МЫРЗАШӨЛДЕ МӘҢГІЛІК АТЫ ҚАЛҒАН
2018 ж. 03 мамыр
6966
0
Жолбарыс Тілеуов,
Қазақстан Республикасы Жазушылар
Одағының мүшесі, белгілі журналист
МЫРЗАШӨЛДЕ МӘҢГІЛІК АТЫ ҚАЛҒАН
Түбі Мырзашөлдік, қазақтың талантты ақындарының бірі Бекшүкір Қаршалов туған жеріне арнаған бір өлеңінде:
Барып па едің Мырзаның шөліне сен,
Кені ғой ен байлықтың кені десең.
Бұл өзі, айналайын, алтын аймақ,
Аптабы мен желінен жерімесең, - депті.
Ақын дұрыс айтады, бұл алтын аймақ екені рас, киелі жер, қасиетті
жер. Бірақ тарихына көз жіберер болсақ, сан ғасырлар бойы сағым болып, шөл атанғаны рас. Жүрген аңның табаны, ұшқан құстың қанаты күйетін дәл осы аймақ еді. Дәл осыдан аттай бір ғасыр бұрын шөл төсіне түрен түсіп еді. Әр нәрсенің бір бақытты сәті болады десек, содан бастап Мырзашөлдің арайлы таңы атыпты. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының іші нағыз дүрбелеңнің басталып, қызған сәті еді. Әр дәуірдің өзіне тән саясаты, алдына қойған мақсаты, ой-мүддесі болады екен. Соған сай Мырзашөлді игеру көптің ісі, екпінді құрылыс деген таңба қойып, жан-жақтан адам, тың күш шақырды.
«Су – өнімнің жаны» деп босқа айтылмаған. Шөлді игеру үшін ең алдымен су керегін түсінді. Облыс көлемінен мыңдаған адамдар бұрынғы Киров каналын қолмен қазды. Ол жұмыс күндіз-түні жүрді. Сол құрылысшы аға-апаларымыздың ерен еңбегі өз дәрежесінде көрсетілмей, жазылмай келе жатқаны өкінішті.
Каналдан су келді, тағы да жан-жақтан көш келді, тағы да жерді игеруге кірісті. Алғашқы лектің ішінде сонау көк балаусалы Байырқұм баурайынан, сан ғасырдың сырын басып жатқан, қазақтың сүйікті қаласы атанып, тарих қойнауына кеткен Сүткенттік сараман азаматтары құлшынып келді. Жабылып «Социализм» колхозының қазығын қақты. Бойында бұла күш толы Боранбай балуан белсеніп жүрді.
Сол білек сыбанған, бел буған белсенді қимыл, берекелі пиғыл ұлы Әденнің бойына тарапты. Ісін табысқа, сөзін намысқа қайрапты, жүрген жері жайнапты, содан көптің құрметіне бөленіп, жүрегін жаулапты.
Иә, кәдімгі қазақтың сұңқар ақыны Сырағаң, Сырбай Мәуленовтің:
Төрт жыл бойы ала алмады жауған оқ,
Төрт жыл бойы ала алмады жанған от.
Төрт жыл бойы төңкерем деп фашистер,
Төрт жыл бойы күшін аяп қалған жоқ, -
деген отты жыры осы Әден ағаға арналғандай екен. Шынында төрт жылғы соғыс болғанда да қан саулаған Сталинград қоршауы, адамды қасапша қырған Курск доғасы, бет қаратпаған Берлин бекінісі дейсіз бе, бәрінде Әдағаң бел ортасында жүріпті. Сол қиян-кескіден қорғаушысы пана болыпты. Кейін күректей жарты ғасыр Мырзашөл шабуылының алғы шебінде болды. Яғни тыңның тарланы. Ешкімнің дау-таласы жоқ. Бұлары азаматтық парызы болса, адамдық парызын да асыра орындапты, батыр әке. Әдағаның әдемі, мөлдір махаббатының мөрі – өмірге 11 ұрпақ келіпті. Олар еліміздің түрлі салаларында, қазір немерелері орнын басуда. Иә, қай жағынан қалам тербеуге арзиды.
Мырзашөлдің төсінде бір жерде, бір ауылда жарты ғасырдан астам тұрып, оның өсіп, өркендеуіне Әдағаңдай белсене тер төккендер аз. Бейнеті жанды деген осы болар. Сол ауылына өз аты берілді.
Енді біз Мырзашөлде мәңгілік аты қалды деп айтуға негіз бар. Ұрпақпен бірге мәңгі жасай берері сөзсіз.
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы: «Жалпақ жұртыңды, исі Алашыңды құрметтеу алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, тұлғаларын анықтаудан басталады».
Олай болса, міне, Сізге тұлға. Танып ал дегіміз келеді.
Мырзашөлдің тұлғалы азаматы
Әден Боранбайұлы 1921 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданы Сүткент кентінде орта шаруа отбасында дүниеге келген.
Колхоз шаруасына ерте араласқан Әден Боранбаев өзіне жүктелген міндеттерін ересектермен бірдей атқарып, ауылынан 60 шақырым жерде орналасқан Арыс қаласына колхоздың астығын, мақтасын науқан кезінде арбамен тасып, дарияның толқынынан жел қайықпен жүзіп өтіп, тапқырлығымен, еңбекқорлығымен көзге түскен.
ХХ ғасырдың 40-шы жылдары Мырзашөл өңірін игеруге партия, кеңес үкіметінің шешімімен ел қатарында «Социализм» колхозының колхозшысы Әден Боранбаев та отбасы мүшелерімен бірге Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы 1-Тоғай елді мекеніне көшіп келіп қоныстанған.
Неміс фашистерінің шабуылымен басталған 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысына Әден Боранбаев Отанды қорғауға алғашқылардың қатарында шақырылып, 1941 жылы желтоқсан айының 11 күні Кеңестер армиясы қатарына шақырылып, Жамбыл қаласында 105 нөмірлі Қазақ ұлттық дивизиясында 8 ай әскери қызметте болды. Қатардағы жауынгер Әден Боранбаев соғыс майданына 1942 жылы қыркүйек айында 105 аттылы дивизия құрамында Сталинград түбінде араласқан. Осы майданда Дон майданының 306 полкінде барлаушы, байланысшы қатарында соғысқа қатысқан. Қан майдан ортасында жүріп жауынгер Әден Боранбаев ерлігімен көзге түскен, жауды жеңуде өз үлесін қосқан.
Майдандағы ерліктері үшін ол кісі І, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан Соғысы» орденімен, екі рет «Ерен ерлігі үшін», «Әскери батылдығы үшін» медальдарымен, «Сталинградты қорғағаны үшін», «Праганы алғаны үшін» және де басқа да мемлекеттік медальдарымен марапатталған, бірнеше рет Бас Қолбасшы И.В.Сталиннің алғыс хаттарын алған.
Әден Боранбаев 1946 жылдың көктемінде, ауылына жеңіспен оралып, бейбіт өмірге араласады. Жас солдат соғыстан кейінгі еңбек жолын өзінің өскен жері «Социализм» колхозында жалғастырып, колхоздың есепшісі, мал шаруашылығы саласының меңгерушісі қызметтерін атқарған.
1949 жылғы ол колхоз басқармасының төрағасы болып сайланған, оны 1957 жылға дейін атқарған, ал сол жылы мамыр айында Ә.Боранбаев жаңадан құрылған «Победа» совхозының №1 бөлімшесінің басқарушысы болып тағайындалады.
Әден Боранбаев өзі басшылық еткен бөлімшенің тұрғындарының әлеуметтік тұрмыстық жағдайларын жақсартуда, табысты еңбек етуге жұмылдыруда көп еңбек сіңірді. Бөлімшенің негізгі дақылы - мақта
алқабынан аудан, облыс көлемінде ең жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізіп, мақта жинау өнімділігін бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеріп, әр гектарынан 40 центнерден өнім алған, еңбектегі табыстары үкімет тарапынан жоғары бағаланып, ол 1957 жылы КСРО-ның жоғарғы наградасы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған.
1963 жылдың басында Киров аудандық партия комитеті мен аудандық атқару комитетінің басшыларының ұсынысымен Әден Боранбаев аудан аумағында артта қалған «ХХ партсъезд» совхозының № 1 бөлімшесінің өнімділігі мен экономикалық жағдайын көтеру мақсатында осы бөлімшенің басқарушысы қызметіне жіберілген. Ол кісі бұл жерде де өзінің іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетінің жоғарғы дәрежеде екендігін дәлелдей отырып, халықтың еңбекке деген қабілеттілігінің көзін ашып, бөлімше жұмысшыларының және механизаторларының, мамандардың жұмыстарын жүйелі түрде жолға қоюының арқасында, оның басқаруындағы бөлімше еңбеккерлері бұл өңірде бұрын-соңды болмаған жетістіктерге қол жеткізген.
1964 жылы май айынан 1967 жылдың сәуір айына дейін Әден Боранбаев тың жерден жаңадан ашылған «Өзбек ССР-нің 40 жылдығы» мақта совхозының директоры болып қызмет атқарған, осы жылдарда совхоз жылдық мақта жоспарын орындап, үлкен экономикалық табыстарға жеткен.
1969 жылдың көктемінде өзінің іргесін қалаған ауылы «Победа» совхозының №1 бөлімшесінің басқарушысы қызметіне тағайындалып, бұл қызметті 15 жыл қатарынан зор абыроймен, үлкен іскерлікпен атқарып шыққан. Ол кісінің еңбектегі қол жеткізген табыстары еленіп, екінші рет «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Құрмет белгісі» орденімен, «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» медальдарымен марапатталған.
Қай салада басшылық жасамаса да Әдекең жас жеткіншектер мен ауыл қарттарына, зейнеткерлер мен жетім-жесір отбасыларына көмек көрсетуден, олардың малына жем-шөп жеткізіп беруден, өздеріне азық-түліктей көмек беруден еш жалықпаған кісі еді.
Әден Боранбаев өзінің жарқын да өнегелі ғұмырында өзінің білгенін, өмірден түйгенін өзінен кейінгі ізбасар шәкірттеріне үйретуден ешқашан жалыққан кісі емес еді, өзінің әріптестері арасында мақта дақылын өсіруде «дала профессоры» атанған Әдекең мақта егу, оны өсіру, баптау, жинау әдістерін жетік меңгерген маман ретінде өз тәжірибесімен үнемі бөлісіп отыратын, ал ол кісіні ұстаз тұтатындар қатарында елімізге белгілі тұлғалар да баршылық.
Солардың ішінде кезінде ел мақтанышы болған 25 жыл «Большевик» совхозының директоры болып қызмет атқарған Социалистік Еңбек Ері, Өзбек ССР-і Жоғарғы Кеңесінің, Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің бірнеше
дүркін депутаты болып сайланған Шаблан Ділдәбеков, «Октябрьдің 30 жылдығы» совхозының директоры, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған Ленин ордені иегері Жолдасбай Ералиев, облысымызда бірнеше аудандарда басшылық қызметтер атқарған Тойым Жүнісов, Омарбек Нұржанов, аудандарда, кеңшарларда басшы қызметін атқарған Кенже Сахов, Мекенбай Оралов, Мырзахмет Назанов, Мырзагелді Кемелов, Жолдасбек Сүлейменов, Батырбай Сейданов, Байсерік Жұмабаев, Әшім Жаппаров, Кемелхан Сатылханов, Жаппарқұл Әбдәзімов, Әнуар Тасқараев, Әуелбек Әбішевтерды және басқа да елге еңбегі сіңген азамат тұлғаларды атауға болады.
Халықтың қалаулысы болған Әден Боранбаев еліміз егемендік алғаннан соң, 1994 жылы Киров аудандық маслихатының шешімімен «Ауданның Құрметті азаматы» деген атаққа ие болды. Сондай-ақ, өзі ыстық-суығына шыдаған, өмірінің соңына дейін еңбегі сіңген «Социализм» ауылына «Әден ата» аты беріліп, үлкен абыройға бөленді.
Әден Боранбаев өзінің қайтпас қайсар мінезімен, ағайынға, дос-жарандарына деген бауырмашылдығымен халық арасында үлкен абыройға ие болған кісі. Ол кісінің халыққа жасаған осындай игі жақсылықтарының арқасында бүгінде «Әден ата» ауылы гүлденген, абыройы асқақтаған елді мекенге айналып отыр.
Әдекең 1947 жылы Ибагүл жеңгей екеуі отбасын құрып, 50 жылға жуық отандасқан, ол кісілер 11 ұл-қыз өсіріп, тәрбиелеген. Қазіргі таңда Әдекеңнен тараған ұл-қыздары өз өмір жолдарын тауып, ата-анасының жаққан шырағын әрі қарай жалғастыруда.
Әден БОРАНБАЕВ,
еңбек ардагері
Киров аудандық «Коммунистік еңбек» газеті, қыркүйек, 1986ж.
(мақала ықшамдалып беріліп отыр)
АҒАНЫҢ АҚ БАТАСЫ
Абай атамыз айтқандай міне, біз де талай жасқа келдік. Жер ортасы жасынан астық. Бүгінгі күндері бізді кейінгі жастар «ақсақал» деп атайды. Несі бар, дұрыс. Бұл біздерге көрсетілген құрмет пен ізеттің белгісі. Жасың жетіп, немере мен шөбереге ата, келіндерге қайнаға болғанға не жетсін.Мен де осы өңірде өстім. Көшенің шаңын жалаңаяқ кешіп асыр салдық. Ержеттік. Бірақ біздің бозбала атанған кезімізде соғыс басталды. Бұрынғы балалық дегенді жинап, енді бел буып, жаумен айқастық. Мен Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қатыстым. 1946 жылы туған жерге жауды жеңіп, оралғандардың бірі болдым.
1939 жылы Киров каналы қазылды. Бұл каналды әдетте 1913 жылы патша өкіметі тұсында қазылған «Князь арық» деп атайды деген сөз бар. Жылдар жылжып, Мырзашөл даласы игерілді де, бұл арыққа өмір нәрі келді. Атақты Киров каналы қазіргі Мақтаарал ауданының орталығы Славян поселкесі жағынан қазылып, оның соңы бүгінгі «ХХ партсъезд» совхозына барып тірелді. Каналдың қазылуы нәтижесінде, бүгінгі шаруашылықтардың орналасқан жерлері игеріле бастады. 1941 жылы 18 колхоз ұйымдастырылды. Осы колхоздарға Түркістан, Арыс, Түлкібас, Шәуілдір, Фрунзе аудандарынан адамдар келді. Ол жылдары аудан орталығы Багара деп аталды. Аудандық партия комитеті мен аудандық атқару комитетінің кеңсесі бүгінгі «Большевик» совхозы, № 1 бөлімшесінің шығыс жағындағы ұзын баракқа орналасты. Сағым ойнаған сары далада үй жоқ еді. Бұл кезде «Мақтаарал» совхозы шаңырақ көтеріп, ірге тепкен кез-тін, Киров ауданына бірінші тоғай беттің 15 колхозы да қарайтын. Сонымен ауданда 33 колхоз болды.
Сол бір ауыр жылдардың өзінде ұлан-ғайыр жұмыстар істелді. «Социализм» колхозының өзінде 350 жылқы, 100 түйе, 270 бас ірі қара, 3500 қой бар болатын. Ал, техникадан 1 «ХТЗ», 1 «Универсал» барды. Егіс кезінде бір танаптың екі басында екі адамнан шелек толы су алып тұратын. Тракторлардың фарасы болмайтын. Малдың тезегін жағып, қараңғы түнде деегін еккенбіз. Сол жылдары қайнаған қызу еңбектің бел ортасында жүріп,көпшіліктің арасында өнеге болған Боранбай Омаров пен Бибала Жүргенбаев секілді асыл жандардың есімдерін еріксіз еске аламын.
Айта берсе ауданның тарихы ұзақ әңгіме. Ол жылдардағы қиыншылық естен ешқашан шықпайды. Жаңбыр суынан басқа су көрмеген жерлерге алғаш арық қазылған кездердегі егіс егіп, оны суарған кездегі азапты айтсаңызшы! Су ақыры құрдым деген. Сусыз жердің жағдайы белгілі ғой. Шөліркеген сары далаға су келіп, кенезесі кепкен жер бетіндегі қылтанақ шөптің орнына түкті кілемдей түрленіп, егіс өсті. Балалы әйелдердің еңбегі зор еді. Түнде бидай ору, күндіз қоза шабықтау – бұл ол кездердегі үйреншікті жұмысқа айналған болатын.
Сұм соғыс біздің елімізге үлкен тауқымет әкелді. Жесір ана, жетім балалар. Несін айтайын, сол бір ауыр күндердің бейнесі көз алдымызда тұр ғой. Жер жарасы жазылғанымен, жан жарасы жазылмайды екен. Соғыстан кейінгі он жыл ішінде ауылда әртүрлі жұмыстар атқаруыма тура келді, есепші де болдым, білімімді жетілдірдім, бірнеше жыл «Социализм» колхозының төрағасы болдым. 1957 жылы совхоз директорының орынбасары болып қызмет істедім. 1963 жылы «ХХ партсъезд» совхозының № 1 бөлімшесінің басқарушысы, 1964 жылдан 1967 жылға дейін «Өзбек КСР-інің 40 жылдығы» совхозының директоры, 1968 жылы тағы да совхоз директорының орынбасары қызметінде болдым. 1969 жылдан 1983 жылдар аралығында «Победа» совхозының бірінші бөлімшесінің басқарушысы болып қызмет істеп, құрметті еңбек демалысына шықтым.
Біздің қазақта «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген аталы сөз бар. Мен өзімді көпті көргендердің бірімін деп санаймын. Себебі, ес білгелі бері халықпен біте қайнасып келемін. Менен де ел жағдайын, жер жағдайын жақсы білетін көнекөз қариялар да көп шығар. Бірақ, өткен күнге деген әркімнің көзқарасы әртүрлі ғой.
Өз өмірімнің бүкіл саналы кезін өз басым халқыма арнадым десем артық айтпағандық болар.
Шуақты күндердің алтын шапағымен нұрланған өлкемізде құт берекелі қоңыр күздің жемісі «ақ алтын» жиналды. «Ақ алтын» күн сәулелі Қазақстанның гүлді өңірі оңтүстіктің мақтанышы. Осы өңірдегі әрбір асыл жандардың аппақ арманындай болған аппақ ақ мақта ішсең тамақ, кисең киім. Ақ мақта біздің өлкеміздің эмблемасы сияқты. Бейбіт жылдарда ел байлығын өсіруге атсалысып, абыройға бөлендім, еңбегім еленіп, омырауыма екі «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет Белгісі» ордендерін тақтым.
Кейінгі толқын жастарға айтар өсиет көп қой. Соның ең бастысы. «Еліңді сүй, жеріңді сүй, халқың үшін, Отан үшін отқа түс, күймейсің» дер едім.
Мекенбай ОРАЛОВ,
еңбек ардагері,
Мақтарал ауданының
Құрметті азаматы
КАВКАЗДА ҚАЛЫҚТАҒАН ӘН
Мен алғаш рет 1961 жылы іс-тәжірибеден өту үшін осы кеңшарға келгенмін. Содан бергі кеңшардың тіршілігі, өсіп-өркендеуі менің көз алдымда өтті. Әден ағаны алғаш рет көргеннің өзінде-ақ оның өзіне лайықты ерекше қасиеті бар, өзгелердің бойынан табыла бермейтін қабілетімен ерекшеленетін кісі екенін түсіндім. Егер осыны түсініп, Әден ағаны жанына жақын тұтатын адам бар болатын болса, ол кісіден көп нәрсені үйренуге болатынын байқадым. Бұл сенім, әсіресе Алматыдан оқу бітіріп, ғалым-агроном маманы деген дипломмен баяғы іс-тәжірибеден өткен үйреншікті совхозыма, орталыққа аға агроном болып орналасқаннан кейін беки түсті.
Ауданның да, кеңшардың да негізгі кәсібі – мақта өсіру. 70- жылдардан бастап, яғни елге танымал, қарым-қабілеті биік, ел басқаруда шыңдалған атпал азамат, жергілікті жердің тумасы Қаныбек аға Патсаев директорлыққа келген соң, ол уақытта Әден аға кеңшардың ірі бөлімшесі № 1 бөлімінің меңгерушісі қызметінде еді. Кеңшарда тек өрлеу болды, халықтың экономикалық-әлеуметтік жағдайы жақсарды. Мақта өндіру жоспары жыл сайын тұрақты түрде, көбінесе артығымен орындалатын. Ал бұған дейінгі кезең бірде олай, бірде былай болатын еді. Жылдық табысымыз миллиондаған соммен есептелетін. Совхоздың өз қаржысы өзіне жетіп, аудан мен облысқа қарай алақан жайып отырған күніміз болмаған. Кеңшар үшін, ел үшін 60-жылдар өте қиын кезең болды десек қателеспеспін. 1969 жылы көктемнің қолайсыз келіп, биіктігі 1 метрден асатын қардың жауғаны, сол жағдайда малдың қырылғаны сол уақытқа тән сипат еді.
Уақыт талабына сай, шитті мақта өнімділігін арттыру мақсатында совхозда жер мәдениеттілігін, толық гектар 10 танапты ауыспалы егіс шараларын жақсарту істері қолға алынды. Жерге қызмет еткеннен кейін жер де қайтара бастайды ғой. Бұған дейінгі кездерде әр гектардан орта есеппен 18-20 центнерден өнім алсақ, 70-жылдардың тұсында бұл көрсеткішіміз 32-34 центнерге дейін жетті. Ал Әден аға басқаратын 1-ші бөлім ұжымы өнімді одан асыра отырып, әр уақытта көшбасшысы болды.
Сол уақыттарда Әдекеңнің ағалық басшылығымен республикаға танымал бірнеше майталман мақташылар, ел мақтанышы болған азаматтар шықты. Атап айтсақ:
1. Ұлбосын Досымова - Республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты,
Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерінің
иегері
2. Өмірхан Әліқұлов - Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының
Лауреаты, Октябрь революциясы
ордені иегері
3. Тыңғозиев Ниязбек - Ленин ордені иегері
4. Төребеков Бектас - Еңбек Қызыл Ту ордені иегері
Ағамыздың тағы бір ерекшелігі – өнерді сүйетін, жоғары бағалайтын. Осы туралы бір оқиға есіме түсіп тұрғаны.
1976 жыл, Кавказдың Пятигорск қаласында қыста жұбайым Күләш екеуміз демалыста жүргенбіз. Бір күні таңертең Нар-аға (Нартай Сапаров), ол кісі де сол жерде басқа санаторийде еді.
* Мекенбай, Әден аға Ессентукиде демалып жатыр екен. Ағаға сәлем
беріп қайтсақ, қалай қарайсың? – деді.
* Әңгіме жоқ. Барсақ барып қайтайық, - дедім де уақытты белгілеп,
электричкаға мініп «қайдасың Ессентуки қаласы?» деп тартып отырдық. Сұрастырып Әден ағаны тез арада тауып алдық.
Әдекеңнің қасындағы бір топ жолдастарымен бір мейрамханаға шай ішуге кірсек, іші толған әртүрлі ұлттар. Залда у-шу. Қуанышты күлкілер.
Біздің Нәкең екеуміз іздеп барғанымызға соншалықты риза болғанын сөзбен айтып жеткізу қиын-ақ, өте көңілді отырдық, ағалық ризашылығы деп сезіндік. Біраз шай-пайды ішкен соң, Күләштің ән айтатынын білетін Әден аға желпіне отырып:
* Мен қазір Күләш келініме ән шырқатам, мына у-шудың қалай
тоқтағанын көресіздер, - дегені.
Күләш өзінің ерекше сопрано даусымен орысша-қазақша әндерін айтқаны сол екен, зал тым-тырыс болды да қалды. Әден ағаның көріпкелдігіне риза болдық. Оған өзі балаша қуанып отырды. Сөйтіп, Әден ағаның арқасында қазақ әні кавказ жерінде тауды жаңғыртып еді. Содан ағалардың алғысын арқалап, түн ауа өзіміздің демалыс орнымызға қайттық.
Бастан өткізген қуанышты сәттерін Әден аға ауылға келген соң да той-томалақта көпшілікке айтып жүрді.
Әттең, асыл аға өмірден ертерек өттің-ау десекте, Әден ағаның тек совхоздың үлкен-кішісі емес, ел адамдары кісілік келбетін – оның адамдарға,
мамандарға деген жылы қабағын, шынайы қамқорлығын, жақсылық жасауға деген ерекше құлшынысын, әлі күнге дейін аңыз етіп әңгімелеуден танған емес.
Содан Әден ағаның тек еңбексүйгіш қана емес, өнер сүйетінінің де куәсі болып едім.
Халқымыз айтқандай, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын». Әден аға туралы жақсы әңгімелер таусылмайды. Оның нұрлы жүзі әруақытта жұрттың жүрегінде мәңгі жасай берері сөзсіз!!!
Ағман САБЫРХАНОВ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі,
ҚР Денсаулық саласының үздігі,
Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы
Өлеңімнің арқауы – ӘДЕН АҒА
Әден ағамыз осы өңірдің сыйлы, абыройлы, құрметті азаматы еді. Ол кісі «Өзбек ССР-інің 40 жылдығы» совхозында директор, бұрынғы «Победа» совхозының № 1 бөлімшесінің, «ХХ партсъезд» совхозының № 1 бөлімше меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ол кісі қызметте өте абыройлы болды. Артта қалған шаруашылықтарды алға сүйреді. Ел арасындағы, ауыл арасындағы көп мәселелерді ақылымен, әділдігімен шешіп отыратын. Көпшілік ол кісінің айтқанын екі еткізбей орындайтын. Талай рет Әдекеңмен дастархандас болып әңгімелерін көп естідім. Ол кісі 1995 жылы 75-жасқа толған торқалы тойын маған басқартты.
Соған орай менің жүрегімнен шымырлап мына өлең жолдары жарып шығып еді.
Иесі боп сом білектің, еп күштің,
Басшысы боп жақсылықтың, текті істің.
Әден аға ел сыйлаған еңбегін,
Келді бүгін бесеуіне жетпістің.
Еңбек етіп елі үшін жемісті,
Жау тылында жойып талай немісті.
Әден аға отыр бүгін ортада,
Бірге тойлап 50 жылдық жеңісті.
Жетпіс бесте, жігітпен тең нұр жүзі,
Бақытының жарқырайды жұлдызы.
Әден аға жеңгемізбен жарқылдап,
Қоршап отыр немересі, ұл-қызы.
Құрметтеген елі, туыс-бауыры,
Қажытпаған өмір-ызғар дауылы.
Мәңгілікке ескерткіш боп қалады,
Ел аузында «Әден ата» ауылы.
Әден Боранбаев ағамыз 19 жасқа толар-толмас шағында өз өтінішімен қан майданға аттанды. Сұрапыл соғыстың қанды қырғынын өз көзімен көріп, қолына қару алып неміс-фашистерімен қоян-қолтық атысып, арпалысып елді, жерді бар ынта-жігерімен қорғай білді. Жерімізді неміс фашистерінен азат етуде үлкен үлес қосып, қандай қиындық көрсе де мойымады. Өзінің Отан алдында қайтпас қайсар жауынгер екенін көрсете білді. Оның куәсі төсіне таққан орден-медальдары мен Елбасының жолдаған хаты куә. Соғыста қанша жарақат алса да, аман қалып, ауылға абыроймен оралды. Әден ағамыз соғыстан келе сала ауыл шаруашылығына белсене араласып, халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бел шешіп кірісіп кетті. Көптеген шаруа-қожалықтарын басқарып, өзінің іскерлігін, халыққа деген қамқорлығын, адалдығын, білікті маман, іскер басшы екенін де көрсете білді. Елдің құрметіне бөленіп отыратын, орны әрқашан да төрде болды. Ел ағамызды сыйлады, құрметтеді.
Әден ағамыз бен жеңгеміз 6-ұл, 5-қыз тәрбиелеп өсірген үлгілі, өнегелі, тәрбиелі жанұя. Жеңгеміз «Алтын алқа» иегері, батыр ана жеңгеміздің қолынан талай рет дәм таттық. Ақ көңіл, қолы ашық, дастарханы мол асыл ананың бірі еді. Ұл-қыздарының бәрі жоғары білімді, білікті мамандар.
Күн сайын дегендей үлкен жолмен арлы-берлі өтіп жатамыз. Сонда үлкен көшенің оң жағында «Әден ата» ауылы деген жазуға еріксіз көзің түседі. Сонда ағаның асқақ тұлғасы көз алдыма айбарлана тұра қалады. Осындай абзал азаматтың мерей тойына асабалық еткенімді, оған арнап өлең жазғанымды мақтаныш етемін. Оны ағаға қызмет, інілік міндет еді деп есептеймін.
Өлеңімнің арқауы Әден аға! Осы аяулы есім сезімді серпіп, шабытты ұдайы қозғап отырады. Өмірде осындай абзал кісілердің болғаны қандай жақсы. Мәңгі өлмейтін, адамды болашаққа талпындырар бейнелер ғой.
Ұлбосын ДОСЫМОВА,
шәкірті, Ленин, Еңбек Қызыл ту
ордендерінің иегері
ҰСТАЗЫМ ЕДІ
Мен еңбек жолымды 1962 жылы бұрынғы «Победа» совхозының №1 бөлімшесінің бригадирі Р.Алдияровтың бригадасында алдымен қарапайым жұмысшы,механизатор болып бастадым.Бір жылдары мені комсомолдар-жастарбригадасының бригадирі етіп сайлады, сол кездерден бастап Әден аға мені еңбекқорлыққа үйретіп, турашылдыққа тәрбиеледі.
Әден аға қаншалықты қатал,сұсты, талапшыл болса да бөлімшедегі бригадирлердің ешқайсысын алаламайтын,дауыс көтеріп ұрыспайтын,қайта бізге қарамағымыздағы жұмысшыларға ұрыспаңдар,түсіністікпен қарап, ақылмен шешуге тырысыңдар деп отыратын.
Біздің жас кездерімізде соғысқа қатысқан адамдарды аса қатты құрметтейтін, оның үстіне әкеміз соғыстан оралмаған соң ба, соғыс ардагері Әден көкені бүкіл ауыл сыйлайтын, өзімде өз әкемдей көруші едім.Ол кісі шаршамайтын, әр күні барлық бригадирге қарасты мақта алқабын аралап,қай жерде қандай жағдай болып жатқанын көзімен көріп,талдап отыратын.Әден аға өз еңбексүйгіштімен,талапшылдығы және іскерлігінің арқасында мақта өнімінің түсімін 45-55 центнерге дейін жеткізіп, үлкен бөлімшені марапаттарға ие етті. Осындай жетістіктерімізді бағалап, бригадир Ниязбек Тыңғозиевты Ленин орденінің иегері,Өмірхан Әліқұловты Ленин комсомолдар сыйлығының иегері, мені Ленин орденінің,Еңбек Қызыл ту орденінің және бірнеше медальдардың иегері етті, Қазақ ССР-нің Жоғарғы Кеңесіне депутат болуыма ықпал етті.
-Еңбектің бәрі сендердікі, жеңістің жемісін сендер көріңдер, - деп отыратын. Осындай парасатты қасиеттері үшін Әден ағаны әкемдей көріп сыйлайтынмын. Қыз бала болғасын ба, жоқ әлде менің еңбекке деген ынтамды қадірледі ме, мені ерекше сыйлап, құрметтейтін. Менің мерейімнің жоғары болуына үлкен үлес қосқан Әден ағаның рухына тағзым етемін.
Жарқынбек ЕСҚАРА,
Шардара ауданы, Сүткент ауылы
ОМАР БИ немересі ӘДЕН БАТЫР
Сенемін тегі жақсы дегенге мен,
Оларға түрегеліп сәлем берем.
Көпшілікке өтейін таныстырып,
Омар би немересі Әденменен.
Жан еді ол шынында дара туған,
Нағыз текті адамның санатынан.
Заманына сай ірі патриот,
Колхоздың ісі үшін жаратылған.
Шатастырып көрмеген жүзді бестен,
Өзі палуан қайықты үздік ескен.
Бастығы ұйықтап жатса, қай есепші,
Мал үшін қысты күні мұзды кешкен.
Білмейтін еді қулық, сұмдығыңды,
Ұжым үшін ол екі қылды бірді.
Санамалап жатпай-ақ Әдекеңнің,
Бір-ақ ісін айтайын тындырымды.
Ол ерлігі жетеді бір басына,
Қартайдым деп көке енді кұр жасыма.
Мен енді Әдекеңнің сөз берейін,
Сүткенттегі Тойшыбек құрдасына.
«1949 жылы бірде деді,
Отырдық Әдекеңмен бірге деді.
Мен дүкенде істеймін, ал Әдекең,
Колхозға есепші болып кірген еді.
Білесің бе сол жылғы жаман қарды,
Мал қырылып бітуге тамам қалды.
Бірақ біздің малымыз жай есепші,
Әдекеңнің арқасында аман қалды.
Өлеңіңді осындай жасқа атағын,
Жан бар ма деді мұндай басқа тағы.
Бергі жағы дарияның Әжемсеңгір,
Арғы жағы батысы Асық Атаның.
Ауылымыз дарияның қыр жағында,
Ауданымыз арғы бет, Сыр жағында.
Төрт отар қойымыз бар, жылқы, түйе,
Төрт жыл толған соғыстың тынғанына.
Қатты қыс асау аттай қарпып келді,
Алдымен жанға ауырлық артып келді.
Бір күні Әдекең ауданға есеп беріп,
Үш күннен соң ауылға қайтып келді.
Өзеннен бергі бетке өту керек,
Қырдағы малға барып жету керек.
Қайықты әкел дейді бергі бетке,
Сең жүріп тұр, өткел жоқ не ету керек?
Төрт отар қой далада шөпсіз дейді,
- Қанеки қайықты тез жеткіз, - дейді.
Әйтпесе жүзіп өтем деп шешініп,
Амалсыздан қайықты шешкізді енді.
Төрт кісі боп ұмтылдық өткізгелі,
Сең соғылып ескекті естік енді.
Әйтеуір арғы бетке аман жеттік,
Жалғыз емес төртеуміз кеппіз енді.
Әден дереу қайыққа мінді дағы,
Сөзге келмей арт жаққа бұрды дағы.
Ескекті алып шіреніп тартқан кезде,
Қайық кете берді жылжып ары.
Ойпырмай біздей осы бар ма ынжық,
Әденнің күшіменен алға жүздік.
Ескекті тартқан сайын көтеріліп,
Екі метр кетеді алға жылжып.
Төменге қайықты ағыс барады алып,
Дария мұз, шыға алмаймыз жағаға тік.
Сонда Әден шешінді де суға түсті,
Ал, біз олай етуге жарамадық.
Қатып қалған жіп мұздақ иілмеген,
Үстіндегі қайықты жүгіменен.
Тыр жалаңаш батырың сүйреп кетті,
Бар екен-ау жүректің түгі деген.
Су кетіп жатыр оның қойынына,
Кей жердің суы жетер мойынына.
Төртеуміз тек отырдық тырп етпестен,
Батырдың қарап қойып ойынына.
Мұз арқанды иыққа салып алды,
Қабыршақ мұз қарш-қарш жарылады.
Иығы қанап кетті, шыққыр көзім,
Көрмей-ақ қойса мұны неғылады?
Қандай күш мұны ерлікке айдап берді,
Мен көрген жоқпын мұндай қайратты ерді.
Жүз метр қайраңменен сүйреп келіп,
Қайықты өз орнына байлап берді.
Демеп ек дәл осындай болады анық,
Шын ұялып маңына жоламадық.
Жолда ұстап ек, деп Әден бізге берді,
Төртеуміз де бір-бірден қоян алдық.
Сөйтті де киімдерін киіп алды,
Жақсылап белін жіппен түйіп алды.
Жүріңдер, деп келді де магазинге,
Арақтан үш жүз грамм құйып алды.
Ішті де атқа мініп шауып кетті,
Бір бөтелке жанына салып кетті.
Өлді ғой деп ек бірақ өлмей қалды,
Өлмейтұғын бір амалын тауып кетті.
Білмеймін темірден де мықты ма адам,
Көрінді ол Алпамыстай күшті маған.
Бара сала үйіне шешінген де,
Үсті басын арақпен ысқылаған.
«Тойшыбек-ай, не деген ұйқың қатты», -
деп біреу түнде әйнекті тырсылдатты.
Өлді деген Әденім алдымда тұр,
Дені сау, қыры тіпті бір сынбапты.
- Тұр қані, адамдарды жина, - деді,
Кетеміз қойлар жаққа, қырға деді.
Он алты түйе шөппен шанада тұр,
Қар тазалағышым да бар мұнда деді.
Түнделетіп қасына адамды алды,
16 түйеге артып сабанды алды.
Түйеменен жол ашып, сабан шашып,
Ферманың малы қыстан аман қалды.
Қыс өтті, ферма малы Сырға көшті,
Әденнің ерлігін ел жырға қосты.
Есітіп мұны аудан басшылары,
Бұл бастыққа лайық тұлға десті.
Басқа жерде қой өліп, аштық болды,
Әдендікі батырлық, жастық болды.
Елуінші жылы аудан басшылары,
Әденді осы колхозға бастық қылды.
Көкеміздің тасы осылай көкке өрледі,
Ешқашанда Әденді ел жек көрмеді.
Елу жыл санап көрсе басқа біреу,
Ауданға Әдендей кім қызмет еткен еді.
Жақсы адам алғыспенен бата алады,
Еңбектің рахатын тата алады.
Әден бастық болған соң «Социализм»,
Қазір «Әден ата» ауылы деп аталады.
Әден елге жастығын, берді күшін,
Ұрпағы жалғастырар ендігі ісін.
Елдің ерге көрсеткен құрметі осы,
Ердің елге жасаған ерлігі үшін.
Ә К Е
Әке деген асқар белің алдағы
Әке емес пе бұл өмірдің бар мәні!!!
Адам болсын менің мына балам дер
Осы емеспе барлық Әке арманы
Қалай адам қыламын деп баламды
Уайыммен атар кей бір таңдары
Баласының қабағына қарайды
Атса екен деп қуанышпен нұр таңы
Әкесінің қамын жейді құрметтеп
Ұлтшыл демек рухы биік ұрпағы.
Қазақ үні