ОРНЫ БӨЛЕК БАУЫРЫМ ЕДІ!..

  Биылғы маусымның 28-і күні 60 жасқа толар едің. Әттең, жалған дүние, толтырмады... Алланың  «Ажал келетінін ақылдыға үш ай бұрын, ақымаққа үш күн бұрын білдіремін» дегені туралы аңыз бар. Сездің бе, кім білсін? Бір жыл бұрын дайындалып, өмір беттерінен шағын кино түсіріпсің. Бүкіл өмір жолыңды еске алыпсың. Түс көрдің бе, сездің бе? Енді оны  кімнен білеміз..? Былтыр туған күніңде осы Алматыда жүріп, сыйлығыңды дайындап отырып, (құдай сені менің  есімнен неге шығарғанын, кім білсін?) сені құттықтауды сол күні ұмытыппын, өмірімде бірінші рет. Содан Мәскеуге ұшып кеттім. Алматыға тағы қайтып келгенімде, сол сыйлық шкафта әлі сол күйі тұр екен. Сенің туған күніңді ұмытқаным үшін өзімнен-өзім қысылып, шкаф есігін жаба салдым. Бұл жолы да Мәскеуден келгенде, Мәскеуге кетерде саған барып жолығатын әдетім бойынша мектебіңе бардым. Бұл менің Сенімен соңғы рет жолығуым екен. Бір-бірімізді қимай, қайта-қайта «жақсы» деп, қоштаса алмай көп тұрдық. Содан машинаға отырып, жүріп кеттім. Жүріп бара жатып, артыма қарасам, еңсең түсіп кетіп барады екенсің... Бауырым, жүрегім нені сезді?  Мен мән бермедім, жүрегімді тыңдамадым... «Қоштасқанда мәңгілікке қоштасқандай қоштасыңдар» деген сөз осындайдан айтылған екен-ау...  Неге құшақтап, бауырыма баспадым, неге қайта-қайта бетіңнен сүймедім, бауырым!? Сенң  мәңгілікке кетті дегенде, Алматыға қайтып келгенімде, сол сыйлық шкафта сол орнында әлі тұр екен. О, құдай, бұл сыйлықты сақтағанша, бауырымды неге сақтамадың деп жыладым. Жақындарыңнан сезімдеріңді іркіп қалмаңдар, жақындарыңнан сезімдеріңді жасырмаңдар,  достарым! Мәскеуде мен жүргенде, Алматыда деуші едім. Алматыны аралап, Сағынып сені іздедім. Алатау тұр орнында, Алматы тұр орнында. Сен ғана жоқсың , бауырым. Жатырсың, Алатау бауырында. Тараздан да, таппадым. Ақтоғайды да ақтадым. Айналайын,бауырым, Өзіңді іздеп жоқтадым. Алпысқа келер жасыңда, Жалғанды артқа тастадың. Жұмақтан болсын орының! Алматы, 2018 жыл.    

"Дала геометриясы" атанған Мәжкенім туралы үзік сыр...

  Бүгін бірге оқыған сыныптастары келді. Олар әртүрлі себептермен уақытында келе алмаған екен. Достары, Мәжкеннің ерекше мінезі туралы естеліктерін жарыса айтты. Әр сөзімен өз ойын бекіте алатын Мәжкен, қандай жағдайда да достарын өз соңынан ерте алатын дейді. Бірде Алматыдан басқа қалаға қонаққа бара жатып бір досына телефон шалыпты, жолығалық деп. Жолда үйінен шыққан досын сол үйінде киіп жүрген киімімен  өзімен бірге қонаққа алып кетіпті. Қызылордадағы  досына көктем айында қонаққа келеді. Дала суық, дарияның суы одан да суық. Сонда су көрсе шомылмай өтпейтін  Мәжкенім: "Дарияның жағасына келіп тұрып, дарияға саусақ батырмай кеткенім ұят болар " деп, достарын дария жағасына ертіп келіп, суға түскен екен. Кез келген  көлшік көрсе, бір шомылмай кетпейтін деп күледі олар. Сондықтан қала сыртына, не өзге жаққа баратын болсақ,  міндетті түрде ерте шығатынбыз дейді достары. Қазақтың қарашаңырақ оқу орыны Абай атындағы институтта Жаңбырбаев деген мықты математик болатын. Ол кісі кезінде маған да математикадан сабақ берген. Сол кісі "Математикадан қорғап алмайсыз ба?» дегендерге айтатын еді:: «Есеп шығара білетін ақылды баспен қатар, білгеніңді жазып қорғау үшін, батпандай құйрық керек"деп. Сол институттың математика факультетінде тек беспен ғана оқыған, Лениндік стипендия иегері болған Мәжкенді, сол Жаңбырбаев: "Дала геометриясы" деп атағанын айтып, олар мақтанды. Расында геометрия есептерін өте жақсы көретін. Бүгінде, сол "Дала геометриясы" Алатаудың бауырынан қоныс тапты. Қыз-қырқынның мойынын бұрғызбай қалмайтын  Мәжкен, аяғының ұшымен ғана, ерекше өзіне тән би билейтін. Ондай биді ешкім билей алмайтын. Бүлкілдеп жорытқан жорғадай болып, биші қауым ортасында ерекше сәнмен жүзіп жүретін. Отырған ортаның гүлі, отырыстың сәні, айырықша жүргізушілік қабілеті бар болатын. Қоңыр даусымен "Асыл әжемді" айтқанда, марқұм асыл әжеміздің алдында отырғандай тербелетін едік. Орынды әзілімен, сөз саптар мәнерімен жиналған қауымды өзіне тартып, үйіріп алатын. Өткен шақпен айтылған, өтіп бара жатқан өмір-ай! Ертең бұл өмірден өткеніңді дәлелдейтін қырық күндік еске алу кеші. Уақыт қатал, қарамайды артына! Не айтайын, өзіңді сағындым! Сен болсаң , Алатаудың бауырына бардың да жатып алдың. Алатау орнында, Алматы орнында, сен ғана жоқсың, бауырым! Жанның жаннатта болсын, Мәжкенім! Алматы, 23.12. 2017 жыл.  Жарқын  ӨТЕШОВА