ҚАЗАҚША ҮЙРЕНУГЕ 20 ЖЫЛ УАҚЫТ БЕРДІК...- дейді Тіл комитеті төрағасы Шерубай Құрманбайұлы.

29 шілдеде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жасалған алдағы үшжылдық іс-шаралардың жоспарын өз қаулысымен бекітті. Осыдан кейін, Мәдениет министрлігі сейсенбі күні арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, мемлекеттік тілге қатысты түйткілді мәселелерді ашық айтты. Алайда ғаламтордағы байбаламшыл басылымдар: «Ойбай, 2013 жылдан бастап Қазақстан таза қазақшаға көшеді екен» деген қиямпұрыс ақпарат таратып, дүйім жұртты бір дүрліктірді. Мемлекеттік тілдің төңірегіндегі дау-дамайдың неден шыққанын білмек болып, біз Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Шерубай Құрманбайұлымен арнайы сұхбаттастық. Жас қазақ: Шерубай аға, Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы түсінік беруге мәжбүр болған бұл не дау-дамай? Әлде, қоғамды дүрліктіру үшін бұны біреулер әдейі істеп отыр ма? Шерубай Құрманбайұлы: Бұл жерде орынсыз дүрлігудің, дабыл қағудың еш негізі жоқ. Өйткен себебі, Атазаңымызда тілге қатысты қазақстандықтардың құқықтарының шектелмейтіндігі, азаматтардың тең құқықты екендігі тайға таңба басқандай көрсетілген. Менің ойымша, мемлекеттік тілге қарсылық көрсетіп, дұрыс түсінбеудің бір себебі – жұмыс тобындағы заң мәтінінің кейбір орыстілді электрондық БАҚ-қа шығып кетуіне біреулер мүдделі болуы керек. Әйтпесе, әлі заң жобасы ретінде қалыптаспаған мәтінді кім жариялайды?!. Жұмыс тобының құрамында 40 (тіл жанашырлары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және т.б) адам бар. Олар 40 түрлі ұсыныс берсе, біз оны талқылауға міндеттіміз. Сол 40-тың ішінде қолданыстағы заңдарымызға қайшы келетін ұсыныстар да болуы мүмкін. Алайда заң жобасының мәтінін әлі мемлекеттік органдармен келісіп, талқылап жатырмыз. Заң жобасының конституциялық заңдарға қайшы келмейтінін бақылайтын заңгерлерден тұратын ғылыми сараптама бар. Бұл мәтін заң жобасы болып қалыптасып, Үкіметке жіберілгенге дейін, тілге мүдделі қоғам мүшелерінің ұсыныстарының барлығы жобаға енгізілуі керек. Сондықтан, әлі жасалмаған заң жобасының жұмыс нұсқасын сынап, алдын ала дабыл қағу – орынсыз. Қазақша үйренемін дегендерге 20 жыл уақыт бердік. Өте кеңпейілдік, өте шыдамдылық таныттық. Көп нәрсені талап етпедік. Сондықтан, істі сөзбұйдаға салмай, нақтылыққа көшкеніміз жөн. Бір анық нәрсе – Атазаңымызға, басқа заңдарымызға қайшы келетін, адамдардың құқығын шектейтін заң жобасын қабылдауға құзырлы мемлекеттік органдар (Конституциялық Кеңес, Парламент, Үкімет, Әділет министрлігі) жол бермейді. Екіншіден, Қазақстанның барлық азаматтары мынадай нәрсені жадына жақсылап тоқып алуы керек: Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Оның мәртебесі басқа барлық тілден жоғары. «Қазақстанның азаматымын» дейтін, осы елдің ауасын жұтып, суын ішіп, осы елде өмір сүріп жатқан кез келген адам мемлекеттік тілді меңгеріп, құрметтеп, көзінің қарашығындай сақтауға міндетті. Осыны санамызға сіңіруіміз керек. Үшіншіден, мемлекеттік тіл – қазақстандықтардың басын біріктіретін басты құрал. Бұл жерде тілдік тұрғыдан бөлініс емес, біз мемлекеттік тілдің баршамызды жақындастыратын, бір-бірімізді түгел түсініп, қарым-қатынас жасай алатын тілге айналдыруға ұмтылу керек екенін еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін ұғынуы тиіс. Тасадан тұрып тас атудың қажеті жоқ. Біз ашық қоғам құрдық, ендеше кез келген мәселені ашық талқылауымыз қажет. Төртіншіден, ондай қияс пікірлерді жазған адамдарды жау санап, ол пікірлерден қорқып-үркудің қажеті жоқ. Бұл – өміріміздің шындығы. Осының барлығын ескере отырып, біз барша қазақстандықтарды бауырымызға тартып, бірлікке шақырып, тілдің төңірегіне топтасуымыз керек. Сонда ғана тіл бірлігі ел бірлігіне айналып, мемлекеттік тілдің мерей-мәртебесі өсе түседі. Жас қазақ: «Тілдер туралы» заңға өзгертулер енгізіледі дедіңіз. Ол қандай өзгеріс? Шерубай Құрманбайұлы: «Тілдер туралы» заңның қабылданғанына көп уақыт өтті. Одан бері еліміздегі тілдік ахуал өзгеріске ұшырады. Мәселен, соңғы санақ бойынша жергілікті халық – қазақ ұлты сан жағынан басымдыққа ие болды. Екіншіден, қазақстандықтар мемлекеттік тілдің Қазақстан халқын біріктіретін негізгі фактор екенін, қазақ тілінің болашағы баянды болатынын сезініп, оған сене бастады. Осындай жағдайларды ескере отырып, біз әуелі заңнамалық негізімізге өзгерістер енгізуге ниеттеніп отырмыз. Мысалы, ономастика. Бұрынғы заңнамада аудандық жерлерде ономастикалық комиссия болмаған. Жер-су атауларына, қалаға, ауылға, көшеге немесе саябаққа белгілі бір атау беру республикалық деңгейде қадағаланып отырады. Заңнамаға осындай өзгеріс енгіздік. Екіншіден, көшелердегі жарнама, тіл мәдениетінің сақталуы. Шет тілдегі және басқа тілдегі жарнамалардың мемлекеттік тілдегі маңдайшалардың санынан артып кетпеу жағын заңдық тұрғыдан реттеуіміз керек. Сонда тіліміздің қадыр-қасиеті, мерейі өсіп, құрметі артады. Тағы бір өзгеріс – мемлекеттік тілдегі жазу қате жазылса, сол қатені жіберген, заңның талаптарын орындамаған адам жауапқа тартылады. Анығырақ айтсақ, заңның талаптарын бұзған жеке тұлғаға да, заңды тұлғаға да бірнеше айлық-есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу қарастырылған. Бүгінгі қолданыстағы «Тілдер туралы» заңда мұндай бап нақты көрсетілмеген еді. Негізінен алғанда, бұл «Тіл туралы» заңның жекелеген баптары ғана.  Соған сәйкес, «Жарнама туралы» заңға өзгерістер енгізілуі мүмкін. Сондай-ақ бұл жердегі ең басты мәселе – қазақ қоғамында көптен бері әңгіме туғызып, алуан түрлі пікірлер айтылып келе жатқан 23-ші бап. Бұл бапта «мемлекеттік тілді қажетті деңгейде білуге тиісті лауазымдар мен мамандықтардың тізімі» деген мәселе бар. Айталық, бұрынғы бағдарламаларда «мынадай мамандық иесі не лауазым иесі, мемлекеттік қызметші (мысалы, департамент директорының орынбасары немесе басқарма бастығы немесе бас сарапшы) мынадай деңгейде мемлекеттік тілді білуі керек» деген нәрсе талап етілген жоқ. Ол жерде нақты критерий, талап қойылған жоқ. Бұл шетін мәселе қазір заң жобасында талқылану үстінде. Осы мәселені заңға енгіземіз. Яғни 23-ші бапта мамандық пен кәсіп иелері анықталып (мысал үшін Халыққа қызмет көрсету орталығы, банк, дүкен және т.б. қызмет көрсететін жерлердегі) азаматтардың мемлекеттік тілді белгілі деңгейде білуі нақты міндеттеледі. Мәселен, дәрігер ауылдан келген ақсақалға немесе тілді білмейтін басқа ұлттың өкіліне: «Қай жеріңіз ауырып тұр?», «Мына жерге тұрыңыз, отырыңыз, төрлетіңіз», «Аузыңызды ашыңыз, көзіңізді көрсетіңіз» деген сөздерді айта алуы керек. Бұл міндетті түрде осы заңның жобасында қабылданатын болса, онда біздің азаматтарымыз ойланады. Яғни қазақ тіліне нақты қажеттілік туады. 2014-2016 жылдар аралығында іске асуы тиіс  бағдарламаның 2-ші кезеңінде осы талаптар жүзеге асырыла бастайды. Жас қазақ: Ал «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа заң қашан қабылданады? Қазақтілді қауымның, тіл жанашырларының зарығып күтіп отырғаны осы емес пе? Шерубай Құрманбайұлы: Жаңа заң қабылданбайды. Бірақ, тұтастай жаңа заң болмағанымен, бұл негізгі-негізгі баптары бойынша өзгертулер енгізілетін «Тіл туралы» заңның жаңа жобасы. Осы қыркүйекте біз оны дайындап, Үкіметке жібереміз. Әрі қарай Үкімет, Парламент оны өзінің күн тәртібіне қояды. Одан соң, жаңа заң жылдың аяғына дейін қабылдануы да мүмкін. Жас қазақ: Жалпы қоғамдағы тіл мәселесі түпкілікті қашан шешіледі? Шерубай Құрманбайұлы: Мемлекет ретінде, ұлт ретінде өркендейміз, өсеміз, дамимыз, болашағымызға нық сенімді боламыз дейтін болсақ, қазақтың ұл-қызы қазақша тәрбиеленіп, қазақша оқуы керек! Қазақы сана қалыптастырып, өзінің тілі мен дәстүрін, өнері мен мәдениетін, тарихын бойына сіңіріп, одан соң-ақ шет тілдерін үйрене берсін. Өйткені көп тіл білгеннің еш зияны жоқ. Ең алдымен, балаларымызды қазақша тәрбиелеп-өсіруіміз керек. Тіл мәселесін шешудің ең үлкен тетігі осында. Егер Қазақстан халқының 65 пайызын құрайтын ұлт түгелдей өз ана тілін меңгеріп, бір-бірімізбен өз тілімізде сөйлесіп отырсақ, бұған еліміздегі түркітілдес бауырларымыз (ұйғыр, өзбек, қырғыз және т.б) қосылса, сондай-ақ, қазақ тілін меңгерген кәріс пен неміс, орыс пен украин (құдайға шүкір, олардың арасында тілді жақсы білетіндер аз емес) қосылса, онда мемлекеттік тілде сөйлейтін тілдік орта қалыптасады. Сол арқылы біз тілдің іс жүзінде елдің басын біріктіретін фактор екендігін дәлелдейміз және соған қол жеткіземіз. Сондықтан, өзін қазақтың ұлымын не қызымын деп есептейтін кез келген азамат ұрпағын қазақша оқытып, тәрбиелеп, баласына ана тілін үйретуді азаматтық, перзенттік парызы деп білуі керек. Бүгінгі күні тілдің белгілі бір дәрежеде қолданылмай, жүзеге аспай жатуын басқалардан көру – негізсіз. Өйткені мемлекеттік қызметте немесе басқа салада қызмет етіп жүргендердің көбісі – қазақ. Мен оларды кінәлаудан аулақпын. Бірақ, біз барлығын өзімізден бастауымыз керек. Ол үшін «қазақтың ұл-қызы қазақша тәрбиеленіп, қазақша оқуы керек» деген ұлы ұран көтеруіміз керек. Біз болашақта баласын қазақша оқытып, не оқытпай жатқандарды ашық айтып, көрсетсек қана белгілі бір нәтижеге жетеміз.

Төлен ТІЛЕУБАЙ Астана

"Жас қазақ"