіндегі ек жүзге тарта мемлекеттердің ішінде жемқорлықтан 120-шы орын алып отыр.
Тұрмыс құру
- Жақсы, біз сәл тақырыптан ауытқып, жеке өміріңізден саясатқа түсіп кеттік. Сіз тұрмыс құрған уақытқа оралайық, бұл жерде қазақ мәдениетіне қарай ой қозғасаңыз. Өйткені қазіргі жастар қазақтың салт-дәстүрлерін біле бермейді және көбі ұмытылып жатыр. Оның орнына жаңа дәстүрлер пайда болып жатыр. Мысалы, ер жігіттің қызға қалындық болуды ұсынған кезде тізе бүгіп, сақина ұсыну сияқты дәстүрлер кең етек алып жатыр. Сіздің ойыңыз қандай? Сіздің тұрмыс құрған кезіңізде қазақтың салт-дәстүрлері қандай болды және олар қазір сақталып келе ме?
- Отбасы құрған кезімізде, әрине, заман бөлектеу болды. Жолдасымыз екеуіміз мен 10 сыныпта оқығанда, ол 8 сыныпта оқығаннан бері таныспыз. Ұзақ араласып жүріп, тек 1965 жылы институт бітіргеннен кейін ғана тұрмыс құрдық. Өйткені оқу бітіруіміз керек болды. Содан жолдасымның үйінде өзінен басқа жұмыс істейтін адам болмады, оқығаны да, ересегі де, үлкені де өзі, сондай жағдайлар болды. Бірақ ол кездегі бір дәстүр – төкпе тойлардың болмауы. Қазір бірінен-бірі қалмай, тіпті несие алып той жасау деген шықты. Төгіліп, бәрін сөйтіп жатады да, ал түстен кейін ажырасып жатады.
Біз бір-біріміздің тағдырымызға жауапкершілікпен қарадық. Оның әкесі жоқ, менің де әкем жоқ. Мен отбасымда жалғызбын, екі шешенің ортасында біреу. Оның анасы бар, інісі мен сіңілісінің алдындағы адам. Сондықтан біз бұл мәселеге байыптау қарауға тырыстық. Асығыстық жасамадық. Оқу бітіріп, жұмыс істеп барып, тұрмыс құрдық. Менімше, бұл дұрыс болған сияқты.
Ол кезде ресторандар болған жоқ, комсомол болған кезім, тойымызды үйде жасадық. Құдайға шүкір, қазір бізге тұрмыс құрғанымызға 53 жыл болады. Үлкен қызымнан шөбере де бар. Үлкен қызым үйленген, немерелері бар, қазақта шөбере дейміз ғой, ал шын мәнісінде жиен ғой.
Үш балам бар. Үлкен қызым Мәскеуде Плеханов атындағы институтты қызыл дипломмен бітірді, қазір Астанада жұмыс істейді. Ұлым министрлікте қызмет істейді, бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет атқарған, полковник. Кіші қызым Мәскеуде жұмыс жасайды, тұрмыс құрған, екі баласы бар. Оның баласы институтта оқып жатыр, кішісі мектепте. Шүкір! Ендігі өміріміз, сол немерелердің қызығын қызықтау! Ұлымның Әйгерім деген бір қызы бар. Сол қызды өзімнің қызым деймін. Биыл Еуразия университетіне түсті, кеше қыстың күні емтихандардың барлығын 5-ке тапсырып шықты. Мектепте алтын белгі ала алмай, қызыл аттестат алған. Шүкір! Сол белгілі бір анасының, әкесінің тәрбиесінің арқасында. Балалары қазір жаман оқып жатқан жоқ. Біздің қазір үлкен үміт артып отырған сүйенішіміз осы!
Мен өзім ойлаймын, егер адам отбасынан бақыт таба алмаса, ол еш жерден бақыт таппайды. Жұмыстың да бақыты да уақытша, қызметтің де
бақыты уақытша, ғылымның бақыты да уақытша, бәрі де уақытша. Ал нағыз баянды бақыт – ол отбасы! Отбасында бақытты болған адам, мен ойлаймын, толық бақытты деп. Құдайға шүкір, мен сондай бақытты адам деп өзімді есептеймін!
Туған жер
- Керемет! Рақмет! Енді туған жер жайында – Қызылорда – Сыр өңірі деп атайды. Сіздің балалық шағыңыздан бастап, ер жетіп, өмірдің көп бөлігі сонда өткен емес пе?
- Елбасы Сыр бойын – Алаштың анасы деп атаған, бұл жайдан-жай емес. Оның үлкен тарихы бар. Біз сол жерде дүниеге келдік. Қазір сол Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Айдаралы елді-мекенінде дүниеге келдім. Мен ауылдан ертерек кетіп қалдым да, 5-сыныптан бастап қалада оқыдым. Ауылға сол барғым келеді де отырады. Қазір ылғи барып тұрамын.
Балалық шағым Айдаралыда қызықты өтті. Бірте баяғыда бала күнімізде Әуешүнек деген шүнек-көл болды. Біз жақта көлдің кішілерін шүнек деп айтады. Бала кезімде суға түсеміз де балшық алып шығуға ұмтыламыз. Сонда балшық алып шықсақ, бір ерлік жасағандай мақтанамыз. Ал кейде деміміз жетпей қалады. Содан есейгенкіресің қалада тұрғанда іздеп бардым, көрейінші деп. Ол кезде жоғары жақта үйректер балапандайды да, балапандары бәрі сол шүмекке келеді, барлығымыз сол балапандарды қуамыз. Ұстаймыз, ұстаймыз, ол жеткізбейді ...
Сол барсам қазіргі шүнектің жерінде есек аунап жатыр (күледі), баяғы су жоқ. Бала күнімізде суды кешіп тұрып, Ахмет деген әкем мені қалдырмайтын. Ол кісінің бір ерекшелігі бақшаға, қауынға, шөпке барса да, серік болсын деп, екінші жағынан көзі үйренсін дегені шығар, мені қасынан қалдырмайтын. Сонда суды кешіп жүріп, қауынды суаратынбыз. Солардың бәрі кетіп қалды.
Дегенмен, сол жер ыстық, өйткені мен сол жердің баласымын, сол жердің қасиеттерін бойыма жинағанмын, сол жердің рухы, елдің рухы менің бойымда бар. Сондықтан мен ол жерге, қазір тіпті жиірек барамын.
Биыл үлкен бір жұмысты атқарып бардым. Нағашы әкем Мақтаралда баяғыда бір мешіт ұстаған, қазір да сол мешіт бар. Мешіт Айдаралы құмның шамалы төмендеу жерінде орналасқан. Мешіттің төбесі салынып қалғанда барып көрдім, қай жылдары есімде жоқ. Бірақ мешіттің қамкесек түрде
тұрғанына жүз жылдан асып кетті. Қамкесекті көтеру қиын, қазір зіл тас болған.
Атам Мақтаралда қайтыс болған, бірақ қай жерде жатқаны белгісіз. Енді бір ойым бар, реті келсе, сол мешітке атамның атын жаздырып, шағын бір жазуы бар тақтайша орнату.
Әжем, туған анамның шешесі, бала күнімде қайтыс болды. Оны жерлеуге барғанмын. Оның қасында бір канал қазған кезде, канал жырылып кетті де әжемнің бейіті де жер болып кетті. Соған биыл арнайы ауылдағы үлкен бейітке ескерткіш қойдым.
Қазір 79 жасқа келгенмен, сол Айдаралы ауылдың ыстықтығы, Қызылорданың ыстықтығы әлі мен үшін суыған жоқ. Қайта ыссы бола түспесе, аса суыған емес. Өйткені барғанымда бірге оқығандарды көремін, бірге жүрген жолдастарымды көремін, барғанда басымнан сипайтын адамдар, бірақ олар да азайып қалды. Қазір біздің өзіміз көп адамдардың басын сипайтын кезіміз келді. Міне, сондықтан туған жерге деген ыстық ешуақытта сөнбеу керек. Қайта сол туған жер анамды белгілі бір жағдайда, белес белестен жетілдіріп отырып, өсіріп отырып, жігер беріп тұруы керек деп ойлаймын. Ал ол үшін туған жердің қадірін білу керек.
«Жеті ата» және аралас некелер үрдісі
- Сіз нағашы атаңыздың қолында өсіп тәрбиелендіңіз. Ал өзіңіздің туған өз жұртыңызбен қарым-қатынасыңыз қандай? Өз жұртыңыздың ру-шежіресі, жеті атадан тараған ұрпақтары жайлы өзіңіздің немерелеріңізге айтып тұрасыз ба?
- Менің әкем 1942 жылы әскерге кетіп, оралған жоқ. Атам мен әжем ертеде қайтыс болған, мен оларды көрген емеспін. Шын айту керек, мен шөбереден жақын туыстарды білмеймін. Білетінім үлкен атам төрт ағайынды болатын, сол ағайындардан шөбере деңгейінде қалған үшеуіміз болатынбыз. Соның екеуі қайтыс болған, қазір мен жалғыз қалып отырмын. Сондықтан өзімнің туысқандарым өте аз. Бірақ барын қанағат етеміз.
Шежіре мен өзімнің жеті аталарымызды білеміз, балаларға да айтып жүремін. Бұл енді, бір қызық нәрсе бар, Әз Тәукенің кезінде Мүсірәлі - Керейт қожа деген кісі дін басы болған. Әз Тәуке хан болып, сайлаудан кейін өзі жарлықпен оны дін басы етіп қойған. Сол дін басының екі-бір мәселесі болған. Ел айтады, жеті атаға шейін үйленуге дін бойынша тыйым салынған және аралас некеге тыйым салған. Ол мысалдарды келтіріп, Қашырды мысал
етіп, дамымайды деп айтады. Ал оны көп ойланып қарасаң, кешегі Кеңес үкіметі кезіндегі, қазіргі аралас некелер қазақты дамытып отырған жоқ. Көбісі басқа ұлтқа тұрмысқа шығады. Мен Парламентте жұмыс істеген кезде екі-үш жігітті білемін, әйелдері басқа ұлт өкілдері. Біреуінің әйелі армян еді, балаларының бәрі орыс болып кетті. Екінші таныстың әйелі орыс еді, балалары орысқа тиіп, орыстан қыз алып, олар орыс болды. Енді біреуінің әйелі еврей еді, бірақ ол Орал қазағына құда түсіп, баласына қазақтың қызын алып берді. Міне еврей ұлты қандай, егер ол орыс алса, ол не орыс, не қазақ болмайды. Ал мына еврей әйелі бар, қазақ қызын алып берсе, қазақ болатынына сенемін. Бұл мәселені біз қазір көп ойлануымыз керек. Осы тақырыпта биыл «Қазақстан заман» газетіне «Көпэтносты қазақ қайда барасың?» атты мақалам бір бетте шықты. Ол мақалада осы аралас некелерге байланысты мәселе көтердім. Мына аралас некеге мен қарсымын. Әрине, ол заңмен емес, ол әркімнің өз қалауы, бірақ дегенмен де, қалауды да дұрыс қалау керек. Мысалы, басқа ұлтқа үйленген ұлы тұлғалардың ұрпақтардан кімді айта аласың? Ешкімді айта алмайсың. Ал бұл біздің жастарымызды қатты ойландыруы керек.
Қазір біздің қыздарымыздың басқа ұлтқа тұрмысқа шығуы көбейіп жатыр. Бұл да қателік. Тұрмыстық жағдайы бар, қытайға, кәріске, түріктерге, басқаға шығып жатыр. Біз халқымыздың болашағын ойлайтын болсақ, бұл мәселеге әлде де ойланып баруымыз керек. Өйткені бұл қоғам үшін де, келешек үшін де, жалпы ұлтымыз үшін де аса маңызды мәселе деп ойлаймын.
«Аттастыру» дәстүрі арқылы отбасын құру
- Толығымен Сізбен келісемін. Шынында бұл өзекті тақырып, бірақ осыдан дәстүрге байланысты мынадай сұрақ туындайды. Қазақтың тарихында аттастыру деген салт-дәстүріміз болған, оны қазіргі кезде жаңғыртуға байланысты Сіздің көзқарасыңыз қандай? Келешек ұрпаққа бұл дәстүрді аралас некелерге қарсы өзіміздің мәдени-отбасылық құңдылықтарды сақтау үшін пайдалануға бола ма?
- Бұл дәстүр қазірдің өзінде бар. Мен білетін кейбір ата-ана өзінің таныс-білетін ата-аналардың балаларын алғысы келеді. Өйткені ата-ананы біледі. Баланың қандай екенін көріп отыр. Ал біз көп жағдайда көрмей, білмей көп қателікке ұрынып жатырмыз. Сондықтан, егер де, баланың өз таңдауы біледі ғой, бірақ, дегенмен де, оған өте байыпты қарау керек деп ойлаймын.
Мен ойлаймын, ер адамның бақыты әйелде. Егер шын бақытты болғың келсе, бұл мәселеге өте қатты қарау керек. Мен кейде былайша қалжыңдап айтамын, егер бір жігітке ренжісең, ренжудің қажеті жоқ, қарғыс, жаман сөз айтудың керегі жоқ, оған «әйелің оңбасын» деп бір сөз айт, бітті, ол жігіттің тағдыры шешілді. Осы мәселенің екінші жағын қарасаң, ер адамның бар бақыты әйелде. Мен өмірді көп көріп жүрмін. Шын мәнісіндегі жақсы кісілерге үйленген ер адамдар орта сауатыменен, орта қабілетіменен биікке көтеріліп шығып кеткендер бар. Ал биікке өз күшімен, білімімен шығатын адамдар, өз әйелдерінің жағдайымен төменде жүретіндер де көп, халықтың қатарына кіре алмай жүргендер көп. Сондықтан бұл мәселеде әрбір азамат өзінің ертеңгі шын бақытты болуын ойлағысы келсе, жолдасты дұрыс таңдау білу керек. Ұнады-ау, мынаның көзі жақсы екен, мынаның түрі жақсы екен, мынаның сөзі жақсы екен, киімі жақсы екен деген бәрі нәрсе. Ал кейбір жастарымыз бар, біліп-танысып, пәлен 4-5 жыл жүріп, әбден көзі қанып, екі жақта ата-аналары да танысып-білісіп болғаннан кейін, әп-пісті деп отбасы құрғандар бар. Біздің бір жиеніміздің қызы солай болды. Көптен айтып жүрген, бірақ тойын жақында өткізді. Міне осындай жағдайда парасаттылық керек. Мен осыны қызға да, ұлға да айтар едім.
Тағы да мынадай жағдай бар. Ұл да, қыз да екі отбасыда өсті. Екі отбасы мінезі жағынан да, тұрмыс жағынан да, әлеуметтік жағынан да, білім жағынан да, өмір тәжірибесі жағынан да екітүрлі. Ал енді үйленіп бас қостың ба?! Енді екі жақ та бір-біріне бейімделу керек. Екі жақ та бақытты болудың жолын ойлау керек. Екеу болды ма тұтасып, бір адам болу керек. Бір жарты – бір бүтін дегендей болу керек. Біреуі биіктегенде – біреуі аласарып, біреуі ашуланғанда – біреуі күліп, сөйтіп бейімделіп, бақыттың жолын екеуі іздеп отыратын болса, соны табады. Табу қиын емес! Бірақ соған ой жіберіп, сондай бір зерделеп, ақыл жіберіп, байыптап қарау жетпей жатады-ғой. Пәленшенің қызы еді-ғой, әкесі тәуір адам еді-ғой, пәленбай коттеджі бар ғой, соны аламын деп ұмтылатындар бар. Ия болмаса, пәленшенің баласы сондай ғой, мен соған шығамын, сонда бақытты табамын деп. Ал онда бақытты бола алмайды. Ол қызмет бақыт болмайды. Бақыт – екеуінің тіл табысып, үндесе білгендер, өмір сүруде деп ойлаймын. Сондықтан өмірдегі аса мәнді, маңызды нәрсеге жастар қатты қарау керек. Сонда өз болашағын өзі қамтамассыз етеді. Өз келешегін көзге елестетіп отырады. Ал олай болмаған жағдайда, тұрмыс құра алмай, қанша қиыншылыққа ұшырап жүргендерді көріп жүрміз. Тұрмыс құрып алғаннан кейін де қанша қиыншылыққа ұшырап тұрғандарды да көріп жүрміз. Нағыз ойланатын нәрсе осы! Бір ойшыл айтқан, еркек үйленерде, етік сатып алғандағыдай да ойланбайтын жағдайлар болады дейді. «В мире мудрых мыслей» атты кітапта осындай ой бар. Расында да ол солай!
Сұхбат алушы: А. Хамит, Қазақ үні