ҚАЗАҚ ПЕН ҚЫРАН - БІР ҰҒЫМ
2018 ж. 28 сәуір
5964
0
Құсбегі Тілеуғабыл Есенбекұлы туралы сыр
Бұ кісінің кейінгі «лауазымы» – фермер. Қарағанды облысына қарасты Шет аудандық шаруа қожалықтары ассоциациясының президенті. Отставкадағы офицер. Бүркітші. Әйтеуір, есімі бүкіл Орталық Қазақстан аймағына, қала берді республикаға белгілі азамат. Кәнігі аңшы. Ал Сарыарқа өлкесінде ұлттың құсбегілік Салбыруын салтын сонау Абай дәуірінен кейін қайта тірілткеннен бері, тіпті, әлемнің бірталай жеріне танымал бола бастаған жан. Бірақ өзінде бармен көзге ұрып, өзгеден артылам деген ешбір даңғаза-дақпыртқа құмарлығы жоқ. Кішіпейіл. Сабырлы. Сыпайы. Әйткенмен, әр қадамын санап басатындардың санатына да жатпайды. Тік келетін жерде тік келіп, мәселені төтесінен қоятын кезі де жоқ емес. Қызылшырайлы жүзінен нұр төгіліп тұратын ақжарқын, мейірбан мінездің иесі. Әдемі әзілі де бар. Көбіне ұлттық дәстүрге, тарихқа ден қойғанымен, кез келген құбылысқа мейлінше ұтқыр, жаңаша көзқараспен келетін, жан әлемі де дарқан, жарқын сананың адамы...
Электронды поштасына үш-төрт хат келіп түскен екен. Алғашқысын ашып еді, Хорватияда тұратын Бриджит ханымнан келіпті. Ақын әйел. Кезінде Қазақ-француз альянсының директоры болған. Қазақстан бойынша Әлемдік Банкінің басшысы қызметін атқарған күйеуі екеуі осы Тасбазға талай келіп апталап жатып, Тілеуғабылмен бірге құс салудың қызықтарын тамашалаған. Қыстақпен іргелес жатқан Қазығұрт, Қаракемер, Қотыр Қызылтау, Сақалбайдың қыры, Қызылқия, Қатымет, Қоянды Қойтас адыр-белестерінің түкпір-түкпірін түгел аралап, суретке түсірген. Ел мен жер тарихына қатысты көптеген деректерге қаныққан. Енді соның бәрін пайдаланып, француз тілінде осы өлкенің қайталанбайтын табиғатына, қазақтың таңғажайып құсбегілік өнеріне, өмір салты-тұрмыс мәдениетіне арнап керемет фотальбом шығарыпты. Қуанып, соны хабарлаған беті көрінеді. Кешіктірмей біраз данасын салып жібереміз депті. Қастерлі қазақ жерін, сол өлкені мекендеген ғажайып халықтың мәдениетін сағынамыз, атқа мініп, құс ұшыруды аңсаймыз депті. Зайыбы екеуін қонаққа шақырыпты. Әрбір материалды пайдалы іске жаратуларына қарап, ұқыптылық, ұсынықтылық деген осы-ау деп риза болып қалды шетелдік жолдастарына... Күн сайын мұндай хаттардың бірнешеуі келеді. Астана, Алматыны былай қойып сонау Мәскеуден, Токиодан, Вена мен Лондоннан, Берлиннен, Ригадан... Толып жатыр. Дүниежүзінің тұс-тұсынан хабарласып жататын тілектестері көп. Бәрінің де елшілері мен хатшылары кезінде осы үйден дәм татқан... Бүгін азырақ саяттап қайтуды ұйғарған еді. Бұл шешімге де аяқ астынан келе қоймаған, табиғат аясына шығып бой жазу талайдан бері діттеген шаруасы болатын. Бүркіті Айсарының да өзінің қалықтауы үшін жаратылған көк жүзінде арындап самғамағалы біршама өткен-ді. Сондықтан, біртіндеп шау тарта бастаған шөгелінің шабытын шыңдап, бір мезгіл томаға тартып қайтуды көптен көздеген. Тіпті, аң қақпасақ та, жарықтық үй алдында байланып қашанғы ішқұса болып отырады, қанат керіп, еркін бір парласыншы, армансыз шарықтасыншы бір деп еді. Сол секілді «еттің бәрі қазы емес, иттің бәрі тазы емес» дегендейін, құмай Аққұстың да жер апшысын қуырып бауыр жаза жүгірмегеніне де нешеме айлар өтіпті. Өзінің де алып-ұшқан сезімпаз сері көңілі дүбір аңсап, дала төсіне, оңашадағы самал бел, салқын таулар қойнауына тарта беретіндей. Өзі, әр нәрсенің ыңғайы болатыны рас. Ақыры, талайдан мазасы кеткендей қаншалықты іштей тықыршыса да, түрлі шаруалардан босай алмай, бір мезгіл қырға шығып, сейіл құрып қайтудың сәті енді ғана түскендей екен. Ескі әдетпен тез жиналды. Жастайынан дала кезіп аң қағып дағдыланған саяткер адамға ықшам киініп, керек-жарағын ықтияттап алу неге тұрады, лезде қамданып, атты да қас пен көздің арасында лып еткізіп жедел ерттей қойған. *** Бүркітші балдақтың дүмін өзіне қарай жылжытыңқырап, құсын ыңғайлырақ отыру үшін кеудесіне сүйеңкірей орналастырды. Жол әжептәуір ұзақ еді; діттеген алғашқы меженің өзі талай жерде жатыр. Иесінің көңіл-күйін тақым ыңғайынан-ақ аңдайтын Кертөбел ат митыңтай тартып, бетегелі-тырсықты Қызылқия беткейлеріне қарай қиялай салып келеді. Айнала төңіректегі іркес-тіркес тұтаса жалғасқан жатаған шоқылар мен өркеш-өркеш қыратты-жоталы қырқалардан көз сүрінді. Бір қарағанда, сәл құлазыңқырап, қоңырайып қана жататын осынау құба жондардың қатпар-қатпар астыңғы қабаттарындағы дәулетті жергілікті жұрттың көпшілігі ескере қоймайды. Әйтпесе, әлемде жоқ нешеқилы минерал түрлері мен қорғасын, мырыш пен тотыққан мыс кені мынау алақандай Тасбаздың айналасынан-ақ молынан табылар еді. Е-е, тіпті, тым алысқа ұзамай-ақ дәл қазір өзі келе жатқан нүктеден жүз шақырымдай ғана диаметр аралығындағы Алмалы, Өспен, Бесшоқы, Ақбиік, Жаман қойтас, Спасск, Сырғанақ, Қайрақты қойнауындағы байлық баяғыдан белгілі екен-ау. Бұл өңірде кең даланың төсін тіліп, еркелей аққан дариялар да баршылық сияқты. Егер біртіндеп санап, Нұра, Шерубай-Нұра, Сілеті, Өлеңті, Шідерті, Ащысу, Жарлы, Талды... деп тізе берсе, кемінде жиырмаға тарта өзен-жылға аттары шығады. Иә, Сарыарқаның сағымды даласы, мөлдір сулары толқыған салқар атырап дегеніңіз осы. Алдыдағы бір қиқуды сезіп, басымдағы томағаны қашан шешесің дегендей анда-санда бір шаңқ етіп қойып қозғалақтап келе жатқан қолындағы Айсары бүркітті бауырына қарай тақай түсіп, айналасын шола қараған Тілеуғабыл бір сәт таң нұрына шомылып, маужырай оянған даланың сұлу кескінін жаңа көргендей таңырқады. Көз ұшынан мұнартып Ақшоқының шойтастары қол бұлғап шақырғандай болады. Балбөбек балалық шағы өткен жерлері ғой. Бастауыш мектепті сонда оқып еді. Селеулі-бетегелі, жусанды-сораңды дала тал-терек пен шілікті жыныс қалыңдарынан да кенде емес-ті. Өзінің кіндік қаны тамған Қазығұрт жайлауымен жапсарлас осы Тасбазда Бетқайың аталатын әжептәуір ауқымды, сыңсыған шоқ тоғай болатын еді. Кейін түрлі жағдайларға қарай сиреп кетті. Бала кезінде Ақшоқы мен жиырма бес шақырымдайға созылған сол екі аралықта шағын «Орленок» велосипедімен талай жүйткіген... «Жақсы ат пен тату жолдас – бір ғанибет» дегендей, саятшылық құрып сыртта жүргеніңде, бір-бірінің ыңғайына бағынған итің мен құсыңның да ешқайсысы ешбір сенімді серігіңнен кем түспейді-ау. Айсары – Алатаудың мұзбалағы. Арнайы барып әкеліп, қантүбіт кезінен баулыған құсы. Қазір он бесте. Біршама егде тартқан шағы деп есептеледі. Осы уақыт аралығында бүркіті екеуі бірге туғандай жымдаса тұтасып кеткен екен. Ешбір қақпайға көнбей өз бетінше лағып, саяқ жортуды қалайтын жан-жануарды ертеректерде «серменде» деуші еді. Қазақтың «серілік», «серуен», «сергелдең» деген ұғымдарының түп-тамыры да сонда жатыр-ау, тегінде. Әйтеуір, бұл түсінік ежелгі «еркіндік» танымымен сабақтаса ма деп болжайды. Мұндайда көптеген тарихшы ғалымдар мен жазушылардың «Қазақ» атауының да төркінін осынау еркіндік, азаттық ұғымдарымен тікелей байланыстыратынын есіне түсірді. Иә, кейбір зерттеушілер көптен бері тамырын сонау Түркі қағанаты, Түркеш қағанаты, Қарақандар дәуірі деген кезеңдерінен тартатын «қазақты» алғаш әлеуметтік мәнде пайда болған таза этникалық ұғым деп пайымдайды. Қайсыбір оқымыстылар мұны ертедегі Дешті қыпшақ аймағында, Еуразияның түркі тайпалары мекендеген далалық аумақтарда пайда болған көне түркі сөзі деп дәлелдеп жүр. Және бір зерттеушілер қазақты ҮІ ғасырда Алтай аймағында пайда болған халық деп санайды. Ал ғалымдардың ең жаңа заманғы құралдар арқылы жасаған генотиптік ДНК (дезоксрибонуклеиндiк қышқыл, биополимер) қорытындысы бойынша қазақ халқының, ең кемі, екі жүз мың жылдық тарихы бар көрінеді. Ал адамзат тарихында белгілі халық ретінде нақты төбе көрсетіп, зерттеушілер назарына іліккен ХҮ ғасырға дейін кім едік? Бұл да әзірше түрен салынбаған, жатқан бір теңіздей терең, тұңғиық-тылсым әлем. Әйтеуір, «Қазақтың» мағынасы – өз ұлысынан, өз қауымынан дараланып, дербес түрде өмір сүретін адам немесе ешкімге бағынбай бостандықта ғұмыр кешуді қалайтын топ. Бұдан да анығырағы – отырықшы елден бөлініп шығып, сайын далада өзінің нақты демократиялық болмысын айшықтап, айрықша әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін көз қарашығындай мейлінше таза сақтауға ұмтылатын рухы асқақ, ержүрек халық. Әрине, мұндай елдің ұландарының кілең серілікке бейім болатыны айтпаса да түсінікті. («Серілік» дегенде, бұл, көбінесе, дәуір оза келе мәні керісінше бұрмаланып, мүлде өзгеше сипатқа түсіп кеткен ұсақ ұғым емес, нағыз рыцарлық бейнені білдіретін анықтама екені де аян)... «Қазақ» түсінігінің ертеден қалыптасқанын «...түркештердің ішінде үш рулы көшпелі қазақтар бар еді» дейтін біздің заманымыздың ҮІІІ-ІХ ғасырындағы қытай деректерінен де аңдауға болатын сияқты. Кей зерттеушілер «қазақ» сөзінің мәнін Марко Поло жазбаларындағы Шыңғысханның отыз екі-отыз төрт өгізге жеккен алып арба үстіндегі он екі қанат киіз үйімен ұштастыруға ұмтылады. Олардың айтуынша, «қазақ» дәлме-дәл – «арбаның құрсаулы доңғалағы» деген ежелгі түркі сөзіне негізделеді екен. Бір қарағанда, бұл долбар да көңілге әбден қонады-ау. Себебі, көшпенді қазақтардың үй-жайлары, негізінен, үлкен арбаларға жайғастырылғаны белгілі. Міне, «қазақ» ұғымының осындай этимологиялық астары бар. Кейбір танымал қаламгерлердің «қазақты» «қас сақ», яғни, «нағыз сақ» деген танымға балайтыны да қисынсыз емес секілді. Тіпті, олардың бұл ұғымды «ақ қаз» яки «қаздың күштісі» деген түсінікке шендестіретінін де қабылдауға болатын шығар. Өйткені, бұл болжамдардың бәрі де айналып келгенде «қазақты» еркіндіксүйгіш, жақсы мағынасындағы кезбе, өжет, сонша айбарлы, қаһарман халық дегенге саяды. Айтқандай-ақ, түп-тегі түркілерге қатысты Дон, Кубань казактарының да атауының түп мағынасы осынау терминге қатыстылығы талайдан айтылып келеді. Одан соң ескі Русь жазбаларында да «Пойдем да гулять, казаковать!» деген жолдар кездесіп отыратын көрінеді. Мұнда да сөз мәнзелі қарақшылыққа емес, емін-еркін бой жазуға, серуендеуге, табиғат құшағында серілік құруға шақыруымен түсіндіріледі. Әсілі, Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің туында күн астындағы қыран құстың бейнеленуі де бекерден-бекер емес-ау деп түйесің... Осынау он бес жыл ішінде әбден қолбалаға айналған Айсарының да нағыз көк сермендесі екені анық. Шаңқ-шаңқ етіп білегінде отырған мұны бір сәт еркіне жіберсе, көптеп қанат жаза алмай ішқұса болған қайран құс ә дегеннен-ақ лап етіп көтеріліп, аспан астында армансыз ойқастар еді. Бұлардың да қатты қызылсырап, шабыттанатын тұстары бар, қазір нағыз бабындағы сәті сияқты... Жалпы, бүркіттердің орташа салмағы бес-алты келі тартады. Қайырып, бабына келтіргенде төрт килограмға дейін түседі. Ал қанаттарының құлашы екі метрге жуықтайды. Айсарының ерекшелігі – бұл сегіз келі. Қанат көлемі – екі жарым метр... Түлкі мен қоянды қиналмай қағады. Біршама уақыт көкжал бөрілердің өзін бүріп тұра алатындай алапат қайраттың иесі. Тағы бір ғажабы – мұның желге қарсы самғайтын мәнері бар. Ғажап дейтіні – әдетте дауыл өтіне еркек қырандар кеуде тосады. Айсары болса – ұрғашы құс. Соған қарағанда, бұл да жаратылыстың айрықша бір құбылысы ма екен деп те ойлап қоятыны жоқ емес. Әйтеуір, көбінесе қыран құстардың ұябасарларын ұстаудың тиімді екенін жақсы біледі. Аналық қырандар еркектеріне қарағанда өте жүректі һәм қайратты келеді... Көз алдына «Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап» деп толғайтын дана Абайдың кескіні келді. Оның заманынан беріде талай нәрсе адам танымастай өзгеріп кетті ғой. Ал сонау орта ғасырлардағы сән-салтанатты тұрмыс Абай дәуіріне жеткенше де тоз-тоз болып күйреп кеткен секілді. Бұл қазақ осы кезең аралықтарында не көрмеді дейсіз. Патшалық Ресейдің үш жүз жыл билегенін, бастан өткен аштық, басқа да көптеген зобалаңды былай қоя тұрып, Қазақ пен Жоңғар хандықтарының өзара екi жүз жылдай қырқысқанының өзі-ақ талай жәйтті айқындап бермей ме. Екі ғасыр бойы үздіксіз қырғын-сүргінмен отырған елдің өркениетінің не халге ұшырайтыны да өз-өзінен түсінікті. Ең сорақысы, сол алапат сыртқы күштердің қиянатынан туындайтын қайшылықтар ұрпақты рухани жағынан да күйретіп жібереді екен. Былайша айтқанда, ауыр тұрмыс тауқыметі елдің санасын мертіктіріп, діннен бездіріп, моральдық тоқырауға түсіріп отырады. Ал ғасырлар бойы еңсе көтертпеген қу кедейлік, жоқшылық атаулы бір кездергі азаттықсүйгіш өр халықты тұқыртып, ұлдарын – құл, қыздарын тұл етіп, біртіндеп азғындық қалыпқа түсірмекші. Бұдан соң «Жұт жеті ағайынды» дегендейін, қауымдағы азып-тозудың небір сорақылық көріністері өз-өзінен туындап жататыны да заңдылық секілденеді. Яғни, аярлық, алаяқтық, бір-біріне тізе батыру, опасыздық, сатқындық, парақорлық, нәпсіқұмарлық, дүниеқоңыздық дейсіз бе, толып жатқан келеңсіз әдеттің нешеалуан іріген-шіріген түрлері балалай бермекші... Ой жүгіртіп көрсеңіз, орысша «орел», «гордость» деген ұғымдардың түп-тамыры да осынау «Өр» деген атауда жатқаны бадырая көрінеді. Ендеше, кезіндегі төрт құбыласы түгел қайсар халықтың қыран текті ұландары ес-ақылын ұрлатпай, езілмей, қандай ауыртпалыққа да қасқайып қарсы ұмтылып, қалайда баяғы ата-баба салған қасиетті үрдістерді сақтап қалуға тиіс емес пе. Баябан дала, манар таулар аясында баурайтын аласапыран ой жетегі ұшқыр қиялды самғатып апарып ғасырлар тезіне бір-ақ өткізеді. Бірталайдан үнсіз отырған Айсары кезекті мәрте шаңқ еткенде, бір сәт тұңғиық толғанысқа батқан бүркітші кілт серпіліп, алдыдағы биік қияны жіті жанармен шола қарады. «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе» дегендей, әлгі қиялдың бәрі кертөбел атпен тау бөктеріне қиялап көтеріліп келе жатқан Тілеуғабылдың санасында екі-үш минуттың арасында ғана зулап өткен ой ұшқындары екен. Тау арасында құбарлан ертіп, білегіне құс қондырып, бүлкілдей салып бара жатқан салт аттының суреті биік шыңдар төбесінен алақандағыдай мөлдірей көрініп, бетегесін самал тербеген салқар даланың бояу-бедерін әрлеп, сән-салтанатты асыра түсер еді. Сонадайдан баурап, тосын да айқын кескінімен көңіл тербірентер еді. Себебі, жаңа заманда ата дәстүрімен ескіше түрленіп, анау ғасырлар қойнауында ұмыт қалған қастерлі салт-сананың қайта тірілуі, расында да, ғажайып көрініс емес пе. Тілеуғабыл ақырын ғана мойын бұрып, соңындағы тазысы Аққұсқа қарады. Арқан бойындай жерде желе-жорта ілескен иті әдетінше тұмсығын жыбырлатып, жел ағынынан иіс аулап келеді. Сақ тазының жортқан бойында екі көзін де жан-жағына кезек ойнатып елеңдей түскен кеспірі күлкі шақырды. Күтпеген жерден «хайт!» деп дауыстап қалсаң, сіңірлі сирақтары серіппедей серпіле, ытқи екпіндеп, алдыға қарай садақтан ұшқан жебеше атылуға даяр келе жатқаны да анық. Одан соң екі құлағын жымырып алып, бауыр жаза аршындай ескен сәтінде аяқ қимылына көз ілеспей, сағымдай бұлдырап, ұшқан құсша зулайды. «Балуанға оң-солы бірдей» демекші, Аққұстың да қағатын аңына күтпеген бүйірден соқтығып, алмай тынбайтын айлакерлігі жетіп-артылар еді. Осы жасында түлкі-қарсақтың талайын қақты. О байғұстар жанұшыра қашқан сәтте мұның біраз шапқан соң өз бағытын мүлде басқа жаққа салып, айдалаға қарай безіп бара жатқанын көресің. Сөйтсе, жанталаса безген жемтігінің түпкі траекториясын әлдебір тылсым түйсікпен күнібұрын аңдайтын мақұлық күтпеген тұстан барып, қарсы алдыдан шыға келуді немесе тура көк желкеден қонуды діттейді екен. Желмен жарыса жүйткіп барып, көздеген нысанының үстінен дөп түсіп, иесін де талай таңырқатқан. Одан соң кең даланың ой-шұңқыр, жыра-қыртыс, бұта-шілігіне дейін жатқа білетін сияқтанатын осы иттің көңілі қаламаса аң соңынан жанығып жүгірмейтін де мінезін аңдап, тамсанған кездері бар. Қағатын аңы ылғи тақтайдай даңғырлап жатқан жазира жазық далада кездессе, шіркін! Мұндай жағдайда көктен тастай сорғалап келіп нысанасына дөп түскен құс қаншеңгелдің бірін жамбас тұстан салады да, екінші аяқпен сарт еткізіп, осы сәтте қатты ызаланып, өзіне қарай қайқаң етіп бұрыла шапшыған түлкінің тұмсығынан бүреді. Әдетте, қыран құстардың жемтігіне түскендегі жасайтыны – көбінесе осы екі қимыл. Бірі – көтен тұстан сілке көтеріп, аңды бірден дәрменсіз күйге түсіруге ыңғайлы болса, екінші әрекет тұмсығын тыжырып, тісін сақылдата айбат шеккен жыртқыштың жағын аштырмай бүре қысып, тұншықтырып тастау үшін қажет. Кейде төбе құйқадан бүрсе, түлкінің немесе қарсақтың мойын омыртқасын алапат күшпен бұрап үзіп жібереді. Ал, қасқырға түсу дегеніңіз – қауіптілеу шаруа. Оған, әдетте, жаңадан бау ашқан тірнек жасындағы балаң бүркіттер ұрынып жатады. Өлерін білмей. Албырттықпен. Әм тәжірибенің аздығынан. Тісқаққан көкжалдар анау-мынауға алдыра қоя ма. Әрине, бүркітіңіз мықты болса қасқыр түгілі аюға да түсер еді. Бабы келіссе. Қайраты асып тұрса. Ақылмен қимылдаса... Мұны ойлағанда, бүркітші айдалада келе жатып жүзіне қан жүгіріп, өз-өзінен күлімсіреді. Кеудесін шуақ кернейтін себебі – қутүлек шағында Айсарының қасқыр алған кездері де бар еді. Нағыз саятшының арманы да осы емес пе – құсыңыз сол түз төресі серекқұлағыңыздың өзін алып жатса сізге де зор абырой. Ондайда қалай масаттансаңыз да жарасады. Өйткені, бұл да бір дулы дода. Бұл да бір атыңды алысқа жаятын немесе бармақ шайнатып, жер шұқытатын аламан тартыс. Аяусыз күрес. Бірақ, мұндайда да құсқа иесінің көмегі ауадай қажет. Бүркіт зілдей бөріні іліп алып үш-төрт минтуттей сығымдап ұстап тұрған сәтте сол орыннан табылуыңыз шарт. Және тапаншаңыз немесе қолнайзаңыз даяр тұруы керек. Әйтпесе тұла бойын ыза буып қатты аласұрған қасқыр, құсыңыз сәл босаңсыса-ақ, құрсаудан жұлқынып шығып, бүркітті арс етіп қауып, анадайға лақтырып жібереді. Одан тарпа бас салып, жұлма-жұлма қылып талап тастауы да кәдік. Негізінде, шамасына қарайтын есті қырандар қасқырға көп түспейді. Үстінен шүйіліп барып, біраз уақыт о жақ, бұ жағынан шығып, күш салмақтайды да, «қой, мынаның қажеті жоқ екен» дегендей қайқайып қайта көтеріліп кетеді. Қазақ аң құтқармас құсты «өтеген қыран» дер еді. Бажайлап көрсе, мұның Айсарысы да сол межеге жетіп қалады-ау. Саятта тазы иттердің құсқа тигізетін бір көмегі – қашқан аңды қақпайлап, неғұрлым жазық алаңға айдап шығуға тырысатындығында шығар. Бұдан соң ақылды ит бүркітпен жағаласпайды. Әйтпесе жүгірген аңға бұрын жетсе құспен шарпысатындығы анық. Сезгір мақұлық осындай қайшылықтан қашатын болуы керек, бүркіттің әрекетін аңдап, сонадайдан қапталдаса шауып келе жатады. Әрине, хайуанның аты – хайуан. Кейде бұлардың да ұрыншақ баланың мінезіндей тым ерсі, тіпті, күлкі шақыратындай өте оқыс қимыл көрсетіп қоятын кездері де бар. Мәселен, далада келе жатқанда аш бүркіт тазыға тұра ұмтылып, бүре кетеді. Тырнағы қышып, әлдекіммен шартпа-шұрт айқаса кетуге құмарта ма; әлде тұла бойды кернеген адуын күшті көрсетіп ойнағысы келе ме екен – бұл да бір жатқан жұмбақ нәрсе. Ондайда жойпаң тазы да аянып қала ма, ол да екіленіп қарсы шауып, құс байғұсты түтіп тастайды. Ит дегеніңіз, негізінде, ақылды жаратылыс қой. Ыңғайды лезде бағамдап, кез келген ахуалға тез бейімделеді. Өзінің аңшылық кезіндегі міндетін де әбжілдікпен жіті түйсініп, көңілден шығып отырады. Шынында да, саятшының қай құралының да сақадай сай тұрғанына не жетсін. Серіктеріңнің адалдығына не жетсін. Жапан далада жалғыз жүргенде астыңдағы атың сенімсіз болса – қауіптің үлкені. Бүркітің түлкімен алысып жатқан сәтте түсе сала далақтап жүгіре жөнелесің. Алды-артқа қарайтын мұрша жоқ. Сол кезде атың тастап кетсе не күйге ұшырамақсың... Бүркітші және жымиды. Бұ жағынан да жағдайы онша мүшкіл емес секілді. Ойына ежелгі серілердің «Жүрмес ат, өтпес пышақ, жаман қатын – қартайтар осы үшеуі ер жігітті» деген сөзі орала қалып еді. Ер азаматтың бес қаруының түгел болуы көбінесе соның өзі ұстанған өмір салты мен жеке мінез-құлқына да байланысты ма деп ойлап қоятыны жоқ емес... Осыны ойлағанша, кенет, қыңсыл қаға, серпіле ытқып, аттың алдына арқан бойы озып шыққан Аққұстың қимылы тез ширатты. Итінің мінезін жақсы білетін саяткер қозы көш жердей бүйірдегі қырға жалт етіп қарап, сылаңдап, дөң асып бара жатқан түлкіні байқады. Хайуанның өзі де әдейі бояғандай-ақ қып-қызыл екен. Әм өте ірі мақұлық. Ара-қашықтық бірталай алыс болса да, көзге оттай басылған аңның сұлбасы сүтке малғандай құйрығының ұшы ағараңдап, айқын көрінеді. «Иә, сәт!» деді бүркітші іштей. Әлгіндегідей, «тойдың болғанынан боладысы қызық» – күніұзын діттеп келе жатқан шешуші кездің түйіні де тез тарқатылып қалғандай еді. Қарбалас, толқулы шақта ұмсына қарманып, ыңғайланып, қамданып үлгергенше бір мезгіл назардан ғайып болған аң келесі белеске қайқаң етіп көтеріліп, тағы да жарқ етті. Сезімтал құс та елең-елең еткен. Тілеуғабыл жалма-жан бүркітінің томағасын сыпырды. Тұмшаланған көзі ашыла сала жемтігін көрген қырағы Айсары желке түгі дүмпие, дүр сілкініп, шаңқылға басты. Ашуға мінгендегі дағдысымен иесінің білегін бүре сығымдап, қалың биялай қорғамаса, тіпті, сындырып, үгітіп жіберуден тайынбайтындай. Құсын қолынан сілкіп ұшырған бүркітші: – Әп, бәрекелді! Тарт, жарықтығым! Заула! – деді дауыстап. Ендігі бір кезекте Аққұс тазы түлкіні қақпайлап, аңның алдын кесу үшін, әдетінше, сондайдан айнала орағытқан күйі құлақтарын жымырып алып, оқтай зымырады. Лезде көкке шырқап көтерілген қыран құс та а дегенше қыр астына және ылдилаған нысанасына қарай тастай сорғалап құлап бара жатты. Өзі де қиялай шауып келіп, көп күттірген айқастағы ең айшықты мезеттің дәп үстінен түскенін аңдамай да қалғандай. Алғыр қыран «апа» дегізген жоқ, анадайдан бұл жеткенше жемтігін сұрапыл екпінмен келіп соғып, қан шеңгелді салды. Апыр-топыр арпалыс тез аяқталған. Айсары бұл жолы да кәнігі әдісін қолданған екен. Сарт еткізіп, төбе құйқа мен бөкседен қатар бүріпті. Шарасыз қалған аң байғұс екі бүктеле, тісін шақылдатып, тыпыр-тыпыр етеді. Аңшы да жанындағы шағын қолнайзасын суырып алып, атынан секіріп түсті. Түлкі тез тыншыған... – Ал, майлансын! – деді саятшы аң алған сәттегі әдетімен, тіл білмесе де иелерінің әр қимылын бағып, икемделіп тұратын серіктерімен сөйлескендей. – Үйірімен үш тоғыз! Олжамыз берекелі болсын!.. Аңның терісін сыпыру да аса ұзаққа созылған жоқ. Машықтанған аңшы қолы түлкіні көзді ашып-жұмғанша лып еткізіп тез сойған соң теріні бір сілкіп жіберіп, қанжығаға байлап та тастады. Одан мейірге толы көзі боталап, талай жылғы адал серіктеріне сүйсіне қараған қожайын Кертөбел атын сауырдан сипап, Аққұс тазының құлақ түбінен ақырын қысып, ризалығын аңдатты. Иесінің көңіл күйін жазбай ажырататын сезгір ит те құйрығын бұлғаңдатып, сүйкене түсіп, еркелеп тұр. Сонадайда бүркітші кесіп берген бір жапырақ түлкі етін тұмсығымен жұлып жеп, өз бетімен отырған Айсары да саңқ-саңқ етіп, бұларға қарай көз тігіп қояды. Олжасын Асанәлі Әшімов досына байлайын деп ойлаған. – Шеберханасына іліп қоя ма, өзі білер. Кино түсірсе де, бір қажетіне жаратар... Жаңа ғана тез біткен қияпат күреске куә болған маң дала тағы да ештеңені аңдамаған жұп-жуас, аңғал кейіппен батар күннің алау нұрына шомылып, манаурап жатты. Аттың айыл-тартпасын қатайтып, ертоқымын оңдап, олай-былай күйбеңдеп жүріп, құсын көтеріп келіп үзеңгіге аяқ салғанша қас та қарайды. Ауылға қарай аяңдап келе жатқан Тілеуғабыл кенет өзінің ыңылдап әндеткісі келетінін аңдайды. Кеудесін сәл мұңдылау бір беймәлім әуен тербейтіндей. Қызылқия қайқаңынан асқанда ауыл төбесі жарқ етіп бір көрінді. Тасбаз оттары жымың-жымың етіп, алыстан қол бұлғады.Құлтөлеу МҰҚАШ
qazaquni.kz