Қазақтың бүгінгі қасіреті
2018 ж. 28 сәуір
5092
0
Осыдан біраз уақыт бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан бауырымыз Мұхтар Шахановтың Мұқағали Мақатаевқа арналған әзіл-шыны аралас бір өлеңін әлеуметтік желіде жариялап, айды аспанға бір-ақ шығарды. Алғашында жұрт аң-таң болып, «бұл өлеңді Мұхаң өзі жазбаған шығар, оның атынан көре алмайтын «қатын дұшпан жігіттер, не демейсің сыртымнан» (Махамбет) деген көне ізбен басқалар жазған шығар» деп, қатардағы қарапайым поэзия оқырмандарынан, Мұхаң мен Мұқаңның талантына табынушылар, табынушылардан бөлек сыйлаушылар мен құрметтеушілерінен бастап Исраил Сапарбай секілді бүгінгі қазақ лирикалық поэзиясының көшін бастап келе жатқан көрнекті ақындарға дейін «Жанарбек, бұл өлеңді қайдан алдың, неге сілтеме жасамадың» десе де жаңбырша жауған орынды да заңды сұрақты құлағына ілмеген ақын ініміз тым-тырыс жатып алды. Тек екі-үш күннен барып «алдағы күндерде Мұхаң осы мәселе байланысты мәлімдеме жариялайды» деп жұмбақтай жауап берді. Бауыржан Момышұлындай әрі қол бастаған батыр, әрі сөз бастаған шешен атамыздың «Ойға келгеннің бәрін бірдей айта беруге болмайды. Айтылғанның бәрін бірдей қағазға жаза беруге болмайды. Жазылғанның бәрін бірдей жария ете беруге болмайды» деген даналық сөзі бар еді. Бұл сөз, әрине, ойдың, сөздің иесіне қарата айтылған әңгіме. Жанарбек жариялаған кезінде Мұхаңның қай кітабынан алғанын, оны өзі не үшін ағасының рұқсатын алмай жариялап отырғанының себебін бр ауыз сөзбен түсіндіре кеткенде әдепке сай тірлік жасар еді. Жанарбектің ойы басқа болғаны көрініп тұр, бірақ, ол қандай ой екені түсініксіз күйде қалды. Оған жорамал жасағандар да табылды, бірақ, «менің Құдай алдындағы жалғыз күнәм, мен де Құдекең сияқты жұрттың не ойлап отырғанын біліп қоямын» деген бұрынғының бір аңқау қазағы секілді күнәһар болар жайымыз жоқ, қалай болғанда да Жанарбектің патша көңілі білсін.
Ел-жұрт өлеңді оқыды. Оқыды да шу ете түсті: «Ойбай, Мұхтар Мұқағалидың әруағын сыйламапты. «Құдайға жазсаң, әруаққа жазба!» дейтін халық едік, оның бұнысы несі? Ол өзі періште ме екен?» Әруақты сыйламайтындай Мұхаң не істеп қойды екен? Бар-жоғы аттай 65 адам отырған жерде Мұқағалидың «әрқайсың бір сомнан шығарып бересіңдер, бермесеңдер көресіңдер!» дегенін, ол ақшаның Мұқағалиға бар-жоғы арақ па, шарап па, әйтеуір бір ішімдік алып ішу үшін керек болғанын жазыпты. «Мұқағали атыңа сай тірлік істемедің, бұндай тірлікті Жұқағали Бұқатаев істейтін еді» дедім, «бірақ, оным әзіл еді өрелі» дейді өлеңде. Осы өлең, осы дауға қатысты өз ой-пікірімізбен бөлісуге рұқсат етіңіздер. Ал, біз өз тарапымыздан ешкімге бүйрегіміз бұрмастан, алдымен адамгершілік, екінші журналистік кәсіптік әдепке сай барынша бейтарап болуға тырысып бағамыз. Біріншіден, кез-келген кішкентай іс, әрекет, оқиғаның артында әрқашан үлкен мәселе жасырынып тұрады. Бізге көрінетіні – мұзтаудың су бетіндегі үсті ғана. Көпшіліктің тұтанып кеткеніне себеп болған нәрсе – Мұхаңның Мұқағалидың ішетіндігін тілге тиек еткендігі. «Марқұмдар жайлы ия жақсы сөз айту керек, ия ешнәрсе айтпау керек» деген қағиданы неге бұзамыз, бұл адамгершлікке жатпайтын нәрсе» дедік көбіміз. Дұрыс. Бірақ, сол дұрыс мәтелдің (жаңылыспасам киелі кітаптардың бірінде айтылған болуы керек) өзін біз дұрыс айтпай жүрміз. Оның толық мәтіні былай: «Марқұмдар жайлы ия жақсы сөз айту керек, ия шындықтан басқа ешнәрсе айтпау керек». Ал, бұл мәтін мәселенің бетін мүлдем басқа арнаға аударады – тірі болсын, өлі болсын, шындықтан ешкім ешқашан қашып құтыла алмайды, бәріміз оның алдында кішіміз, сондай қағида-ұстанымнан айнымаған, оған әрқашан адал бола алған жағдайда ғана Адам деген асқақ атымызға сай тіршілік еткен, өмір сүрген боламыз. Керісінше болса, өлгендер жайлы шындықты айтпауға, айтқызбауға мүдделі болған адамдар көптеп табылады. Олар бұрын болған, бүгін де бар, ертең де бола береді. Себеб, бәріміз де екі аяқты, бір басты, қам сүт емген пендеміз. Төрт аяқты мал да сүрінеді, пенденің де сүрінуге, шалыс басуға, алтын көрсе, басқа бір нәрсе көрсе жолдан шығуға хақысы бар. Ол жайлы сол Мұқағалидың өзінен артық ешкім айтқан жоқ: «Арылайын десем де пенделіктен, арылатын болмадым, ол неліктен?» Демек, пендені пендешілігі үшін айыптауға, айыптасақ та қатты айыптауға болмайды, жазаласақ та, кінәлап-күстәналасақ та кешіріммен, түсністікпен қарауға тиіспіз. Мәселе дәл осылай қойылып келеді және оны қатеге шығарып жатқан да ешкім жоқ. Тек сол мәселені екінші қырынан қарайтындардың сөзіне, ой-пікіріне түсіністікпен қарасақ қалай болар еді? Олар не дейді? Олар «өлілер өздерінің атына айтылатын айыптау-кінәлауға жауап қайтара алмайтыны, ақтала алмайтыны рас, бірақ,солай екен деп бұл сұраққа келгенде жауырды жаба тоқуға болмайды ғой. Ондай жағдайда пендешілікті де, адамгершілікке жатпайтын, ар-ұят, намыс, ождан деген қасиетті ұғымдарды таптайтын сатқын, екіжүзді, опасыз, безбүйрек, қатыгез жандардың бәрінің «адам баласы жамандыққа келгенде аңнан жаман» деген пайғамбарымыздың (с.ә.с.) сөзіне сәйкес келетін айуани тірлігінің бәрі айтылмай қала бермек пе? Айтылмай қала берсе онда біз бойымыздағы жаман қасиеттерден қашан арыламыз? Қалай арыламыз? Арыла аламыз ба өзі?» дейді. Осы жерде қазаққа қасірет болып жабысқан – ішімдікке салынушылыққа келейік. Сол қасіреттің құрбанының бірі болған да Мұқағали. Мұқаң ненің күйігімен ішті? «Жазғандары мемлекеттің саясатына тура келмеді, жарық көрмеді, сосын ол байғұс ішпегенде кім ішеді?» дей алмайды ешкім. Әлеуметтік желіде ақындардың өзі 1964-1974 жылдары Мұқаңның жылына бір кітабы шығып тұрғанын, ал, 1976 жылы екі томдық «Өмір өзен» кітабын Мұқаңның өзі көзімен көріп, қолмен ұстағанын жазды. (Кітаптың «сигналдық экемплярын» ауруханаға алып барған баспа директоры Әбілмәжін Жұмабаевқа қолтаңба жазып бергенде бір ай алдыңғы күнді қойғаны, «Мұқағали байқамай қателескен-ау» деп ойласа, сол жазылған күні жарық дүниемен қош айтысқаны жайлы баспагердің кезінде естелігі де жазылды). Ендеше ненің күйігі? «Мен нағыз махаббатты армандаймын, мен оны жоғалтып та алғандаймын. Ақ қаздар арасынан аққуымды, ажырата алмаған сормаңдаймын» болса, ол – тағдыры. Оны білген, естіген жұрт жаны ашиды, бірақ, ешқандай көмек көрсете алмайды. Көрсету мүмкін де емес, өйткені бұл нағыз жеке адам өзі шешетін шаруа. Махаббаты үшін күресе алмаса, «бірі тартып қолымнан, бірі итеріп, тастағысы келетін күресінге» замандастарымен де «жан екем жаралмаған күресуге» десе, оған кім не айта алады? Өмірдің өзі күрес емес пе, ол жұрттың бәріне де ортақ тірлік емес пе, әркім қашан қара басы көрге кіргенше өзінің шама-шарқына қарай күресумен өмірлері өтіп жатқан жоқ па? Күресе алмай араққа салынса, әйелінің алдында абыройдан айрылса, ол әйелі түнде ішіп келген күйеуін үйіне бір емес үш рет кіргзбей қойса, оған кім кінәлі? (Бұл оқиға жайлы газеттің өткендегі сандарынан Исраил Сапарбаймен болған сұхбаттан оқыдыңыздар). Сол ішіп үш рет барғанда қасында болған ақын інілерінің бірінің көзі тірі, «Мұқа, біздің үйге барып жатайық» дегенімде намыстанып жүрмей қалып кетті, сол баспалдақта отырып ұйықтады» деген сөзін оның өз аузынан естігенмін. Бетон баспалдақта үш түн ұйықтамақ тұрғай, үш сағат отырыңызшы, бүкіл іш-құрылысыңызда суық тимеген сау жер қалмасын. Оның үстіне бауыры ауырса... Мен осы жазғанымды оқып отырған жұрттың дұрыс түсінгенін қалаймын. Жазып отырмын, жүрегім ауырып отыр... Мұқағали менің де – Мұхаң, Төлеген, Қадыр, Жұмекендермен қатар, Абай мен Мағжан бөлек санат қой – ең сүйікті ақындарымның бірі. Алып денелі, тепсе темір үзетін жігіт қынсыз қылыш қырық бесте «сатып алған ауруға ем болмай» арақтың кесірінен ажалынан бұрын қыршын кетсе менің – сенің, оның, бәріміздің! – жүрегі жыламай кімнің жүрегі жылайды? Халқына берерінің оннан бірін бере алмай кетсе, оған менің – сенің, оның, бәріміздің! – ішім удай ашымағанда кімнің іші удай ашиды? Оның шын есімі Мұхаммедқали еді ғой. «Бала атына ие болсын», «аты қандай – заты сондай» дейтін қазақ есімнің адамға әсерінің орасан күшті екенін біледі-дағы, сондықтан Мұхаммед деп жеке қоймайды. Қосарланған ат одан да күшті. ...Қонаев атамыз бала күнінде Бақанаста ауырып қалғанда, емдеуге келген өзі қожа, өзі молда, тәуіп кісі: «Балаға өте салмақты ат қойыпсыңдар, ол соны көтере алмай жатыр. Аман қалады, қорықпаңдар, бірақ, болашақта естеріңде болсын, таза жүрмесе өзіне қиын болады» деп ескерткен екен. Әкесі Димекеңе өскен кезде сол сөзді айтыпты. Оның үстіне Мұқаңның «сен неге жазғандарыңды өзгелер секілді өңдемейсің, өңдеген сайын әрлене, жұмырлана, әсерлене беретінін білмейсің бе?» деп қоймаған құрдас-достарына «мен өлеңді өзім жазбаймын, менің құлағыма сыбыр келіп тұрады, мен соны қағазға түсірем де қоямын» деп жауап берген жері де бар. Осының бәрін біліп тұрған адам ішімдікке қарсылық көрсете алмаса, ол қасірет емей немене? Арақтың салдарынан берерін бере алмай, халқының үмітін ақтамай, өз өмірін өзі қолдан қысқартқан ақындардың тізімін менен көрі сол ақын-жазушылардың өздері жақсы біледі. Ол тізім ұзақ... Мен ақын да емес, жазушы да емес, композитор ағамызға, Шәмшіге тоқталайын. Рас, ол кісі өмірінің соңғы 19 жылында арақты аузына алған жоқ. Сол арақты қойған 19 жылда «Теріскей» мен «Отырардағы тойды» ғана жазды жаңылыспасам. Әңгіме мүлде арақ ішпесе ән келмейтіндігінде емес. Әңгіме Шәкеңнің шабытының тау суындай тасқындап тұрған кезі сол ішіп жүрген жылдарға тура келгендігінде. Егер ол кісі сол ширек ғасырда ішпей өз білімін жетілдірумен, ізденумен, алға қарай болған үстіне болайын деп ұмтылуға арнағанында қазақтың ғана емес, әлемнің таңдаулы композиторларының қатарына қосылар еді. Айтпақшы, Шәкеңнің шын есімі – Жәмшит. Бүкіл иран (парсы) жұртының алғашқы басын бір жерге жинап-құраушы, алғашқы мемлекетін құрушы. Шәкеңнің әкесі тек ұста ғана емес, білімдар молда болған адам. Нағашысы кәдімгі «Сияр-Шәріпті» жазатын атақты ақын Шәді төре Жәңгірұлы. Шәкең де есіміне ие бола алмай қу арақтың салдарынан бойындағы талантын, дарынын қашырып алған адам. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, саны жағынан қазақпен шамалас еврей халқы қалайша, бейнелеп айтсақ «әлемді ұстап» тұр? Неге Нобель сыйлығының 80 пайызы солар? Неге кешегі КСРО-дай алып мемлекеттің өнер (оның ішінде музыка, театр, т.б.), білім, ғылым, техника, т.б. саларында «бірінші скрипканы» еврей ұлтының өкілдері ойнап келді? (Бүгін де ойнап отыр). Неге жан басына шаққан талантты, дарындыларының үлесі жағынан әлемнің алдында тұрған – бұны көпірме, бос сөз демеңіздер, солай екенін Герольд Бельгер секілді талай жақсы мойындап кеткен – қазақ сол таланттарының жарқырап ашылуы, олардың түпкі нәтжесінің молдығы жағынан әлемдік көштің соңында келеді? Сіздер «еврей – алкоголик» дегенді естідіңіздер ме? Ал, қазақта алкоголик неге көп? Неге ол індет алдымен біздің нақ сол таланттарымызды жағалайды? Ендеше, біз Мұхаң шындықты айтты екен орынсыз шыж-быж болмайық. Шындық – ащы, сондықтан ол көп адамға ұнамайды. Одан-дағы бүгінгі өмірімізде, айналамызда бүгінгі заманның Шәмшілері, Мұқағалилары жүрген жоқ па? Олар теріс жолға түсіп кетпеді ме? Қайтсек біз оларды қазақты баудай түсіріп келе жатқан осы қасіреттен аман алып қала аламыз, соны ойласайық. Соның алдын алудың болдырмаудың, болып қойса құтқарудың амалын қарастырайық...Өмірзақ ӘБДУӘЛІҰЛЫ
qazaquni.kz