Сәкен Майғазиев: Менің заңсыз балаларым көп
2018 ж. 05 маусым
8535
3
Қазақ өнерінің қаймағы Сәкен Майғазиев жас пен кәріге үлгі. Оның әр айтқан сөзі мен іс-әрекеті қырағы көрермен үшін заң секілді. Көпшілік оны мінсіз әрі адал көреді. Ал, Сәкен сері алғаш рет Comode тілшісіне өзінің «заңсыз» балалары туралы сыр ашты.
– Алла қаласа, жүрегіңіздің ішіндегі жүрегіңіздің айы-күні жетіп отыр. Алла қаласа, кімді күтіп жүрсіздер: тігін тігер ме, әлде атқа мінер ме?
– Төртінші перзентімізді УЗИ қыз деп айтты. Қалай болғанда да Алла салиқалы, қайырлы перзент етсін. Аман-есен дүниеге келіп, құлынымызды иіскеп, махаббатымызға бөлесек арманымыз жоқ. Бізге ненің жақсырақ екенін, не керек және қай нәрсенің қайырлы екенін Жаратушымыз жақсырақ біледі. Сондықтан, ұл берсе де, қыз берсе де менен бақытты әке жоқ.
– Жалпы кіндік әке-шеше туралы не айтар едіңіз? Өзіңіздің балажан екеніңізді жақсы білеміз. Қанша кіндік балаңыз бар?
– Негізі кіндік шеше деген болады, кіндік әке деген қазақта жоқ ұғым. Кіндігін кескен адамды кіндік шеше деп айтады. Бірақ, кейіннен өкіл әке, өкіл шеше деген түсінік қалыптасты. Ол арадағы қарым-қатынасты нығайту, жақындату мақсатында ата-ана өз баласына өкіл ата-ана сайлайды.
Менің үлкен ұлым біз студент болып жүргенімізде дүниеге келді. Бауыржан Айгүл деген аға-жеңгемді дәу папа, дәу мама деп атап, солардың баласы болып өсті. Сол туған ағам мен жеңгемнің көзінше Динара екеуміз ұлымызды еміреніп сүйіп, еркелетуге ұялатынбыз. Раяна қызымыздың өкіл ата-анасы – Жетісайлық Артықбай ағамыз бен Қаршыға жеңгеміз. Әдейі сол жеңгеміз сияқты ашық мінезді, жайдары, берекелі жан болсын деп ниеттеніп сайладым. Екінші қызымыз Мариямның өкіл әке-шешесі – Серікзат Дүйсенғазин мен жұбайы Айнұр. Жан дүниелері мен көңілдері сондай таза, адалдығымен, кең пейілімен ортамыздан ойып тұрып орын алған достарымызға ұқсап бақытты болсын деп ниет еттік.
Ал өзіміз осы уақытқа дейін біраз балаға өкіл әке болып үлгердік. Ешқашан санаған емеспін. Тіпті достарым: «Сәкен, қанша заңсыз балаң бар?» – деп қалжыңдап жатады. Аллаға шүкір, «заңсыз» балам көп. Осындай мәртебеге ие етіп жатқан олардың ата-аналарына үлкен алғыс. Кемшіліктерімізді жасырып, дәрежемізді өсіріп қойған Аллаға сансыз мақтаулар болсын. Ол да болса үлкен жауапкершілік. Ертең сол балалар бізге қарап бой түзейді. Сол балапандар мен олардың ата-аналарының сенімін ақтауға Алла жәрдемші болсын. Барлық өкіл балам бірдей жақын, әрқайсысы ерекше.