Асаналі Әшімов: Дүниежүзілік театр фестивалінің Астанада өтуі еліміздің өскендігін көрсетеді
2018 ж. 29 мамыр
5345
0
Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінде ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінің өткізілуі бойынша баспасөз конференциясы өтті. Баспасөз конференциясына қатысқан спикерлер: Қазақстан театрлары ассоциациясының президенті, «Қазақстанның енбек ері» Асанәлі Әшімов, «Қазақконцерт» МКҰ директоры Жеңіс Сейдуллаұлы, Қазақстан театрлары ассоциациясының вице-президенті, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат Маемиров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, белгілі театр және кино актрисасы Меруерт Өтекешева.
«Қазақконцерт» МКҰ директоры Жеңіс Сейдуллаұлының айтуынша, Бұл өте ауқымды мәдени іс-шара, себебі елорданың 20 жылдығы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 16-29 маусым аралығында өтетін ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі елордалықтар мен қала қонақтарының үздік театр қойылымдарымен танысуына мүмкіндік береді. Дүниежүзілік мега жобаның ұйымдастырушылары – ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы. ІІ Дүниежүзілік театр фестивалінің шымылдығы 16 маусым күні «Қазақстан» орталық концерт залында ашылады.
Қазақстан театрлары ассоциациясының вице-президенті Асхат Маемиров Былтырғы жылы Астанада өткен Дүниежүзілік театр фестивалі қазақ кино және театр өнерінің мэтрі А.Ашімовың 80-жылдық мерейтойына арналғандығын, ал биылғы ІІ Дүниежүзілік театр фестивалі Елордамыздың торқалы тойына үлкен сый екендігін және жыл сайын дәстүрлі түрде фестивальдің болатынын, фестиваль аясында қандай театр ұжымдары өнер көрсететінін мәлімдеді. Өзінің үздік қойылымдарын айтулы қазақстандық өнер ұжымдары – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық-драма театры, «Астана мюзикл» театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры ұсынады. ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінде келесі әлемдік театр ұжымдары бас қоспақ: «Piccolo Teatro di Milano» (Италия), «1927» (Ұлыбритания), «Meno Fortas» (Литва), «TRWarszawa» (Польша), Ш.Руставели атындағы Грузия мемлекеттік академиялық театры (Грузия), «Beijing People’s Art Theatre» (Қытай), «Nakamura Gekijo» (Жапония), Өзбек ұлттық академиялық драма театры (Өзбекстан), «Московский губернский театр», Ленсовет атындағы Санкт-Петербург академиялық театры (Ресей). Ш.Термичков атындағы Шу облыстық театры.
Сонымен бірге фестиваль шеңберінде белгілі француздық кино және театр актрисасы, Оскар сыйлығының, Канн кинофестивалінің «Алтын пальма бұтағы» жүлдесінің, Берлин, Венеция кинофестивальдері сыйлығының иегері Жюльет Биноштың өнерін, шеберлік класстарын тамашалау сәті түспек.
Қазақстан театрлары ассоциациясының президенті, «Қазақстанның еңбек ері» Асанәлі Әшімов сөзін «Театр – актерлердің лабораториясы» деп бастап, «Астана» театр фестивалі халықаралық дәрежедегі өте ірі мәдени іс-шара екендігін және фестивальға қатысатын театр сыншылары жөнінде баяндады. Театр өнеріндегі кәсіби шығармашылық ынтымақтастықты жетілдіру мақсатында фестивальға Алексей Бортошевич (Ресей), Йонас Вайткус (Литва), Давид Асатиани (Франция), Беатрис Пикон-Валлен (Франция), Есихиро
Накамура (Жапония), Давид Папава (Ұлыбритания) сынды Еуропа мен Азияның белгілі театр сыншылары мен драматургтері қатысады. Өзге мемлекеттің театр өнерін тамашалау дүйім жұртқа қызық болары сөзсіз.
Ұйымдастырушылар спектакльдердің «Қазақстан» орталық концерт залы, «Энергия холы», Бейбітшілік пен келісім сарайы, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры және Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театры сахналарында қойылатынын жеткізді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, белгілі театр және кино актрисасы Меруерт Өтекешева аталмыш фестиваль былтыр Асанәлі Әшімовтың 80 жылдығына арналса, биыл Елорданың 20 жылдығына арналып отырғанын айтып өтті. Мұндай театр фестивальдерінің өткізілуі – біздің жас ұрпақ үшін маңызды үрдіс. Себебі біздің жастар өзге елдің театр ұжымдарының өнерін тамашалап қана қоймай, мол тәжірибе алмасады. Осындай халықаралық тәжірибе отандық режиссерлер, театртанушылар мен актерлер үшін өте маңызды.
Баспасөз конференциясы соңында «Қазақконцерт» МКҰ директоры Жеңіс Сейдуллаұлы барлық астаналықтар мен қала қонақтарын осы айтулы шараға шақырып, игі іс-шаралар жылдан-жылға өз жалғасын табатынына сенім білдірді.